
Сәуірдегі бұлыттай,
Қайнап шыққан жиырма бес!
Мол сыбаға дүниеден,
Ойлап шыққан жиырма бес!
Найзағайдың отындай,
Жарқылдаған жиырма бес!
«Мал дүниеге ұстын» деп,
Бас ұрмаған жиырма бес!
Түнде, түгіл, қай жолда,
Кейінгіге алақтап,
Жарастықты жол-жүлде,
Қай жайларға барсада,
Дүние малдан алдына,
Айдап салған жиырма бес!
Атасы өлген жетімдей,
Екі көзі телміріп,
Қызды ауылды қырындап,
Қайта-қайта барғанды
Армандаған жиырма бес!
Шалғы тиген қамыстай,
Сарсылмаған жиырма бес!
Жәннат бақта бестідей,
Мінгі аттай жалтылдап,
Былқылдаған жиырма бес!
Кешке таман жата алмай,
Айтуға және бата алмай,
Үілдеп тұрған асудай,
Сақылдаған жиырма бес!
Әрбір, әрбір заманға,
Жақсы менен жаманға,
Пәрман көрген жиырма бес!
Базарға салған құнандай,
Сыналмаған жиырма бес!
Жалғыз үйдің қызындай,
Ойнап-күлген жиырма бес!
Қызыл тілі сүйреңдеп,
Тақылдаған жиырма бес!
Біреуден кейін біреуге,
Жақындаған жиырма бес!
Күздің күнгі текедей,
Кім көрінсе көзіне,
Бақылдаған жиырма бес!
Садақат күннің тұзындай,
Самарқанның қызындай,
Біреуден кетіп айрылып,
Біреуге келген жиырма бес!
Жиырма бестен кетті енді.
Отыз беске жетті енді,
Үлкен кіші-ағалар,
Қыз-келіншек шамалар,
Жазатыным жақындап,
«Қонысыңа бәрі кет» дейді.
Жазылып жағдай айтса да,
Сөзде мақұл етілді.
Қымбаттқа келген гауһарды,
Мінасып көріп сатты да,
Базарға салды, өтілді.
Комментарий
Ұлы бабамыз жырлаған жиырма бес – қандай тамаша жас десеңізші!
Майлы ақын:
«Сәуірдегі бұлыттай,
Қайнап шыққан жиырма бес!
Мол сыбаға дүниеден,
Ойлап шыққан жиырма бес!
Найзағайдың отындай,
Жарқылдаған жиырма бес!
«Мал дүниеге ұстын» деп,
Бас ұрмаған жиырма бес!» – деп жырлайды.
Жиырма бес жас – ер жетіп, азамат болып қалыптасатын шақ. Жиырма бес – күш-қуаттың, арман-мұраттың оянған, жігіттің өмірге құштар шағы.
Жиырма бес – ерлік пен қайрат кезеңі – бұрынғы қазақ салтында жігіт жиырма беске келгенде ел ісіне араласып, ердің ісін тындыруға лайықты деп есептелген.
Жиырма бес – әлеуметтік жауапкершілік кезеңі – бұл жаста үйленіп, шаңырақ көтеру, елге сөзі өтетін азамат атану маңызды болған.
Бұрынғылар: «Болар бала – он бесінда бас болар, болмас бала – жиырма бесте жас болар» – дейді екен.
Бүгінгі өркениеттің бір сипаты – жастардың кеш есеюі деуге болады. Бұрын балалар 12-13 жасында аттың құлағында ойнаса, бүгінгі сол жастағы балалардың біразы бәтіңкесінің бауын байлай алмайды. Балалардың ойы да, ойыны да – интернет болып кетті…
Бала би 13 жасында үлкен бір дауды шешкенінде, үлкендер: «Әкең – кім, шешең – кім?» деп сұраған екен.
Сонда Бала би іркілместен:
«Әкем – қара түн,
Шешем – қара күң,
Болат кездік жетесіз,
Тумай ма ер некесіз?
Ат қосшыңа жарасам –
Әкемді сұрап нетесіз» – деген екен.
Бүгінгі күннің трагедиясы – 13 жасар емес, әңгіме арқауы болып отырған 25-і балаларымыз да Бала бидің айтқанын жіктеп, жіліктеп бере алмайды.
Ия, бауырлар, балаларымыздың тілі мен діліне, діні мен ой-өрісіне көңіл бөлейік…
Ал жиырма бестегілерге айтарымыз:
Боларыңда болып өт –
Боз жорғадай желіп өт,
Болмасыңды білген соң –
Болған ердің қосын ерт» – дейміз.
Үсен Асқаров





