БАЙ ПАНА ДА, КӨП – САЯ
Бай – жарлының панасы,
Көп – жалғыздың саясы,
Жоқ жарлының санасы.
Нар – түйенің жақсысы
Бауыры сүтті маясы.
Көлдің көркі қоғасы,
Дәулеттің көркі – тобасы.
Таусылмайды пасықтың,
Біреуге қазған ұрасы.
Жақын тұрар әркімнің,
Өзінің жуық ағасы.
Тайып кетсе ағайын,
Дұшпанның қанар табасы.
Харам пиғыл залымның,
Татуда болмас құдасы.
Құдай деген момынның,
Ауыздан кетпес тобасы.
Иманы бардың белгісі,
Тілінен тамар шырасы.
Мағлұм дүр Аллаға,
Пенденің қылған күнәсі.
Уаллаһу ағлам, Құдай біледі,
Осылай шығар расы.
НЕ КЕРЕК?
«Сен» демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге?
Атыңды берсең азбассың,
Епті туған ілкімге.
Мал – дүниенің жарығы,
Жаратып шырай көркіне.
Қызықпаңыз бес күнге,
Бұл дүние қалмас әркімге.
Ағаш көркі – жапырақ,
Адам көркі – шүберек,
Ақыретте жалған жоқ,
Таразысы басқа, бір бөлек.
Өліге де мал керек,
Тіріге де мал керек,
Өлмей тұрып тіріңде,
Мініп, киіп, ішіп-же.
Өлгеннен соң ешкімнің,
Соңынан малы ермейді.
Айдап барып малыңды,
Ғазап үшін бермейсің,
Алтын күміс абзалың
Өлгеннен соң не керек?
Өлмен малың – иманың,
Тіріде қамың жиғаның,
Аманатын алғанша,
Жалғанда бар ма қиғаның?
Аз тартайын десең күнәні –
Сахарамен тұрғаның.
Хақ дидарын көрерсің,
Ақырет қамын қылғаның.
Өлшеулі күнің жеткен соң,
Бұйрық дәмің біткен соң,
Төстіктей қазған бір жерге,
Қырыңнан кіріп сыйғаның.
Медресе, мешіт салдырып,
Муфтиге берсең балаңды,
Азан, тәкбір айттырып,
Мешітке қойсаң молдаңды,
Сираттың желі соққанда
Ораза, намаз панаң-ды.
Тірлікте есіңе ал
Өлгенде жанға пайданы,
Ұйқыдан кешіп көп жатпа,
Бір жаратқан Алланы.
Березе қаптал тон киіп,
Топта тұрып мақтанған,
Құдайдан қорыққан мұсылман
Күнәдан ерте сақтанған.
Әрбір айы пір болып,
Ақыретте болар пәк
Иманның ақыр жалғауы.
Жалғанда биттей пайда жоқ,
Адамды аз күн алдауы.
Жорға мініп теңселтіп,
Торғын тоның білсентіп,
Мамық төсек салдыртып,
Ыңырантып тұрғызып,
Дүрия көрпе жамылтып,
Дүниенің қалай алдауы
Мал бақтырар пайдаға.
Зекетсіз мал айдама
Қайыры жоқ ас сақтап,
Дәмді харам шайнама.
Құдіретке көніңіз,
Құдайменен ойнама.