Бұл толғау Сырдың Шардарадан жоғарғы жағында, Мырзашөл аймағында айтылған болуы керек. Бұл маңды ежелден кешегі Кеңес заманына дейін негізінен Қоңырат рулары жайлап келген. Аты аталған азаматтардың көпшілігі сол маңдағы ағайынның аталары болып келеді.
Марқабай би, хан Жабай, Тәттібайдай,
Осы елдің өз уақтарын айтты Майлы-ай.
Едігенің айтты дер ертегісін,
Ендігілер ескі сөзді жақтырмайды.
Қоңыраттан билер өткен Құлан, Сары
Сапаққа сол сарының келген бәрі.
Байларда Серғазы би, Қалжан батыр
Өңгесі оза алған жоқ онан ары.
Торғауыт топтан озған Елеместі,
Елемес айтып өткен не кеңесті.
Атағазы, Шоңай, Құлажан, Қалжан батыр
Қарамен, халықпен тең еместі.
Көбек, Көшік көңілі басылмаған,
Ақыры орыспен де төбелесті.
Майрықты Көктің ұлы аға етті-ай,
Онан соң Асқар, Сапақ, Қанай өтті-ай.
Шардараға Ермекке жау боп Байбақ,
Тізесі Қоқандыққа талай өтті-ай.
Құсейін бай, Елқонды би, Айтөрехан төре,
Бәрі де топырақ көрпе пана етті-ай.
Дүние қалды Байзақ, Батырбектен,
Дулаттың өз уақтары даңқы кеткен.
Ботпайға дарыған бақ басына орнап,
Андас пенен Сыпатай батыр өткен.
Көтеншіден Байзақ, Қоныс кетті,
Жайынбай датқа да, Құдияр тегіс кетті.
Айтөренің баласы Абылай еді
Оның да биік бағын еңістетті.
Қаракөсе Бекбота шабан тартқан,
Сексен жауы төбелеп камал тартқан.
Ат алдынан сүрініп, оңалғанша,
Кісі еді алпыс екі амал тапқан.
Бұл жұрт талай жақсыны аттандырған,
Малы барды мәйпездеп мақтандырған.
Қожабек датқа көкірекке сала сөйлеп,
Ханның сөзін үш рет тоқталдырған.
Қажыбек датқа кісі еді сақып ақыл,
Көркем сөзі көп халыққа келген мақұл.
«Сорлы қарға лашын менен ойнайды» деп
Төребектен қалған сөз оңды нақыл.
Шанышқылыдан бақты озған Молла Қошық,
Жау болса, қамал тартқан Ташкент шошып.
Қырық мың адам ілескен батыр басы,
Сол ерлер бұл дүниеден кеткен көшіп.
Нарбек те мәрт еді нар боп туған?
Бір жігіт онан жомарт болсын нешік.
Не ұстындар жұрттағы қолай келген,
Ойлансам Әулиеата былайғы елден
Рақымқұл, Ақмолда екі батыр,
Майрық болған ол кетті Құдайберген.
Қазақтың шоңы болды Шалдар Бостан,
Хан Шоқай Ысты елінен даңқтары асқан.
Дүниенің дәулетіне көңіл байлап,
Өлерін кетті ерлер аңламастан.
Бұхар жұрты мақтаушы еді Тоғай ханды,
Нар қызыл ат тарқатқан талай шаңды.
Қоқан менен Қоңырат ел жауласқанда,
Әлекеңді хан сайлап тізгін салды.
Тоғай хандай төре жоқ асқан болған,
Нар қызыл ат жан қоймай қашқан қолдан.
Әлиәкбар інісі Тоғай ханның
Атасы бір, анасы басқа болған.
Тоғайханнан Бұхарда қалған ұл бар,
Масрап қажы болмады малға құмар.
Сарынайман қажы дүниені о да сүймес,
Шайван қажы ер адам жарға жығар.
Тұлпарлар ағалаған жарыс жолға,
Тоқтамады қажыға барыс жолға.
Ел сұрауға хандығы қалғаннан соң
Екпіндерін басып жүр алыс жолға.
Не қымбаттар дүниеге келіп, өтті-ай,
Бәрі де көрмегендей болып кетті-ай.
Адамның зерегі еді Ертай тілі,
Жарасып, бақ пен малға толып өтті-ай.
Қыстың күн қымыз іштім Момынбектен,
Кісі еді Бақ пен Қыдыр қонып өткен.
Имамберді, Мәдәлі ерлер кетті,
Сағатымен дүниеге келіп өткен.
Арғында Құтабай, асқан Құтқай кетті-ай,
Әркімді сықақ қылып, кекей кетті-ай.
Бірде-бірін жолығып танымадық,
Би, болысы Шымкенттің Ботан бопты-ай.
Осы ояздың екі, үш ақ шалы қалды-ай,
Олжа көрдім көрісіп танығандай.
Сиқымбайдың зүрияты Қозыке датқа,
Шынәлі датқада тамырда қалы қалды-ай.
Жұтқа ұрынған жылқының сүрегіндей,
Қаз-қаздап тек шықпаған жаны қалды-ай.
Заманның өлең қылдым замандығын,
Ерлердің елден кетіп қалғандығын.
Екі Қасымбек, Иса мен Молла Қадыр,
Көңіліме таудай сүйеу амандығың.
Кенехан, Наурызбай десетұғын,
Өткен ерлер орысты кесетұғын.
Атымтайдай ер еді Ахмет сұлтан,
Жегжат үшін жер-судан кешетұғын.
Сайлау болса бұл қазақ құтырады кеп,
Өзін жаулар қай жұмыс бітірді кеп.
Рысқұлбек жұрт арызын айта алмады,
Қуанып ем пірәң ғой бір түрлі деп.
Қасымбек Исаменен қастасқан соң,
Түңілдім жұрттан алдын пітірді деп.
Алаш жау боп амалға таласып жүр,
Мұжық орыс қонысты сыпырды кеп.
Жұрттың соры зор екен етегіне-ай,
Мыңды айтып не қылайын, бір Тұрлыбек.
Тұрлыбек жолбарыс шапты, орысты ұрды,
Он жетіге келгенде көп іс қылды.
Азулының бәрімен аңлап жау боп,
Елді елге теңселтіп соғыстырды
Тұрлыбектің келгенін ұсаттырған,
Өлді деп кеміте алмас нысап қылған.
Қасым ханның баласы Наурызбайға,
Қазақта сол ғой деуші ем ұсап тұрған.
Арқада Арғын жатыр жеті дуан,
Қыпшақтың қыңырлығы одан жуан.
Өрде Найман, ұзын Сыр Қоңыратыңда,
Сол еді өркөкірек озып туған.
Ажалдың төрелігі айдап кетті,
Арыстанның ойына сыймай қайнап кетті.
Ақ патшаға еш арыз айтпадым деп,
Еңіреп жылап, бармағын шайнап кетті.
Елдің қамын ер ойлар құрбы жетсе,
Түс көргендей болмайды дүние өтсе.
Қанай, Насыр, Қалжанды не қылайын
Жұртта сырттан жоқ еді Тұрлыбекше.
Исадан парандікке озған жан жоқ,
Қайратсыздар еш жерде сөз болған жоқ.
Қасиеті көп басында Қасымбектің,
Байсейіт орнынан қозғалған жоқ.