Майлықожа

Өлшеніп берген өмір бар

МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ - 40

Дүниеге мейман көңілім
Мақтансаң дауа тілерсің,
Өлшеніп берген өмір бар
Уақытыңмен жүрерсің,
Кейбір күнде қапа боп,
Кейбір күнде күлерсің,
Бір қалыппен еш пенде
Бітіре алмас үдесін,
Көлеңкелі бұлыттай,
Көшпелі болған дүниесің!

***
Ажал келсе жатқызар
Мандайдан басқан ұйкыдай,
Пендені дәулет мас қылар –
Қырауды кешкен жылқыдай,
Бауыры бүтін, басы есен
Сағынар сауық-күлкіні-ай,
Қызықтырған түлкідей
Дүние өтер бір күні-ай!

***

Бай кедейді есіркер
Қызметінде терлесе,
Ептеп кісі бай болмас –
Маңдайға Құдай бермесе.
Ақыретті кім ойлар
Ажал жетіп өлмесе,
Жырлағанмен не пайда
Тындаушы дүние бермесе?
Қатын тоймас ер десе,
Диқан тоймас жер десе,
Ер тілеуін береді –
Ерте тұрып еңіресе!
Ұят беттің пердесі,
Қымбатты ердің зердесі,
Майлықожа ақынның
Ыбырат қып айтқан термесі.

Комментарий
Майлықожа бабамыздың поэзиясының, атап айтқанда, термелерінің рухани, материалдық, сондай-ақ, әдеп тұрғысындығы қуттылығы шығыс классиктері – Руми, Фирдоуси, Науаи, Низамилермен деңгейлес.
Әрбір шумағынан – терең ой, уақыт тезінен өткен тәжірибе, халықтың даналығы мен өз заманының лебі есіп тұр.

«Бай кедейді есіркер
Қызметінде терлесе,
Ептеп кісі бай болмас –
Маңдайға Құдай бермесе» –
дейді Майлы бабамыз.

Байлыққа жету жолдарын үйрететін атақты коучтер де байлыққа жету стратегиясы мен тактикасымен бөлісе келе, адамның қай ортада туылғаны, кіммен араласқаны, қандай білім алып, қандай тамыр-таныс арттырғаны да маңызды факторлар екенін баса айтып отырады.
Ұлы бабамыз «Әрекетке – берекет» қағидасын да ұмытпайды:

«Қатын тоймас ер десе,
Диқан тоймас жер десе,
Ер тілеуін береді –
Ерте тұрып еңіресе!» –
деп отыр ақын атамыз.

Бұл дүниеде барлық күрес, ұрыс-талас, жөн-жосықсыз дау-дамайлар екі күш үшін – билік пен байлық үшін – жүріп жатады. Күнделікті өмірде де, еларалық қатынастарда да, геосаясатта да солай. Бұл екі күштің тартымдылығы – екеуі бір-біріне айналу, яғни конвертациялану сипатына ие. Билік пен байлықтың буы – қазіргінің тілімен айтқанда, қашанда «ұрып» тұрған.

«Пендені дәулет мас қылар –
Қырауды кешкен жылқыдай» – дейді дана атамыз

Аяусыз зұлымдық та, опасыздық та, жомарттық та, тойымсыз тәкаппарлық та – бәрі осы екі күштің айналасында өрбиді.

Бауыры бүтін, басы есен
Сағынар сауық-күлкіні-ай» –
деп отыр Майлы бабамыз.

Ия, қарны тоқ, көйлегі көк адам ойын-сауықты сағынады. Ал ойын-сауықтың тойымсыздығы мен ұятсыздығында шек жоқ – Францияда ерлер мен әйелдер бірге тыр жалаңаш шомылатын, кез келген адаммен жыныстық қатынасқа түсу модаға енген пляждар ашылды…
Бүгін – бабамыздың даналығын елге жеткізуге арналған Жобамыздың 40-шы шығарылымы жарық көріп отыр.
Мейірімі шексіз Алла аманат жанды аман етсе – «МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» атты Жобамыз әрі қарай жалғаса береді.
Сіздерден тілеріміз – Баба даналығына 5-10 минут уақыттарыңызды аямаңыздар!

Құрметпен Жоба авторы – Үсен Асқаров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button