Бар еді бір қу түлкі жұртты құртқан,
Жейді екен тышқан аулап ескі жұрттан.
Бір жылы тышқан таппай арықтапты,
Кеткен соң тышқан ауып ескі жұрттан.
Түлкінің тышқан жемей мәні болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ қарны тоймас.
Бар болса қалған жемтік жеймін ғой деп,
Қасқыр мен іздеп келіп болды жолдас.
Қасқыр айтты тоясың маған ерсең,
Аш болмассың мені мен бірге жүрсең.
Мен өзім қарным тойса аунаушы едім,
Ойныма ашуланбай шыдай жүрсең.
Жатамын қарным ашта шабым жалап,
Сол кезде жақын келме жанасалап.
Қалжыңдап қарным тойса ашуланба,
Ойнаймын ыршып, шоршып тамашалап.
Қасқырдың түлкі көнді бұл сөзіне,
Шыдаймын деді әр қандай мінезіңе.
Өлтірме босқа жаншып ойнаймын деп,
Ашыққан соң келіп қалдым бір өзіңе.
Әр күні түлкі келсе малды шолып,
Қасқырда келіп жүрді жолды болып.
Екеуі әбден тойып алғанан соң,
Ойнайды әрі бері асыр салып.
Буындырып түлкіні қиқылдатып,
Ойнайды қасқыр тойса шиқылдатып.
Сірескен үсті басы қара қотыр,
Қуады қасқыр және тырқылдатып.
Ойлайды түлкі жатып бір күн үйде,
Қу қасқыр өсірмейді мына күйде
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені құрып кетсін қойды мүлде.
Ұстатпай запыс болып жүрсе қашып,
Кеттің бе уағдаңды дейді ұмытып.
Амалсыз тамақ үшін қайтып келіп,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мініп.
Ит қасқыр саған ермен өлсем дағы
Аштықтан назу бәле көрсем дағы.
Тәуекел өз бетіммен көрейін деп,
Басың жеп тамашаңды жүрсін-дағы.
Жер шалып түлкі шықты дөңге шауып,
Жем еткен бір жылқыны алды тауып.
Қараса қазған ұра, жер, қақпан тұр,
Қойыпты шөп,шырпы мен бетін жауып.
Қу түлкі мұны көріп қуанғаннан,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Тоюға екеуіде екі жақтан,
Алаңдап екі жақтан жүр жүгіріп.
Алданып қасқыр барып қақпан жақтан,
Абайсыз қалды бірден шетін басып.
Итіңді алаңғасар Құдай атып,
Түбіне терең ордың кетті батып.
Мен кеттім ойбай түлкі ор түбіне,
Құтқар деп айқайлайды ойбай салып.
Қу түлкі ор ауызын жағалайды,
Қасқырға қабақ шытып қарамайды.
Мықтысың ғой секіріп шығасың деп,
Масқаралап тағыда табалайды.
Қасқыр:
Уа достым, еттім тоба кеш жазамды,
Тарттым ғой айтпасаңда мен жазамды.
Ұрадан шығарып ал серт етейін,
Тойсамдағы алмауға мен мазаңды.
Түлкі:
Омағат ойнамасаң онан арман,
Тіршілік ойын түгел сеннен қалған.
Үстімде тойған сайын аунаушы едің,
Сен нағыз дұшпанымсың қараға алған.
Қасқырға енді түсті ақыр заман,
Тойы енді өлгенінде болды жаман.
Тоңқайып абайсызда түлкі отырса,
Құйрығы салбырапты орға таман.
Жұбанды қасқыр тіпті оны көріп,
Ұстады құйрығынан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне түсірді ақыр,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.
Бері қара дейді қасқыр түлкі шырақ,
Айта бер иманыңды жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Біле алмай өлеріңді қалдың бірақ.
Түлкі:
Бір сөзді қалжың қылып айтқан едім,
Опасыз сұм ниеттен қайтқан едім.
Шығарып ордан сізді алайын деп,
Бір ұзын тал қыдырып жатқан едім.
Түсірдің аңдаусызда мені де алып,
Өлдік қой екумізде орда қалып.
Тезірек неде болса қам қылайық,
Қақпаншы іремесін келіп қалып.
Қарайды қасқыр тігін екі көзін,
Айтады түлкі жырлап қылған ісін.
Сүзіліп ор үстіне қараңызшы,
Мен дағы көмек еттім құдай үшін.
Тігіліп ор үстіне қасқыр тұрды,
Өрмелеп төбесінде түлкі жүрді.
Қасқырдың төбесінен секіргенде,
Ернеуге түлкі аяғы тұра ілінді.
Қасқырды түлкі кетті тағы алдап,
Өз қолын қалды қасқыр өзі шайнап.
Түбінен тобылғының аңдып жүріп,
Ұстады бір бөдене түлкі жайнап.
Бөдене:
Уа түке! мені сірә не деп жейсің,
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Мен көрдім мына жақта семіз жемтік,
Дөң ассаң ісің алға өрмелесін.
Түлкі:
Мынаның Ей жарандар! қҚлығын көр,
Бастырмақ алдап мені бір талай жер.
Дегені болмай шықса жеймін түгел,
Далада балапаның көрсетіп бер.
Бөдене көрсетем деп өз ұясын,
Босатып кепілдікке алды басын.
Тезірек көзіңді жұм соңымнан ер,
Жемтікке қарық қыламын не қыласың.
Түлкіні сай өрлетіп келе жатып,
Бөдене бұрын кетті кезең асып.
Таялып сол кезеңге жеткенінде,
Бір тазы жетіп келді жалаң етіп.
Түлкіні тазы кетті қуып алып,
Ауызын әне салып, міне салып.
Адымын жүйрік тазың аштырсынба,
Ұстады желкесінен бір ақ салып.
Жарандар түлкі қайда, қасқыр қайда,
Адампаз арамзалық кімге пайда.
Аяғы қасқырда өліп, түлкі де өліп,
Бөдене қала берді сол бір сайда.
Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы қолжабасынан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы