Жарық нұрдың сәулесі

Саяқып бабаның құраны

Алла – Жаратушы Иең, Құран – қасиетті киең

Бисмилләһи рахмани рахим!

Бұл қасиетті дүниемен, әулие бабам Саяқып қожаның ұстап қолы тиген, өмірде тұтынған асыл затының бірі, тіпті бірегейімен танысуымның жайын айтсам төмендегідей. Мен қожалардың шежіресін жинап жүрген кезімде, дәлірек айтсам 2004 жылдың ақпан айының аяғында Аягөз қаласының 4-ші кварталында, 247-үйде тұратын Балуанов Қожамберді ақсақалдың үйіне бардым. Бұл кісінің руы-Сыбан, оның ішінде Салпы-Шектібай, балуан денелі, қабағы түксиген, түсі суықтау адам екен. Сәлемдесіп, жөн сұрастық, шежіре жинап жүрген жайымды, Саяқып баба туралы және оған қатысты білгендері болса, айтып беруін өтіндім. «Е, қожамын де, Саяқыптың тұқымымын де, онда бөтен емессің – нағашымның үлкені болдың» – деп шешіле бастады. Байқауымша, алдындағы түсінің салқындығы жібіп, жадырап әңгімесін айта бастады. Әуелі дыбыстап кемпірін шақырып: «Мына жігіт өзі жасы кіші болғанмен жолы үлкен нағашымыз екен, дастарханыңды дайындай бер» – дей келе ол кісіні таныстырып: «Бұл жеңгең – Сәруәр деген, руы-Бура, балалардың анасы» – деді. Содан сәл ыңғайланып отырып алып әңгімесін бастады.

Саяқып бабамызда біреулер 9 ұл, енді біреулер 11 ұл баласы болған деседі. Сол балаларының ең кенжесі Атахан екен. Осы нағашы атамыздан:

1.Үмінәй-үлкен қызы, одан Әділхан, одан Ыдырыс.

2.Айша-екінші қызы, бұдан Балуановтар әулеті мына біздер тараймыз.

3.Ұлхан-үшінші қызы, бұдан ұрпақ жоқ.

4.Әбіш-жалғыз ұл, бұдан да ұрпақ жоқ.

Осы төрт бала болыпты. Атахан мен Әбіштің зираты Ащысу бойында, Барақ төренің зиратымен бірге. Саяқып бабаның Көкқұраны алдымен  ең кенже ұлы Атаханда болыпты. Ол кісі о дүниелік болған соң оның жалғыз ұлы Әбіште қалыпты. Кейіннен Әбіш қайтыс болған кезде оның апайы, Атаханның екінші қызы Айшаға – біздің болашақ әжемізге ауысыпты.  Айша бойжеткен кезінде біздің атамыз Балуанға күйеуге шығады.

Міне, осылайша қожа Саяқып бабаның Көкқұраны біздің тұқымға ауысып келіпті.

Айша әжеміз – 1860-1933 жылдары өмір сүрген ал Балуан атамыз 1856-1931 жылдары бұл фәни дүниеде болған. Балуан ата мен Айша әжемізден: Қожамсейіт, Серікқожа, Серікмұхамет деген үш ұл туады. Айша әжеміз қайтыс болған 1933 жылдан кейін Көкқұран оның ұлы Серікқожада болады, одан оның інісі Серікмұхаметке ауысыпты. Серікмұхамбеттің әйелі – Сәулеханқызы Айтқайша тәте, руы тобықты – Наз, Шакер Әбенов ақынның немере қарындасы, шешесі Сыбан – Кенжеғұлдың ұлы Оспанның қызы Оңай деген. Осы Серікмұхамет пен Айтқайша жеңгейден: Нұрмұхамет, Айтмұхамбет, Серік, Дидар деген ұрпақтары бар. Қазіргі кезде Көкқұран Нұрмұхаметтің үйінде, Айтқайша жеңгеміздің қолында болуы керек» – деп Қожамберді ақсақал тыныстады.

Мұншама құнды мәліметтер алғаныма мен де қуанышқа бөлендім. Осы кезде ас үй жақтан Сәруар тәтенің: «Тамақ дайын» – деген хабары жетті. Бұдан әрі де әңгімеміз жараса отырып, тамақты жеп, риза көңілмен үйге қайттым.

Осыдан кейін енді бабамыздың Көкқұранын көру ойымнан шықпай мазам кетті. Оны көрудің осы жылы жаз айында сәті түсті.

Семей шаһарында тұратын бауырым Серікбаев Аділбай қожаға телефон шалып Көкқұран туралы әңгімемді айтып едім, ол бауырым ол құранды бұрын көргенін айтты. Мен: «Ендеше мені сонда апар» – деп өтініш айттым, ол сөзге келместен келісімін берді. Сонымен, мен жедел түрде Семейге барып, Аділбай бауырым екеуіміз ары қарай Озерка ауылына Нұрмұхаметтің үйіне барып ат басын тіредік. Үйінде Нұрмұхамет жоқ екен, есесіне ең керекті адамымыз Айтқайша шешей үйінде екен. Амандық-есендік сұрасқаннан соң бұйымтайымызды айттық. Айтқайша тәте өткен дүние Заман уақиғаларын есіне түсірді ме екен, сәл ойланып қалды. Біраздан кейін әңгімесін бастады: «Бұл қасиетті Көкқұран менің алдымда қайнағам Серікқожаның қолында болған еді. Осы қайнағам бұл дүниеден өтерінде «Осы келінім таза жүреді» – деп Көкқұранды маған аманат етіп тапсырды. Міне, сол жиырма жылдан астам уақыттан бері бұл құран менің қолымда. Біздің Балуановтар әулетіне Саяқып бабаның кенже ұлы Атаханның қызы Айшадан бері қарай бізге мұра боп келе жатыр. Қасиетінен айналайын! Балаларымның біреуінің үйінде немесе жақын бір туыстарымыздың отбасында біреу-міреу сырқаттанып қалса, болмаса бір жайсыз жағдайға кезіксе, Көкқұранымды алып Аллаһ пен Саяқып бабаның әруағына сиынып, сол үйге барып жатамын. Бірер күннен кейін әлгі үйдегі жайсыз жағдай дұрысталып кетеді» – деп Айтқайша тәте әңгімесін аяқтады. Содан орнынан тұрып төргі бөлмеге кіріп кетіп, ораулы бір нәрсені алып келді де, столдың үстіне қойды. Періште – нәрестені орағандай ұқыптылықпен ораған түйіншекті «бисмиллә» – деп шешті. Ішінен қызыл-қоңыр түсті, формасы папкаға ұқсас былғары қапқа салынған, бір көруді армандаған Көкқұран шықты. Өзі ішінен   Аллаһқа сиынып «Бисмиллә» деп столдың үстіндегі ақ матаның үстіне қойды. Біз де құранға жақындап көре бастадық. Әуелі Аллаһқа содан соң Саяқып бабамыздың аруағына сиына, тебірене отырып қасиетті Көкқұранға қол тигізіп, беттерін ақырын-ақырын ашып көрдік. Құранның қағаздары мейлінше сары тап болып сарғайған, беттерінің шеттері ыдырап, тозып, мүжілген. Кей парақтары шұрық-шұрық, ұсақ-ұсақ тесік. Әр аят біткеннен кейін жұлдызша белгілері басылған, құранның беттері үлбіреп, үгіліп тұр. Бұған әрине Құранның басынан өткерген екі-үш ғасыр уақыттың әсері болса керек. Айтқайша тәтенің түсінігі бойынша құранның шетінің мұжылуы және ұсақ тесіктердің пайда болуы себебі, Саяқып бабамыз оттың ортасында отырып құран аударғанда сексеуілдің шоқтары ыршып түскеннен шұрқ-шұрқ тесіктер пайда болған, ал шеттерінің мүжіліп түсуі отқа күйгендіктен болса керек. Неге бұлай болған себебін жоғарыда баяндадым.

Айтқайша тәте ары қарай әңгімесін жалғай түсті. Ұлы Отан соғысы аяқталатын жылы болса керек Аягөз ауданының Нарын кеңшарының Түсіпжан Қырықбаев деген азаматы келіп өлердегі сөзін айтып: «Әйелім 2-3 күн болды босана алмай қиналып өлермен болды. Амалсыз сіздерге келдім, көмектесіңдер» – деген соң бірер бетін қайнағам беріпті. Негізі, құранның аяттарын бөлшектемеу керек деседі. Бұл жайытты кейіннен білген қайнағам (Серікқожа) қатты  өкініп, көзіне жас алғанын сан мәрте көрдім. Мөлшері, Бабамыздың аруағы қысатын болуы керек. «Ол кісі өте қасиетті әулие адам ғой» – деп тәте сөзін аяқтады.

Келгендегі арман-мақсатымыз орындалып, бұл үйден қуанышты, риза көңілмен кері қайттық. «Бабамыз –Саяқып әулиенің топырағы торқа жаны жаннатта болсын, Аллаһтың рахматы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың шапағаты жаусын» – деп іштей дұға жасадық.

 

Бағдат Оралбайұлы

Бағдат Оралбайұлы, «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button