Бәйменқожа (Баймұхаммед)
Бәйменқожа – 1850 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Аққорған елді мекенінде дүниеге келген. (қазіргі Түгіскен кеңшары). Жасынан әке өсиетін тыңдап өскен зерек әрі әкеден арабша сауат алып білімін кеңейтеді, әкесі Нұрман да білімді кісі еді.
Бірде Бәймен үйден шығып, қараңғы болса да дария басына келеді. Келсе қайықшы кетіп қалған екен. Біраз кідіреді. Сол шақта 20 шақты қасқыр келіп баланы қамалайды. Ол қорыққанынан шапанын бүркеп жатып, ұйықтап қалады. Таң ата арқасынан түртіп біреу оятады. Сонда Әзірет Ғаусылазам (Ғайып Ерен Қырық шілтеннің басшысы):
-Жүр, артыма отыр, алып кетем, екі дүние ортасында сайран салып жүресің. Түндегі қасқырларды мен жібердім. Сені ешқайда кетпесін деп қасқырларға қаматып кеткен едім. Сонда Бәймен жылап:
-Бармаймын,-дейді.
-Онда аузыңды аш, түкірейін,-деп, аузына түкіріп: «Ұлсызға ұл, қызсызға қыз беретін әулие бол, айтқаның алғыс, қара дегенің қарғыс болсын, түп деген түкірігің жерге түспесін, алдыңа келген адамға ем болсын! Бүкіл диюллердің патшасы жалғыз көзді дәуді құл қылып, байлап бердім, жынданғандарға жұмсайтын. Бұл жеті ұрпағыңа қызмет етеді,-деп батасын береді. Содан кейін:
-Енді Қазалы жақтан мешіт ашқан Қосымқожа деген ишан бар. Содан үш жыл сабақ аласың, оған да аян беремін,-деп кетіп қалады. Бала үйіне келіп, әке-шешесіне көргенін айтып ақылдасып, жолға азығын алып Қазалыға атпен келеді. Мұның келетінін біліп, Қосым ишан төбе басында күтіп тұрады. Қосым ишанның бұл кезде сексенге келген кезі екен. Бәйменге бас иіп, бетінен сүйіп мешітке апарып, мойнына мінгізіп, үйіне әкеліп құс төсек үстіне отырғызады. Шәкірттері, «Кір-қожалақ баланы сонша көтермелеп, бізден несі артық»,-деп ренжіді.
-Сендер не білесіңдер. Өлі мен тірілердің, әулиелердің патшасы Ғаузылазамның түкірігін жұтып отыр. Мұны сүймегенде кімді сүйемін,-деген. Демалдырып, жуындырып, үш жыл оқытып батасын береді. Бәйменнің бірінші пірі Қосымқожа ишан болады.
Бәймен үйленгенмен, көп уақыт перзент көрмей жүреді. Сонда Аллаға Мені неге сонша қинайсың деп жылайды. Сонда Алла тағала тілегін беріп, 40 жасында перзент көреді. Үлкен ұлы Құлманқожа оқымысты болып медреседе сабақ береді. Екінші ұлы Бегімбет Бұхарада жеті жыл оқып, дамылла атанып, Түгіскендегі «Бөрік» аралдан мешіт соғып бала оқытады. Батырқожа шала туған соң, жеңгелері қойған лақап атымен Шалап атанады. Бұл да арабша сауаттымен өмірде ізі қалады.
Бәйменнің бір кереметі, бір күні Шәуілдірге барғанда бір балдызы алдынан шығып перзентсіз қалғанын айтып, Алладан перзент сұрап бер,-деп шылбырына оралады.Сонда Бәйменнің көзі есігінің алдында жүрген көк қозыға түсіп:
-Ананы құдайы етіп ата, екі ұл беремін көкпардан қайтарда ертең алып кетемін-дейді. Содан ертеңіне Бәймен келсе айтқан жерінде қозы емес, ешкі байлаулы тұр.
-Қозы қайда?
–Алаша тоқығандарға қозы арықтау болған соң сойып, орнына ешкі қойдым,-дейді балдызы.
-Сен құдайды алдадың. Енді мен де алдайын, кешегі екі ұлымды қызға айналдырдым,-депті. Сол дүниеге келген қыздар Әбиба, Әзипа Қаракөл совхозында өсіп-өнуде. Енді бірде Бәйменге жасында сынау үшін айранға тарының кебегін араластырып берген, атастырған қызын айнытқан қыз жеңгесі келеді.
-Перзентсізбін. Қатты қиналып келдім, маған жәрдемдесіңіз-дейді. Сонда Бәймен өткенді еске салып:
-Сен мені қорладың, мен де саған соны қайтарамын. Бір беті қолмен бұрағандай, беті бүріскен қыз бердім,-дейді. Сол қыз Жаңақорған ауданының Қожакент ауылына тұрмысқа шығып, жақында көз жұмды.
Тағы бір жай, Бұхара медресесінің бір имамының перзенті болмаған. Бәйменнің баласы Бегімбет дамылла Бұхарада оқып жүрген кезінде, «Сізге айта алмай жүр едім. Сіз менің әкемнен бата алыңыз. Мүмкін Алладан шын көңілмен тілесеңіз, перзентті де боларсыз»,-дейді. Сонда ұстазы әкесін алып келуді өтінеді. Бегімбет елге келіп әкесін Бұхараға алып келеді. Бәймен жайшылықта тоқтамай сөйлейтін кісі болған екен. Бұл жолы еш сөйлемей томсырайып отырады. «60-қа жақындап қалдым, әлі перзент көрмедім,-деп, бұхаралық бұйымтайын айтады.
-Сізге құдай ештеңе жазбаған, ештеңе көзге көрсетіп тұрға жоқ, бірақ өз әулетімнің атынан сізге қыз бала сұрап бердім, атын Сәпияханым қой,-деген екен. Сонда ұстаз: «О, тақсыр мұныңызды ұл қылмадыңыз ба?» дейді.
Ашуға берілген әулие «мені құдай дейсің бе, қолымнан келген жақсылығымды жасап отырмын ғой,-деп, Бәймен қожа бата тілеп кеткен екен. Қазіргі уақытта Сәпияханымнан тараған ұрпақтары Бұхарада тіршілік етуде екен.
Бәймен әулиенің баба жолын ұстаған шөбересі Әбсаттар баба жөнінде мынадай естеліктер қалдырған екен.
«Бабам 1850 жылы дүниеге келіп, 1928 жылы 78 жасында дүниеден өткен. Өмірінің соңына қарай баба ұйықтап жатқан жерінен жиені Бабан қожа оятып жібереді. Оған налыған әулие:
-Е, Бабан, бекер ояттың, түсімде алдағы күндеріміз жөнінде аян беріп жатыр еді дейді. Ол көрген аяндарын айтып береді.
-Батыстан жаман заман келе жатыр (1929 жылғы ашарлшылықты айтқан) Содан кейін елді қыратын соғыс келе жатыр. Осыдан кейін тыныш заман басталады. Мен осы ашаршылықты көрмеймін- деп үш күн құбылаға қарап жылап отырып, Алладан тілеп дүниеден өткен екен. Көз жұмар алдында баларына, немерелеріне:
-Қасымда отырып иманымды үйіріңдер- деп, Ясин Тәбәрәк сүрелерін оқып, өмірін аяқтайды. Осы сәтте әулиенің кеудесінеен ақ көгершін ұшып шығып, қабірге қойғанда әлгі көгершін бірге кіріп, кеудесіне қонып өлген екен.
Өткен әзиз әулиелер кітабынан алдынды. Жинақтаған Шайдарбек қажы Әшімұлы