Бір суреттің сыры

Әке мен баланың майдан жолы

Естеріңізде болса, Ұлы Отан соғысы кезінде әкесі мен баласы бір майданда шайқасқаны туралы  фильм болды. Бірінде грузин шаруасы Георгий Махарашвили баласын госпитальға іздеп келеді. Алайда баласы сауығып, қайтадан майданға аттанғанын  біледі. Содан кері қайтпай, қолына мылтық алып қан майданға түседі. Әскермен бірге Германияға да жетеді. Жау шебінде бірге соғысып, бір үйдің екі шетінде тұрып тек үндесудің сәті түседі. Сол шайқаста ауыр жараланған баласын қарт Махарашвили өз қолымен жерлейді. Екінші фильм Михаил Шолоховтың «Адам тағдыры» атты шығармасы негізінде түсірілген. Соғыс қаһарманы барлық бейнетті басынан кешіріп Германияға жетеді. Жеңісті күнде баласының қайтыс болғаны туралы хабар жетеді. Өкініштісі, әкелі-балалы  екеуі де бір жерде шайқасып жүргенінен хабарсыз екен.

Ал, біз әңгіме еткелі отырған,  әкелі-балалы екі солдаттың тағдыры мүлдем басқаша болды. Олардың дерегін астаналық Сарбиназ Әлібекова біздерге жеткізіп, майдангер  атасы мен әкесі туралы естелік-құжаттарымен бөліскен еді.

-Менің атам Әбдумажит Ахметов 1942 жылы 5 қазанда майданға шақырылады. «Қызыл жұлдыз орденді №216 минадан тазарту жеке отрядында  минер болып  соғысқан. Бас қолбасшы И.Сталиннің бұйрығымен Калинкович қаласын, Ковель қаласын, Висла, Одер өзендеріндегі неміс қорғанысын бұзып өтудегі ұрыстарға қатысқаны үшін Берлиннің оңтүстік-шығыс бағытындағы жауды жоюдағы ұрыстарға қатысқаны үшін алғыстар беріледі. 1945 жылы қыркүйекте  армия қатарынан босап, елге оралады.

Ал баласы Махмуд Мәжитов  әкесінен кейін, бір айдан соң 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттанады. 1945 жылдың желтоқсанына дейін Қызыл Армия қатарында байланысшы болып соғысыпты.

Атам мен әкемнің майдан жолдары тоғысып отырған және бір шайқастағы ерліктері үшін бір бұйрықпен марапатталған. Мысалы, әкемнің Калинокович қаласын азат еткені үшін Сталиннің алғысын атам да алған. Ордер өзені үшін шайқаста ерлігі мен Берлинді алғаны үшін де бір бұйрықпен әкелі-балалы бірге мараптталады. Махмуд Мәжитовтың майдан жолдары – Бобруйск, Барановичи, Слоним қалалары үстімен өткен екен. Беларуссия, Польша шекарасындағы Нарев өзеніне де өтіп, Пленьск, Млава, Дзялбово, Старгард, Гнев, Гдансьск, Пазевельск, Штрасбург, Темперн, Штаральзунт, Гримен, Леммен, Мальхин, Варент, Визенбарг қалларын артқа тастайды. Балтық теңізіндегі ірі порттары мен әскери-теңіз базалары Росток пен Варнемюндені алғаны үшін, Варт қаласы, Шгральзуддерсорвассер қаласы мен Ригель аралдарын неміс басқыншыларынан азат еткені үшін марапаттары бар. Осыншама Еуропа қалаларын білмес пе едік, бірақ әкеміз, осы елді мекендерді жаяу басып жүріп өтіпті. Оның дәлелі артында қалған құжаттары, -деп Сарбиназ әңгімесін аяқтады.

Махмуд Мәжитовтың барлық құжаттарына мұқият болғанын бір себебі оның соғыстан кейінгі жылдары бас есепші болып қызмет атқаруымен де байланыстыруға болады. Соғыс жылдарының құжаттары осылайша  сақталып, тарихтың жәдігеріне айналып отыр.

-Әкем анам Шарапатпен бірге 10 бала тәрбиелеп өсірді. Алайда ғұмыры қысқа болып, 49 жасында дүниеден өтті. Бүгінде Атадан жалғыз болған әкеміздің 43 немере, 75 шөбере, 4 шөпшегі еліміздің әр түкпірінде жасап жатыр.

Қос жауынгердің майдан тарихы осындай. Егер олардың аталарының өткен жолына үңіліп көрсек, оның бастауында алыс араб еліне басталады.

Пайғамбарымыздың күйеу баласы Әзірет Әлиден тарайтын Диуана, Мәді қожадан ұрпақтары.  Қожжан қожаның бір баласы Заман болса, одан – Әлім, Әлімнен -Таңсық қожа болып жалғасады. Таңсық қожа батыр болған деп айтады. Одан Құлжан Қалпе, Сүлеймен ишан туады. Сүлеймен ишан бабамыз қажылыққа барған сапарында дүниеден өткен екен.

Үлкендердің айтуынша, сексеннен асқан шағында Сүлеймен бабамыз Меккеге үшінші рет сапар шегеді. Осы сапарында аталарының қасында қалам деп ниет етіп барады ғой. Парызын өтеп болып, қажылар таң ата  жолға шығамыз дегенде, Алладан белгі болса керек, қажы атамыз: «Мен бабаларымның қасында қалатынға құсаймын. Жұртыма айтыңдар, елге, Түркістанға көшсін» деп, сәлем айтып қоштасады.

Содан Арқада қалған әулеті Түркістан өңіріне көшіп келеді. Қожаларын қимастықпен шығарып салған Темеш арғындар, «қожалардан қол үзіп қалмайық, арамыз үзілмесін» деп үш қызын ертіп жібереді. Олар бойжеткенде ертіп жіберген келген қожаларына қосып, үбірлі-шүбірлі болады.

Арада көп жыл өткенде Арқадағы ағайындары қосып жіберген қыздардың бірі Жәми апамыздың бауырының ұрпағы Еркін жездемізге Махмуд Мәжитовтің қызы Сарбиназ тұрмысқа шығады. Екі әулеттің сүйек жаңғыртқан  дәстүрімен ағайындардың  арасы үзілмей келеді.

  Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button