Жарық нұрдың сәулесі

Аққожа баба

Аққожа баба Қаратаудан Арқа өңіріне мұсылмандықты, Исламды уағыздау әрі ұрпақ тарату мақсатында келген. Бабаға қатысты ел арасында тараған бірқатар аңыз-әңгімелер баршылық. Солардың бір парасын мынадай:

***

Бірде Аққожа баба ел аралап бір үйге түседі. Дастарханда отырған сәтте баба шай құйып отырған сол үйдің қызын ұнатып, үй иесінен қызын сұраған екен. Үй иесі отырған орнында ашуланып, «Көлденең көк аттыға берер қызым жоқ», дейді. Сол сәтте баба тұрып, «Өзін іздеп бересің», – дейді жүріп кетеді. Баба кеткеннен кейін әлгі үйдің қызы қатты науқастанып ауырады. Үй иесі «Мына адам тегін болмады», деп бабаны өзі іздеп шығып, үшінші ауылдан табады. Сөйтіп қызын берген екен.

***

Аққожа баба ел аралап келе жатып, бір судың жағасына атын жіберіп қойып, намазға жығылады. Сол уақытта бір бай жылқыларын шулатып суға айдап келген екен. Баба намазға кедергі жасаған байға ашуланып, шапанын сілкіп қалып «Аттым» депті. Сол сәтте байдың жылқылары бірінен соң бірі сұлап түсіп, өле береді. Бай әрекетінің ерсі болғанын түсіне қойып, бабадан бір білместік болғанын айтып, кешірім сұрайды. Баба «Мен сені атып едім. Оқ қағарың бар екен», деп жүріп кетіпті.

***

Аққожа бабадан тараған қыз балалар да тегін болмаған деседі жұрт. Бірде Аққожа бабаның ұрпағының бірі бір қыз бала көшіп кеткен жұртқа келіп, қалып қойған ыдысты алмақ болады.  Барып алайын деп атпен шауып келе жатса, жұртта бір әдемі қыз отыр екен. Қожаның қызы тұрып «Әпер ана ыдысты» дейді. Әлгі жұртта қалған әдемі қыз тұрып: «Түсіп өзің ал» дейді. Сол сәтте Қожаның қызы ақырып қалып, «Отырғ кәне алдыма» дейді. Әлгі қыз қорыққанынан отыра қалады. Қожаның қызы оның қыз емес, ібіліс екенін біле қойып, шашынан жұлып қалып, теңгесін табанынан салып қояды. Сол сәтте әлгі «Сенің жеті ұрпағына да жоламаймын» деп қашқан екен.

***

Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Айнабұлақ деген ауылды аймақта Қожа тауы бар. Елде қалған аңыз бойынша, тауға Қожалар жерленген. Кеңес дәуірінде бір топ орыс келіп, тауға электрлік станция салмақ болады. Ауыл тұрғындарының «Ол жерге салуға болмайды. Қожалар жатыр. Қасиетті жер» деген сөзін елемеген орыстар станция тартып, жарық жібереді. Сөйтіп станция салынғаннан кейін күнде бір орыс өле берген. Орыстар мұның тегін емес екендігін түсініп, қашып кеткен екен.

***

Аққожа баба – Қаратаудан Арқа өңіріне мұсылман дінін уағыздау және ұрпақ тарату үшін келген. Деректер бойынша Аққожа Арқа өңіріндегі Тоқа руының қожасы болған. Аққожаның ұрпақтары бүгінде Арқа өңірінде нақтырақ айтқанда Қарағанды облысында мекен етуде.  Аппаққожа-ма, Аққожама-ажырата алмай отырмын.

 Арғын ішінде Тоқаның  қожалары Жаңа Арқа ауданында: Аққожа – Мұратқожа, Құдайберген,Төреқожа,Тәменқожа болып, әрі қарай жалғаса береді.

Деректерді келтірген, шежірелерді жинастырған  Сайлаубай тегі Сабина Ақтайқызы.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button