Рабғұзи

Қисса Лұқман-Хакім

Лұқман атасы Бағұр. Оның атасы Әзір. Бұл Әзір Әйуп ғ.с.-нің қарындасының ұлы еді. Ол мың жыл өмір сүріп, Дәуіт ғ.с. заманында тірі болды. Ғалымдық алды. Дәуіт ғ.с. темір киім жасады. Лұқман ғ.с. киіп қарады. Соғыс киімдері еді. Бұл не нәрсе деп сұрамады. Лұқман ғ.с. бір күні түс көрді. Алла тағала: «Жер жүзінде пайғамбар һәм Халифа болып үкім қылғың келе ме?» – деп сұрады. Лұқман ғ.с: «Маған пәледен сақтану керек. Мен білемін, пайғамбарлықпен бірге пәле келеді. Билік, үкім жүрген жерде, пәле-жала да жүреді. Хакім әділ айтса дұрыс. Егер залымдық қылар болса, орны тамұқта болмақ. Бұл дүние-е қорлық көріп, ахиретте жақсы болмақ артық», – деді. Лұқман ғ.с. ұйқыдан оянса, Хақтағала оны ғылым, хикмет иесі етіпті. Кейбіреулер айтар: «Лұқман ғ.с. әрі пайғамбар, әрі хикмет иесі» деп. Лұқман хәкім өзінің кішкене ұлына уағыз етіп айтты: «Әй, менің кішкене ұлым! Сен Алла тағалаға шәк келтірме. Ақиқатта, Алла тағала шәк келтіру үлкен залымдық. Намазды толық өте, ізгілікпен бір бол. Тірлікте зиянды істен тиыл. Өткен қателіктерге сабыр қыл. Тәкаппар болма, жүзіңді құбылтпа. Қуанғанда асып-таспа, күйінгенде жүнжіп кетпе! Орташа жүр. Өте ақырын және өте асығыс жүрме. Дауысыңды қатты шығарып сөйлеуден аулақ бол!» – деді.

Дәуіт ғ.с. Лұқман ғ.с.-ға: «Бір қой сойып, екі тәтті мүшесінен екі кесек ет пісіріп әкел», – деді.

Лұқман ғ.с. қойдың тілі мен жүрегін пісіріп алып келді. Бірнеше күн өткен соң: «Енді қойдың ең дәмсіз мүшесінен екі кесек ет пісіріп әкел», – деді. Лұқман ғ.с. тағы жүрегі мен тілін пісіріп әкелді. Дәуіт ғ.с. оған таң қалып: «Қойдың дәмді, дәмсіз мүшесінен ет әкел дегенде екеуінен де жүрек пен тілді алып келдің. Мұның мәні не?» – деп сұрады.

Лұқман ғ.с: «Иә, Расулолла, қойдың жақсы мүшесі де, жаман мүшесі де осы екеуі, хайуанның, яки адамның тілі мен жүрегі жақсы болса, өзі де жақсы. Тілі мен жүрегі жаман болса, өзі де жаман болар», – деді.

Лұқман ғ.с. ұзын бойлы, ірі тісті, қара өңді кісі еді. Бір балта ұстасының құлы еді. Өзі де балта ұстасы еді. Лұқман хакімге ғылым, хикмет келген соң, ол бәрінен азат болды. Бір күні бір адам Лұқманнан сұрады: «Әй, Лұқман! Сен біреудің құлы едің, бұл дәрежеге қалай жеттің?» – дегенде, Лұқман ғ.с. айтты: «Жалған сөйлемедім, аманатқа қиянат қылмадым. Сол себепті бұл дәрежеге жеттім», – деді.

Лұқман ғ.с: «Алла тағаланың мойныма қарыз қылған барша нәрселерін өтедім, шектелген нәрселерден тиылдым. Шүбәлі істерден сақтандым», – деді.

Лұқман ғ.с. сұраған адамдарға қарыз беруші еді. Күндерде бір күн бір адам келіп, мың алтын қарыз алды. Оның көңіліне сайтан ұялап, алтынды қапшығымен жерге көміп қойды. Қарызды қайтармауға ниеттенді. Аспаннан бір құс келіп, алтынды қапшығымен көтеріп алып, Лұқман ғ.с. үстіне тастады. Лұқман ғ.с. алтынды көріп, таныды. Қарызға алған кісі жүгіріп келіп: «Әлгі құс алтынды мұнда әкелді ме?» – деді. Лұқман ғ.с: «Алтынды әкелді, бірақ саған енді қарыз бермеймін, сен қарызды өтемеуді ойладың», – деді. Қарыз алушы ұялып, тәуба етті. Енді берсе, қарызды қайтаратынын айтты. Лұқман ғ.с. алтынды және беріп жіберді. Ол кісі көп пайда тауып, борышын төледі.

Лұқман ғ.с. бір аймаққа сапар шекпекші болып, ұлына үш өсиет айтты. 1. Сырынды әйеліңе айтпа. 2. Жаңа байдан қарыз алма. 3. Сырын алмай, дос болма.

Хакімнің ұлы да хакім еді. Атасының өсиетін тәжірибе қылмақшы болып, бір күні сахарадан өзінің қойларынан бір қойды бауыздап, етін пісіріп, қапқа салып, үйіне алып барады. Қаптың аузын бекітіп байлады. Жаңа байдан борыш алды. Шаһар хакімінің жақын біреуіне достық көрсетті.

Үйге келген соң әйелі қаптың аузын аша алмай еріне: «Бұның ішінде не бар?» – деп сұрады. Сонда ол: «Ей, менің сүйікті сұлуым! Сахарада бір адаммен сөзге келісе алмай, ақыры өлтіріп алдым. Сен ешкімге айтпа, саған ғана айтқаным!» – деді. Бір-екі күн өткен соң ол әйелімен сөзге келісіп, басынан ұрып жіберді. Әйелі дереу қарауыл шақырып: «Менің ерім әнеукүні біреуді өлтірген, бүгін мені өлтіргелі жатыр», – деді. Халық жиналды. Бұл хабар шаһар бастығына жетті. «Кім барып Лұқман ұлын алып келеді», – деді. Қала бастығы. «Мен!» – деді Лұқман ғ.с. ұлынан достық көрген жігіт орнынан атып тұрып. Ол барып: «Жүр, сені кісі өлтіргенсің, хакім шақырады!» – дегенде, Лұқман хакімнің ұлы: «Әй, досым! Мені жібер, қашайын», – деді. Оған болмады, жолға алып шықты. Жолда мұны жаңа бай көріп, борышымды беріп кет деп жабысты. Борышын берді. Хакімге жетті. Ол: «Әй, Лұқман хакімнің ұлы, өлтірген адамың үшін өзің де сондай сазайынды тартасың», – деді.

Лұқман хакімнің ұлы: «Мен шариғат не бұйырса соған разымын. Өлген кісінің қандай жарақаты болса, мені онан да артық жарақаттап жазалаңыздар», – деді. Қарауылдар қапшықты әкеліп, көптің көзінше ашса, пісірілген бүтін қойдың еті шығады. Таңқалған елге Лұқман хакімнің ұлы әкесінің өсиетін сынамақ үшін істегенін айтып береді.

Лұқман ғ.с.-ді бір залым патша құдыққа салдыртып, үстін жауып, үстінен егін ектірді. Көп уақыт өтпей, бұл патша өліп, орнына екінші адам патша болды. Ол жіліктің майын сорып отырғанда, бар сүйек тамағына кетіп қадалып қалды. Ешбір дауа табылмады. Сонда бір қарт келіп: «Егер Лұқман хакім болса, бұл сүйекті алар еді» деді. Патша «Лұқман хакім кім? Ол қайда?» – деп сұрады. Сонда қарт: «Сенен бұрын болған патша оны тірідей құдыққа көмгізіп тастап еді. Жеті жыл өтті. Өте терең ақылды адам еді. Мүмкін өзінің тірі қалуына бір шара тапқан шығар», – деді. Патша құдықты тапқызып, үстін ашқызып, Лұқман хакімді шығарғанда, тірі екен. Ауа таза болмағандықтан өте мехнат көріпті. Бірнеше күн өз-өзін дауалады. Сонан соң патшаға айтты: «Сенің ауруыңның дауасы, ұлыңның жүрегін пісіріп жеу», – деді.

Патшаның жалғыз ұлы бар еді. Оны өлтіруге көңілі риза болмады. Уәзірлері: «Ағаш сау болса, бұтақ та болар, ағаш тамырынан ағаш өсер, ағаш қураса, бұтағы бірге қурар», – деді. Көп насихаттан кейін патша көнді.

Лұқман хакім: «Әй, патша! Сен көзіңмен көріп тұрсаң, ақылыңнан адасарсың», – деп ақ перде тартқызып, оның ар жағына тез бір қой әкеліңдер деді. Перденің ар жағында тұрып, қойды «Бисмилла, Аллаһу акбар», – деп шалып жіберді. Қойдың қаны шашырап аға бастағанда патша қатты қасіреттеніп: «Уһ!» деп айғайлап жібергенде, тамағындағы сүйегі аузынан атылып шықты. «Мақсаты орындалды» деп, Лұқман хакім перде артынан патшаның баласын атасының қасына шығарды.

Есін жинап, дерттен айығып, әрі баласының аман қалғанын көріп, патша Лұқман хакімге өте риза болып, оған көп мал берді.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button