Әлихан төре
Әлихан төре – тұтас түріктің мақтан тұтар асыл перзенттерінің бірі еді. Ол ғасырға жуық ұзақ та, ауыр ғұмырында түрік халықтары мен исламиятқа адал қызмет етіп…
Әлихан төре – тұтас түріктің мақтан тұтар асыл перзенттерінің бірі еді. Ол ғасырға жуық ұзақ та, ауыр ғұмырында түрік халықтары мен исламиятқа адал қызмет етіп, артына өшпестей мол мұра қалдырып кетті. Солай бола тұра, осынау айтулы тұлға туралы біздің қазақ жұртшылығы онша біле бермейді. Әрине, оның да белгілі тарихи себептері бар болатын.
Әлихан төре, Қырғызстанда туып өссе де, өмірінің негізгі бөлегін Өзбекстанда өткізді. Ал, халықаралық саяси аренаға шығып, Орта Азияға танымал болған он төрт жылын көршілес Шығыс Түркістан жерінде өткізген болатын. Замандастары Әлихан төрені әу баста аса білгір діни ғұлама әрі Ибн Сина мектебінің үздік өкілі ретінде танып білсе, көршілес Шығыс Түркістан жерінде оны бес жыл (1944-1949) өмір сүрген “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұриятының” тұңғыш президенті, ұлттық армияның бас қолбасшы-маршалы ретінде жақсы білетін еді. Жөргегінде тұншыққан сәбидей ғұмыры қысқы болған сол “Шығыс Түркістан” мемлекетінің желеп-жебеушісі де, құныкер-қылмыскері де кешегі қандықол Сталин мен советтік КГБ (МҚК), КПСС (СОКП) пен ҚКП екені күні бүгінге дейін ресми тарихта атаусыз қалып келді. Жабулы қазан жабулы күйінде қашанғы жатпақ? Біз бүгін маршал Әлихан төре Сағұнийдің өмірі мен қайраткерлігі жөнінде айта отырып, 30-40-жылдарда СССР (КСРО) мен Гоминдандық Қытай арасында, сондай-ақ КПСС пен ҚКП арасында тәлкекке түскен Әлихан төре мен “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұриятының” трагедиялы тағдырын сөз етпекшіміз.
Әлихан төре 1885 жылы 21 наурызда, Қырғызстанның Тоқмақ қаласында, дихан отбасында дүниеге келген. Әкесі Әндіжандық өзбек – Шәкірхан төре, шешесі – қырғыз қызы еді. Шәкірхан төренің төрт перзенті болып, Әлихан төре соның екіншісі. Ағасының аты – Әлімхан төре. Тұрмыс тауқыметін жеңілдетуді ойлаған Шәкірхан төре 1883 жылы Әндіжаннан ежелгі Баласағұн, қазіргі Тоқмақ қаласына, қайын жұрт сағалай келсе керек. Әлихан төре әдеби лақап ат ретінде, өзі туған ежелгі Баласағұн қаласы атынан, қысқартып “Сағұний” деген ат береді.
Әлихан төренің арғы ата-бабалары ақсүйек төре тұқымы болып есептеледі. Түпкі аталары Қылыш Бұрхан төре әйгілі Үндістан Моғол билеушісі Бабыр Шаһтың жақын серіктерінің бірі болған көрінеді. Сондықтан да Қылыш Бұрхан төреден таралған үрім-бұтақтың бәріне хан және төре атаулары қоса қойылып, құрметтелу дәстүрге айналса керек.
Шәкірхан төре тұсында бұл әулеттің тұрмыс-тіршілігі жадаулау болса да, тектіліктен айырылмаған Шәкірхан төре балаларына жетерлік білім беруден еш нәрсесін аямапты.
Көреген әке, жап-жас Әлихан төренің ерекше алғырлығын байқап ағасы Әлімхан төре екеуін сонау бір қиырдағы Араб еліне оқуға аттандырады. Қасиетті Мәдине қаласына барып бір неше жыл білім алған ағайынды екеу, Бұхара қаласына оралып, медреселерде оқуын жалғастырады. Өз заманына ылайықты діни және пәнни сауатқа ие болып, жан-жақтылы толысады. Араб, парсы-тәжік тілдерін жете меңгереді. Туысқан түрік халықтары тілдерін де жақсы біледі. Өзі білетін тілдерде әдеби шығармалар жазып, өлең де шығарады.
Әлихан төре өз өмірінде екі рет (1905, 1925 жылдары) қажылық сапарға аттанады. Осы барыста өзі болған елдердегі саяси, қоғамдық өмірді жіті бақылап, болашақ жөніндегі ой-пікірлері, өмірлік мақсат-мүделері қалыптасады. Жидда қаласында ұзақ аялдап, Шығыс медицинасын, ибн-Сина ілімін жан-жақтылы зерделей оқуға күш салады. Сонымен бірге математика, астрономия, жаратылыстану, ислам философиясын жан-жақтылы қарастыра жүріп, әскери өнер мен билік ғибратнамаларын игеруді де назардан тыс қалдырмайды. Осының бәрі де текке кетпей, қырқыншы жылдары Әлихан төрені жұрт танып, мойындаған президентік, маршалдық биік тұғырға асқақтата көтерген болса керек. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Ақжан Машани мен Әлихан төренің арасында кереметтей достық, аға-інілік қарым-қатынас болғанын бұл күнде көп адам біле бермейді. Ұлыны ұлы алыстан танитынына куә болар қызықты әңгімені кезі келгенде әңгімелей отырамыз.
Әлихан төре өмір сүрген ХІХ-ХХ ғасыр тұтастай алғанда, әлемдік отаршыл державалардың Батыс Түркістан мен Шығыс Түркістан аумағын бөліске салу жолындағы қанды жорықтарымен, айлалы дипломатиялық, саяси соғыстары ылаң салған ең трагедиялы оқиғаларға толы болды.
Абыз қариямыз Дінмұхамед Қонаев дәл тауып айтқандай:бұл ғасыр “…таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандастары үшін қасырет ғасыр”,- болған еді. Сондықтан бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағы тарихтан тағлым алуы, ата-бабасы басып өткен қилы заманды, қиянаттың құрбаны болған аяулы перзенттерін қастерлеп еске алып отыруы лазым.
Дінмұхамед атамыздың ұлағатына жүгінер болсақ: “Тірілер өлілердің көзін жабады, ал өлгендер тірілердің көзін ашады.”
Әлихан төре Сағұнийдің даңқты өмір жолы мен қасіретті тағдыр тәлейі, тірілердің көзін ашар тағылымға толы.
Әлихан төренің алғашқы саяси әрекеті 1914 жылдан басталған екен. Патшалық Ресей ХІХ ғасырдың екінші жарымында Өзбекстан мен Тәжікстан, Қырғызстан қалаларын арт-артынан басып алды да, жергілікті халықты аяусыз езіп-жаншып, арзан еңбек күш ретінде мал орнында жұмсады. Күндікші-жалшылардың тапқаны тамағына жетпеді. Әлихан төре осы шындықты жалшыларға түсіндіріп, қарсылық әрекетке шақырды. Патшалық өкіметтің құпия қызметкерлері бұл әрекеттен сезіктеніп, оның соңына түсіп, аңдуға алады. 1916 жылы қазақ, қырғыз халықтарының әйгілі ұлт азаттық қозғалысы басталғанда, Әлихан төре қырғыз шаруаларының қарсылық қозғалысына белсене қатынасады. Көтеріліс аяусыз жанышталған кезде, амалсыздан бас сауғалап Қашқарияға кетуге мәжбүр болады.
Қазан төңкерісінің дүмпуімен, езілген халықтарды жарылқамақшы болған большевиктердің салтанатты мәлімдемелерінен үміттенген Әлихан төре 1918 жылы еліне қайта оралады. Бірақ күткен үміт ақталмады. Енді ол коммунисттердің қудалауына түсіп, әр жерде бас сауғалап жүреді. 1930 жылы Бұхарадағы ислам медресесіне мұғалімдікке шақырылады. Ол Бұхараға барған кезде медресені Совет өкіметі жауып тастайды. Басқа да көрнекті діни ғұламалар қатарында Әлихан төре де қамалады. Адал шәкірттердің тәуекелінің арқасында түрмеден қашып шығады.
1932 жылы сенімді достарының көмегі арқасында аман-есен Құлжа қаласына келеді. Соңынан бала-шағасын алдырып, Құлжада бейбіт өмір сүре бастайды.
Жан-жақтылы білімдар ғалым, білгір емші, адал мұсылман ретінде Құлжалық жамағатқа тез танылған Әлихан төре, сол кезде Шинжаң өлкесін дара билеп тұрған диктатор Шиң Шысай тыңшыларының да назарына ілігіп үлгерген болатын. 1937 жылы Шиң Шысайдың жаппай репрессиясы басталғанда, Әлихан төре өзіне қатер төнгенін сезіп, оңтүстіктегі Күшар қаласына кетіп, жасырынады. Бірақ соңына шырақ алып түскен өкімет адамдары оны тұтқындап, Күшар түрмесіне қамайды. Үй-мүлкін тәркілеп, бала-шағасын тентіретіп жібереді. 1941 жылға келгенде түрмеден босап, Үрімжі арқылы Құлжа қаласына қайтып оралады.
Құлжа халқы Әлихан төренің қажымас күрескер екеніне көзі жетіп, қуана қарсы алды. Ол орайы келгенде мешіттер мен басқа көпшілік орындарда, Түркістан халқы бастан кешіп отырған ауыр күндер жайлы, еркіндік пен бостандық үшін жиһат ашу керектігін әңгімелеп, үгіт-насихат жүргізе берді. Күн өткен сайын төренің халық алдындағы беделі арта түсті. Тағат-төзімі таусылған халықтың бір басшыға зәру екенін Әлихан төре де айқын сезіне бастаған болатын.
Шинжиаң деп аталған Қытай өлкесінде 30-40 жылдарда болып өткен қым-қыйғаш оқиғалар жөнінде аздап болса да тоқталып өтпесек, Әлихан төре бастаған 1944 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себеп-салдарын түсіну оқырмандарымызға мүлде мүмкін болмас еді. Оның үстіне, 1937-1938 жылдарда КСРО-да жаппай жүргізілген “халық жауларына” қарсы күрестің Қазақстанда неліктен төтенше қатігездікпен жүргізілгенін, Қазақстанда қаптап кеткен “Жапон шпиондары” деген саяси қалпақтың қайдан, қалай пайда болғанын анықтауға да бұл шегіністің пайдасы тиер деп ойлаймыз.
Ежелгі Шығыс Түркістан жері Шинжиаң (жаңа шекара, жаңа өлке) өлкесі болып аталып, орталық Қытай өкіметіне бағындырған 1756 жылдан бермен қарай жергілікті халық үлкенді-кішілі 400-ге тарта ұлт азаттық көтеріліс жасап, отарлық езгіге қарсы бас көтерген екен. ХХ ғасырдың алғашқы жарымында бүкіл Қытайды дүр сілкінткен екі бірдей ұлт-азаттық қозғалысы болып өтті. 1931-1933 жыл аралығында Қожанияз хажы бастаған құмыл шаруалары көтерілісі кезінде Алтайлық Шәріпхан төре бастаған қазақ шаруалары бас көтеріп, Алтай аймағын отаршылдардан азат етіп алды. Сол тұста Дүнген халқының 22 жасар ер жүрек генералы Ма Жұңи келіп қосылды. Оңтүстік Шинжиаңдағы “Алты шаһар” халқы да қозғалып бүкіл өлке дүр сілкінді.
1933 жылы 12 сәуірде Үрімжіде әскери төңкеріс болып, миллитарист Жын Шурин өкіметін аударып тастады. Осы орайды пайдалана қойған ала аяқ полковник Шиң Шысай қайта төңкеріс жасап, билікті өз қолына алды.
Шинжиаң өлкесінің геосаяси жағдайы өте күрделі еді. Өлке орталығы Үрімжі мен оның айналасында өлкелік әкімшілікке қарасты әскерилер құрамында жартылай тәуелсіз екі полк “Ақ орыс” әскері бар болатын. Октябрь төңкерісі кезінде қашып барған орыс, белорус, украиндық офицерлер мен әскерлер өлкедегі саяси жағдайға тікелей ықпал ете алар күшке айналған болатын. Совет өкіметі олардың қимыл-әрекетін жіті бақылап отырушы еді.
Полковник Шиң Шысай “Гуихуа армиясы” әділетке, ізгілікке оралғандар деп аталған осы полкты өз жағына шығарып алумен бірге, КСРО-ның Үрімжідегі Бас Консульдығымен де тығыз байланыс орнатып, олардан қолдау күтті.
Айлакер Шиң Шысай “Алты ұлы саясат” дегенін жариялады. Оның бір мазмұны “Совет одағымен достық орнату, ұлттар теңдігі, және бейбітшілікті қорғау” деген тәрізді болып келетін.
Бұл тұста совет өкіметі көршілес Шинжиаң өлкесінде қандай күштер билік басына келуіне қатты мүделі еді. Ақыры Шиң Шысай айласын асырып совет өкіметінің әскери көмегіне қол жеткізді. Өз қарсыластарын советтік қызыл армияның зеңбіректері мен әскери ұшақтарының бомбасымен тас-талқан етіп жеңді де, бүкіл өлкедегі билікті қолына алды. Ол, 1934 жылдан бастап Жаңкайшы өкіметімен болған байланысты толық үзді де, өлкені советтік ақылшы-кеңесшілермен бірлесе отырып басқаруға кірісті. Советтік әскери, барлау органдарынан келген ақылшылар Шың өкіметінің бүкіл әскери, барлау, шекара әскерлері құрылымын құрып берісті.
1937-1938 жылғы сталиндік репрессия тұсында, қазан төңкерісінен бері Шинжиаңға қашып өткен ақ гвардияшылар мен Алашордашылар, бай, кулак дегендерден есеп алып, кек қайтару орайы келген еді. Саяси орайшыл Шың шисай да өз бақталас жауларынан құтылу сәті келді деп ұқты да, совет барлау орындарына троцкишілдер мен “кері төңкерісшілдердің, жапон, неміс агенттерінің тізімін” тоғыта бастады. Сол тұста Қазақстаннан қашып барған халқымыздың аяулы ұлдары Зият Шәкәрым, Райымжан Марсеков қатарлы жүздеген адам ұсталып, атылды.
Бүкіл Шинжиаң он жылдай қан-қасап түрмеге айналды. Осы он жыл ішінде 60 мыңдай адам Шиң Шысай мен совет разветкасының құрбанына айналған екен. Әлихан төре де осы тұста қамалып, түрме азабын көріп шыққан болатын.
Шиң Шысай 1938 жылы Москваға барып, Сталиннің қабылдауында болады. Сталиннің қолынан коммунистік партия билетін алып қайтады. Сталиннің сеніміне әбден кіріп алған соң, Москва да арнайы тәрбиеленіп жатқан әйгілі Дүнген генералы Ма Жұңиді жалған айғақтармен жапон агенті деп дәлелдеп, ату жазасына бұйыртады.
Шиң Шысай осындай жалған делеларді қолдан жасай отырып, совет барлау орындарына – Шинжиаң Троцикшіл-Бұхариншілдер мен Жапон, Герман, Түркия, араб елдерінің шпиондарына мекен болғанын, оның советтік Орта Азиялық республикаларына үлкен қатер төндіріп тұрғанын дәлелдеуге барын салды. Қанды қол жендет ол мақсатына жетті де.
Сөйткен сталиншіл, коммунист Шиң Шысай 1941 жылдан бастап өзінің шын бет-бейнесін аша бастады. Гитлер армиясы Москва түбіне таяғанда жалт беріп, Жаңқайшы өкіметіне қарай аунап түсті.
Шиң Шысайдың бұйрығымен советтік мамандар үш тәулік ішінде Шинжиаңнан айдап шығарылды. Үрімжі түрмелеріне енді советшілер мен комунистер топ-тобымен қамала бастады. Советке қарсы жаппай үгіт-насихат, тазалау үдей түсті.
Гитлер армиясымен өлім-өмір айқасын бастаған Сталинге Шиң Шысайдың бұл опасыздығы еш кешірілмес дұшпандық болып, көкірегіне шемендей қатып қалып еді.
Опасыз достан қалай өш алу керек? Оның амалы оңай табылды. “Шығыс Түркістан үшін күрес” ұранын көтеріп, жергілікті ұйғыр, қазақ, дүнген халықтарын ұлт-азаттық күресіне аттандыру арқылы Шынжиаңды қайта қолға алу керек болды.
Бұл жай ғана сөз емес, жоспарлы түрде, жаппай жолға қойылған ішкі-сыртқы барлау мен ашық, жасырын үгіт-насихат машинасын іске қосу арқылы қолға алынған мемлекет аралық күрделі жұмыс болатын.
1942 жылдың ақпан айында Москвада Сталин, Берия және Косыгин бас қосып, Шығыс Түркістан мәселесімен шұғылданатын арнайы топ құруды ұйғарысты. Іле-шала, Ташкент қаласында Москваның бұйрығын орындап, нақтылы істі үйлесіріп отыратын орган құрылып, оған сол кездегі Өзбекстан компартиясының бірінші хатшысы Осман Юсупов жетекшілік етті. Оның жұмысына Қырғызстан мен Қазақстанның қатысты органдары сәйкесіп отыру міндеттелді. Барлау орындары жаппай жұмылдырылды. Сонымен, 1943 жылдың жазынан былай қарай Ташкент қаласынан “Шарыһ һеһихаты”, Алматы қаласынан “Қазақ елі” журналдары араб алфавитімен басылып шыға бастады. Астыртын жолдармен ол журналдар Шығыс Түркістанға жөнелтіліп ұйғыр, қазақ арасына таратылып отырылды.
Күні бүгінге дейін әр түрлі басылымдарда жарық көрген материалдарды зерделей қарап отырсақ 30-40 жылдардағы тарихи шындық бұрмаланып, өтірікті шындай сырғытып отырғанына көзің жетеді. Осындайда: Цервантестің: “Жалған тарихшы, жалған ақша жасаушы ретінде жазалануы керек-ақ”,- дейтін қатал үкімі еске түседі. Ендігі жерде, саяси көлгірсуге, “үш аймақ төңкерісі” деп аталған ұлт-азаттық қозғалысының ащы шындығын боямаламай, ұлттық пәтерлерге сүйрелей, жоққа таласып, қызыл кеңірдек болмай, болғанды-болғандай айтуға тиіспіз.
Біздің көптен бері соңына түсіп жүргізген зерттеу жұмыстарымыздан түйген түйініміз мынаған саяды:
1944 жылдың басындағы Шығыс Түркстанның саяси жағдайы барынша шиеленісіп, ұлттық қайшылық шегіне жете асқынып тұрған болатын. Қанды қол Шиң Шысайдың түрмелерімен аңду-бақылауынан қашқан бір топ адамдар Моңғолстан мен Қазақстан, Қырғызстанға жасырын өтіп кетіп жатты. Дәлелхан Сүгірбаев Алтайдан Моңғолстан арқылы Қазақстанға қашып өтсе, Ысқақбек Мөнен Қырғызстанға қашып өтеді. Іледен Фатих Мүсілім қатарлы адамдар да жасырын түрде шекарадан өтеді. Осылардың бәрін Алматыға жинап, арнайы курс ұйымдастырып, саяси, әскери тәлім-тәрбиеден өткізеді де астыртын күрес жүргізуге кері қайтарып отырады. Дәл осы тұста Ташкент қаласындағы арнайы лагерде ерекше тапсырмалар орындау үшін 70 адамдық арнайы топ ұзақ дайындықтн өтіп жатқан болатын. Оның ішінде өзбек, тәжік, қырғыз, қазақ, ұйғыр, татар, түрік, дүнген ұлтынан іріктеп алынған оқыған, өнерлі жастар көп еді. Соның бірі, кейінгі кезде “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұриятының” төрағасы болағн ұйғыр перзенті Ахметжан Қасыми болатын. Бұлар 1942-1943 жылдары Шығыс Түркістанның тұс-тұсынан асыртын түрде жіберіліп жатты.
Ахметжан Қасыми 1941 жылы Тарбағатай шекарасынан жасырын өтіп, көп ұзамай Шың Шисай барлаушыларының қолына түсіп, тек 1944 жылдың наурыз айында түрмеден шығады да, сәуірде Құлжа қаласына келеді.
Бұл кезде Құлжада Әлихан төре бастаған “Азатлық тешкилаты” (Азаттық ұйымы) құрылып, іске кірісе бастаған болатын. Құлжадағы совет консульдығы астыртын күрес ұйымдастыру ісін тікелей өз қолдарына ұстап отырғандығын ендігі жерде жасырып-жабудың қандай жөні бар?
Істің нақтылы шындығы, даму барысы былай болған: 1944 жылдың басында совет одағының Құлжа қаласындағы бас консулы Дувашин деген орыс Әлихан төремен жасырын кездесіп, әңгімелеседі. Егер Әлихан төре мешіттер мен басқа да орындарда айтып жүрген үгіт-насихаттарын іске асырғысы келсе, өзінің барынша қолдау көрсететіндігін, бұл тек өзінің жеке басының пікірі емес екенін ескертеді. Әйтсе де, совет өкіметінен қуғын көріп, оның тас түрмесінен әрең қашып құтылған Әлихан төре орыс консулының бұл сөзін, әдейі арандатып, сыр тарту деп ұққандықтан барынша байсалдылықпен ол ұсыныстан бас тартады. Осыдан кейін де бұл оқиға екі рет қайталанады. Соңғы рет Құлжа қаласында, Полат ака деген өзбектің үйінде Дубашин екеуі кездеседі. Бұл ретте Дубашин Совет өкіметі атынан, ресми адам өкілеттілігімен сөйлейді. Егер де Әлихан төре жасырын ұйым құрып, халықты жиһадқа шақырса, совет өкіметі оған қажетті барлық көмекті қолма-қол беріп отырады. Шығыс Түркістан жері толық азат болып “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұрияты” құрылғанға дейін жан-жақтылы көмегін аямайды. Ол үшін Әлихан төре Дубашиннің сөзіне сеніп, екі жақты хаттамаға қол қойуы, батыл іске кірісуі талап етіледі.
Әлихан төре ойланып-толғана келе орыс елшісінің ұсынысын қабыл көреді. Неге қабыл көрмесін, өмір бойы алдына сондай киелі, ұлы мақсат қойып келмеп пе еді, халықты сондай бір қасиетті соғысқа үндеп келмеп пе еді? Сондай күн туайын деп тұрса, адал Мужаһит бәйгеге әлдеқашан тігіп қойған жалғыз жанын неге аяп, неден қорқады? Әлихан өзінің “Шығыс Түркістан қасіреті” деген кітабында өмірге болған көз қарасын мынадай жолдармен білдірген екені: – “Ұлы ойшылардың айтуына қарағанда, адамның өмірі өлшеулі, жалғыз-ақ рет беріледі. Осынау келте ғұмырын да артына жақсы ат қалдырып кету, тірілер арасында өмір сүргенмен бірдей, өйткені адам өзінің мейір-махаббатымен ғана тірі болмақ.”
Шығыс Түркістанның шындығы немесе Әлихан төре кім еді? (жалғасы)
Қажымас, адал күрескер Әлихан төренің мейір-махаббаты – Исламиятқа, туған халқына, қасиетті түрік жеріне бағышталғандығына ешкімнің күмәні болмаса керек.
Сонымен, Әлихан төре іске кіріседі. 1944 жылы сәуір айында “Азаттық ұйымы” (Азатлық Тешкилаты) ұйымы құрылды. Кейінгі “Шығыс Түркістан жұмһұриятының” бас хатшысы болған Абдрауып Мақсұмның үйінде сегіз адам бас қосып, Әлихан төре ұстап тұрған Құран алдында ант беріп, пәтуә шығарды. “Азаттық ұйымына” алғаш мүше болған адамдар саны 12 еді, олар мыналар:
Әлихан төре
Рахымжан Сабырхажиев
Қасымжан Қамбари
Әбдікерім Аббасов
Меһеметжан Мақсұм
Сәлижанбай Бабажан
Жани Юлдашев
Мұхиддин Ахмади
Нұрдинбек Рахимов
Абдрауып мақсұм
Зұнұн Таипов
Өмержан Пірмұхаммед.
Бас хатшы Абдрауып Мақсұмның бізге сеніммен айтып беруіне қарағанда, Дубашин мен Совет өкіметіне керегі халық атынан сөз алып, мәлімдеме жасайтын, дайын хаттама-шоттамаларға қол қоятын бір ұйымдық құрылым мен оның жұрт танып, мойындайтын бір басшысының аты ғана керек болған көрінеді.
Қарулы көтеріліске дайындық жан-жақтылы жүріліп жатты. Бұл жұмыстардың бәрін дерлік Құлжаның шығыс жағындағы Нылқы ауданы жерінде Фатих Мүсілимовтың ара ағайындығымен ағайынды Акбар-Сейіт пен, Ғани батырлар жүзеге асырды. Қазақстан шекарасынан қару-жарақ үздіксіз жеткізіліп тұрды.
Сонымен көптен күткен күн де жетті. 1944 жылы 17 тамыз – Құрбан айттың бірінші күні Акбар батырдың бастауымен ыластай жерінен қарулы көтерілістің Іледегі бірінші оғы атылды. Партизандық соғыс басталды. Қысқа ғана уақыт ішінде Нылқы ауданы түгел азат етілді. Кескілескен соғыстардың бірінде Акбар батырға оқ тиіп қайтыс болды да, партизандарға басшылық інісі Сейтке жүктелді. 7 қарашада Құлжа қаласында Әлихан төренің тікелей басшылығында көтеріліс басталды. Дер кезінде көмекке келіп үлгерген Нылқы партизандарының қолдауымен және сол түні Ұсақтал мен Қорғас шекарасынан өткізілген совет қарулы күштерінің сәйкесуімен 11 қарашаға дейін Құлжа қаласының негізгі стратегиялық орындары партизандар қолына өтіп үлгерген болатын.
12 қараша күні “ҰҚАҚ” (Шиң Шысай билік құрған кезде құрылған ұлттық мәдени орталықтар: ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақ ұйымы солай аталатын) клубында зор жиын ашылып “Шығыс Түркістан жұмһурияты уақытша өкіметі құрылғандығы жарияланды. Он алты адамдық өкімет мүшелері сайланды. Өкімет басшысы болып Әлихан төре бір ауыздан сайланды. Орынбасарлары болып Әкімбек қожа, қазақ төресі Әбілқайыр, ал бас хатшылыққа Әбдрауып Мақсұм бекітілді.
Әр жерде жүргізіліп жатқан партизандық қозғалысқа бір тұтас басшылық жасау мақсатымен өкімет “құмандандық” (әскери бас штаб) штаб құрды. Оның бас қолбасшысы болып совет өкіметі арнайы жіберген Петр Александров, орынбасарлығына Құлжалық ұйғыр Зұнұн Таипов тағайындалды. Бұл құрам кейін талай өзгерді.
Өкіметтің қаулысымен «Азат Шығыс Түркістан» газеті шығарыла бастады. Бас редакторлық, оқу министрі Әбіп Юншиевке қосымша жүктелді.
Азаттық соғысы бүкіл үш аймақ (Іле, Тарбағатай, Алтай) аумағын түгел шарпыды. 1945 жылдың 30 қаңтарына дейін Іле өңірі түгел азат болды.
1945 жылы 5 қаңтар күні Әлихан төренің төрағалығымен Шығыс Түркістан өкіметінің IV кеңейтілген мәжілісі болды. 9 тармақты декларация жариялады. Оның бір тармағы «Қытай жаулаушыларын Шығыс Түркістан жерінен біржола, мәңгілікке қуып шығару» деп, ол екінші тармағында: «Шығыс Түркістан жеріндегі барлық ұлттар тең құқықты бола алатын, еркін, тәуелсіз республика құру» деп анық жазылған болатын. Осынау аса принципал сөздерді тікелей көтерген және табандылықпен енгізуге күш салған Әлихан төре екені баршаға аян.
Шығыс Түркістан халқы бұл декларацияны қуана қарсы алып бар күшімен қолдау көрсетті. Партизандар мен тұрақты әскерлер қатары күн сайын молая түсті.
1945 жылдың 8 сәуірінде «Тұрақты ұлттық армия» құрылғандығы жарияланды. Тұрақты армия қатарында дәл сол кезде он бес мың адам болған еді. Армияның жоғары және орта дәрежелі билігі негізінен советтік генералдар Полинов, Мажаров дегендердің қолында болды. Шығыс Түркістан ислам жұмһұриятының төрағасы Әлихан төреге маршалдық атақ берілді. Ұлттық армияның бас қолбасшысы деген құрметті атағы да болды.
1945 жылдың маусым айында, ұлттық армия үш бағыт бойынша (1-солтүстік бағыт, 2-орта бағыт, 3-оңтүстік бағыт) бүкіл Шинжияңды азат ету жорығына аттанды.
Үш айлық кескілескен соғыс арқылы ұлттық армия, 1945 жылдың қазан айына дейін жер көлемі 2830002 шақырым болатын Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын толық азат етіп үлгерді. Өлке орталығы Үрімжі қаласын бір соққымен алу ғана қалып еді. Оңтүстіктегі “АлтыШаһар” да бір-бірлеп алына басталған-ды.
Азаттық соғысы осылайша өрттей лаулап бара жатқан бір тұста – 1945 жылдың 15 қыркүйегінде, ұлттық армия Манас өзенінің батыс жағасына жеткенде, жорықты тоқтату бұйрығын алды. Бұйрықты Маршал Әлихан төре емес, орыс генералы Полинов берген болатын. 17 қыркүйек күні ғана Әлихан төре, бұл бұйрықты Полиновқа Москва бергендігін біліп, жаралы жолбарыстай арпалысты. Қанша бұлқынса да тас құрсауды бұзып шыға алмады. Сол күннен былай қарай Әлихан төренің басына ауыр күндер түсе бастады.
Бұл дүние – қайшылыққа, керағарлыққа толы дүние ғой. 1945 жылдың 9 май күні Гитлерлік Германияның туы жығылып, Одақтастардың жеңіс туы желбіреген күн тарихта мәңгі қалды. Ал “Үш аймақ төңкерісі” деп кішірейтіле айтылса да бүкіл “Шығыс Түркістанды шарпыған азаттық қозғалысының жеңіс туы желбірер күнге де қол созым жер қалғанда, такаппар көсем Сталинге “Шығыс Түркістан” картасын ойнау қажетсіз болып қалды. Ендігі жерде ол ойыннан тезірек әрі айламен шегініп шығу қажет болды.
Ұлттық армияның екпінді жорығы тоқтатылған 1945 жылдың 17 қыркүйегі күні, Сталин өкіметі мынадай айла-шарғылы мәлімдеме жасап жатқанынан Әлихан төре өкіметі еш хабарсыз болатын:
Совет Одағының Нанжиндегі бас елшісі Петров Жаңқайшы өкіметінің сыртқы істер министрлігіне нота тапсырды. Онда “Шығыс Түркістан ислам жұмһұриятының” сыртынан саудалаған мынадай сөздер жазылған еді: “Совет одағының Құлжада тұратын консулының хабарлауынша, жақында Құлжалық бір қанша адам консулханамызға келіп,”Біздің Жұңгуадан бөлініп кету ниетіміз жоқ, жергілікті билеушілер бізді езіп-қорлағандықтан, біз оларға қарсы көтеріліп едік. Естулерге қарағанда, Жұңгуо өкіметі бізді Жұңгуодан бөлініп кетер ме екен деп алаңдайтын көрінеді. Бұл тек түсініспеушіліктен туған ой ғана. Сондықтан совет өкіметі ара ағайын болып. Жұңтуо өкіметімен бізді татуластырып қойса болар еді депті. Біздің байқауымызша да олардың Жұңгуодан бөлініп кету ниеті жоқ болса керек. Олар Шинжиаңдағы мұсылмандар басым көпшілікті құрайтын өңірлерге автономия құқы берілуін қалайды. Совет өкіметі өзімен шекаралас аудандарының тыныш болғанын тілейді. Сол себептен де, Жұңгуо өкіметі мақұл көрсе, Шинжиаңдағы аласапыраңдықты тыныштандыру үшін Құлжада тұратын консулымыз арқылы ара ағайындық жасап, екі жақты рахайластырып қойғымыз келеді.
Ішкі жағдайы былыққан шарасыз Жаңқайшы өкіметінің көктен тілегені жерден табылды. Олар дереу іске кірісті. Қытай түлкісі атанған генерал Жаң жежұңды келіссөз жүргізу үшін Үрімжіге аттандырды. “Үш аймақ” өкіметі атынан Рахымжан Сабырхажиев (делегация басшысы) Әбілхайыр Төре (қазақ) және Ахметжан Қасими келіссөз жасау үшін Үрімжіге келді.
Аталмыш “Келіссөз” көріністе “аса қиын жағдайда, талас тартыспен” тоғыз айға созылды. Оның бәрі – шындығына келгенде, уақыт өткізу, Әлихан төрені биліктен тайдыру үшін орай күту, ең бастысы – Қытай коммунистерінің билікке келер күнін жеделтетіп-жақындату үшін ғана істеліп жатты.
Күні бүгінге дейін көзі тірі “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұриятының” бас хатшысы Әбдрауп Мақсұмның естелік жазбаларының куәләндыруына қарағанда, Әлихан төре басқарып отырған ресми өкімет, 9 айға созылған жалған “келіссөздің” мазмұны жөнінде бірде бір рет отырыс өткізіп, алқалы топ алдында талқыламаған көрінеді. “келіссөзді” Москваның арнаулы өкілі – Владимир Степанович Козлов деген жүргізді деуге болады. Ол Рахымжан Сабырхажиев бастаған (іс жүзінде Ахметжан Қасими басқаратын) делегация үрімжіге аттанарда қолдарына дап-дайын “Келіссөз шарттарын” ұстата қояды. “Келіссөз тұйыққа тірелгенде” Құлжаға қайтар алдында, “келіссөз” барысы жазылған барлық құжаттарды папкасына салған Владимир Степанович әлде бір жаққа ғайып болады. Бұл жағдай табаны күректей 8 айға созылады. Осыған шыдай алмаған бас хатшы Әбдрауып Мақсұм бірде Ахметжан Қасимиға: “Ахмет әпенде, біз жақсы болсақ та, жаман болсақ та бір өкімет емес пе едік. Бұларың қалай, өкімет жиналысында бір рет те талқыланбаған “Келіссөз-Бітім” дегендерің не нәрсе, мына орыстарың бізді ойыншыққа айналдырып бітірді ғой” дегенде Ахметжан суық жымиып:
– Не қыласың соны, одан не шығады Мақсұм? – деген екен.
Арада талай сойқанды істер болып жатты. Әлихан төрені биліктен тайдырудың не бір пасық айла-шарғылары ойлап табылды. Жергілікті ұйғыр өкілдерін айтақтап “Әнжандық өзбек, табаныңды жалтырат, әйтпесе…” деген сияқты әдепсіздіктер үйреншікті жағдайға айналды. Осының бәрін де сабырға жеңдірген маршал Әлихан төре шығар жол іздеп арпалысты.
Бірақ “Шығыс Түркістан” тағдыры Москва мен Нанжинде әлде қашан шешіліп қойған еді. Әйгілі Ялта конференциясында Сталин… мен Жаңқаншы арасында – Қытай өкіметі Моңғолияның тәуелсіздігін таныса,совет өкіметі Шинжиаң мәселесін Қытайдың ішкі ісі деп қарайтыны сөз болып, ақыры, осы шешімге тоқтайтындығы мәлімделіп қойылған.
1945 жылдың 18 қыркүйегі күні Москвадан оралған Сталинның арнаулы өкілі, генерал Козлов, Әлихан төремен кездесуі барысында зілдене былай деген болатын: “Мәртебелі Төраға! Біздің ұсынымызды қабыл етуіңізді есіңізге тағы бір салайын. Егер осылайша қасарыса берсеңіз, өзіңіз үшін жақсы болмайды. Ұйғырлар сізсіз-ақ өз істерін өздері істей алады.”
Арада көп өтпей сол мазмұндағы домалақ хаттар маршалдың ққызмет үстелінде жиі пайда болғанын білсе де Әлихан төре басына төнген қатерден қорықпады.
Шарасы таусылған орыстар мен орысшыл ұйғырлардың арманын Совет КГБ органы оп-оңай, бір-ақ күнде орындады.
1946 жылдың 17 маусымы күні Құлжадағы Совет консулы Әлихан төреге телефон соғып – қорғас шекарасында Өзбекстанның сол кездегі бірінші секретары Осман Юсупов күтіп тұр. Сізбен ақылдасатын маңызды мәселелер бар көрінеді. Тез барыңыз – дейді. Әлихан Төре жолға шығады.
Қорғаста да, Алматы да Осман Юсупов жоқ болатын. Екі күн Жаркент қаласында ұстап тұрған соң Алматы арқылы Ташкент қаласына ұшақпен әкетеді. Ташкентте екі жыл бойы Осман Юсуповтың қала сыртындағы дачасында мырзақамақта, тергеуде өмір өткізеді.
Тергеушілердің сұрағы аяқталған кезде Әлихан төреге:
– Сұрақ осымен аяқталды, енді сіздің бізге айтар қандай талап, тілегіңіз бар дегенде, ешбір ойланбастан былай дейді:
– “Мінеки, мен сендердің қолдарыңда тұрмын. Атасыңдар ма, шабасыңдар ма, ерік сендерде! Өмірімнің соңғы минуттарында мен сендерден жақсылық тілемеймін. Кешірім де сұрамаймын. Өйткені кешірім сұрарлық күнам жоқ. Мен сендердің жалған уәделеріңе сеніп, халықты азаттық күреске шақырып едім. Олар маған сеніп күрес майданына шығып еді. Осы барыста мыңдаған жастар құрбан болды, жараланып, rемтар болып қалды. Ақыры мынау болды. Олардың қып-қызыл тырнақтары менің жағамда кетті.
Алданған, қапы қалған халқымнан кешірім сұраймын. Мәрттік ете алсаңдар, менің осы тілегімді халқыма жеткізіп қойыңдар. Басқа айтарым жоқ!”
Күні бүгінге дейін Әлихан төренің кім болғанын, оның “үш аймақ төңкерісі” деп аталған ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісіне айналып, 1944 жылы құрылған “Шығыс Түркістан жұмһұриятының” төрағасы, ұлттық армияның маршалы дәрежесіне жетіп, атағы аспандап тұрғанда, бір күнде із-тозсыз жоқ болып кеткенін түсінбей, неше түрлі қаңқу сөз таралып келді.
Саяси аренадан алыстап, өмірлік мырзақамақта ұстап отырған Советтік КГБ, саяси қайраткер Әлихан төрені маршал Әлихан төрені бақылап отырғанымен, ғұлама ғалым Әлихан төренің ақын, жазушы, емші Әлихан төренің қолындағы қаламына шек қоя алмап еді. Ол барлық күш-қуат, ақыл парасатын жұмылдырып жаңа жиһад жолына түсті. 1959 жылы екі томдық “Тарихи мұхаммадий” (Мұхаммед тарихы) кітабын өзбек тілінде жазып бітірді. Бір неше том боларлық өлеңдер, хисса-дастандар жазумен бірге, ибн-Сина үлгісіндегі халық елшілігі, дәрі жасау (формоцептикалық) ілімі жөнінде тракттар жазып қалдырды. Сондай-ақ өзі бастан өткерген тарихи оқиғалар бойынша “Шығыс Түркістан қасіреті” атты көлемді еңбек жазып қалдырды.
Әлихан төре Сағұнийға Алла Тағала ұзақ та мағыналы ғұмыр сыйлапты. 91 жыл өмір сүріп, 1976 жылы Ташкент қаласында дүние салды. Өз тілегі бойынша, Шаих Зайниддин баба зиратына жерленді.
Әлихан төренің ұрпағы бұл күндері Ташкентте тұрады. Бабаларынан қалған мол мұраны халық игілігіне жарату жолында қызмет етіп, 1991 жылы екі томдық “Тарихи Мұхаммадий” кітабын баспадан шығарды. Басқа еңбектері де реттеліп баспаға ұсынылған көрінеді. Өзбек ағайындар Әлихан төрені ұмытпай, оның асқақ рухына ылайықты құрмет көрсетіп жатса керек. Ташкент қаласының бір көшесіне және бір мектебіне Әлихан төренің атын беріпті. Дегенмен, ештен де кеш жақсы деген рас-ау. 1998 жылдың 11қаңтарда Алматыда “Әлихан төре Сағұнийдің туылғанына 113 жыл” атты мерекелік кеш өткізіліп, Ұлы тұлғаның рухына тағзым етілді.
Алматыға бір келіп-кеткен талай көсем сымақ келімсектерге арнап көше аттарын берген қазақ Әлихан төредей түрік халықтарының ортақ перзентіне келгенде сараңдық қылмас деген ойдамыз.
Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Ақжан Машани мен Әлихан төре арасында достық, аға-інілік қатынас болғанын мақтанышпен еске алуға тиіспіз.
1966 жылдан басталған Әл-Фарабитану жолындағы абройлы қызметке белсене ат салысып жүрген Ақжан ағамыз ұлы ойшылдың төл жазбаларынан тікелей аударма жасауға талпынып көп ізденеді. Бұдан 1100 жыл бұрын классикалық араб тілінде жазылған терең мазмұнды Әл-Фараби шығармаларында кезіккен түсініксіз жайларды анықтау үшін екі тілді де жетік білетін адам іздеп жүріп, білетін адамдардың сілтеуімен Ташкентте тұратын Әлихан төрені іздеп табады.
Жақсыда жаттық болған ба? Екі ғұламаның тіл табуы қиынға түспейді. Ақжан Машани екі ай бойы Әлихан төренің үйінде тұрып, әлемнің екінші ұстазы әлеміне терең бойлайды. Кей тұста Әлихан төре арабшадан тікелей өзбекше, кейде қазақша диктовка жасап отырады. Екі ғұлама ұзақ-ұзақ сыр шертісіп, шер тарқатысады. Содан бастап өмірінің соңына дейін барыс-келіс жасап тұрғанын немересі Ахат Ғаппарханұлы Әлихан төре растайды.
1973 жылы Алматыда өткен Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерей тойына Әлихан төрені шақыру жөнінде өкімет комиссиясына айтып, сөзін өткізе алмағанына қатты өкінген Ақжан Машани ұстазы (өзі осылай сөйлеген) Әлихан төреден кешірім сұраған болатын.
Әлихан төренің немересі Ахат Ғаппарханұлы. 1974 жылы атасының тапсырмасымен Алматыға Ақжан ақсақалды іздеп келген сапарында мынадай қызық әңгіме болғанын Ахат ерекше сүйінішпен еске алады.
Ақжан Машани: – Балам, атаңның дәрігерлік өнерінен болмаса, басқа да өнер-білімінен не бар, сенде, – дегенде:
– Журналистпін аға, аздап өлең жазамын, – депті.
– Ой, байғұс балам-ай, итке лақтырған таяғың журналиспен ақынның басына түспей ме, сенің атаң шалқыған теңіз, ағынды өзен еді ғой. Апырай, сен не деген сорлы едің, өзен жағалап жүріп, шөлден өлетін сорлы екенсің ғой, – деп қатты ренжіпті абыз қария.
Мінеки осы қысқа жауаптасудан-ақ Ақжан атамыздың Әлихан Төрені қаншалық құрметтейтінін байқауға болар.
Әлімғазы Дәулетқан
https://qamshy.kz/article/472-alimghazy-dauletqan-shyghys-turkistannynh-shyndyghy-nemese-alikhan-tore-kim-edi