Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Қазақтың жанайқайы, арман-мұңы

Қазақ поэзиясының ХІХ ғасырдағы, нақтылай айтқанда, әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын кезеңнің көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай Қанай­ұлы ақындық қуатын, дарынын шынайы пейілімен тек өз елінің бақыты үшін жұм­сады. Сондықтан да ол аузы дуалы, ақиық ақын ретінде үлкен құрметке ие.

Тар заманға килігіп, құты қашып, бодандықтың бұғауын киген халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, кесірлі кезеңнің, замана көшінің бет­алысынан туындаған ауыр зардаптар мен түрлі дертті өзгелерден бұрын жүрегімен сезініп, халқының жағында болып «от ауызымен, орақ тілімен» елді оянуға шақырды, елдіктің еңсесін түсірмеуге үндеді. Мұхтар Мағауиннің сөзіне жүгінсек, «Шортанбай! Ата қазақтың өткенін зар тұта жоқтаған, бүгінгі күннің барлық қайғы-қасіретін шынайы таңбалаған, болашақ заманының тұманды, күмәнді кеспір-кейпін нақты болжаған соқталы тұлға. Қазақ жұртының отарлық кіріптарлық замандағы ұлттық санасын айғақтаған ұлы жыршы. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын дің­гегінің бірі. Бұдан бес-алты ұрпақ бұрын айтқан сөздері бүгінгі ахуалымызбен үнде­сіп жатқан, сәуегей ақын».

Иә, біз Шортанбай Қанайұлы туралы Мұхтар Мағауиннен асырып айта алмаймыз. Десек те, ақынның зар заманда ел-жұр­ты үшін күйініп, күңіреніп, өкініштен өзегі өртене отырып айтқан жырларының кейбір тұстарына көз салып, ой жүгіртсек дейміз.

Ақын өзі өмір сүрген кезеңдегі халық тіршілігінің сұрықсыз сипатын көңіл көзі­мен көре отырып, отаршылдықтан, күш­тінің қоқан-лоқысынан азап шеккен, «малы талауда, жаны қамауда» қалған жұртының трагедиясын жан дүниесімен сезініп, осы жағдаяттарды жырына қоспай тұра алмаған. Мәселен, «Қай заман?» деген өлеңінде ақын былай дейді:

«Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі:

Жақсы жаннан түңілген,

Жаман малдан түңілген,

Мұның өзі – зар заман».

Бұл жолдар арқылы ақын халқының әділетсіздіктің торына шырмалып, күш­тінің алдында әрекетсіз күй кеше қам көңіл тіршілік етіп жатқанын, әпербақан, ұрда-жық билік пен оның атарман-шабармандарынан қорлық көрген, қандай да бір жақсылық күтуге хақысы жоқтай болған панасыз жұртқа айналғанын жеткізген.

«Заманақыр кезінде» атты өлеңіндегі мына жолдардан ақын елдікті сақтап қалу үшін ынтымақ пен бірліктің қаншалықты маңызды екенін өзінің тұжырымды ойларына өзек етіп алғанын ұғына түсесің.

«Азғанының белгісі,

Байдың тілін жарлы алмас,

Ханның тілін қара алмас,

Өлінің тілін тірі алмас,

Өздері ғақыл біле алмас.

Екі үлкен егесіп,

Қошқардай басын теңесіп,

Сүзісуге ұялмас.

Ел болуға сия алмас.

Өйткен соң жұрт оңалмас.

Оңалар заман дер едім –

Жауға алдырдың әуел бас», – дейді ақын.

Хандық билік жойылған, еркі өзінен кеткен, жақсылары мен жайсаңдарының мойнына жандарал заманның құрығы түскен, жаманы мен жасығы, бұзығы мен бұралқысы жатжұрттық, келімсек би­лік­тің қолшоқпарына айналған қазақ не­ден азып-тозды? Жауабы біреу: ел бір­лі­гінің болмағаны. Ал ынтымағы бұ­зыл­ған ел кім көрінгенге кіріптар, оны бас­қа біреу басқарады, айдағанына көн­діріп, айдауына жүргізеді. Бұдан бөлек бо­дан­дыққа тап болған елдің қоғамы қойырт­пақтанып, бар жақсылығы көмес­кі тар­тып, жасығы «жақсыға» айналады, адами қатынастар, ғасырлар бойы жинақталған, өзін өзі ақтаған өмір сүру дағдылары, құндылықтар, әдеп, салт, мәде­ниет бұзылады.

«…Күнәсі асқан бұл пенде,

Құдайдан әсте қорықпады.

Шешесіне болысып,

Ұлы шоқпар саптады.

Алжыған кәрі қақпас деп,

Келіні тұстан боқтады.

Қатыным қолы тоңар деп,

Қар жауғанда үй қақтың.

Балам адам болсын деп,

Ұйқыдан безіп мал бақтың.

Асыраймын деп баланы,

Желіп бір жортып аулақтың.

Балаң халал болмаса,

Азаматтар, жігіттер,

Пайдасы жоқ, шырақтың.

Харам туған баланың,

Бетінде жанған оты бар,

Белгісі бар дозақтың».

Міне, елдігінен, дербестігінен айырыл­ған, әділетсіздік жонын күжірейткен қо­ғамның Шортанбай сипаттаған түрі осы. Ақын қазағын дәл осындай қоғамда өмір сүруге қимайды, мұны қорлық көреді.

Өз заманының сықпытынан шошын­ған, халқының жарқын болашағын аңса­ған ақын өзінің көзі көрген асылдарды, тұлғаларды аңсайды. Қазақтың жоғын жоқтар азаматтардың елі үшін шейіт болғанын, көзі тірілерінің Алладан үміт еткеннен өзге амалы қалмай шарасыз күй кешіп отырғанын жазады.

«…Хан Кенедей ер қайда,

Шейіт боп кеткен тағдыры!?

Наурызбай төре ер еді,

Өн бойы өнер сері еді,

Кәпірмен сансыз шайқас сап,

Дәл ортада айқасып,

Бекерге өлем демеді.

Күркіреп солар тұрғанда

Қазақты жау жеңбеді.

Хан Кене кетті арадан,

Орысқа қазақ қараған.

Шұбыртпалы Ағыбай,

Тобықтыдан Құнанбай,

Байсейіт пен Жанғұтты,

Дүйсенбай мен Қоңыр жүр

Тілеп жәрдем Алладан.

Басқа амалы қалмаған,

Нысапсыз екен бұл кәпір,

Жеріңді алды, малды алды,

Пәлесі жоқ салмаған,

Қайысады қабырғаң

Көтере алмай салмағын», –

дейді Шортанбай ақын.

Өз елінің тағдырына алаңдап, жан күйген ақын уытты жырлары арқылы өз қазағымен бірге жасай береді. Шортанбай жырларының өзегінде сан ғасырлар бойы тәуелсіздігін аңсаған қазақтың жанайқайы, арман-мұңы жатыр. Оны келер ұрпақ сана көзімен көріп, ыстық жүрегімен ұғуға тиіс.

Жолдыбай Базар

 

https://egemen.kz/article/318367-qazaqtynh-dganayqayy-arman-munhy

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button