Ғақлиат

Бір қайыры бар дүние 2

Мәлік ОТАРБАЕВ

Ескендірдің ессіздігі

 Әлемге аты мәшһүр Ескендір Зұлқарнайын қазіргі Анадолуның шығыс аймағында Дарий патшаның 600 мың әскерін талқандап, атақ-даңқы асқақтап, Шам шаһарынан Мысырға қарай аттанады.

Жол-жөнекей кездескен шіркеу поптары оған «О, Зевстің ұлы!» деп құрмет көрсетеді екен. Бұл атақ Ескендірдің тақиясына тар келсе керек. «Мен ұлы перғауынмын!» деп жар салыпты.

Ал одан арғысы баршаға белгілі. Қазақтың ұлы ойшылы Абай жырлағандай: «Ол елде алмаған хан қоймады, Алған сайын көңілі бір тоймады. Араны барған сайын қатты ашылып, Жердің жүзін алуға ой ойлады. Сол күнде қошеметші айтады екен: «Ханның ханы, патшаның патшасы!» деп. Атағы талай жерге оның жетті, Жердің жүзін алуға талап етті»…

Тәңірмен теңескісі келіп асқақтаған Ескендір ішкілікке әбден салынады. Көзі бұлдырап, басы айналады. Мансапқа мастанады. Ақыры өзіне табынуды, Құдай санауды бұйырады.

Қолбасшы Клитус парсының бас қаласында өткен бір басқосуда:

– Ескендір! – деп оның сөзін бөледі. – Біз бала кезімізден доспыз. Кегімізді бірге алдық. Парсыны бірге ығыстырдық. Талай елдің жерін тартып алу үшін сапарға бірге шықтық. Әрбір сапарымызда жеңіске қол жеткіздік. Бірақ сен тым өзгеріп кеттің, есіңді жи! Тәңір боламын деп бізге қысым жасама! – дейді ашуға булығып. Ескендір орнынан түрегеліп:

– Өшір үніңді! – депті зекіп. – Мен сендердің Құдайларың боламын. Сөйлеңдер дегенімде ғана сөйлейсіңдер, үндемеңдер десем, үндемейсіңдер!

Клитус бірден қарсылық білдірді:

– Жоқ! Сен бізге доссың, қолбасшысың әрі патшасың. Ішкілікті тастасаң қайтеді. Өз-өзіңді аясаңшы…

Есінен айырылған Ескендір досының қасына теңселіп келіп: «Қазір мен саған кім екенімді көрсетемін» деп құлағына сыбырлады да, Клитустың кеудесіне қанжарын сұғып алды.

Ертесіне есін жиып, күні бойы «Клитус! Клитус!» деп зарлады.

Сонымен, 323 жылы ажал аузында жатқан ессіз Ескендірді көрген қолбасшылардың бірі бүйдеген екен:

– Елдің басы болған, әлемнің патшасы атанған адамның өз-өзіне бас бола алмағаны аянышты-ақ!

Атақтың қайыры болмаса, бекерге өтер дүние…

 

 «Асыққан шайтанның ісі»

 

Баяғыда Шам қаласында тұрған бір бай-манаптың әнші қызметшісі болған екен.

Базарға бір мезгілге барып-келіп жүретін қызметші үйге үнемі кеш қайтады екен. Өйткені ол бұлбұлдай құйқылжата ән салғанда, базардағы сатушылар тәнті болып, кеш батқанша жібермейтін көрінеді.

Бір күні қожайын құмыра сатып әкел деп базарға қайта жұмсайды. Жолда әншіні таныған кісілер қоярда-қоймай ән айтқызады.

Сол мезетте өтіп бара жатқан бір топ саудагерлер: «Біз Мысырға бет бұрдық. Жүр, кеттік, ақыңды төлейміз, ақшаңды береміз. Әрі Мысырды көресің, қыдырып қайтасың. Ән салып, би билеп көңілімізді көтересің,» – деп, әнші жігітті үгіттеп, алдап-арбап алып кетеді.

Әнші бала Мысырда бір жыл тұрып, Шамға әрең дегенде қайтып оралады.

Шамға кіргенде, қожайынға алып келмек болған құмырасы еске түседі. Сөйтіп, базардан бір құмыра сатып алып, бұрыңғы үйіне қарай асығады. Үйге қырық қадам жер қалғанда, аяғы тасқа сүрініп, қолындағысымен бірге етбетінен құлайды. Содан тізерлеп, сынған құмыраға қарап жылайды:

«Қырық жілік болғыр-ай! Асықсаң осы ғой… Асыққан шайтанның ісі!»

«Бұл мақалдың шыққан төркіні де – осы!»  дейді түрік ағайындар.

 

Соқырлық

 

Қазіргі қоғам күмән туғызады.

Екіжүзділікке еті үйренді. Турашыл, шыншыл, адал адамды көргенде күдіктенетін болды. Сұрқиялыққа көз жұмып қарайды. Ақиқатты айналып өтуге тырысады. Ештеңеге селт етпейді.

Шындықтан қорқады. Қателігін жасырады. Кінәсін мойындағысы келмейді. Жаны кетіп, құты қашқан сыңайлы.

Онсыз да санаға сіңген қорқыныштан, тамырға тараған үрейден құтыла алмай жүрміз. Ал мынандай жағдайда тұла бойыңды құдды бір жел кеулегендей күмән кеулейді.

Хикмет түбі ақиқат екені рас. Алайда қазіргі кезде көзді бүркеген ғапылдықтың нақ өзі емес пе?

Осы орайда бір данышпан: «Шынтуайтында, монтаны адамның екіжүзділігіне емес, тіпті залымның зұлымдығына да емес, қалың жұрттың ұйқылы-ояу, ғапыл болып жүргеніне таңмын» депті.

Бақсаң, көзі көреді, бірақ көкіректегі көзінің жанары ағып түсіп қалған секілді. Ештеңені көрмейді де, сезбейді. Көрсоқырлығы сондай, жарық күнді де байқамайды.

Жаздың күні мәйіттің иісі шықпасын деп әтір себеміз ғой. Сол сияқты руханиятымыз құлдырап, өнеріміз өлімші халге жеткенде себілген әтірдің иісіне алданып, жұбанып жүрміз.

Бүгінгі біздің хал-ахуалымыз осы!

Иә, құмға басын тыққан түйеқұс аңшыдан құтыла алмасын біле ме?!.

Осындайда Румидің сөзін қайталай бергің келеді:

«Шегіңді біл, ей адам!

Саудагерліктің тілін білмесең, дүкен ашпа. Көңілдің тілін түсінбесең, ләм-мим деме. Абыздардың алқалы жиынында босқа сайрама. Соқырлар базарында айна сатушы болма! Кең болмасаң да Құдайдың қайырлы құлы бол!»

 

Тоңғақ ақын

 

Қараңғы түн…

Көрінеді жол қашан?

Жол қадірін білер ме едің тоңбасаң?..

                    ***

Несіне ой тоқып қиналам,

ойларым тыңдалар болмаса?!

Мына кең ғаламға сыймаған

ақындар ақын ба тоңбаса?! деп жырлайды ақын Н.Оразалин.

Әр нәрсенің ыстығына күйіп, суығына тоңу – табиғи заңдылық. Ал ыстығына тоңып, суығына күйе білу – әр адамның қолынан келе бермейтін құбылыс.

Жаздың шіліңгір ыстығында ақ қалпақ киген Тәңіртау тоңады.

Кеңсайда жатқан қазақтың небір жақсылары мен жайсандары жаурайды.

Алда шапқан жүйрік аттар мұздайды…

Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі Жәлаледдин Руми де тоңған-ды.

Бір күні Румиден сұрапты:

– Сіз Шәмс Тебризимен кездеспес бұрын да кәміл едіңіз. Шамдағы ұстазыңыз «ғылымды толық игердің»  деп еді ғой сізге. Сонда Шәмс сізге не айтты? Біз білетін «Мәснәуи» атты кітабыңызда өзендей тасып, «Диуани Кәбир» атты туындыңызда жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап жанушы едіңіз. Түніменен ұйықтамайтын болдыңыз. Көктегі жұлдыздар тәріздісіз?

Сонда Руми бір күрсініп алып, былай деген екен:

– Расында солай. Өйткені мен Шәмстен тоңуды үйрендім. Бұрын тоңғанымда, ылғи да жылынатынмын. Кейін жылына алмайтын болдым. Өйткені Шәмс маған бүй деді: «Жер бетінде бір адамның өзі тоңып жатса, сен жылына алмайсың; аш жүрсе, тоқ жүре алмайсың; азап шексе, жайбарақат ұйықтап жата алмайсың».

Қайырсыздыққа қарсы қайырмен күресетін қайран ақындар-ай!

 

Тоғызыншы президент

 

Өткен жылдары қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбайдың мерейтойы Анкара қаласында аталып өтіп жатқан кезде Түркияның тоғызыншы президенті Сүлеймен Демирел 90 жасында ақтық сапарға аттанды.

Ол түбі бір түркі елдерінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан парасатты, көреген саясаткер еді. Зиялы еді. Рухы биік, мәдениеті жоғары қайраткер еді. Әдебиеттің қадір-қасиетін тереңнен ұғатын оқымысты еді. Қашанда руханиятты қолдайтын кемеңгер басшы еді.

Тоғызыншы президент тоқсанға толғанда бір топ зиялылар Анкарадағы Абай Құнанбайұлы даңғылымен қиылысатын Гүниз көшесінің бойында орналасқан үйіне барып, сәлемдеседі. Әңгімелеседі. Ескірмеген естеліктерді еске алысады. Қалжыңдасады. Талай-талай әзіл әңгімелерге арқау болған тапқырлығына тәнті болады. Әңгіме қызғанда қонақтардың бірі:

– Сіздің ойыңызша, саясаткер мен ғалымның айырмашылығы неде? – деп сұрап қалады.

– Бұл сауалдың астарын ұғып отырмын… – дейді бұрыңғы басшы.
– Шынтуайтында, саясаткер дегеніңіз әлсіз адам. Аузына келгенді айта береді. Күндей күркірейді. Арыстандай ақырады, айға шабады. Сондықтан күшті болып көрінеді. Ал ғалым – сөзсіз күшті адам. Аузына келгенді айта бермейтіндіктен, әлсіз болып көрінеді. Абырой болғанда, бізде мұндай ғалым да, ғұлама да бар. Кімді айтып отырғанымды білесіздер. Оларға да қарсы сөз айтылады. Алайда олардың ар-абыройына ешқандай зиян келмейді. Ал саясатпен келген абырой саясатпен кетеді. Саясаттың кесірі мәңгілік емес. Осыны есте сақтаған жөн. Осы себептен мен әрдайым ізгілікті көздеген жандарға қолғабыс еттім. Әлемнің түкпір-түкпірінде қолға алған көптеген игі іс-шараларына, білім ошақтарына қолдау көрсеттім. Оған еш уақытта өкінген  емеспін… – деп жауап қатады.

 

Себепсіз соғылған дүре

 

Шығыс әлемінде Харун Рашитті білмейтін адам кемде-кем шығар. Сол бір атақты, әділ патшаның мұрагері Мамун медреседе оқып жүрген кезінде өзі ерекше құрмет тұтатын ұлағатты ұстазы ешбір себепсіз дүре соғып қоя береді.

Қараптан-қарап таяқ жеген бала:

– Ұстазым-ау, мені неге сонша жазаладыңыз? Мен не істеп қойдым? Бірдеме бүлдірген болсам, айтыңызшы?! – деп реніш білдіреді.

Ұстазы баланың ренішті сөзіне тіл қатпайды. Бала қайта сұраса, ол тіс жармайды. Бұл оқиға Мамунның есінде қалады.

Содан уақыт зымырап өте шыға­ды. Бала Мамунның есейіп, пат­ша тағына отыратын кезі туады. Таққа жайғаса беріп, қолына шоқпарын алады, содан соң баяғы дүре соққан ұстазын шақыртады.

Сөйтіп ұстазына кішкентай кезінен жауапсыз қалған сұрағын қайта қояды.

– Сол кезде мені неге таяқтың ас­ты­на алдыңыз? Қандай кінәм бар еді?

Сақалын қырау шалған қарт ұстаз езу тартып:

– Ұмытпапсың ғой, шырағым, – дейді.

Орнынан атып тұрған патша: – Қалай ұмытамын, айтыңызшы, қа­лай ұмытамын?! Біле-білсеңіз, сол соқ­қы сүйегімнен өтіп, жүрегімді жара­ла­ды! – деп қабағын түйіп кіржің­д­ейді.

– Жарайды, балам, – дейді ақсақал. – Сені ренжіткен болсам, кө­ңіліңе алма. Бұл дүние кем бол­ғанымен, бір қайыры бар екенін естен шығарма! Ештеңе бекерден-бекер болмайды.

Әсілі зұлымдыққа, әділетсіздікке душар болған адамның қандай күй кешетінін және оны ешуақытта ұмытпайтынын білсін деп соқтым. Ешкімге зұлымдық жасамасын дедім. Өйткені зорлық-зомбылық өзің көргендей қанша уақыт өтсе де жүректегі сөнбейтін бір отпен тең!

 

Айя София

 

Ыстамбұлда «Айя София» деп аталатын мешіт бар. Әу баста шіркеу болған. Константинополь тарихта Ыстамбұл болып өзгерген күннен бастап  мешітке айналған. Ал кейін Түрік Республикасы құрылған кезде мешіттік қызметі тоқтатылып, мұражайлық сипат алды.

Осы мешіт-мұражай кейде бүгінгі мұсылман баласының бейнесін көз алдыңа әкеледі.

Қараңызшы… Жер бетіндегі көне ғимарат. Ең ірі ғибадатханалардың бірі. Есігін айқара ашып қойған. Қазынасы әлі күнге дейін таусылмаған.

Алайда ешқандай құлшылығы жоқ. Екі дүние үшін салынған Құдайдың үйі бүгін бір-ақ дүниеге қызмет етеді. Мәні жоғалып барады…

Тіршілік – сән, құлшылық – мән.

Айя Софияны талай жырлаған Нежип Фазыл қандай жақсы айтқан: «Бес күндік өмірге бола ұрыс, мәңгіге қалар ма екен жарым ырыс…»

Екі жаһанға сай жаратылған жанға екі дүниенің де қайыры керек.

 

Ой қылмысы

 

«Миниялық Абдұлла» атты атақты романның авторы Хекимоғлы Ысмайылдың (шын есімі Омар Окчу) «Толғаныс» атты кітабын оқып отырмын. «Еңбек өмір шырағына май құяды, ал ой оны тұтатады» демекші, адамзат тіршілігіне жарық пен жылу себетін ой туралы біраз дүниені қозғаған екен.

…Ойы бар азаматтар қай кезде де кінәлі болып саналған. Ал ойсыздар ештеңеге қам жемеген.

Ойды қылмыс деп санайтындар: «Ойланудың қажеті қанша?» дейді. Өйткені ойсыз адамға сөзің оңай өтеді.

Олай болса, ғылымыңыздың, әдебиетіңіздің не керегі бар? Кімге қызмет етеді? Ұлтыңызға қызмет етпесе, еліңіздің еңсесін көтермесе, қажеті қанша? Ойлы адамның қалдырған еңбегі ше? Оны неге бағаламаймыз? Әлде санасыздыққа ерік бергеніміз бе?

Осы тұста бір ғұламаның сөзі еріксіз еске түседі: «Адамның ойы кең далада ұшып жүретін құстар секілді еркін болуы керек емес пе?! Оны ұстап алып, қапасқа қамау – қиянат.»

Иә, жағдай күрделі. Мемлекеттігімізді қайта-қайта өзгертіп келеміз. Ілгері қарай жылжығанымыз шамалы. Қаншама ардақтыларымыздың түрмеге тоғытылғанын көрдік. Назым Хикметті қамамай, керісінше, оның айтқан ғибратты сөздеріне мән бергенімізде ғой, бұл ел сөзсіз дамитын еді. Ұлтшыл ақын Нихал Атсызды шамамыздың келгенінше қадірлегенімізде, ғасыр ғұламасы атанған Саид Нұрсидің тәліміне шындап құлақ түргенімізде және басқа да ойшылдарымызды бағалағанымызда, қазіргі ахуалымыз мүлде басқаша болар еді. Алайда зиялылардың ойлы сөзіне ешкім мән бермеді. Керісінше, түрмеге қамап, үрім-бұтағымен көзін құртып тынғысы келді. Ендеше, бізге не қалды? Сол баяғы өзгермеген ел қалды…

Автордың ойтолғағын оқып отырып, өзіміздің күрескер Алаш зиялыларының тартқан бейнетін, көрген азабын ойлаймын. Сол арыстарымыз атылмағанда қазір қандай ел болар едік?…

 

Дауасы жоқ дерт

 

Ибн Синадан сұрапты:

– Дауасыз дерт бар ма, бұл дүниеде?

Ғұлама хикмет сөзін жасырмай:

– Жақсылық жамандықтан қайыр тілесе, дауасыз дертке айналады, – депті.

– Сонда не істеу керек?

– Білім мен өнерді қайыршыға айналдырмай, қамқорлықпен қарау керек. Өйткені қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады.

Әдепсіздікпен алысамыз деп мәдениетсіздікке, сауатсыздықпен жұлысамыз деп надандыққа жол ашпасақ болғаны.

Әйтпесе, руханияты жоқ дүниеден не қайыр?

 

Кесеші Жамал

 

Әуелі, түрік тілінде «кесенің» не екенін анықтап алайық.

«Кесе» деп кәдімгі алтын, не болмаса махорка сақтайтын қалтаны айтады. Сонсоң моншаға түскенде кір езуге арналған шүберекті де «кесе» дейді. Себебі, ол біз ойлағандай жөке емес, сабынсыз ысқылауға арналған кәдімгі шүберек қалта. Ал кесемен денені ысқылап жуындыратын кісіні түрік ағайындар бұрын «тәллақ» деп келсе, қазір «кесеші» деп атайды.

Демалыс күндердің бірінде моншаға барып, өзіме бұрыннан таныс, бұл күнде жасы егде тартқан кесеші Жамалға жолықтым.

Терлеп-тепшіп, ыстық мәрмәр тасқа жайғасып жатып Жамалдан «қал-жағдайыңыз қалай?» деп сұрадым. Қолына кесені байлап, асықпай арқамды ысқылай бастаған ол:

– Қалай айтсам екен… – деп сәл іркілді де, – Түркиядағыдай ғой, – деді.

– Сонда қалай? – деймін мен әңгімені одан әрмен қозғап.

– Көңілім тыншымай жүр. Соңғы кездері дұрыс ұйықтай алмайтын болдым, – дейді мазасы кеткендей қолы дірілдеп.

– Онда теңіздің жағасына барып, демалып қайтпайсыз ба?

– Жо-жоқ, сіз мені ұқпадыңыз, – деді ол енді себебін түсіндірмек болып. – Мен елдің жағдайына алаңдаймын. Жалғыз мен емес, қазір автобусқа мінсеңіз, метромен жүрсеңіз де елдің беймаза екеніне көз жеткізесіз. Мен жасым алпысты алқымдаған адаммын. Бұдан бұрын да қолына тізгінді алған талай басшыларды көрдік. Талай-талай төңкерістің, талас-тартыстың куәсі болдық. Бірақ бүгінгідей жыларман халді бастан кешіп, шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрген емеспіз.

– Қайткенмен де, Анажұрт деген ірі ел, ал Оғыз дегеніңіз нағыз оғланның өзі емес пе?! – дедім.

– Бабалармыздың бізге ірі мемлекетті аманаттап кеткені рас. Бірақ біз ұсақталып кеттік, елімізді талан-таражға салдық. Өткен шілде айында не болғанын жақсы білесіз ғой? – Мен оны білетінімді білдіріп, басымды изедім. – Бүкіл әлемге күлкі болдық. Сондай да төңкеріс бола ма екен? Оған ешкім де сенбейді. Елдің үрейін ұшырып, ылаңның көкесін қазір өздері қолдан жасап, көрсетіп жатыр ғой…

– Біздің елде Дулат Бабатайұлы деген ақын өткен. Міне, сол ақынның бір өлеңінде:

  • Елді судай сапырған,

Белшесінен батырған,

Шілдеде мұзды қатырған,

Толыны төгіп шайқаған,

Берілді тізгін ылаңға… – деген жолдар бар.

– Қарай гөр, қалай дәл айтқан, ә?! – деді кесеші аң-таң болып.

– Иә, сол түні әскери ұшақ біздің де зәремізді алып, төбемізге құлап түсердей болды ғой, – дедім мен әлгі оқиғаны есіме алып.

– Ендеше, сол күннен бастап, жанымыз тыныш таппайтын болды…

– Пайғамбар жасындағы адамсыз, алаңдамаңыз, бәрі қалпына келеді, – дедім оны өзімше жұбатқан болып.

– Білесіз бе, менің моншада осылай кесеші болып еңбек етіп жүргеніме қырық жылдан асты. Анда-санда өлең жазатыным бар. Өзім арнайы жазылған екі газетті күнде оқып, қызықты материалдарды қиып алып, сақтап қоямын. Әкем бастауыш мектепте мұғалім болды. Бала кезден оқымыстыларға еліктеп өстік. Яшар Кемалдың, Сабахатин Әлінің, Решат Нұридің, тіпті сіз жақсы білетін Чеховтың, Тургеневтің шығармаларын оқыдық. Еліміздің жарқын болашағына сендік. Өнеріміз өркендейді, әдебиетіміз дәуірлейді деп армандадық. Адамдыққа адал боламыз деп ойладық. Бірақ…

– Жамал аға, қырық жыл бойы осы жұмысты істеп келеді екенсіз. Жалыққан жоқсыз ба?

– Жақсы көретін жұмысыңнан қалай жалығасың? – деді Жамал кесесін жуып отырып. – Бұрынғыдай шапшаң жүріп, шаң жұқтырмаймын демесем де, шаршадым деуге аузым бармайды. Шынтуайтында, мен жұмысымнан емес, ластықтан жалықтым. Білесіз бе, қазіргінің адамы маған әлдеқайда кір сияқты көрінеді. Имандай шыным. Тым ластанып кеткен бе деймін. Бұрынғыдай қара жаяу емес, көлікпен жүреді, таза киінеді десек те, баяғы қолына кетпен-күрек ұстаған кісілерге қарағанда анағұрлым лас. Сол кірді күніге езіп, жуып-шайып жүрмін ғой. Тоқтай тұрыңызшы… – деді кенет жаңадан бірдемені ойлап тапқандай кілт кідіріп. – Әлде… әлде адамның жаны таза болмаса, денесі де жылтыр болғанмен, кір күйінде қала береді-ау деймін. Қазіргі шегіп жатқан қасіретіміз, көріп жүрген сұмдықтарымыз да осы ластықтан емес пе екен? Құдай қайырын берсін, әйтеуір!

 

«Өзге әлеммен таныстырған кісілерді құрметтемейміз бе!?»

 

Түрік қаламгері Ахмет Тұран Алқанның аудармашылар туралы жазған мақаласы осылай аталады. Мақаланың кей жерлерін қойын дәптеріме көшіріп жазып алыппын. Енді соны сіздермен де бөліскім келіп отыр.

«…Аударма – бағаланбайтын әдеби мамандық. Менің оны қарапайым ғана тілмен мамандық деп отырғанымды көңілдеріңізге әсте алып қалып жүрмеңіздер. Рас, аударма – әдеби жанр, әдеби өнер. Бірақ еткен еңбегіңізге арзымайды. Аудармашының сыйлық алғанын да өте сирек кездесетін құбылыс.

Әдетте аудармашыны аудармадан қате тапқан кезімізде ғана еске аламыз. Ал шындап келгенде, олар – әлем әдебиетімен таныстыратын әрі ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш ететін өнер иелері емес пе?

«Аударма әйелге ұқсайды, сұлуы адал, ал адалы сұлу болмауы мүмкін» деген де сөз бар. Дегенмен, кейде аудармашының жазушыдан асып түсетін кезі де болады. Сондықтан, әдебиеттің өрісін кеңейтетін де, ғылымды дамытатын да солар екенін ескеруіміз қажет.

Аудармашыға қарағанда, жазушы еркін. Қалағанын жазады. Ал аудармашы тәуелді. Кейде түрік тіліне аударылған бір кітапты қиналып оқығанымда, аудармашының қалай қиналғанын көз алдыма елестетуге тырысамын. Атқарылған орасан зор еңбектің бейнетін сезінемін.

Аударма – азапты жұмыс. Аударма жасап күн көру қазіргі кезде өте қиын. Әсіресе, мәдениет пен әдебиетті құлдыратып жіберген біздің қоғамда. Бақсам, бізге әлем әдебиетінің классиктерін аударып берген аудармашылардың көбісін біле де бермейді екенбіз. Атақ дегенді тіпті ауызға алмай-ақ қоялық, тым болмаса, бір парақ алғысхат алмай, бір ауыз жылы сөз естімей кеткен аудармашылар қаншама?! Бұл біздің  ұлттық трагедиямыз!

Тілді білетіндер көп, ал аудармамен айналысатындар жоқтың қасы. Егерде бір аудармашы мемлекеттің әдеби сыйлығына лайық деп танылса, мен соның өзін аз дер едім…

Ширек ғасырда «нарық, нарық!..» деп құр сөзбен қағанағымызды қарық, сағанағымызды сарық  қылған кезде, тым құрыса, қала арықтарынан  су ағыза алмағанымыз да рас. Семіз айтып, арық шықтық. Әйтпесе, біздің әдебиетіміз қай елдің әдебиетінен кем?!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button