Жарық нұрдың сәулесі

Жүсіпбек Арыстанұлы (1904-1993)

Ж. Арыстановтың түрмеде тартқан азабы

Жүсіпбек Арыстанұлы қазіргі Қызылорда облысының Сырдария (бұрынғы Тереңөзек) ауданындағы Қараөзек станциясында дүниеге келіп, тоқсанға қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озған. Танымал жазушы, публицист. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет және қоғам қайраткері.

Жүсіпбек Арыстановтың атасы Нұрман батыр Қоқан хандығының шапқыншыларына қарсы соғысып өткен, Сыр, Ақмешіт өңірінде аты шыққан тұлға. Оның лақап аты Шолақ батыр. Олай атануының себебі бір ауыр шайқас үстінде батырдың жауырынына жаудың найзасы қадалып, тұтқиылдан соққы жасаған қарсыласын өлтірмек болып кілт бұрылып шыға келгенінде, тереңінен кіріп кеткен қарудың ұшы сынып қалады да, соны ет қызуымен өз қолымен суырып тастаған екен. Сол ісі ел ішінде аңызға айналып, кейін әсірелене айтылатын әңгімеге болып кеткен. Жүсіпбек Арыстанұлы да атасы Нұрманға тартып бойшаң, сом денелі, мінезі салмақты, сөзі салиқалы болған азамат.

Қазақтың кең даласында туған Жүсіпбек Қазан төңкерісінен кейін, 1918-1920 жылдары орын алған ашаршылық салдарынан Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, одан соң Ташкент қаласындағы балалар үйіне ауысқан. Алайда, тағдыр тауқыметінен мойынсұнбай өзінің ерекше зейінділігінің, етжеңділігінің арқасында ілім жолына түсіп, алдымен Сырдария облысы кеңес-партия мектебін бітіріп, сосын Мәскеуге аттанып 1922 жылы сондағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқуын жалғастырып, 1925 жылы жоғары білімді маман болып шығады. Мәскеуде оқып жүргеннің өзінде Нәзір Төреқұловтың ұсынысы бойынша КСРО халықтары Орталық баспасының қазақ секциясындағы жұмыспен ұштастырып тәжірибе жинайды.

Ж. Арыстанов оқуын бітіріп өзінің отаны Түркістан өңіріне оралған соң Ташкент қаласында 1920 жылдан бастап шығып жатқан Түркістан Компартиясы ОК мен ТүркАКСР-ы ОАК-нің органы, Сұлтанбек Қожанов ұйымдастырған, кейін Нәзір Төреқұлов, С. Оспанов, И. Тоқтыбаевтар жетекшілік еткен, Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Хәлел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Б. Сүлеев, Т. Шонанов т.б. қазақ зиялыларының үлкен шоғыры араласқан, әйгілі «Ақ жол» газетіне қызметке тұрып, көп ұзамай редактордың орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы Жетісу губерния кеңес-партия мектебінің директоры қызметіне ауысып кетеді. 1927-1928 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінде (САГУ) оқытушы болып жұмыс істейді. 1933 жылы Қызыл профессура институтын бітіріп, 1935-1936 жылдары Қазақтың марксизм-ленинизм институтты директорының орынбасары және бас редактор қызметтерін атқарады. Кейін БК(б)П Қазақстан Өлкелік комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Қазақстан коммунисті» журналы редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы болып жұмыс істейді. 1934 жылы Қазақ ОАК мүшелігіне, 1937 жылы Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мүшелігіне және Орталық Комитетінің Бюро мүшелігіне кандидат болып сайланады.

1938 жылдың тамыз айында Жүсіпбек Арыстановтың, Қазақстанның басқа да жауапты қызметкерлерімен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшырап,  17 жылдан соң ақталып елге оралады.

Жүсіпбек Арыстанұлы әр жылдары «Қазақстан коммунисі» журналы редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) редактор болып қызмет атқарған. Ленин орденімен, басқа да түрлі медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жүсіпбек Арыстанұлы Арыстановтың қаламынан бірнеше қарымды туындылар шыққан. Олар «Жалынды жүрек» (повесть. Алматы, 1961 ж.), «Сұңқарда жерді мекендейді» (Документальды повесть. Алматы,1966 ж.), «Таң жұлдызы» (Документальды повесть. Алматы, 1968 ж.) «Естен кетпес есімдер» (Естеліктер, очерктер, публицистикалық мақалалар жинағы. Алматы, 1972 ж.), «Жер ұйығы – Жетісу» (Роман. Алматы, 1984 ж.).

Жазушының бұл шығармалардың ішінде туған халқының қамын жан-тәнімен жеген, бар-жоғы 23 жасында қыршын, қазақтың маңдайына сыймай кеткен біртуар азаматы, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаевтың жалынды өміріне арналған «Таң жұлдызы» документальды повесті екі қайтара 1979 және 1985 жылдары басылып шыққан.

Ж. АРЫСТАНОВТЫҢ ТҮРМЕДЕ КӨРГЕН ҚОРЛЫҚТАРЫ

«Мен, Арыстанов Жүсіпбек Арыстанұлы, бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, оның бюро мүшелігіне кандидат, Орталық Комитеттің басшы партия қызметкерлері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, Отан жауларының жауыздық арандатушылығының құрбанымын.

1938 жылы бірнеше партия совет қайреткерлерімен бірге тұтқындалдым. НКВД-ының ішкі түрмесінде екі жыл отырып, зорлық-зомбылықтың неше атасын бастан кешірдім. Нәтижесінде жан түршігерлік қылмыстық іс қозғалды. Содан кейінгі 16-17 жыл бойына түрмеде отырдым. Еңбекпен түзеу лагерінде болдым, жер аударылдым, маған жеккөрінішті «халық жауы» деген таңба басылды. Жоғары жаққа жіберген арыз-шағымдарыма ешкім құлақ аспады, оған жауап тек Берия әшкереленгеннен кейін ғана келе бастады.

…Мені түрмеге отырғызған – НКВД қызметкерлері Катков пен Оспанов. Тұтқындау кезінде олар соттың шешімінсіз кітапханамдағы құны кемінде 4-5 мың сом болатын сегіз жүз кітабымды тәркілеп тартып алды. Кейін ол қайтарылмады. Қайда кеткені белгісіз.

Менің «ісім» ұрып-соғу әдісімен заңсыз жүргізілді. Айталық, 1938 жылдың 11 тамызында тұтқындалысымен мені тұп-тура аға тергеуші Катковтың кабинетіне әкелді, ал ол болса маған ешқандай айыптау жасап, жауап алған жоқ, бірден ұрысып, боқтай бастады, айғайлады: «Арыстанов, сен фашиссің, сатқынсың, соны мойындап өтініш жаз, әйтпесе – атыласың!» деді.

Қоқан-лоқы мен қорлыққа шыдап бақтым, бірақ болмаған нәрсені мойындамадым. Сосын олар басқа әдіске көшті: тамыздың 11 мен 16-сы арасында маған дәм-су татырмады, демалыс бермей ұйықтатпады, қолымды төмен түсіріп, орындыққа тік отырғызып қойды. Тергеушілер Катков, Марков, Оспанов кезек-кезек күзетіп, ылғи айғайлап, жауап алмады, тек ұрсып: «сен фашиссің, ұлтшылсың, соны мойында» деумен болды.

Қол-аяғым, денем ісіп кетті, ұйқылы-ояу жағдайда орындықтан қисая бастасам, басымнан, бүйірімнен және ішімнен ұрып, «есімді жиғызады». Ес-түссіз құлап едім, үстіме суық су құйды, дәм татуға зауқым соқпады, солай болса да артқы тесіктен (через анальное отверствие) күштеп тамақ берді, сосын барып демалсын дегендей камераға әкелді. Онда қалай келгенімді білмеймін, бірақ шамасы бір-екі сағаттан кейін күзетшілердің бес тәулік ұйықтамағаныма қарамастан айғай-шумен тепкілеп оятқаны есімде. «Күндіз ұйықтауға болмайды» дейді. Жан-жағыма қарасам, жанымда бұрынырақ ұсталған ЦК аппаратында басшы партия қызметкерлері бөлім меңгерушісінің екінші орынбасары Д.И. Сидоров отыр. Мен сияқты әділдік іздеп, жалған жаланы мойындамағандықтан бұрынға совхоз наркомы Дүйсеновтің ешқандай сотсыз Катков пен Оспановтың қолынан мерт болғанын айтып, ол жылап жіберді.

Содан 17 ай бойы жеке камерада, оның ішінде біраз үзіліспен екі айдай карцерде отырдым. Катков үш рет армансыз ұрды, оның біріншісі Павловқа жауапқа барғаннан кейін. «Сен – Арыстанов, егер алдағы уақытта осылай қасарыса берсең, теріңді бірнеше мәрте сыпырамын» деді Павлов. Менің ісімді біраз уақыт жүргізген тергеуші Оспановтан да таяқты көп жедім. Жауап алу 12 сағатқа созылып, тәулігіне үш-төрт сағаттан артық ұйықтауға рұқсат бермейтін. Ұрып-соғудан, моральдық қорлықтан, ашу-ызадан жүйкем жұқарып, есімнен жаңылған кезім де болды. Үстіме мұздай суық су құйғандықтан ауырып, тұмауға шалдықтым, басыма, желкеме шиқан қаптап кетті. Менің осындай жай-күйімді пайдаланып, Катков пен Оспанов ақыры өздері ойдан шығарған қылмыс қағазға түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, қолдан жасалған құжат негізінде тоғыз адамға, оның ішінде маған іс қозғалып, бәріміз сотталып кете бардық…».

 (тың Қызылорда қаласынан 1955 жылдың 10 мау-сымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Брежневке жазған өтінішінен алынған үзінді).

Материал «Дуана» қожалар шежіре-кітабынан алынды

Метки

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Смотрите также

Закрыть
Кнопка вернуться наверх
Закрыть