Құлболды ишан мен Тұрсынбай датқа
(«Құлболды ишан» кітабынан үзінді)
Құлболды ишан Сұлтанұлы Сыр өңіріне белгілі ислам діні ғұламаларының бірі. Ол Айқожа, Марал және Қосым ишандармен бірге әуелі Бұхара қаласындағы Мир-Араб медресесінде оқып, ондағы берілген түрлі білім салаларын жоғары деңгейде меңгерген соң, ұстаздары алғыр шәкірттеріне жоғары дәрежелі діни білім алуға ақыл-кеңес береді. Ауғанстан жеріндегі білім ордасына ұстаздары жазған ұсыныс хатты қоларына алған соң Сыр бойынан шыққан төрт жас білімдәр шәкірт Ауғанстандағы атақты ғұлама Ислам Шаихты іздеп барып, жоғары дәрежедегі діни ілім алады. Осы оқуды аяқтаған соң төрт ишан елге оралып, жергілікті жерлерде ислам діні ілімін таратып, руханият пен иман шапағатын шашады.
Құлболды ишан Қызылорда облысының қазіргі Амангелді ауылының маңындағы Қайырсуат жерінде жобамен 1785 жылы туып, 1860 жылдар шамасында қазіргі Қоғалыкөл ауылында қайтыс болған. «Хан ағашы» деген жерде Тұрсынбай датқаның көмегі және тікелей қамқорлығымен мешіт пен медресе салдырып, онда жоғары дәрежелі дін ғұламасы Сайыпназар мүссанниф шәкірт тәрбиелеген.
Қ. Сұлтанұлы Сырдың төменгі ағысындағы елге белгілі игі жақсылармен қарым-қатынаста болған. Солардың ішінде Тұрсынбай датқамен жақсы сыйластықта болып, діни істермен қатар шариғат жолымен ел арасындағы дау-шарларды тарқатып отыруға да атсалысқан.
Ишанның Әубәкір, Омар және Фазыл атты үш баласынан тараған ұрпақтары қазіргі күні Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ басқа да өңірлерде өмір сүруде. Олардың қатарынан көптеген ғалымдар мен елге белгілі азаматтар шыққан.
…Алагөбе таңда тұрып қос ишан дәрет алып, таң намазын оқуға қиямға тұрды. Артқы қатарда Әбубәкір мен атқосшысы. Айқожа ишан тәкбір айтып, имамдық етті. Намаздан соң, Айқожа құран сүрелерін оқыды, соңынан дұға жасап, барлығы жайнамаздарын жинады.
Азанғы астан соң, Құлболды ишан бастаған жолаушылар Айқожа ишанның отбасымен қоштасып, жолға шықты. Төрт күннен соң Тәшкент шаһарына ат басын тіреді. Қала ішінде доға айқасқан ырдуан атарба, өгізарба, есекарба дегендерің қайшыласып, жол бермейді. Ала шапандарының шалғайы делеңдеген жаяу еркектері мен паранжалы әйелдері ерсілі-қарсылы шұбырған арбалармен қапталдасып жорытады.
Керуен сарайға түскен Құлболды ишан көп аялдамастан шаһар бегінің сарайына келді. Сарай биік дуалмен қоршалған қамалдың ішінде екен, іргесі жағалай сірескен қалың күзет, беліне қылыш байлап, қолына найза ұстап қазағы, өзбегі аралас қаз-қатар тұр. Жағалап сарайдың алдына келіп ишан өз мүддағасын айтты. Саңылауы жоқ қалың қақпа ішінен күзет басшысының бірі шығып, Құлболдыдан жөн сұрады. Ишан бекке жолығу үшін Ақмешіт жерінен келгенінен хабардар қылды.
Басына ақ шалмалы сәлде орап, боз бешпет киген ұзын бойлы, шүңірек көзді, мұрынды келген ишанды жасақ бас- шысы қалың қабақтың астындағы аласы көп өткір көзімен бастан аяқ бір сүзіп өтіп, биік қақпаның есігінен ішке еніп кетті. Қақпа есігінің екі жағында екі аяқтарын алшайтып, қимылсыз тұрған қарулы күзетшілер де көз қиығын Құлболды ишанға салып қояды. Ишан қиямда тұрғандай басын сәл иіп, оң қо- лымен сол қолының қоспасын орай ұстап тұр. Осы тұрысын- да қысықтау екі көзін ашып тұр ма, жұмып тұр ма белгісіз. Іштей тағы бір дұға оқып, «Аллаһу акбар» деп бетін сипады. Сол жақ бүйірін таянып тағында маңыздана шалқайып отырған бектің алдына еңкеңдей кірген алаңкөз жасақ басшысы: «Ақмешіттен келген Құлболды деген шал қақпа алдында сіздің дәрегейіңізге келіп тұр» деді. Келіп тұрған Құлболды дегесін түнеугүні Тұрсынбай датқаның айтқан елден жинаған салыққа мешіт пен медресе салдырған ишан қала егесінің есіне түсті.
Өзі де, жанындағы даруғалары да зерігіп отыр еді.
- Ә-ә, бұл шалды бір сор айдап келген шығар, кірсін, –деді. – Біраз шыжғырып алып, Тұрсынбайдың жанына зынданға салайын, сөйтіп сазайын берейін өзінің.
Іштен келіп жасақ басшысы ишанға жүріңіз дегендей ишара жасады. Құлболды жасақ басшысына ілесіп қорған ішіне енді. Қорғанның кең ауласына түгелдей кірпіш төсеп тастапты. Ортада су ағып тұрған үлкен әсем хауыз. Жан-жағында сәндік үшін өсірген күлгін түсті айылқияқ, құтқашаш. Хауыз жанында қауырсындары құлпырған екі тауыс аяқтарын санап басып жүр. Құстың басы, мойны, кеудесінің біраз бөлігі көк, арқасы жасыл, бауыры қара патсайыдай құлпырады. Адамды сұрқай сұсы басып тұрған зәулім сарайға осы екі бейшара құс сәл де болса сән келтіріп тұрғандай. Өздері жас нәрестенің «іңгә» деп жылағанына ұқсайтын жағымсыз беяпар дыбыс шығарып қояды. Осы құстың өзі өте әдемі болғанымен салған үні бір жағымсыз. «Биік дуалдан әрі асып, еркін сайран құра алмаған соң бұл байғұстар да ішқұста болып осындай жылаңқы әуен шығарады-ау, шамасы. Адамды жазықты болған соң қамауда ұстар, ал мына бейкүнә құстарда не жазық бар екен?» деген ой келді осы арада ишанға.
Көп күттірмей сарайдың есігі ашылып, ішке Құлболды ишан енді. Манағы сыртта тұрғандағы қалпындай екі қолын алдына қаусырып, жайлап басып, төрге жақындай бере, «Аллһума иннә нәж-залукә фи нухуриһим уә нәъузу бикә мин шуруриһим» деп, дұшпан мен билік иесіне жолыққанда айтылатын дұғаны оқып жіберді. Сарай салтына сәйкес бекке басқалардай құлдық ұрған жоқ. Екеуінің жанарлары тоғысқан тұста кеудесін тік ұстап, басын сәл иіп сәлемдесу ишарасын жасады. Билеушінің алдына бес-алты қадам жетпей тоқтағаны сол еді, Раджаб бек тағынан лып етіп тұрып, еңкейе адымдай барып Құлболдының ұсынған қолын қосқолдап алып сәлемдесті. Екеуі алақандасып қалғанда сарай егесінің қолында діріл бар екені ишанға сезілді. Демі жиілеп, екі көзінің аласы ұлғайған. Қала бегі оң қолымен шапанының өңірін жиып, сол қолымен тағын нұсқап тұрып:
- Төрлеңіз, төрлеңіз – деп, ишанды қолтығынан демеп әкеліп, өзінің жанына отырғызды. Екі жағында отырған даруғалар да бектерінің мына қылығына таң қалып, астыртын бір-бірін назарлап қояды. Жаңа ғана «шыжғырамын», «қамаймын» деген сөзінің қайда қалғанын түсіне алмай отырған сыңайлары бар секілді.
Ишанның есіктен кіргені сол еді, бектің құлағына ысылдаған дыбыс шалынды. Тосын дыбыстың нақты қайдан шыққанын аңғара алмай сарай егесі жан-жағына құлақ түрді. Ысылдаған дыбыс қожа төрге жылжыған сайын үдей түсті. Қара шалға қайта қарап еді, көзіне алапат көрініс көрініп шаһар басшысы селк ете түсті. Құлболдының екі иығында білектей екі қарашұбар жылан бастарын қарыстай жоғары көтеріп алып, аузынан қап-қара айыр тілдерін қайта-қайта сумаңдатып ысқырып келеді екен. Екі көздерінен от шашып, желкесіндегі қабыршақтары тікірейіп бұған бар айбатын көрсетіп қояды. Келіп жеткен пәтте тап қазір улы зәрін бұған дарытып, сілесін тастай қатыратын секілді. Не өңі, не түсі екені белгісіз осы сәтте демі бітіп қалғандай болды, өне бойы тітіркеніп, мұздай тер маңдайдан лып ете түсті. Орнынан ұшып тұрып ишанға қарай бір-екі қадам басқаны сол еді, қос жылан қожаның қойнына еніп жоқ болды. Сонсоң емпеңдей басып барып ишанның қолын алған еді.
Оншақты елдің тілін білетін Құлболды ишан төрге жай- ғасқан соң өзбекше сөйлеп қоя берді.
- Тұрсынбай датқа елге еге, халқына жайлы, қамқоры бар, қорғаншылығы мол жайсаңымыз еді, жақпаса сіздерге жақпаған шығар, өз жұртына жағымды жанды жазаға тартыпсыз. Соның жағдайымен келіп едім, – деп, қала бегінің көзіне отты жанарын қадады. Тақ иесі қадалған көзге тіке қарай алмай жанарын алып қашты.
Бектің алдына келгендер тақ иесіне қаратып сөз сөйле- генде оған тіке қарамай, назарларын төмен салып сөйлейтін еді. Құлболды онымен терезесі тең адамдай тіке қарап сөз бастап отыр.
Демі жиілеп әлі өзі-өзіне келе алмай отырған бек қожаның әлгі сөзінен кейін:
– Хазірет, Тұрсынбай датқа менен де жоғары тұрған хан жарлығына қарамастан елден салық жинау тәртібін бұзып, мешіт-медресе салуға жұмсағаны үшін жазықты болды.
– Бұл пәни жалғанда пенденің оң немесе теріс жасаған амалдарын таразылайтын хан да, қала бегі де емес, оны Жаратқан ием өзі өлшеп-пішеді. Мұсылмандардың сауабы үшін Алланың жердегі үйін салдырған Тұрсынбайды сіздің жазалауыңыз жөнді іс емес. Алланың бұйрығынан бұрын пәрмен беріп, сіз Тәңірімізге кінәлі болмаңыз.
- Апырмай, Хазірет, менікі жөн болмаған екен. Ғапу етіңіз.
- Менің ғапу етуімді өтінбеңіз, кешірімді Алладан сұраға- ныңыз ләзім. Тұрсынбай датқаны босатыңыз, елге алып кетемін!
– Жарайды, жарайды, – деді. Бұдан басқа сөз аузына түспеген тақ иесі манағы қос жыланның ысылынан кейінгі үрейден әлі ес жия алмаған күйі.
Құлболды:
- Тұрсынбай датқа сізге біздің елде мешіт пен медресе салынғандығы жайлы ақиқатты жасырмай айтты ма? – деп бектің жүзіне қарады.
– Ия, Хазірет.
– Сіз ақиқатты жақтаймысыз?
– Әлбәтта.
- Алла тағаланың тоқсан тоғыз есімінің бірі – Хақ екені рас қой, солай ма?
– Солай, солай.
- «Хақ – мына мен, менің өзім» деген сөзі үшін тұтқынға алынып, түрмеге жабылған, ақыр соңында өртеліп, күлі Ефратқа шашылған осыдан жеті ғасыр бұрын өмір сүрген атақты сопы Әл-Халладж туралы хабарыңызда бар ма?
– Жоқ. Одан хабарым болмапты.
- Иә, хабарыңыздың болмауының да жөні бар шығар. Жаратушы Алла пендесіне шексіз билікті сынақ үшін береді. Ал адам сол шексіз биліктің буына семіріп, ақиқаттан біртіндеп ажырай бастайды. Хақ – Жаратушының өзі де, біз сол Құдіреті Күштінің әмірімен жаратылған пенде болсақ, онда біз сол Алла тағала дем беріп, жан салған хақтың бір бөлшегі бола тұра ақиқаттан аттамауымыз керек. Бұл дұрыс па?
– Әрине, әрине.
- Ендеше елден жиналған салықты бас пайдасына жаратпай елдің өзі үшін мешіт пен медресе салдырғаны турасында ақиқатты айтқан Тұрсынбайда жазық бар ма?
Құлболды ишанның сөздерінің сырты жайуат айтылса да астарында тіліңді байлап, қол-аяғыңды матап тастайтын құдірет бар екенін түсініп, тақ иесі сәл үнсіз қалды.
Сонан соң бағанағы жасақ басшысын шақыртып алып, Тұсынбай датқаны зынданнан босатып, Құлболды ишанға тапсыруға пәрмен берді. Оның бұл шалт қимылы қалайда мына ишаннан тезірек құтылудың әрекеті секілді. Қаһары қатты қала бегінің бүгін табан астынан бұлайша құбылуына даруғалар да түсіне алмай дал болып отыр.
Құлболды ишан шығып кетіп, абыр-сабыр басылған соң мұның мәнісін білмекке бекінген бас даруға:
– Алдияр, бұрын-соңды бұндайыңызды көрмеп едік, қайдағы бір диуана құзырыңызға келіп еді алдынан тұрып қарсы алып, қос қолдап сәлем беріп, қолтықтап әкеліп жаныңыздан орын бердіңіз және де хан алдында айыбы зор датқаны босатып қолына бердіңіз, осыған түсіне алмай отырмыз, – деді.
Етек-жеңін енді жинаған тақ иесі қаздай тізіліп айгөлектене отырған даруғаларға жағалата көз сүзе қарап:
– Сенедер өздерің ештеңе сезбегенсіңдер ме? – деді, сұраулы жүзбен.
– Жоқ, Алдияр, сезе алмадық, – деді, бас даруға, іле бас-қалары да:
– Секем алатында ештеңе байқамадық.
– Шалдан басқа ештеңені көріп-білмедік, – деп жамырасты.
Мыналардың ештеңе көрмегендері қалай деп, тағы да аң-таң болды, тақ иесі. Осылар шын айтып отыр ма дегендей қаз қатар тізілген даруғалардың жүздеріне сүдірте бірнеше рет көз жүгіртті. Кейіптері бағанағы шалдың иығындағы қос жыланды көрмегендерін байқатып тұр. Басын сәл еңкейтіп, Тәшкен бегі: «апырмай, шынымен менің көргенімді бұлар көрмеген бе?» деп таңырқанды. Құлболды ишанның қасиеті бар адам екенін енді ұғынғандай, ол:
- Ол өзі бойында қасиеті бар кісі екен. Есіктен кіріп келгенде от ұшқындаған екі көзі өңменімнен өтіп, тұла бойым тітіркеніп кетті. Бірден мені сұсы басты. Екі иығында білектей жуан екі қарашұбар жылан бойын тіктеп алып, ысқырып айбат шашып келеді, айыр тілдері ауыздарынан сынық сүйемдей шығып сумаң-сумаң етеді. Осыны көргенде орнымнан қалай тұрып барып, шалдың қолын қалай алғанымды білмей қалдым. Мен оған қарай үш-төрт қадам аттағанда екі жылан шалдың омырауына кіріп ғайып болды.
Бектерінің бұл айтқанына сенбеске даруғалардың лажы қалмады.
- Алдияр, сосын екен ғой шүйкедей шалдың қолына Тұр- сынбайды ұстатып жібергеніңіз, – деді бас даруға.
- Жаңа сен менің орнымда болғанда ол шалға Тұрсын- баймен қоса сұраса Тәшкентті де беріп жібергеніңді білмей қалар едің, – деп, көңіл күйі қалпына келе бастаған бек бас даруғаға көз алартып, ызғарлана қарады.
Әлгінде ғана мойнын созып, екі иығын кезек қомдап, басын кегжеңдетіп тұрған әлгі бас даруға өзінің ұшқары қойған сұрағына қожайынның ызғар шаша айтылған қорғасындай салмақты жауабын естіп, әп-сәтте еңсесі түсіп, басқалардың көз алдында мықшиып, жаншылып бара жатты.
***
Қамақтан босанған Тұрсынбаймен Құлболды ишан шұр- қыраса амандасып, ел-жұрттың амандық-саулығын сұрап, мәре-сәре болды. Бет-жүзіне назар салып еді датқа анша жүдей қоймапты. «Тұрсынбайдай ерің анау-мынауға жүнжи қоятын ба еді» деп, қожа ризалықпен іштей ойлап қойды. Көп аялдамастан Құлболды ишан Тұрсынбай датқаны пайтон арбаға жанына отырғызды да Ақмешіт қайдасың деп жүріп кетті.
Жолаушылар Тәшкенттен шыққандарына бір жұма дегенде Сырдарияның жағасындағы «Алтынбек аралындағы» датқалыққа ат-көлігі аман жетті. Мұндағы ел Тұрсынбай зынданнан шығады деп үміттеніп күтіп отыр екен. Датқамен аман қауышқан қуаныштары мүлде бөлек. Тұрсынбайлар мінген арба датқаның үлкен ақбоз киіз үйінің алдына келіп тоқтады. Арбадан түскен Тұсынбай датқа мен Құлболды ишанды қарсы алуға шыққан жиылған жұрт ағалары Арзығұл, Келдіғұл мен Сәйгелді бастаған ру үлкендеріне қақ жарылып жол берді. Түр-тұлғасы бұзылмаған күйі Келдіғұл маң-маң басып келіп, нар тұлғалы датқаны қапсыра бір құшақтап алды да:
– Аман-есен келдің бе, арысым? Қасиетті Пайғамбарымыздың ұрпағы Құлболды ишанның аруағы жебеп бір қатерден аман қалыпсың батырым… Жаратқан ием әмісе жолыңды оңғарсын! – деді де, датқаның қатарында тұрған ишанның алдына барып басын сәл иіп, қос қолдап сәлем берді.
- Аруағыңнан айналайын, қожеке, мен батырмын дейтін баһадүрлердің де жүрегі дауалай бермейтін от ішінен елдің егесін күйдірмей-жандырмай алып шыққаныңыз баршаға құтты болсын. Аллаға мың шүкір, елдің ағасы, жердің егесімен амандықта қауыштық! – деп, Келдіғұл артындағы қалың жұртқа қайырылып, – ал ағайын, бүгін ақ түйенің қарыны жарылған күн. Ақ жарылқап батырдың елмен қайта қауышқан күні. Қуаныштарың құтты болсын! – деп, қос қолымен сақалын сипады. Осы сәт оның көзінде жартастан сығылып шыққан сөлдей, екі тамшы жас тұрды
Кәрі-жасы аралас қалың топтың ортасынан «Аруақ! Аруақ!», «Ақсарбас! Ақсарбас!» деген дауыстар естіліп жатты. Кимешекті кейуаналар мен әйелдер жағы жаулықтарының ұштарымен көз жастарын сүртіп тұр. Сауыт-сайманды жасақтар найзаларын көкке шаншып, батыр басшыларына сонадайдан көз тігіп тұр. Олардың да екі езулері екі құлақтарында. Иесін көрген қырандай иықтарын қомдап-қомдап қояды.
- Ал, қожеке, үйге кірейік, – деп, Келдіғұл Құлболдыны қолтықтан алып, Тұрсынбайдың шаңырағына қарай бастады. Ауылдың игі жақсыларымен бірге Құлболды ишан төрге келіп жайғасқан соң, жігіттердің біреуі ақбоз атты жетектеп келіп, босағаға жақындады. Ат тұяғының дүбірін естіген Келдіғұл Тұрсынбайдың аман оралғанына арнап құрмалдыққа шалынатын ақбоз атты бата сұрауға алып келіп тұрғанын біліп:
– Қожеке, құрмалдықтың батасын беріңіз, Әмин – деді. Құлболды ишан жүгініп отырып қос алақанын жайып: «Жеті аспан мен олардың көлеңкесі түскен нәрселердің Раббысы, жеті жер мен олар үстіне көтерген нәрселердің Раббысы, әрі шайтандар мен олар адастырғандардың Раббысы, әрі желдер мен желдер ұшырған нәрселердің Раббысы – Аллам! Мен осы елді мекеннің қайырын және ондағы нәрселердің қайырын сұраймын. Сондай-ақ, осы елді мекеннің жамандығынан және ондағы нәрселердің жамандығынан пана сұрап, өзіңе сыйынамын. Бисмилләһи уаллаһу әкбару, Аллһума тәқаббәл мини, Амин Аллаһу акбар» деп бетін сипады.
Үй ішіндегілердің бәрі «Әмин, әмин» деп, батадан соң беттерін сипап жатыр.
Аздан соң дастархан жайылып, бауырсақ шашылып, құрт-ірмішік төгіліп, қымыз құйылды. «Бисмиллаһи аррахмани рахим» деп ишан дәмнен ауыз тиді.
Бір-екі аяқ сусын ішіліп, шөл басқан соң, Келдіғұл ишанға қарай мойын бұрып:
- Қожеке, Тұрсынбайдың өз жасағына үстеме болу үшін осы төңіректен бас көтерер, қару ұстар азаматтардан тағы да қол жинап, көрші датқалықтардан жасақ қосып, Қоқанның Тәшкен бегінің сарайын шауып, тұтқыннан Тұрсынбайды босату үшін тас-түйін болып ұжымдасып жатқанда Пайғамбарымыздың зұлпыхары атанған Әзіреті Әлінің ұрпағы аса қадірменді қожеке, өзіңіз арысымызды азат қылуға аттанғаныңыз турасында хабар алдық.
- Маған қарата «аса қадірменді қожеке» деп – бүгінгі қу- аныштың ығытымен айтқан боларсыз, Келдеке. Әлбәтта бұл жақсы сөз. Бірақ бұл сөз негізінде Жаратушымыз бен Пай- ғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу әлейһи уассаламға ғана жарастықты сөз болады.
– Солай ма еді, қуаныштың әсерінен айтылып қалса керек, ғапу етіңіз. – Содан сіздің Тәшкенге қарай суыт жол жүріп кеткеніңізді есітіп, бір түмен әскердің қаһарынан ишанымыздың дұғасы артық болмаса кем түспес деп, әліптің артын бағып жорыққа аттанудан тоқталып қалдық, қожеке.
- Әсілі, қан төгіс, жау екен деп кісі өлтіру әмісе құптала беретін әрекет емес. Алламыздың жаратқан адамы болсын, жан-жануары болсын ажалы Жаратушының құзыретінде. Кіріптар болып, қамақта жатқан Тұрсынбайды азат қылу үшін Қоқан әскерінің де өз жасақтарыңыздың да қанын төгу – артық іс болар еді. Хан да Алланың әмірімен таққа отырып, елге билік етеді. Ал сол билікті қалай жүргізуі – оның жүрегіндегі иман шырағына байланысты. Ол шырақ жарқырап сәуле шаша ма, әлде бықсып жана ма, көп нәрсе осы арқылы айқын болады. Сіздердің Қоқанға қарсы жорық бастамағандарыңыз дұрыс іс болған екен, – деп тоқтады Құлболды.
– Әрине, әрине деп, Тұрсынбай датқа да бас шұлғыды. Құлболды сөзін одан әрі сабақтап:
- Тәшкен бегінің Тұрсынбайға жасаған бұл әрекеті Қоқан ханының бетіне жамылған пәрәнжісін сыпырып, боданындағы қазаққа не істегесі келетінін көрсетті. Бәлкім, олар Тұрсынбай датқаның ажалына жету арқылы басқа датқаларды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстағысы келген болар, немесе қазақты одан әрмен тұқыртып, тізеге басып ұстау әрекеті болар. Бүгін Тұрсынбай датқаға жасаған қысастығы, ертең Батырбек, Шоқай, Сапақ секілді датқаларға ұласса, арқатірек басшысынан айырылған ел іші қандай күйде болар еді? Ақыры қайыр болып, Тұрсекең еліне оралды. Күпті көңілімнің бұлты сейілді, бұл да Алланың пендесіне жасаған жақсылығы болар. Иншалла, Қоқан билігі алдағы уақытта бұл тақылеттес әрекетке бара қоймас, – деп тоқтады.
- Айтқаныңыз келсін, Хазірет, Алланың рахымы жаусын сізге, – деп, Келдіғұл, ишанға шын ризашылықпен қарады.
Құлболды ишан Тұрсынбайдың аулына бір күн аялдап, ертеңіне елге жүрмекке рұқсат сұрады. Арбаға дейін ишанды Келдіғұл мен датқа шығарып салып, Тұрсынбай қолтығынан демеп көлікке мінгізді. Жолаушылар қош айтысып жолға шықты.
«Құлболды ишан» кітабынан, ARNA-B баспасы, 2022 жыл.
Шағыров Қабдеш
Шағыров Қабдеш 1950 жылғы 1 қыркүйекте Қызылорда облысының Сырдария ауданынның Қоғалыкөл ауылында туған. Осындағы №44 орта мектепті бітірген.
1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, 1977 жылғы қыркүйекке дейін Сырдария ауданының Жамбыл атындағы кеншар орталығындағы №44 орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.
1977-2007 жылдар аралығында «Білім» қоғамы Сырдария аудандық басқармасының жауапты хатшысы, Сырдария ауданының Жамбыл атындағы кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы, Сырдария аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі және аудандық мәдениет үйінің директоры, Сырдария ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің, аудан әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің бас маманы, сыртқы саясат және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бас маманы, Қызылорда облыстық көші-қон және демография басқармасының жетекші маманы, Қызылорда қаласы әкімі аппараты сыртқы саясат және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бас маманы, «Отан» РСП Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Қызылорда облысының құрылыс басқармасының монитоинг, бақылау және есеп бөлімінің жетекші маманы қызметтерін атқарған.
2007-2015 жылдары Қызылорда облысының құрылыс басқармасының әкімшілік бөлімінің бас маманы, басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2015 жылғы 16 ақпаннан бастап зейнет демалысына шыққан. 2017-2019 жылдары Тасбөгет кенті әкімі аппаратының маманы болып қызмет атқарған.
2019-2020 жылдары облыстық «Кәсіпкер келбеті» газетінің редакциясында қызмет еткен.
2020 жылдың тамыз айынан бастап республикалық «Ардагер айнасы», облыстық «Сыр мектебі» және «Бал дәурен» газеттері редакциясында қызмет атқарады.
Оннан аса кітаптарды жинақтап Қызылорда мен Алматы қалаларындағы баспалардан шығарған.