Сайт қожалар мұрасына қатысты болғанымен де оқырмандарға елдегі шежірешілердің зерттеулері де қызықты деген оймен, қазақ шежіресіне қатысты зерттеулерді де жариялауды мақұл көрдік. Бұл ақтаулық сәулеткер, жазушы Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫНЫҢ Махамбеттің ата-тегіне қатысты зерттеуі.
ТАҒДЫР: НӘДІР ШАХ және БЕРІШ ҚҰЛ МӘЛІ мен АДАЙ ҚҰЛ МӘТІ
Өмір – болашақ бір ұлы қолбасшыны, Нәдір Құл Бек Афшар деген атпен, 1688 жылы Хорасан өлкесінде Кубкан маңындағы Дастгирд деген ауылда, кедейлеу Иман Гули Хан шаңырағында өмірге әкеледі. Мешхед қаласының 110 шақырымдай солтүстік батысында жатқан сол ауыл әлі күнге Кубкан атын сақтап қалыпты.
Табиғат Нәдір Гули Бекке бәрін береді. Төрт бірдей әйелі болады. Қайрат пен талант, атақ пен байлық, бала мен немере, адам арманы жетпейтін тақ пен лауазым, бәрі оны елу тоғыз жасқа дейін іздеп тауып жатыпты.
Бұ кезде титықтап тұрғанымен бұрынғы замандарда ұлы ел болған Персия басқа елдер мәдениетіне зор ықпалын тигізіп еді.
Қыпшақ даласынан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби (870 – 950), Хорезмдік Әбу Райхан әл-Бируни (973 – 1048), Бұхарада туған Әбу Әли ибн Сина (980 – 1037) еңбектерін парсы тілінде жазылған болатын.
“Ақындардың атасы” атанған Ә.Рудакидің (860 – 941) жырлары, Ә.Фирдаусидің (940 – 1020) “Шахнамасы”, Омар Һайямның рубайлары, Мәуләуидің “Мәснәуиі” әлем әдебиетінің дамуына зор ықпал етті.
А.Ансари (1002 – 1088), Санаи (1048 – 1126) сынды ақындар сопылық поэзия жауһарларын өмірге әкелсе, Ф.Аттар (1141 – 1229 ж.ш.), Г.Низами (1141 – 1209), Ж.Руми (1207 – 1279), Сағди, Хафиз, Ә.Жәми (1414 – 1492) секілді ақындар ғажап поэзиялық туындыларды өмірге әкеліп жатты.
Бірақ тағдыр атты құдірет соншалықты сәулеті мен мәдениеті дамыған Иран елін тақ иелерінің құлқы мен рухани тірлігі аза бастаған кезде талам-таражға түсіріп еді. Алып империяны Ауғаны бар, Түркілері бар, Ресейі бар жан-жақтан жұлқылап жатты. Сол кезде Иран тұралады. Оны қайта жаңғырту үшін Жаратушы құдірет күш берген, тайсалмай алға басатын бір тұлға керек еді. Тұлға табылды.
Тағдыр таңдауы Нәдір Гули Бек атты бір түрікпенге түсті.
Нәдір кедей отбасында өмірге келіп еді. Әкесі ерте қайтыс болады да шешесін Афшарлардың билеушісі Баба Али Бек алады. Осы сәттен бастап жас жігіттің жұлдызы жана бастайды.
Нәдірдің іскерлігі мен ақылын байқаған өгей әке оны өзінің үлкен қызына, сосын кіші қызы Геһар Шадқа үйлендіреді.
Нәдір Гулидің ұйымдастырушылық талантын таныған Баба Али оны өзінің гвардиясына басшы етеді.
1723 жылы қайтыс болған Абиварда билеушісіне мұрагер болуға өгей бала болғандықтын құқы болмайды да Нәдір Абивардадан кетіп Мешхед билеушісі Мелим Махмуд қарауына өтеді. Бұл кезде Нәдәрдің қарауында біраз сарбаздары болады. Сол кезде Персия елінде болып жатқан көтерілістерді басу соғыстарында Мелим Махмуд қарауына өткен кезде Нәдірдің қарауында біраз сарбаздары болады. Сол кезде Персия елінде болып жатқан көтерілістерді басу соғыстарында Мелим Махмуд қарауында болған Нәдірдің соғыс жүргізу өнері ерекше бағаланып, оны зор абырой- атаққа ие етеді. Бірақ «шайтанның сыбырлауымен» Мелим Махмуд екеуінің арасына сызат түседі де Нәдірдің біраз жақтастары қарсылас жағына өтіп кетеді. Оған адалдық танытқан ауған тайпалары, әсіресе қазақтар: орта жүздің Аққойлылары мен Қарақойлылары, Жалайыр руының 400-ге жуық шаңырағы, біраз түркі жасақтары Нәдір жағында қалады. Нәдір енді Мелим Махмудтың жауы Тахмасптар жағына өтеді.
Осылай аума-ғайым заман ақыры жай шаруа түрікпеннің Афшар руының баласы Надір Гули Бекті 1726 жылы парсы әскерлерінің бас қолбасшысы, 1736 жылы Персия елінің Нәдір Шағы етеді.
Нәдір Гули төрт әйел алады. Алғашқы екі әйелі өзінің өгей әкесі Абиверда билеушісі Баба Али Бек қыздары. Нәдір Шахтың барлық 15 ұл немерелері осы әйелінің балаларынан. Үшінші әйелінен ұл бала болмаған.
Нәдір Шах ұлдары:
Бәйбішесінен – Рза Гули;
Екінші әйелі Геһар Шадтан – Насруллах, Иман Гули.
Өзі Шах дәрежесіне жеткен кезде ол Персия шахтарының әулеті Султан Хусейн қызы Разия Бегимді алады. Одан ұл балалы болмаған.
Төртінші әйелі Бұхара ханы Әбілфейз қызы одан:
Шыңғыс хан, Мұхаммед Аллах Хан.
Осылайша ол елу тоғыз жасқа жетеді. Барлық атақ пен мансаптың асқар шыңына жеткен оны басқа қасірет тағдыры күтіп жатыр еді. Елу тоғыз жасында ол басы мен тағын жоғалтады. Оның қырсығы балалары мен немерелеріне тиеді. Кеше ғана бар әлем қабағына қарап отырған Нәдір Шах аты өшірілуге айналады. Одан өнген еркек кіндікті ұрпақты түгел жойып жібереді. Бірақ бұл шаруаға тағы да тағдыр араласып, Нәдір жанашырларының бірі оның екі немересін құтқарып қалады.
Тағдыр осылайша Нәдір Гули Бекті Нәдір Шах етіп заңғар көкке аспандата шарықтатып барып, жерге тастап жіберіп еді. Бірақ тағдыр оны өмір бойы талтаңдатып қоймады. Енді оны өзінің ақылы емес менмені билеп, бәріне астамшылық пиғылмен қарай бастаған шақта оған тағдыр теріс айналды. Өзі туғызды, өзі өшірді…
Нәдір Гулидің адуын күші мен талабы, өнері мен тілі мәңгілікке жойылып кетесін дегендей бұл жолы тағдыр жоғалған екі немересінің бірінен адамзаттың ардақты ұлдарының бірі, Махамбет Өтемісұлы, 1803 жылы Қазақтың Ұлы даласының батыс шетіндегі Қараой деген жерде өмірге келеді.
Ана тіліміздің бар құдіретін қасиетті кеседен таусып ішкендей нәрлі де адуынды, аузынан шыққан әр сөзі зергердің мінсіз жұмысындай сырлы да қырлы, теңеулері қас мергеннің атқан оғындай діттеген жеріне барып дәл қадалатын, әр шумағы ата-бабаның бір ғасырлық ғұмырындай тарих жүгін арқалайтын – Махамбет ақын жырлары бәріміздің де жанымызды талай ширықтырған шығар, қанымызды талай қыздарған болар.
Халқымыздың тағдыры қиын тағдыр қатарына жатады.
Замандары көндірген, басқа түскен тағдырға амалсыз бағынған бабаларымыз сұлулық пен өнер серкелерін еркелетуге, ақын ұлдары мен батыр ұландарын алғыс құрметінің ақ кілеміне отырғызып аспандатуға, балпаң байлары мен сұңғыла билеріне халық махаббатынан тақ соғып беріп отырғызуға мүмкіндігі аз болды.
Олар ышқына дем тартып, шыңғыра мұң шағып өмір сүргендей еді. Мына рахат заманда халқыңның өткен ғұмырына жаның ашиды. Талай рет жойылып кете жаздап, қайта-қайта соққан қара дауылдан үзілмей аман қалған, бір тамырымен қара жерден нәр тартып қайта көктейтін өзінің Ұлы даласының қара жусанындай қайта көктеп, қайта гүлдеп жатыпты біздің қазақтар.
Сақ болып бірігіп, Қағанат атты ел болып қайта жаңғырып,түрлі Ордалар төрінде отырып, Моғолстан болып бірігіп, Ноғай Орда болып ортақтасып, Қазақ хандығы болып шаңырақ көтеріп, әттең оны қорғай алмай, «күресерге дәрмен жоқ, іш қазандай қайнайды» кейпінде бодан болып, ақырында міне енді Тәуелсіз мәңгілік Қазақ Елі атанды. Өйткені олардың қайран Еділін жоқтауы, Стамболдан Азауын кем көрмеуі, талайдың тізесін бүктіріп, басын идіруі секілді арманы мен мақтанышы қазақ халқының рухани күшін ұдайы ұстап тұрды, жүректерінен мәңгі орын тапты. Ақыры Тәулсіздікке қол жетті. Бұлардың бәрі қанағатқа қарын тойғызар қарттарымыз бен ереуіл атқа ер салар азаматтарымыздың арқасы еді.
Олар халқын асықпаған арбаға мінгізіп ақыры жететін жеріне жеткізді.
Бұл әрине, біріншіден бір кездегі ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған Қабанбай мен Бөгенбайлар, Наурызбай мен Райымбектер, Исатай мен Махамбеттер, Иса менен Досандар еңбегінің босына кетпегені болса, екіншіден кеше ғана Алаш туын көтергендер мен міне бүгін Тәуелсіздік туын көтерген ерлеріміздің еңбегінің нәтижесі.
Мақтануға тұрарлық халқымыздың қасиеттері де, ерлері де мол ғой.
Жастай халық жырларын, ауыз әдебиетін сүйіп өскендіктен болар, мүмкін Кеңес заманы Махамбет жырларына кісен салмағандығынан болар, әйтеуір біз Махамбет Өтемісұлын өте сүйіп оқитынбыз, болмысымызға жақын тартатынбыз.
Тәуелсіздік сан түрлі бостандығын ала келген кезде біраз адамдар бұрын айта алмаған талай сырларын аша бастады. Өз тегіндегі атақты бабалар атымен мақтану басталды. Бірінің бабасы батыр болса бірінің әкесі бай екен. Бірі бидің ұрпағы болса, бірі әулиенің ұрпағы екен. Рас шығар, Қызғанатын ештеңе жоқ. Тарихи деректер қай түрде шығып жатса да қазақ халқының тарихын өз ақиқатына жақындата түспек.
Аспаннан түскен тек Адам Ата ғана.
Қазақ халқы да, Қазақ Елі де аспаннан түскен жоқ. Басқа елдермен араласа жүріп сақ та болып та көрді, оғыз да болып көрді. Бірде қыпшақ болып біріксе, бірде ноғайлық болып жыр жырлады. Еділінен айрылып қалып қан жыласа, Египетті билеп көрді. Бір ұлы Шыңғыс ханның оң қолы болып қытай елін біріктіріп ұлылық дәрежесіне жетсе, өздері құлдыққа түсіп таланып жатты.
Баста ерік жоқ, сөз бен уәдеде қасиет жоқ, қазақ болмысына жат заман жақындап келе жатты. Махамбет ақын, Махамбет батыр өмірі осындай кезеңге тап болып, Еділге ел қондырсам деп армандап, Қиғаш үшін қандасып, Жайық үшін жандасып өмірін өткізді.
Еліміз 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдық тойын тойлады. Махамбет туралы жаңа деректер жарыққа шыға бастады. Солардың ішінде басты оқиғалардың бірі Әбіш Кекілбайұлының «Шандоз» атты, зерттеу, зерделеу еңбегі болды деп есептейміз.
Әбекең естігенін ұмытпайтын, оқығанын есте ұстайтын, көргенінен жаңылмайтын ерекше дарын иесі еді. Ол оқушы кезінде біздің әкемізді көрген, талай әңгімелескен, біздің әулеттің бұрынғы тарихынан хабары мол болатын. Сондықтан да болар «Шандоздан» біз бабаларымыз бен әкелеріміздің талай ғасыр бір-біріне жалғап келген аңызы мен деректерін кездестірдік. Махамбеттің өкінішке толы жырларын біз енді Әбекең түсінігімен астарына үңіле, түсіне оқи бастадық.
Бізді ерекше таңдандырған нәрсе – Әбекең біздің әулет басы «Мәті мен Махамбет әулетінің басы Мәлі тумалас адамдар болар» деген батыл болжам жасауы болды. Ондай қорытынды жасауға оның дәлелдері нақты секілді. Бізге солай көрінді. Біздің әкелеріміз айтатын әңгімелер тура Құл Мәлі ұрпақтарының бастарында да бар екен. Сол аңызға жуық естеліктерді еске алсақ Беріш руында Құл Мәлі деген, ал Адай руында Құл Мәті деген екі әулет өмірлерін көйлекті бала болып бастап, бұ заманда екеуі екі рулы елге айналыпты. Олардың бабалары қазақтар арасында «көйлекті бала» атанады екен. Оларға кейде құл деген атақ та телінетін болыпты. Бірақ екеуі де өз замандастарынан озық, талабы мен ақылдарының арқасында зор абырой атаққа ие болып, өсіп өнеді. Бір емес төрт әйел алады. Екеуі де бай болады. Бұл біреулер айтатын «қолға түскен құл екен» дегенге, немесе тегі белгісіз «көйлекті бала» дәрежесіне сәйкес келе қоймайды. Оларды жалпы елге біреулер сырттай қамқорына алған адамдар секілді.
Құл Мәлі әулеті туралы Халел Досмұхамбетұлы, атақты Мәншук Маметованың әкесі Ахмет Маметұлы, Берқайыр Аманшин, Әнес Сарай секілді көрнекті тұлғалар өз естеліктерін қағаз бетіне түсірген екен.
Әбекең «Шандозда» олар деректерін келтіре отырып, Адайлар аулындағы Құл Мәті ұрпақтарының тура әлгі тұлғалар естеліктеріне ұқсастығын байқайды. Содан барып «осы Мәлі мен Мәті тумалас адамдар емес пе екен?» деген қорытындыға келеді…
Беріш Құлмәлі
Халел Досмұхамедұлының “Махамбет батыр” мақаласынан…
…Махамбет беріш руынан, Жайық арысынан. Махамбеттің атасы – Өтеміс, Өтемістің атасы – Құлмәлі. Бала күінде беріштер ішіне келген бұл баланы Беріш Тумаш деген адамның балалары еншілес қылып алады. Өзін-өзі қызылбастың Нәдірше деген патшасының тұқымымын дейді екен.
Құлмәлі деген бұ күнде Гурьев уезінде Тайсойған деген жерде бір бөлек ел. Құлмәлінің тұқымынан би де, шешен де, әулие де шықты деп қазақтар ұлықтайды…. (Исатай – Махамбет, Алматы 1991 жыл, 72 бет).
Беріш Құлмәлі ұрпақтары туралы деректердің көпшілігі Шыбынтай Байшілен ұрпағы, Дәгелбайұлы Жолдығали Мұхаджиев естеліктерінен алынды…
Құлмәлі атамыздың әкесі (ата басы) әуелі әскер қолбасшысы болып, содан кейін Иран мемлекетінің патшасы болып таққа отырған. 1740 жылы Үргеніш, Хиуа хандығын жаулап алған. Сол кездерде Жайық беріш руының жауынгер батырлары Бұхар шаһарының маңында жаугершілікте жүргенде, белгісіз жағдайда (күймеден) адасып қалған (бес) жасар баланы кездестіреді. Баладан есімің кім деп сұраса Мәлі деп жауап береді. Содан баланың үстіндегі киімінің астарын қараса Иран патшасы Нәдіршахтың баласы деген (мөр) жазу бар екен. Сол замандарда патшалар (жан-ұясына) арнайы белгі қойған. Сол баланы өздерімен бірге алып келіп Жайық Беріш атамыз тумашқа жағдайды баяндап береді. Жағдайдың мәнісін түсінген атамыз өзінің баласы Жаубасарға осы баланы бауырыңа басып бала қылып аласың деп батасын береді. Сондықтан Жаубасар атамыздан Өмірзақ, Құлмәлі ата болып таратамыз.
Сонымен Құлмәлі атамыз ержетіп, жанұялы болып өз алдына шаңырақ тігіп жеке отау болып бөлініп шығады. Атамыздың екі әйелі болады. Бірінші қазақ әжемізден Шыбынтай мен Өтеміс. Екінші қалмақ әжемізден Қобылабай және Айтбай (ол жастай қайтыс болады, ұрпақ жоқ).
Шыбынтайдан – Тілес, Тілеміс, Байтілен, Байден.
Өтемістен – Салық, Қожаахмет, Ыбырай, Бекмағамбет, Хапсан, Махамбет, Әліп, Сүлеймен, Смайыл, Досмайыл. Ел аузында айтылатын 11-ші бала әжеміздің біреуіне еріп келген бала. Өтеміс атамыз төрт әйелге үйленген делінеді.
Шыбынтай Тілестен – Ұса, Ықылыс, Иса, Есжан.
Тілемістен – Айса, Сүйінәлі, Дүйсенбі, Жәміл, Жақып.
Байтіленнен – Досалы, Досмұхамбет.
Өтеміс Салықтан – Сұлтанәлі.
Қожаахметтен – Муса, Мейірім, Әкім, Лұқпан.
Ыбырайдан – Сұлтануәіс, Жансұлтан.
Бекмағамбеттен – Мәнше, Шапақ.
Хасаннан – Әбіл.
Махамбеттен – Нұрсұлтан, Махмут.
Сүлейменнен, Смайылдан ұрпақ жоқ.
Досмайылдан – Арыстан, Есет, Дабыс.
Қобылабайдан – Әбіл, Мақұл, Ахмет.
Исатай-Махамбет ұлт-азаттық халық көтерілісінің сарбаздары
қатарында болыперлік көрсетіп күрескен жауынгерлер Шыбынтай ұрпағы – Тілеміс, Байтілеу, Қобылабай, Жәміл. Өтеміс ұрпақтары: Қожахмат, Смайыл, Сүлеймен, Махмут баласы Асаубай, Сәуірбек Оразұлы т.б. болған делінеді.
Шыбынтай мен Өтемісті патша тергеушілері көтерілісшілерге қолдау көрсетті, қаржылай көмек көрсетті деп және Смайылды жасырып қойды деп кінәлап екеуін Орынбор, Уфа абақтыларына қамауда ұстап тергеген. Сол кезде Шыбынтай 70 жаста екен.
Біз осы арада Құлмәлі жасын анықтауға тырысып көрелік. Құлмәлі баласы Шыбынтай 1840 жылдары түрмеге қамалып, өзін 70 жастамын десе, оның туған жылы 1770 жыл болғаны. Сонда оның әкесі Құлмәлә Нәдір Шах өлтірлген жылы 7 жаста десек, Шыбынтай әкесі Құлмәліден 23 жас кіші екен.
Демек Құлмәліні жобамен 1740 жылдары өмірге келді десек ақиқаттан онша аулақ кетпейміз (С.Н.).
Сонымен 1836 – 38 ж.ж. Исатай-Махамбет ұлт азаттық халық көтерілісі «Ақ-бұлақ» маңында жеңіліске ұшырап, сарбаздар таратылып Исатайдан айрылған Махамбет патша жендеттерімен ел билеген сұлтандардан бас сауғалап уақытша Хиуа хандығы мен Маңғыстау өңірінде халық арасында үгіт насихат жұмыстарын жүргізеді. Содан біраз уақыттан кейін «Қара» ойдан 150 шақырымдай теріскейдегі «Өлеңті» деген елді мекеннен ағайындар арасына үй-ішімен көшіп келеді. Бажасы Асаубай әзілдеп оны ана көлдің жағасына (қосыңды) тігіп орналастыр екеуміздің үйіміз көрініп тұратын болсын деп қонақасын беріп үйіне шығарып салады. Сол күні Махамбеттің үйінде інісі Хасан мен бозбала Бішімбай деген болады. Махамбет түнде түс көріп бір пәленің болатынын сезіп тәңертең көңілсіз күйде жүреді. Екі атының біреуін ерттетіп қояды. Сол мезгілде Ықылас Төлеев (Баймағамбет сұлтан жіберген) 15 аттылы кісілер келіп аттан аттан түсіп Махамбетпен сәлемдесіп «Әй Махамбет» Жәңірхан болса өлді. Біздің сенімен ашу-аразымыз жоқ. Татуласуға келдік дейді. Содан батыр қонақтарын төрге жайғастырып, әйелі шай қамына кіріседі. Махамбеттің қарулары керегенің басында ілулі тұрады. Батыр домбырасын алып күйлерін тарта бастайды. Сол мезетте төрде отырған кісілер Махамбетке жабылып тарпа бас салады. Батыр оларға күш бермей алыс-жұлыс басталып күркенің жабығы ашылып қалады. Махамбет жабылған адамдарды көтере орнынан көтеріле бергенде сыртта тұрған жендеттер батырдың басына қылыш сермейді. Махамбеттің басын денесінен бөліп алады. Сонда шабылған бас сүйек (екі-үш) домалап, еріндері жыбырлап, бет-әлпеті ыржиып дұшпандарын мұқатып, кекеткен кейпінде (аталарымыздың айтулары бойынша) жатады. Сол күні түнде «Ай тұтылған», делінеді. Осы оқиғадан соң үйіндегі Хасан мен Бітімбай екеуі осы маңда отырған Шыбынтайұлы Тілестің аулына хабар айтады. Батыр денесін жерлеген соң, бажасы Асаубай мен Қобылабай бастаған ағайындары Бекмағамбет сұлтанға барып: «Сіз Махамбетті өлтіріп өшіңізді алдыңыз. Енді бізге Махамбеттің бас сүйегін беріңіз», – дейді. Бірақ сұлтан бермейді.
Содан ағайындары Бекмағамбет сұлтанның малшылырының көмегімен Махамбет басын тауып алып, денесінің аяқ жағына жерлеген екен.
Махамбеттің кегін бажасы Асадбай мен туысы Қобылабай қайтарды делінеді. Баймағамбет аулынан Петербор қаласынан патша үкіметінің жарлығымен «генерал-майор» шенін алып ауылға оралып келе жатқанда Елек өзенінің Ақтөбе көліне құятын өткелінде күтіп жатып промшы (Прохор) деген орыспен келісіп өткелден өткенде сұлтанды күймесімен бірге Елек суына батырып жібереді.
Өтеміс пен Бекмағамбет атамыз старшина дәрежелі ұлықтық қызметтер атқарған.
Махамбеттің Махмут, Нұрсұлтан атты ұлдары және қыздары болған. Махмут соғыста қайтыс болады.
Құлмәлі балдары: Өтеміс пен Шыбынтай ұрпақтары жұптарын жазбай 70-үйлі Құлмәлі атанып көшіп-қонып, Мұғалжар таулы өңірлерін, Нарынқұм, Тайсойған құмы маңындағы (Сұркөл, Жарыпшыққан, Қақпақты көлдерін және Өлеңті, Қараой елді мекендерін мекен еткен.
Сондай-ақ Махамбет баласы Нұрсұлтанның шөбере-немерелері, жалпы Құлмәлі ұрпақтары 1930 жылы ата-баба мекендерін тастап басқа жақтарға көшіп кеткен. Нұрсұлтан ұрпақтары әкем Төгелбайдың айтуы бойынша Орынбор, Ақтөбе, Өзбекстан, Омбы облыстарында болуы мүмкін дейді. Ал Лепес (атын жаңылмасам) деген тумасында Махамбеттің қылышы сақтаулы екенін естуші едік.
Шыбынтай ұрпағы Мәденұлы Өтегеннің естелігі бойынша Махамбеттің Сауғабай деген немересі 1930 жылыТайсойған құмынан семьсымен көшіп Елецкі (Тұзтөбе) қаласының (селосына) қоныстанған. Содан Сауғабай сол ауданда, ауылдық советтің қызметкері болып жұмыс істеген. Сол жылдары Өтеген ағай Орал облыстық атқару комитетінде жұмыс жасап жүргенде 1947 жылы командыровкаға барғанда Сауғабаймен танысып әңгімелескен. Содан кейін де екеуі қатынасып тұрған. Бірақ та артынан іздеп барғанда басқа жаққа көшіп кеткенін ауылдастары айтады. Ал оның қай елді мекенге қоныс аударғанын ешкім білмейді. Сауғабайдың дене пішіні палуан денелі, ірі, қараторы, жүзі сұсты кісі болған делінеді.
Махамбеттің жанұясымен көшіп келіп соңғы қонған жері «Қараойдың» іргесіндегі көлдің жағасына жақын Малайсары бидің қыстауынан 200-300 метрдей жерде екен.
Махамбеттің екі әйелі болған: Ұлтуған, Типан.
Құлмәлі атамыздың жерленген орны Ақтөбе облысының маңындағы Өлеңті елді мекенінің қасындағы «Қособалы» қауымында дейді.
Махамбеттің бажасы Асаубаймен туысы Қобылабайдың зираты Малайсары бидің қауымында. Сондай-ақ Қобылабай (1846ж) Калмыково абақтысында қамауда болып бостандыққа туыстарының көмегімен қашып шығады.
Өтемістің Ыбырайұлынан Сұлтануәйіс деген атамыз қасиетті Хазрет атанған, Хиуадан діни ислам ілімін оқыған, мешіт ұстаған және көріпкел емшілік қасиеті болған.
Шыбынтайұлы Тілеміс ұрпағы Мәденұлы Кенжебай (Ұлы Отан соғысына 1940-45), Берлинге (Рейхстагққа) ту тіккеі үшін ерлік атаққа мақталған. Маршал Жуковтың естелік кітабында және совет жазушылар естеліктерінде ерекше мақталып жазылады. Соғыстан елге оралғасын Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде еңбек еткен.
(Беріш Құлмәлі Шыбынтай ұрпақтарының шежіресін Сайын Назарбекұлынан білуге болады)
Беріш Құлмәлі Өтеміс ұрпақтарының шежіресінде автордан алуға болады.
Беріш Құлмәлі Қобылабай ұрпақтарының шежіресі берілген, оны да толық тізімін автордан алуға болады
Соңын мына сілтемеден оқыңыздар: