
Бұл ескіліктен халық аузында көп жатталған өлеңдердің бірі. 1995 жылғы Әсілхан Оспанұлы өзі басында отырып бастырған «Майлықожа» атты кітапта бұл өлең бары-жоғы үш беттей болып басылды. 2009 жылғы Түркістан қаласында басылған нұсқада 8 беттен асықтау болып басылды.
Жақын арада қолға түскен Майлықожаның замандасы, Аббасқожаның хатшысы болған Қалқожаұлы Жүсіпқожаның қолжазба кітабындағы нұсқасы мен толықтырылып беріліп отыр.
Ассалаума әлейкім,
Мәделі батыр ағамыз!
Жаудың оғы өтпеген
Ақсауыт алтын жағамыз.
Кесел жеңді, аздың ер
Қозғала алмай денеңіз.
Кәрілік, ауру қабаттап
Жетпіске жетті шамаңыз.
Ұлғайып кесел тапжылтпай
Көңілге батты санаңыз.
Қабырғаңның сүйеуі
Уәлі хан еді қалаңыз.
Қасыңнан қалаң кеткен соң,
Болған-ды қатты налаңыз.
Ұядан тудың берен,
Саһаты тапқан анаңыз
Осындай бекер дүниеге
Өстіген соң қайтіп нанамыз
Өмірлі қылсын ініңнен
Қалынған бес-он балаңыз.
Атыс, шабыс, айқайды
Көңілдерің тілесті.
Беталдыңмен бек болдың
Қырық мың ләшкер ілесті.
Өміріңнің дәуренін
Опасыз дүние түгесті.
Арыстаннан хал кетіп,
Ақыры бүйтіп жүдесті.
Алшынды шаптың аралап,
Жолдасың олжа үлесті.
Арғынды шаптың Арқадан,
Ағыбаймен найзаң тіресті.
Қараның ханы Байтерек,
Қарашы болған халық елеп,
Қалың малсыз қыз беріп,
Қалаған күйеу сіз болып,
Жақсы тілек тілесті.
Атасы Абылай Қасым хан,
Аруағы жұртқа басым хан,
Тегін тиді Халипа
Қалың малсыз қасыңа
Хандардың қызы ілесті.
Кене хан ұлы Ахмет
Оязда озық кісі еді,
Тегін қыз берді балаңа
Ол сырды өзге ел білместі.
Сөйтер ме едің өз басың,
Оны былай қояйын,
Ерлік жөнің қозғасам,
Ағыбаймен барып ұрыстың,
Бір күн, бір түн сүрістің,
Ертегі қатар ерлігің,
Ондағы өткен жұмыстың.
Желігіп көңілің тым өсті.
Халықтың бәрі таң қалып,
Қарағай найзаң қандалып,
Ағабай састы сандалып,
Сенің жолдас адамың
Өз саяңда жан қалып.
Ағайынды екеуіңе
Арғынның қолы алданып.
Талайын жықтың екеуің
Найзамен тастап аударып.
Арман-бермен аралап,
Қалың қолды қақ жарып,
Шұбыртпалы Ағыбай
Әлі аспай қалды дағдарып.
Озық ең арыстан жүрегің,
Қалмаған жауда сүрегің.
Қасыңнан нөкер тарқады,
Қалмады күш пен күреңің.
Сарыатан жұлдыз секілді
Салтанатты еді реңің.
Бүркіттей панжаң жазылды,
Босады палуан білегің
Имамберді, Мәдәлі
Егіз қозы секілді
Жарасып сының жүр едің.
Сыяғыңа қараса
Сымбатың елдің нұры едің.
Әрі құда, әрі дос
Ықылас, көңілің бір едің.
Дәу мен жауға сыйынса,
Қолдаушы кәміл пір едің.
Жолдасы кеткен жолбарыстай
Жорта алмай бүйтіп жүдедің.
Татып ек тұзын үлкеннің
Дәулерге жақын сүйкендім.
Жақсылығы жадымда,
Жәрдемі тиген егемнің.
Көркемін сөзін аңсаймын
Датқа менен үлкеннің.
Қайың ерден қас кетті,
Қалықтан тамам бас кетті.
Датқа халқын байытты,
Бостан қып кетті халықты.
Бағасыз есіл арыстан
Көз, тіл тиіп жас кетті.
Тасты кескен алмастай,
Жетеінен тарс кетті.
Қыстақша базар қылды ел,
Құйылып Қоқан Тәшкентті.
Қара сүйеп кәрілік
Екі жақты қабаттап
Көрдің ер көңілің қасіретті.
Жабыдан атты мінбеген,
Жабдықты салмай жүрмеген.
Жиын, тойға барғанда,
Жібектен басқа кимеген.
Хан қараға қарсы боп,
Қасарысса мойын имеген.
Күш сынасқан күресте,
Жамбасы жерге тимеген.
Қаруланып толғанса,
Қарағай найза қолға алса,
Аз бен көпті білмеген.
Уәлі хан, Мұқам хан,
Екі бірдей жолбарысың
Дұшпанға салмақ қорғасын.
Арыстандарың кетіпті,
Артын құдай оңдасын.
Билігі еркін бала екен
Жаман көрген кісіңнің
Жағасын жыртып сүйреген.
Дұшпанға қорған дәулерің
Кетіпті көшіп дүниеден.
Сыяғын көрген жасқанған,
Суыққа қарсы қасқарған.
Шойын темір шоқпардай,
Тиген жерің жанышталған.
Алысса алыптай бас салған,
Бөрік ал десең, басты алған.
Ерлігін айтса көп еді
Ертегі болар дастаннан.
Таразысы әркімді
Тайсалтушы еді басқаннан.
Тартқан оқпен жаныңды-ай,
Тарпаң құнан тайындай
Жүрегіңнің майындай,
Өрлеп тұрған тайынбай.
Дұшпанға қарсы салысқан
Дабысы сізбен жарысқан
Қалыпсың мұндай мұңдарға,
Құдай қылса мін барма,
Пенделікті батыр аға,
Уәлі хан, Мұқам хан,
Екі інің еді арыстан.
Құлата қалды қасыңнан
Қабырғаңның қаласын.
Құдай қылған үкімге
Несіне күйіп-жанасың?
Өзің бүйтіп жатқанда
Ойлама оның санасын.
Қасымнан қала кетті, – деп
Қайғысы оның өтті, – деп
Қам қиял неден аласың.
Сүбеңді сүріп кетіпті
Сүйенген ұстын ағашың.
Уәліхан, Мұқам хан,
Оларда бөтен кеткен жоқ,
Өзің де сол жөн барасың.
Көзіңді жұмған уақытта,
Жолбарыстарға жолықсаң
Бәрінде сол жөн табасың.
Ғарыз қанағат атасып,
Түркістан шаһар қамалды.
Жекеге шыққан уақытта
Жеткізді оңнан шамалды.
Жекеге кіріп ат шаптың
Батырлық бағың жамалды.
Ғарден алдың ерлікпен,
Батыр басы амалды.
Жаман күнде жат еттің
Атаң менен бабаңды.
Найза тартыс жерлерде
Тайдырмады табанды.
Тәуекел қылған жеріңде
Таппағын ер ең залалды.
Кәр қылмаушы ең ол уақта
Жақсы менен жаманды,
Арам менен адалды.
Оқ жетпес қызыл ат мініп,
Болаттан дабыл қақтырып.
Екі қосын адамын
Таңырқатып дақ қылып.
Басыңды салып қатерғе
Бір ауыз байлам айтарға,
Жан ұзырын тәрік қылып,
Тәніңе сауыт жапсырып,
Тәңіріңе жанды тапсырып,
Өлімді ойға келтірмей
Жүрегің тасып мас қылып,
Тайдырмады құдайым,
Талайыңды пәс қылып.
Ортаға шауып отқа ұрдың
Өз жаныңа қас қылып.
Батыр атқа ұшырадың,
Бейнетің жауға асқынып.
Аранға талай ұрындың
Беттескенді қашырып.
Жеңсіз берен киініп,
Желігіп шаптың құйылып.
Аруақ саған жар болды,
Қатерлі күнде сыйынып.
Найзадан шерің тарқаған
Шаншыта інің сүйініп,
Жығылған жаудың адамы
Бауырымдап қалды жиылып.
Орыс жұртты алған соң,
Ол істер қалды тиылып.
Жетпіс пенен кәрілік,
Екі жақтап қабаттап
Басыңа жетті киіліп.
Өзің бүйтіп тұрғанда
Обал боп тұрған дәрменге,
Еңбектеніп нетесің,
Екі ініңе күйініп.
Жайдары ерің серідей,
Жауға шаптың ерінбей.
Не ерлерді еңкейтіп,
Жайылдырдың терідей.
Желігіп атқа шапқан соң,
Көзіңе аз-көп көрінбей.
Жетпіспен кесел келіпті
Қап таудың өріндей.
Жараған нардай күркіреп
Басылды көктем сіркіреп,
Жау бетінде тұрмады.
Жаралы қойдай дүркіреп.
Әр абиыр өтілген
Бұлтқа басты бір тіреп,
Дұшпандарың күлкі боп,
Өзің шер, олар түлкі боп,
Өтті сондай күндерің
Түс көргендей ұйқы боп.
Дүниенің түбі бір күн боп,
Өтті заман дүркін боп.
Мылтығына орыстың,
Парт болды денең іркілдеп.
Ойлағаның дау болды
Оңда да бағың ілкім боп.
Апиындай алаштың
Буына түстің кілтілдеп.
Болыс қылды, би қылды,
Қорқып, сыйлап жұртың кеп.
Атанды алдың жүгімен,
Ат, айғырды алдың үйірімен.
Қоралы қойды түгімен,
Сиыр, өгіз мүйізімен,
Бүркіттей бастың бір толғап
Түрткен жоқ мүйізі бүйіріңнен.
Орыста сынды әзілдеп,
«Ойнаймын ойын базым» – деп,
Төрт жүз сомдық шұбар ат
Бәсеке тікті әзірлеп.
Алыптықпен атын мінгенсің,
Төрт шәрік шыны қазы жеп,
Жеңілген соң орыстар
Атқа қалған разы боп,
Жүрегің, күшің сенімді ең,
Кетпеген сірә, жазым боп.
Есімізде бар ма еді,
Кәрілік, ауыру қабаттап
Есіл ер мұнша қажыр деп
Шыбынтайдың көлінен
Кенжехан орыс ап қашты.
Жастай кетті Кенже інің,
Алтынның жүзі тот басты.
Осы уақтың ері арманда
Ондай заман таппасты.
Арғымақ міндің патшадан
Алтыннан жабдық баптасты.
Амалың жетті сүдірге
Бұқардың елі мақтасты.
Қара сүйел кәрілік
Жетпіс жетіп қаттасты.
Өткен күндер өтірік боп,
Арыстан сені қарт басты.
Ер Қыдырдың нәсілі еді,
Қисапсыз кескір асыл еді,
Сүйегі сізбен заттасты,
Қырық сан барақ Ташкенттен,
Басым боп озып, бақыты асты.
Озық боп бақ пен жұлдызы
Кемірек боп тұр ұл-қызы,
Өзінен туған ұл болмай,
Онан қатты мұң болмай,
Сұңқар еді сыр бермей,
Тұлпар еді тең келмей,
Жазым жерде аяғын
Бір қазық шалды Аббасты.
Орал, Нарбек ер еді
Кезексіз озды тыңғызбай.
Ұстын болған теректі
Қойса нетті сынғызбай.
Айға жақын болғанда,
Ақты шолпан жұлдыздай.
Ағайын емес надан көп,
Көңілі қытай, қырғыздай.
Қамын құдай жесін де,
Қара қазан, сары бала
Жетім қып қойды ұл-қызды-ай!
Тұрлыбек өлді дегенде
Жүрегім болды тым мұздай.
Орысқа етер айла жоқ
Ұстының зорын сынғызды-ай
Бидайық құстай қырғын боп,
Қанды уыстап, сүргін боп,
Тұлпардан туған дүлдүл боп.
Қайрат-күшпен, ерлігі
Тірісімен бірдей боп.
Мұсылман мен орысты
Жасқантып арыстан жүрді кеп
Қырық біріне жеткенде
Қыла алмай дәрмен тұрды кеп.
Өлді есіл Тұрлыбек –
Қоңыраттың алтын қоңырауы
Басылып қалды-ау, дүмбірлеп.
Орта жүз алаш қайысар:
«Ортадан ұстын жұлды» деп,
Ескі жолбарыс сен едің,
Ен қайратқа кен едің,
Естен қалып барасың
Ыңыранып қалдың мұңлы боп.
Жалығыпсың тірлік базарға,
Жаныңа салған азарға,
Ақірет қамын ойлапсың,
Дүниені алмай назарға.
Қабіріңнің қамын ойлапсың,
Сағана салдырып мазарға.
Өкініп өткен күндерге,
Шам-шырақ жағып түндерге.
Кісінің тәубе – дәулеті
Дүние жолдас кімдерге.
Ерден иман құтылмас
Бұ дағы бір нысан бір белгі.
Құтты болсын тәубеңіз,
Қол беріпсіз пірлерге.
Уәлі хан, Мұқам хан,
Кете қапты екі інің.
Өмірлі қылсын олардың,
Артында зурият жетімін.
Төренің ханы Қасымхан
Қараның ханы Мәмбет би,
Есімхан мен Мырзахмет,
Жиен еді соларға
Тартыпты сізге екі ұлың.
Би сайлады халық елеп,
Тағасы Байзақ байтерек
Шүкір қылғын Есімхан
Екпіні боп тұр қалпы ерек.
Көкірегі қайтпады
Орыстан жеген таяққа-ай.
Алдына шықты еліңнің,
Тастаса қалмай аяққа-ай.
Қожабегің о да арыстан
Дұшпанға сүйеу таяқтай.
Бөріханың сүр перен,
Кемтігің сірә қаяқта-ай.
Жаман күнде халқыңа
Бәрі де асыл жарақтай
Құт болсын тәубеңіз,
Жақындап өмір саудаңыз,
Ақыретке барғалы
Қылып тұрсыз талапты-ай.
Иманды ердің талабы
Өмірдің қысқа танабы.
Ақырет кетсең бақұл бол,
Өмір болса дүние де,
Қор қылмай Алла пана бер.
Сағынып келдім, батыр аға,
Аман-есен бармысыз
Сөзімнің осы аяғы.
Бұл өлең Мәделі батырдың өмір баяны сипатында, батырдың басынан өткен барлық оқиғаларды қамтиды. Бұл жердегі бір ғана кілтипан – Мәделіқожаның Мырза би оқиғасына қатысуы, жалпы Мырза би лаңы Майлықожаның бірде-бір өлеңінде кездеспейді. Себебі, Мәделіқожа Мырза би оқиғасына өзіне қарасты ел ағаларының разылығын алмай, өз бетінше қатысқан.
Мырза би Асқар датқаның баласы Жәбек бидің үйінде өлтірілді. «Мына сұмдықты тоқтат» деп айтуға Ташкентке барған Асқар датқаны, «өз балаңның үйінде өзің өлтірттің» деп қоқандықтар Асқар датқаның үзеңгісіне у жағып жібереді. Асқар датқа Ташкенттен Бадамға жете алмай, жолда Бағаналы маңында көз жұмады. Сүйегін қасындағы жолдастары Ташкентке алып барып «Қызыл қыш атаға» жерлейді.
«Дауыңды менің үйіме алып келіп, сенің кесіріңнен әкем өлді» деп Жәбек би Мәделіні елден қуады. Ағайынды екеуінің арасы ажырап бара жатқанынан қауіптенген ел жақсылары Мәделіқожа мен Жәбек биді құда қылып, қыз алыстырады. Жиенқожаның екі әйелінің баласының осы күні жегжат болып кетуінің арасында осындай терең сыр бар. Мырза би өлімінің соңы үлкен дауға ұласып, қожалар құн төлеп құтылады. Майлықожаның: «Алпыс үйлі қожаға құн төлетіп, зор болмадың Мәделі, сор боп тудың», – демегі осы.
«МАЙЛЫ АҚЫННЫҢ МӘДЕЛІ ҚОЖАНЫҢ КӨҢІЛІН СҰРАП АЙТҚАНЫ» атты арнау – шежіреші, жазушы Сейітомар Саттаровтың 2018 жылы Алматыда жарық көрген «МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫНЫҢ ТОЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ» атты кітабынан алынды.
***
МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 59
ЖОҚШЫЛЫҚ ЖАМАН ЖАЛҒАНДА
Жоқшылық жаман жалғанда –
Кедергi болар iсiңе.
Төрт түлiгiң сай болса –
Қару қосар күшiңе.
Жоқшылық етер жасқаншақ
Бере алмай сүйген кiсiңе,
Үдесiнен шыға алмай,
Мәмiле қылған кiсiге,
Шешiлiп сөйлеп кiре алмай
Көпшiлiктiң iшiне.
«Әттең» деумен жүресiң
Тiсiңдi басып тiсiңе,
Жоқтың да күнi арманда,
Барлардың о мен iсi не?!
Комментарий
Ия, жоқшылық жайлы данышпан атамыздан артық айту оңай емес. Майлықожа бабамыз кедейліктің халін, яғни жағдайын айтып отыр.
Осыны ескеріп, оқырманға комментариіміздің аз да болса пайдасы тисін деп, кедейліктің тренингтерде тілге алынатын тоғыз себебін тізіп өтпекпіз.
Кедейліктің тоғыз себебі
1. Кедейлер мүмкіндігіне сай өмір сүрмейді. Кедей адамдар – басқалардай болуға тырысады. Кредитке «Айфон» алады, Сәкең мен Бәкең сияқты той өткіземін деп, қарызға батады. Жалпы алынған несие үшін төлейтін пайызыңыз табысыңыздың 20-30 пайызынан артық болмауы керек. Тым болмаса осыны ескере жүруіміз керек.
2. Үнемдеу мен жинақтауға тым көп мән береді. Ал байлар – инвестиция жасайды. Бодо Шефердің есебіне қарағанда, 35 жастан бастап айына жүз доллардан инвестиция жасап барсаңыз, 65 жасқа келгеніңізде сіздің шотыңызда 524 мың 785 доллар қаржы жиналады екен. Бұл жерде бір шарт бар: инвестицияңыз жылына 12 пайыз өсіп отыруы керек. Қазір жылына 12 пайыздан көп табыс әкелетін қаржылық инструменттер көп…
3. Білім алудан және дамудан бас тартады. Адам мен адамды, бай мен кедейді диплом емес, білім теңестіреді. Интеллекті талап ететін еңбек қашанда жоғары бағаланады…
4. Олар – өзгеріске, ізденуге, белсенді адамдармен араласуға құлықсыз.
Американың атақты «Дженерал Электрик» корпорациясын 20 жыл бойы басқарып, оның нарықтағы бағасын 400 миллиард долларға жеткізген Джек Уэлч мырза: «Егер сіз өзгеруге дайын болсаңыз, қашанда іздену үстінде болсаңыз – қажетті мүмкіндіктер сіз күткеннен де ерте келеді» – дейді. Егер біз жауапкершілікке дайын болсақ, аянбай әрекет ете бастасақ, қашанда коммуникацияда болсақ – біз күтпеген мүмкіндіктер туа бастайды…
5. Бір күнмен өмір сүреді, болашақты ойламайды. «Түстік өмірің болса – кештік мал жи» деген мақал олар туралы емес…
6. Кедей адамдар назарын проблемаларға аударады. Мәселеге емес, оның шешіміне және сол шешім жол ашатын мүмкіндіктерге көңіл бөліңіз. Жалпы табысқа жетемін, ауқатты өмір сүремін деген адам проблемадан қорықпауы керек. Табыс тұтынушының проблемаларын шешу арқылы келеді…
7. Кедейлер тәуекел етуге дайын емес. «Уайымшыл ойланғанша – тәуекелшіл балалы болады»…
8. Өз проблемалары үшін өзгелерді кінәлайды. Олар әдетте үш нәрсені – шыққан тегін, ата-анасын, өскен, тұрып жатқан ортасын кінәлайды…
9. Уақыттарын босқа өткізеді. Уақыт – ең құнды ресурс екенін ескермейді. Ең бастысы – бірінші кезекте осы уақыт үшін ең маңызды шаруаны атқару. Тайм-менеджмент – мақсаттарға жетуге керекті уақытты дұрыс пайдалана білу, приоритеттерді қою және жоспарланған істердің орындалуын қадағалау деген сөз…
Ең бастысы – аянбай еңбек етіп, мейірімі шексіз Алладан табысыңның берекелі болуын тілеу.
Үлкендеріміз: “Дүние таппас жігіт болмас – құрарын айт, бала таппас әйел болмас тұрарын айт” – дейтін.
Алла Өзі құрап, жоқшылықтан сақтасын, бауырлар!
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» Жобасының авторы – Үсен Асқаров





