Тұрбат – Ысмайыл ата: аңыз бен ақиқат
Қазығұрттағы Тұрбат ауылында Мәуренахр сайыпқыраны Әмір Темір мазарына кесенелер салған әкелі-балалы Ысмайыл ата, Ысқақ ата деген әулиелер өткен. Олардың атағы Қорасан, Мәуренахр, Түркістан елдеріне кеңінен тараған. Кезінде Әбдрахман Жами, Әлішер Науаи,Фахриддин Али Кошифий, Қожа Ахрар сияқты ұлы адамдар олар туралы жазды.
Бұл тарихты ХІХ ғасырда осы жерде туып-өсіп, болыс болған бабамыз Молда Көбей Тоқболатұлы жазды. Ол жазба шығыстанушы, этнограф ғалым Әбубәкір Диваев арқылы орыс тіліне аударылып, тасқа басылып бізге жетті.
Өткен ХХ ғасырдың соңында ауылдасымыз, белгілі жазушы ағамыз Қалаубек Тұрсынқұлов та осы тарихты көтеріп, Ысмайыл ата және оның ұрпақтары, әсіресе оның атақты ақын ұрпағы Атаий туралы жазды.
Ауылдастар көтерген осы тарихтың ақиқаты мен аңызын ажырату мені де қызықтырды. Ысмайыл ата және оның ұрпақтары туралы мәліметтерді, зерттеулерді, аңыздарды жинастыра келе кітап құрастырылды. Жұмыс барысында менің байқағаным баспасөзде, ғылымда, жалпы ел арасында Ысмайыл ата, Ысқақ ата тарихына байланысты әділетсіздіктер орын алған екен. Сол жөнінде ел білсе екен дедім. Олар:
«Ясауи тағылымы» кітабында Ысқақ қожа еңбегі туралы мақаласында ғалым Зікірия Жандарбек ол кісі кім, қайдан екені туралы ештеңе айтпайды. Тіпті, ол туралы америка ғалымы Девин Ди Уис жазған мәліметтерді шатастырып, басқа бағытқа салады. Қолында насабнамалары бола тұра, Ысқақ қожадан Диуана қожаларды бөлек классификациялап, Ысмайыл атаға қосқысы келмейді.
Девин Ди Уис пен Әшірбек Момынов Ысқақ ата еңбегі туралы 7 елдің ғалымдарын қатыстырып, өте құнды екі томдық кітап жазса да, оның жасаған жері Сырдария өзенінің орта бассейнінде, қазығұрттық дегеннен әрі бармайды. Ол және оның бауырлары, бабалары туралы атақты Бабыр, Әлішер Науаи, Кошифи, тағы басқалар жазған мәліметтерді, Әмір Темір салған кесенелерді айтпайды.
Тіпті қазіргі күні қазақ арасында ең кең тараған Ысмайыл ата ұрпақтары – Диуана қожалар да Тұрбаттағы бабалары туралы ауыз ашпайды.Сонда олар атағы алысқа кеткен бабалары Ысмайыл атаны білмейді ме, әлде мойындағысы келмейді ме?
Әулиелердің кесенелерінің жағдайына келсек, Ысмайыл ата тарихи-архитектуралық кешенінде үлкен мешіт болғандықтан қауымның бақылауында , қанағаттандырарлық жағдайда, адам үзілмейді, келіп кетушілер өте көп. Ал, заманның жақсылары мен жайсаңдары құрметтеп, кесене кешенін салған, хатқа түсірген, жазған еңбектері бізге жеткен тарихи тұлға Ысмайыл атаның ұлы Ысқақ қожаның кешенінен жалғыз кесене қалған. Аңыз, ертегілерді іздеп, жоқты бар қылып кесене салу үрдіске айналған бір заманда алты ғасырдан бері тұрған көненің көзіндей тарихи-архитектуралық кешендегі бұзылуға айналған нысандар сүріліп, ықшамдалып, мемлекет қарауында бола тұра қараусыз қалып, жетімнің күйін кешіп тұр.
Ауылдың ортасында болса да, қазіргі туризм дамыту саясатының басты талабы жол, жарық сияқты инфрақұрылымдардан мақұрым қалып отыр. Осы мәселені көтерудің орнына, еліміздегі Ысқақ қожаның ұрпақтары болып табылатын Диуана қожалардың оны танығысы келмей отырғаны пайғамбар ұрпақтарына сын емес пе?
Міне осындай сұрақтар, оқырман қауым бұл жөнінде не айтасыз?
Кәрім Аппазов