Майлықожа

Уа, замана

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Уа, замана, дауылсың,

Қыдыра көшкен ауылсың.

Тоқым салмай жайдақтап,

Әркім мінген жауырсың.

Уа, замана, бөрісің,

Кедейдің шықпас төрісің.

Ата-бала тартысқан,

Қызықты көкпар терісің.

Уа, замана, ешкісің,

Ертеңгі білмес кешкісін.

Кедейлердің өткіздің

Шегене айдап ешкісін.

Алымдарды өткіздің,

Қолынан алып тәспісін.

Уа, замана, сен бір – піл,

Айналып келмес өткен жыл.

Өлгеніңше өмір сүр,

Өлген соң бағаң тиын, пұл.

Уа, замана, жендетсің,

Жендеттікпен әлексің.

Опасы жоқ сұм дүние

Әркімнен сынған дәретсің.

 

Уа, замана, қырланған,

Аунаған жерің сырланған,

Не төбелер бос қалып,

Не ерлер келіп құрланған.

Басы бүрлі бәйтерек

Бұлтқа жетіп ырғалған.

Жеткен күні бір ажал,

Ара салып түбінен,

Жерменен жексен бір қылған.

Көрсең таңның атарын,

Білесің күннің батарын,

Кейінгі жұртқа меймансың,

Кеткен соң құрбы-қатарың.

Керуен кетіп барады,

Нар менен жегіп атанын.

Жарық дүние, аман бол,

Тең-құрбы өскен қатарым.

Майлықожа ақынның

Мүбәрәк қылғай сапарын.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button