Әкеңнің Айқасқасын көргем топта
Ақбұлаққа орыстар келгенде Мәделіқожаға оқ тиіп жарақаттанады. Батырды кілемге салып төрт атпен төрт жігіт көтеріп келе жатқандарында алдарынан жолаушылап келе жатқан Майлықожа жолыға кетеді. Нағашысының хал-жайын көріп-білген соң, жаны біршама жай тапқан Майлықожа батырдың көңілін бір сергітбек оймен былай дейді:
Әкеңнің Айқасқасын көріп едім,
Қып-қызыл өзің шаптың жанған отқа,
Әлемге намы кеткен Мәмәдәлі
Келесің ыңыранып жалғыз оққа.
Сонда Мәделіқожа:
Бұл сөзді айтар ма еді әлін білген,
Әкеміз Айқасқамен дәурен сүрген,
Орыстың маған тисе, оғы тиді,
Сені де зар илеткен жалғыз тікен!
Батырдың жиеніне бұлай дегенінің мәнісі бірде Майлықожаның аяғына жиденің тікені кіріп, ол іріңдеп дүңкиіп ісіп кеткен соң, ақын далаға біраз уақыт шыға алмай жатқан жайы болыпты. Сонысын есіне салып, алдына тартқаны екен.