Сыр-сұхбат

Мен рухани ұстаздарымның аманатын арқалап жүрмін

Заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген АЛАУХАНОВПЕН сұхбат

ҚР Жоғары Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің, ҚР Білім және ғылым министрлігі Қоғамдық кеңесі төралқасының мүшесі және Құқықтық-нормативтік актілерді қарайтын комиссияның төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген АЛАУХАНОВ көп жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде кафедра меңгерушісі және журналистика факультетінің деканы болған Есберген  Оразұлы заңгерлер мен журналистердің үлкен шоғырын тәрбиелеп шығарған тәжірибелі маман, сондықтан, ол Қазақстанда заңгер-журналист ретінде де белгілі. Бүгінде бұл азамат заң кеңесі тұрғысынан  көмек сұрап келген жандардың мұң-мұқтажын ескеріп, оларға әрдайым жеңілдіктермен заң көмегін ұсынады. Адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат ретінде  белсене қызмет атқарады.

Есберген Оразұлы, кез келген азаматтың тұлға деңгейіне көтерілуінде, белгілі  бір қағидаттарға негізделген көзқарастарының қалыптасуында отбасының рөлі айрықша болатыны белгілі. Отбасыңыздан алған тәлім-тәрбиеңіз өмір жолыңызға, сана көкжиегіңіздің кеңеюіне қаншалықты әсер етті?

– Менің әкем де, шешем де көп балалы отбасынан шыққан. Алайда,  қиын-қыстау кезеңде 10 бала дүниеге келген отбасынан жалғыз менің әкем ғана тірі қалыпты. Шешем де үлкен отбасынан шыққан. Солардың ішінен жалғыз шешем аман қалған екен. Сол уақытта аталарымыз соғысқа кетіп, отбасына сол күйі оралмаған. Осылайша, екі құдағи келісе отырып, сенде жалғыз ұл, менде жалғыз қыз деп, құда түсіп, бір-біріне берген екен. Мен дүниеге келгенде, әкем ауылдық кеңестің хатшысы еді. Сол кезде партияның басым, атеизмнің мықты болғаны соншалық, әкем туу туралы куәлікте тегін Алауханов деп жазудан қорқып, Алауов деп жазып жіберген екен. Кейіннен мен мұны қайта қалпына келтірдім, яғни, Алауханов болып атамыздың тарихи атына заңды түрде оралдым. Мен де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Бір әке, бір шешеден 8 ағайынды, 4 бала, 4 қызбыз.  Ал өзімнің 6 балам, 3 ұл, 3 қызым бар. Бәрі жоғары білімді, өздерінің салалары бойынша еңбек атқаруда. Олардың 5-і заңгер, 1 қызым – полиглот. 5 шет тілін жетік меңгерген, Сарбонна университетінің магистратурасын бітірген. Менің әке-шешем қалада тұрды. Олар – 40 жыл педагог болған адамдар. Бірақ, мен ауылдағы әжелерімнің қолында өстім,  тәрбиеме екі әжем орасан үлесін қосты. Екеуінің де арнайы білімі болмағанымен, көзі ашық, көкірегі ояу, аса дарынды адамдар еді. Мені өздерінің бауырына басып, 4-5 жасымнан бастап, аңыз-ертегілер айтатын. Маған сабағыңды оқы, бізге ертегі-аңыз оқып бер деп ақыл-кеңес айтып отыратын. Мен оларға бала көңілмен ертегі-аңыз оқып беріп жүрсем, олар мені сол арқылы оқуға машықтандыруды ойлаған екен. Сондықтан, маған әке-шешемнен де тәрбиені көп берген –  қос әжем.

– Кітапқа, әсіресе, әдеби кітаптарға деген қызығушылығыз сізді алғашында шығыстану мамандығына жетелеп, сол арманның жетегімен Ленинград университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсіпсіз. Бірақ, кейіннен заң факультетінде білім алу туралы шешім қабылдаған екенсіз. Басқа мамандық таңдауыңызға не түрткі болды?

– Мектеп қабырғасында жүрген кезде, ауылдағы кітапханадан шықпайтынмын. Кітап оқумен әуестендім, әсіресе, әдеби кітаптарды көп оқитынмын. Біртіндеп, орыс тілінде жазылған детективті шығармаларға ден қоя бастадым. Әсіресе, Кемел Тоқаевтың еңбектеріне деген қызығушылығым айрықша болатын. Детектив жанрында ол кісіден артық қалам тербейтін жан болмады десем, артық айтқандық болмас. Әрине, бұл жанрда жазатын мықты азаматтар болды. Бірақ,  ауқымды, көптомдық шығармалар жазған Кемел Тоқаев қана еді. Осылайша, мен аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде мақалалар жазып, өзімді шыңдап жүрдім. Сол кезде біртіндеп заңгер-журналист, шығыстанушы болсам деген ойлар келе бастады. Бұл – менің  бала кездегі, 15-16 жастағы арманым болатын. Кейін осы арман-қиял мені алға жетелеп, мектеп бітіргеннен кейін, Ленинградтағы Шығыстану факультетіне оқуға түскен едім. Бірақ, өмір болған соң, әртүрлі әділетсіздіктер, қиындықтар көз алдымыздан өтетіні белгілі. Сондықтан, мен заңгер болуым керек, осындай қан майданның ортасында өзім жүруім керек деп шешім қабылдадым. Ол кезде басқа факультетке тек әскерден келгендерді ғана еш кедергісіз қабылдайтын. Осылайша, мен екі жыл әскер қатарында болып, содан кейін  Тәшкент мемлекеттік университетіне заң мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін еңбек жолымды сот мәжілісінің хатшысы болып бастадым. Тергеуші болдым. Басқа да заң салаларында қатардағы заңгер болдым. Ішкі істер органдарының қызметкері болып жүргенде, 1 жылдық Саратов жоғары милиция мектебінде оқыдым.

 – «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Сіз жиырма жыл бедерінде Салық Зиманұлынан тағылым-тәрбие алдыңыз, бүгінде белгілі зимановтанушыға айналдыңыз. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының заң саласындағы тұңғыш академигінен  өмір жолыңызға бағдар болатындай қандай басты қағидаттарды үйрендіңіз? Атақты академик көзі тірісінде-ақ сіздің еңбектеріңізге өзінің жоғары бағасын берген екен…

– Салық Зиманов өте білімді және  қарапайым еді, бір сөзбен айтқанда, ерекше азамат болатын. Ол кісімен біз өте ұзақ әңгімелесетінбіз. Пікірлесетін тақырыбымыздың арқауы  – ғылым саласы. Ол кісі өзге дүниелерге, өмірдегі басқа бір қызықтарға уақытын жоғалтпайтын. Үнемі кітап оқып, жазып жүретін. Менің де осындай бағдар ұстануыма қатты ықпал жасады. Алғашқы танысқан жылдардан бастап, ғылым туралы көп әңгіме-дүкен құрып, өзі оларға түсініктеме беріп отыратын. Маған: «Міне, осыны сіз жазуыңыз керек» деп тапсырма беретін. Салық Зимановпен өткен әр сұхбаттан менің қаншама еңбегім жазылды. Ол кісінің айналасында тұрақтап шәкірт болу оңай емес еді, себебі талапшыл болатын. Ол кісінің жанында жүрген адам үнемі жазып, ізденіп жүруі керек. Ал бұл талап үдесінен шыға алмаған адамдар біртіндеп ол кісінің жанынан көрінбей кететін. Міне, академиктің осындай қасиеті бар еді. Кей уақыттарда жиі хабарлассаң, «жұмысың жоқ па, жазып жүрсің бе, жұмыспен айналыс» деп ақы-кеңесін айтып отыратын. Ал кей кезеңдерде: «әй, сендер өздерің жоқ болып кетесіңдер, мен сені пәлен күні қабылдаймын» деп әзілдеп өзі қоңырау соғып тұратын. Мен сол кісінің рухани жетекшілігімен,  қамқорлығымен, маған берген ғылыми бағдарының арқасында, оның көзі тірісінде-ақ Ресейдің Мәскеу, Ленинград қалаларында көп оқулығымды шығардым. Оларға: «Еңбектерімді менің рухани ұстазым Салық Зимановқа арнаймын» деп өз арнауымды жаздым. Осындай ұлы ұстаздың 95 жылдығына орай, 2016 жылы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ауқымды еске алу конференциясын ұйымдастырдық. Оған мен жетекші болдым. Үлкен жиынға Қазақстандағы белгілі қайраткерлер мен академиктер қатысты.

– Бір сөзіңізде: «Заңгерлерді дайындау барысында олардың ең бірінші оқитын кітабы криминология болуы керек»,-деген екенсіз. Сіздің еңбектеріңіздің негізгі арқауы – құқықтық қылмыс, криминология саласы. Қазір сіз Қазақстанның Халықаралық крминологиялық клубының президентісіз. Еліміздегі осы ғылым саласының қазіргі аяқ алысына қандай баға бересіз?

– Заң факультетінде, әрине, тек криминология  ғана емес, басқа да көптеген пән оқытылады. Бірақ, менің салам – қылмыстық құқық, қылмыстық істі жүргізу құқығы, криминология. Бұл сала бойынша 20-дан астам оқулық, монография жаздым. Менің 4-5 кітабым Ресейде жарық көрді. Кітаптарымды қазір Қазақстанның ғана емес, Ресейдің белді жоғары оқу орындары, мысалы, Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт Петербургтегі, Ярославльдегі, Краснодардағы, Саратовтағы көптеген жоғары оқу орындары негізге ала отырып, жастарды оқытуда. Яғни, менің еңбектерім олардың оқу бағдарламасына енген. Осы жоғары оқу орындарында дәріс беретін профессорлармен ұдайы байланыстамыз.  Арамызда  берік әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Ал криминология саласы – қылмыстық саясаттың ең негізгі бөлшегі. Қылмыстық саясатты іске асыру үшін криминологиялық ғылым, криминологиялық негіздер керек. Осы орайда, 5-10 жылға арналған мемлекеттік қылмыспен күрес бағдарламалары жасалады. Ал бұл бағдарлама бойынша заң жобасын дайындауға криминологтардың тікелей қатысы бар. Қылмыспен күрес жолдары, оларға бөлінетін қаражат мөлшері, оның орындаушылары белгіленеді. Криминология латын-грек тілінен аударылғанда, crimen-қылмыс, logos-ілім,  яғни, қылмыс туралы ілім дегенді білдіреді. Бұл ғылымды  ең алғаш итальян ғалымдары оқулық ретінде жазып, зерттеу жүргізген. Сол себепті, криминология ғылымы заң факультеттерінде міндетті түрде оқу процесіне енгізілген. Бірақ, жалпы, криминологиялық зерттеу, криминологиялық орталықтар, криминологиялық бағыттағы жұмыстар қазір елімізде кенжелеп қалған. Дамуы баяу. Бұл саладағы ғалымдардың саны да өте аз. Сол себепті, бұл салаға көбірек көңіл бөліп, оның рөлін көтеру қажет. Мысалы, қазір Ресейде криминология ғылымының статусын өте жоғары деңгейге көтеріп қойды. Біз де сондай дәрежеге жеткізуіміз керек. Мен бұл туралы отандық басылым беттерінде өте көп жаздым. Ресейдің баспасөзінде де материалдарым жарияланып тұрады. Бірақ, «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейді. Бұл мәселеге осы саланың мамандары жаппай жұмылуы қажет.

– Осы саладағы мықты ғалымдардың бірі – Елеген Қайыржанов туралы не айтасыз?

– Криминология саласын дамытушы Елеген Ізтілеуұлы Қайыржанов өте мықты азамат болды. Ол кісіні қатты сыйлап, қадірлейтінбіз. Маған рухани тұрғыда жетекшілік жасады. Талай жыл Ресейдің үлкен форумдарына бірге барып жүрдік. Ол кісінің көзі тірісінде мен республикадағы докторлық диссертацияны қорғау кеңесінің төрағасы болдым. Елеген Ізтілеуұлы кеңестің белсенді мүшесі еді. Сол кезде ұстазымыз: «Ұстаздан шәкірт озар» дейді, міне, менің шәкіртім үлкен докторлық кеңестің төрағасы болды», ерекше мақтанышпен айтатын. Мен сол кісінің тапсырмасымен терең философиялық монографиялар, қазақ тіліндегі алғашқы  қылмыстық құқық оқулықтарын жаздым. Соңғы 20 жылда ұлы ұстаздарымның арқасында Ресейдің белді ғалымдарымен таныстым. Сол байланыс әлі де жалғасып келеді. 2018 жылдың өзінде Ресейдің ірі мемлекеттік университеттерінің конференцияларына 7-8 рет қатыстым. Енді 12 желтоқсанда Мәскеуде өтетін үлкен ассоциацияның кеңесіне қатысамын. Бұл – менің биыл Ресей еліне жасаған 9-шы сапарым. Осының бәрінің бастауында менің осындай рухани ұстаздарым тұр. Олар көзі тірісінде ерекше жылылықпен: «Сен біздің орынбасарымызсың» деп көтермелеп сөйлейтін. Енді біз олардың ілімін жалғастырушылармыз. Орындарын басып, аманатын арқалап жүрміз.

 – Білуімізше, ТМД көлемінде криминология саласы бойынша конференциялар өтетін болса, Қазақстаннан сіз арнайы шақырылады екенсіз…

– Ондай конференцияларға барудағы мақсаттардың бірі – бізді ең біріншіден, өзге ел ғалымдарының мойындауы керек. Олардың ішінде әрине, Ресей де бізді ғалым ретінде мойындауы қажет. Ал олар бәрін бірдей мойындай бермейді. Біз солардың қатарына еркін ене білуіміз қажет. Бұл елдер сонда ғана өздерінің үлкен форумдарына, ғылыми жиындарына шақырып отырады. Мұндай жиындардың берері өте көп. Шындығын айту керек, 160 миллион халқы бар Ресей халқынан алатынымыз көп. Себебі, Қазақстанда халық саны да аз, сәйкесінше, ғалымдар саны да аз. Әр салада бірен-саран ғана ғалым бар. Әрине, жетекші ғалым болу деген оңай емес. Сондықтан, менің мойнымда үлкен жауапкершілік  бар. Бір саланың жетекші ғалымы атану, сол салада көп еңбектену  үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен өзімнің шетелден үйренген тәжірибемді қазақстандық ғалымдармен, шәкірттеріммен әрдайым бөлісіп отырамын. Ресейден бөлек, Бакуде, Сербияда, Хорватияда, Болгарияда да тәжірибе алмасу мақсатында жиі боламын. Жақында 2020 жылы Болгарияда, Сербияда өтетін заң саласындағы, қылмысты зерттеу жөніндегі үлкен халықаралық форумдарға шақырту алдым.

– Сіз заң ғылымдарының 20-дан астам кандидаты мен 5 докторын, сондай-ақ, құқықтың 10 РhD докторы мен магистрін дайындап шығарған екенсіз. Шәкірттеріңіз туралы не айтасыз?

–  Шәкірттердің барлығы оза шауып, бір орасан еңбек жасады деп айта алмағаныммен, олардың барлығы мемлекеттік университеттерде дәріс беріп жүр. Мәселен, Ербол Қаржаубаев деген шәкіртім – доктор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі болды. Бауыржан Сматлаев деген азамат – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы. Гүлдана Қуаналиева деген шәкіртім  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің профессоры. Ғылым кандидаттарына келсек, генералдар, ішкі істер минстрінің бірінші орынбасары ретінде қызмет атқаратын азаматтар менің жетекшілігіммен ғылыми  атақтарын қорғады. Айта берсем, ондай лауазымды тұлға көп. Бірақ, мені олардың ешқандай лауазымдары қызықтырмайды. Ғылымда бір ғана критерий бар. Егер, олар ғылымға айрықша қызығушылық, адалдық танытса, мен де өз білгеніммен бөлісуден еш аянбаймын.

 – Ресейдің белгілі ғалымы Ильгам Рагимовтың «Философия преступление и наказание» атты кітабын «Қылмыс пен жаза философиясы» деген атаумен қазақ тіліне аудардыңыз. Сізге автордың өзі ұсыныс тастады ма?

–  Мен бұл авторды 15-20 жылдың көлемінде білемін. 2014 жылы «Н. Плеваконың сот мәжілісіндегі таңдамалы сөздері» деген кітапты орыс тілінен қазақ тіліне 5000 тиражбен аударған едім. Артынша, осы еңбекті Мәскеудегі ұлттық кітапханаларға ұсындым. Соны ғалымдар байқап, көрген болуы керек. Бір күні маған Ильгам Рагимов: «Қазақстан халқын жақсы көремін. Сен менің досымсың, менің кітабымды аударатын аудармашы көп, бірақ, олар менің ойымды толық жеткізе алмауы мүмкін. Сол себепті сізге өтініш – сіз заңгер ғалымсыз әрі әдебиетті де өте жақсы білесіз. Сондықтан, кітабымды аударып бере аласыз ба?», –  деп өтініш жасады. Мен: Әуелі кітапты оқып шығайын, егер тақырыбы қызықтырса, еңбегіңізді зор махаббатпен аударамын», – дедім. Шыны айту керек, орыс тілінде жазылған кітапты үлкен қызығушылықпен оқыдым.  Мұндағы негізгі арқау – жаза тағайындау мәселелері. Автор осы жаза тағайындау мәселелеріне ғылыми тұжырым жасаған кезде,  Құранда былай айтылған, хадисте былай айтылған деп, Ислам дініндегі көп игі дүниені мысалға келтіреді. Кітап қызықты болғаннан кейін, мен оны аударуға келісімді бердім. Аудармаға 3 жылымды арнадым. Оңай болған жоқ. Өйткені, автордың ойын толық жеткізуің керек, оны ғылыми тұжырымға негіздеу қажет. Сондықтан, кітаптың әрбір тарауына айрықша  мән бердім. Толық аударғаннан кейін ол кісі: «Енді осы еңбектің тұсаукесерін жасасақ» деп ұсыныс айтты. Бұл кітаптың құнды болғаны, бағаланғаны соншалық, республиканың ең жоғары палатасы – Сенатта таныстырылымы өтті. Бұл да еңбегімнің бағалануы деп есептеймін. Жалпы, өз еңбектерін аударуыма ұсыныс тастайтын баақа да авторлар бар. Бірақ, қазір мен олардың бәрінен бас тартып отырмын. Себебі, менің өзімнің мемуар ретінде жазып жүрген естеліктерім, мақалаларым бар. Ал аударма – өте ауыр сала. Көп жылды алады. Уақытыңды ұрлайды. Мен жолма-жол аударма жасамаймын. Еңбектің мағынасы мен мазмұнын ашуға тырысамын. Автордың ойы менің ойыммен сәйкес келуі керек. Марқұм Қадыр Мырзаәлі «Ақындар көп. Аудармашы ақындар аз. Менің басқа ақындардан ерекшелігім, мен аудармашы ақынмын. Сондықтан, аудармашы ақыннан да жоғары тұрады» деген екен. Менің ұстаным да осындай.

– Осы күнге дейін 300-ден астам ғылыми еңбек, 25-тен  аса монография мен оқулық жаздыңыз. Еліміздегі білім және ғылым саласына көңіліңіз тола ма?

–  300-ден астам еңбек – менің әр жылдары басылым беттерінде жарияланған дүниелерім. Ал 20-дан аса монография, оқулықтарды кейінгі жылдары жаздым. Олардың дені қылмыстық құқық, криминология саласына арналған. Әрине, мен патриотпын. Қазақстанды жақсы көремін. Жұбан Молдағалиев жырлағандай, мен – қазақпын. Ұлтым, рухым – қазақ. Алайда, шындығын айту керек, Қазақстандағы ғылым саласына аса көңілім тола бермейді. Қазір Ғылым академиясын мемлекеттік статусынан айырып, қоғамдық негізге айналдырып жіберді. Біз осыны қайтадан мемлекеттік ұйым ретінде өткізе алмай жатырмыз. Ғылым керек дейді, ғылымды қолдаймыз, дейді. Бірақ, ғылым саласына деген қамқорлық әлі де ғалымдардың ойындағыдай жүзеге асырылып жатқан жоқ. Бұл менің ғана емес, көп ғалымның ойы. Әрине, ғылымды ілгерілету үшін жұмыстар атқарылуда. Бірақ, оған уақыт керек. – Сіз «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» халықаралық журналының бас редакторысыз… Мұндай журнал ашу қай кезде ойыңызға келді? – Мен ол кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі болып жүрдім. Ашығын айтқанда, әрбір ғалымның өз трибунасы болуы керек. Журналды шығару осындай ізгі ойдан туындады. Бұл басылым – менің, яғни ғалымның трибунасы. Біз журнал бетінде республикадағы жас ғалымдардың, магистрлер мен докторанттардың, белді ғалымдардың мақалаларын жариялап отырамыз. «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» халықаралық журналы  ғалымдардың басын қосушы, үйлестіруші, үнқатысушы алаң ретінде 10 жылдан астам уақыт бойы жарық көріп келеді. Әлемнің 72 мемлекетінің кітапханаларына журналдың электрондық нұсқалары жіберіледі.  Ағылшын, неміс, орыс, қазақ, қытай, араб тілдері секілді 8 тілде жарық көреді. Айына 1 рет шығады. Ресейдің, басқа да ТМД елдерінің белгілі ғалымдарының барлығы өз шәкірттерімен бірге, біздің  журналда ұдайы, тұрақты түрде автор ретінде қызмет жасайды. Бұл журналдың редакциялық алқасының құрамында дүниежүзінің белгілі ғалымдары бар. Сондай-ақ «Российский следователь», «Российский судья» деген журналдардың редакциялық алқасының мүшесімін. Бұл  журналдардың редакциялық алқасының мүшелігіне Ресей ғалымдары мені дос ретінде, ғалым ретінде қабылдаған болатын. Оларға да материалдар, рецензиялар жазамыз. Ауыр, шиеленіскен мақалаларды маған жіберіп отырады. Мен соларға пікір жазамын және отандық ғалымдардың мақалаларының осы басылымдарда жариялануына ықпал жасаймын.

– Кезінде елдегі  құқықтық журналистиканың прблемаларын теориялық жағынан пайымдау, ұғыну бойынша бастама көтерген азаматтардың бірісіз. Бір жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы болдыңыз. Қазіргі құқықтық журналистика туралы ой-пайымыңыз қандай?

– Құқықтық журналистика саласы өте төмен дәрежеде. Мен декан болған жылдары осы саланы тереңірек оқытайық деп ұсыныс айттым. Себебі, бізде журналистер мен заңгерлердің арасында кикілжіңді жағдайлар орын алып жатады. Журналистер алдын ала қорытынды жасап, сенсация қуып, мақалалар жариялап қояды. Ал біздің Конституциямызда  қылмыскерді тек қана соттың үкімі жарияланғаннан кейін ғана қылмыскер деп мойындауымыз керектігі жазылған. Сондықтан, мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасына Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында үлкен медиафорум өткізу туралы ұсыныспен шықтым. 2011 жылы өткен бұл жиынға Санкт-Петербург университетінің журналистика факультетінің кафедра меңгерушілері, Сергей Корконосенко, Галина Мельник сынды профессор-ғалымдарды шақырдық. Ресейдің белді криминолог-ғалымы Дмитрий Шестаковты қатыстырдық. Сол уақыттан кейін біртіндеп құқықтық журналистика саласына назар аударыла бастады. Солтүстік Қазақстанда былтыр «Құқықтық журналистика» деген кітап шығыпты. Қазір әр жерде құқықтық журналистика дами бастады. Оқу процесінде құқықтық журналистика деген циклдер ашылып жатыр, арнайы сағаттар бөлінуде. Міне, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен медиафорум құқықтық журналистика саласына осылайша әсер етті.

Сіз биыл қыркүйек айында Саратов мемлекеттік заң академиясында өткен конференцияға қатыстыңыз. Сол кезде алғашқы баяндаманы сіз жасаған  екен. Бұл да сіздің заңгер-ғалым ретінде мойындалуыңыз болар?

– Бұл конференцияға 6 мемлекеттен 175 азамат қатысты. Соның ішінде Қазақстан да бар. Ауқымды жиынға Ресейдің 37 өңірінен ғалымдар, 50 заң ғылымдарының докторы келді. Конференция барысында менің өз баяндамамды бірінші болып жасауыма мүмкіндіктің берілуін  Қазақстан ғалымдарына көрсетілген құрмет деп түсіндім. Бұл турасында мен мынаны айтар едім. Егер, біз, отандық ғалымдар ғылым саласындағы бәсекеге төтеп берсек,  көп ізденіп, ғылымға үлесімізді қоссақ, сол арқылы елімізде ғана емес, ТМД аумағында да мойындалсақ, өзге елдердің ғалымдары  да өз үнқатысу алаңдарының биік мінберлері мен төрлерін осылайша ұсына береді деп ойлаймын.

 – 2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Жоғары оқу орнының үздік педагогі-2010» номинациясын иеленген екенсіз. Сіздің ойыңызша, үздік педагогтің бет-бейнесі қандай болуы керек?

– Мен ол кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болдым әрі  сабақ беріп жүрдім. Үздік педагог  жан-жақты болуы керек. Ол тек аудиторияда дәріс беретін лектор болмауы керек. Алыс және жақын шетелдерде ғылыми жарияланымдары шығуы қажет. Оны лектор ретінде тек Қазақстан ғана емес, ТМД елдері де білуі керек. Оның профессор, оқытушы ретіндегі негізгі оқу құралдары, әдістемелері болуы қажет. «Үздік педагог» дегенде, оның  20 жыл дәріс берген еңбегі емес, жан-жақтылығы ескерілуі қажет деп есептеймін. Жалпы, педагогтер балалардың ынтасына, тәрбиесіне  айрықша ден қойғаны жөн. Ол үшін жастар кітапты көп оқып, белгілі авторларды идеал жасау керек. Бұл орайда, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзін назарға алу қажет деп есептеймін. Кез келген жас негізгі білімді Қазақстаннан алып, одан кейін өзінің көкжиегін кеңейту үшін шетелге аз уақытқа барып оқып келуге болады. Бұл жерде мен мынаны айтқым келеді, Кеңестік кезеңдегі білім жүйесі, оқу үрдісі, оқу тәрбиесі орасан болатын. Білім жүйесі тұрғысынан Америка, Еуропа елдерінен де асып кететін едік. Қазір осының барлығы бұрмаланып кетті. Сол кездегі кейбір құндылықтары жоғалтып алдық. Егер, сол кезеңдегі тәртіпті, білім жүйесіне қайта алып келсе, біз анағұрлым мықты болар едік.  Мысалы, ғылымға Болон жүйесі дегенді алып келді. Бұл ғылымды ыдыратудың бір тәсілі деп ойлаймын. Ол қоғамда дұрыс қабылданып жатқан жоқ. Ресей ғалымдары бұл турасындағы ойларын батыл айтып жатыр. Сонымен қатар, біз еліміздегі мектептерде балаларға патриоттық тәрбиені барынша көбірек беруіміз керек. Ол – үлкен мәселе. Бізде бала оқыту жүйесі бойынша үлкен әлеует бар. 28 жылдың ішінде нарықтық экономикаға көшеміз деп, көп нәрседен айырылып қалған едік. Бірақ, қазір қайта жаңғырту үдерісінде жүрміз, кезіндегі әдістемелерді білім жүйесіне қайта енгізіп жатырмыз. Бірақ, бәріне уақыт – төреші. Елімізде реформа өте көп. Мұны білім саласына да қатысты айтуға болады. Қазіргі Білім және ғылым министрі жас жігіт болғанымен, өте білікті маман. Талпынысы жақсы. Біз ҚР Білім және ғылым министрлігі Қоғамдық кеңесі аясында бірқатар мәселені бірге талқыладық. Қазір қоғам басшылық лауазымдарға кретивті жастар келгенін дұрыс көріп жатыр. Сондықтан, мұндай мықты мамандар алдағы уақытта жақсы қызмет атқарады деп ойлаймын. Бірақ, жалғыз адамның қолынан не келеді? Бұл орайда, біздің Қоғамдық кеңес министрдің үлкен кеңесші аппараты ретінде қолдау жасайтын болады. P.S.  Соңғы 20 жылда ұлы ұстаздарымның арқасында мен Ресейдің белді ғалымдарымен таныстым. Сол байланыс әлі де жалғасып келеді. 2018 жылдың өзінде Ресейдің ірі мемлекеттік университеттерінің конференцияларына 7-8 рет қатыстым. Енді 12 желтоқсанда Мәскеуде өтетін үлкен ассоциацияның кеңесіне қатысамын. Бұл – менің биыл Ресей еліне жасаған 9-шы сапарым.

***

Салық Зимановпен өткен әр сұхбаттан менің қаншама еңбегім жазылды. Ол кісінің айналасында тұрақтап шәкірт болу оңай емес еді, себебі талапшыл болатын. Ал бұл талап үдесінен шыға алмаған адамдар біртіндеп ол кісінің жанынан көрінбей кететін. Міне, академиктің осындай қасиеті бар-тұғын.                                 ***

Егер, біз, отандық ғалымдар көп ізденіп, ғылымға үлесімізді қоссақ, сол арқылы елімізде ғана емес, ТМД аумағында да, өзге мемлекеттерде де мойындалсақ, сол елдердің ғалымдары да бізге өз үнқатысу алаңдарының биік мінберлері мен төрлерін ұсынатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет! Ләйла Науан

https://bilimdinews.kz 

09.12.2019

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button