Ғақлиат

Көргеніңнен көп екен көрмегенің ІІ

Исатай Әбдікәрімов

Шиелі аудандық патрия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған соң бұрын-соңды көмескілеу көрінетін өзге бір дүниенің есігін ашқандай әсерде қалдым. Орта қолды идиология саласының жетекшісі алғы шептегі беделді басшылардың тірлігіне  дендеп араласа алмайды. Енді олармен етене жақындасуға, кейбір мәселерел төңірегінде ақылдасуға, дастархан басында сұхбаттасуға тура келді.

Тың көтеру басталған алғашқы жылдары республиканың тізгіні кім көрінгеннің қолында жүрсе, Қызылорда облысының тағдыры да талауға түскен мүсәпірдің күніндей-ді. Басшылыққа  Сыр өңірінен кадр қарастыру ешкімнің қаперінде болмады. Біз білетін шамада облыстың бірінші хатшылығына Ибрагимов, Бектелеев, Қайсақанов, тың көтеру білікті қайраткерлерінің бірі Жанбаевтар келіп, көп тұрақтамастан жыл, жыл жарымда орын ауыстырып кетіп жатты. Онсыз да экономикасы ақсап жатқан Қызылорданың талабы кейін кетіп, тұралаған күйі мешеулік оқпанынан шыға алмады. Әрине, бұған аты аталған хатшыларды кінәлау әділетті емес, өйткені қайыршының қалтасынан қағып алғандай аз ғана қаражат соғыстан соң ағып-тамып жатқан экономиканың  жыртығын жамауға жетпейтін-ді. Сондықтан ба екен, әлде түсетін хатшыны тұқырытып тастау сол дәуірдің сүйегіне сіңген әдет пе, біздер аттанған барлық басшылардың артынан жаманат еріп, бір облыстың обалына қалғандай айып тағылып, күйелеп жіберетін.

Сталиннің мейірім, шапағаттан жұрдай тас жүрек адам болғаны рас,  бірақ оның мықтылығы мынада: мақсатын айқын көретін, осы мақсатта нақты жоспат бойынша жұмыс істейтін. Ұрлық-қарлық, өтіріктің өресін қысып тастады. Адамзаттың күллі күшін сығымдап ұстап оның қуатын тек екпінді құрылыстарға пайладанды. Соғыс жылдары қирап қалған тірлікті бес-алты жылда тікелей қалпына келтіру құдіреттің қолынан ғана келетін іс еді. Ол халықтың құдіретті күшін таныды және оны қаталдықпен болса да толық қуатында пайдалана білді. Сөй десек те Сталиннен ұрпақ игілігін көрердей мұра қалды ғай. Одан кейін үкімет басын билеген Н.С.Хрущевтің саясатын жүзеге асыруға біздің де қатысқанымыз белгілі. Жаңа басшының алғашқы күндерінен рухани дерті «коммунизм» екенін жұртшылық жақсы біледі.

Сөйтіп жүріп, ел бола жұмылып, Н. Хрущевтің басшылығымен шыққан қарулы-қарарларды  іске асыруға қауырт кірістік. Бұл үшін келер ұрпақ айыпқа бұйырмас, күшін әділетті іс деп түсінетін алпауыттың алдында тізе бүкеген ел некен саяқ. Тарихтың осындай шындығын айтпасқа амал жоқ.

Қазақстанға Пономоренко П, Брежнев Л. билік құрғанда облыстың шымбайына бататын талай кереғар тірліктер көз алдымызда жүріп жатты. Алты-жеті айға хатшылық жасаған С.Жанбаевтың шаруажайын хош көрмеген соң бір келген сапарында ақ оның тағдырын оп-оңай шешіп кетті. Ал одан кейін облысқа басшылық жасаған жерлесіміз С.Оспанов бел шешіп іске кірісіп үлгермеді. Орталық комитеттен келген А. Беляев деген хатшының көңілінен шықпай қалды. Екеуі бірге жүріп, осы облыстағы жиырма үш шаруашылықты аралап көреді. «Аттың жалы, атанның қомы» дегендей Сыр бойын ат үсті шолып шыққан А. Беляев Жалағаш станциясынан аттанғалы тұрып:

-Жалпы, Қызылорда облысын тарату керек. Бұл келешегі жоқ облыс. Өз бетінше аяғынан тұрып кете алмайды. Осы мәселені ендігі бюроның алдында қоямыз, – деген асығыс шешімді табан астында айтады.

– Қызылорданы таратсаңыз, бүкіл қазақ халқының қарсылығына қаласыз, – дейді Тереңөзек аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Н. Бердіқұлов. Жетісу өңірінде туып өскен осы жігіт Сыр өңірінің қол тума баласындай азаматтарының бірі еді. Оған лауазымды басшының бетіне жұлып алғандай етіп, ашық пікір айту сол кездегі өлшеммен оңайға түспеген. Бұл жолғы сөзінде ұлтшылдық ой-пікірге ұйғарып тұрғанын Беляевтың жүзінен оқу қиын емес-ті.

– Жақсы!…

Өзгеше ой пиғылын байқатпаған Орталық Комитетінің өкілі тым-тырыс жолға шыққан. Көп ұзамады, Оспанов та қызметінен түсті. Ең аяғы Қызылорда облысы басшының бірін алып, бірін сала беретін қолжаулықтың біріне айналды.

Талдықорған облысының тарауына байланысты бірінші хатшы болып бізге келген Ғ.Ілиясов майда-шүйда өсек-аяңды көбірек аулап, облыс үшін құлашын кең жайып жұмыс істеу орнына  жоқ жерден жау тауып, басымен әлекке түсті.  Сол кезде Орталық Қазақстан  партия комитетінің хатшысы қатысуымен Қызылродада өткен  Пленумда екі жарыла айтыс туып, оның оқыры Ғ.Ілиясовтың қызметсіз қара жаяу қалуымен аяқталды.

Қарапайым өмірдегі өз-өзін қорғауға қауқарсыз қара шаруа тәрізді қызмет адамдарының да бір-бірінен орынсыз қиянат шегетініне аудан басшысы бола жүріп, көз жеткіздім. «Қырсыққанда қымыран іриді», талабың жүрмесе тірлігің үйлеспей, ілгері басқан қадамыңның кері кететіні бар. Сондайда барлық сәтсіздікті жаңа келген басшыдан көріп, адымына аша таяқ қоятын салт болатын. Орталық Комитетте бел алған бұл саясат кадр төңірегінде өте әділетсіз ұғым қалыптастыратын.Осындай солақай соққы тиген адам алпыс екінші жылдары облыстық партия комитетін басқарған, КСРО депутаты Сәлімгерей Тоқтамысов еді.

Басшылар жиі алмасады, әрі қызмет орнымыз бөлек болған соң Сәлімгереймен де етене жақындасып, сырын алған адамым емес. Алайда,  оның шаруашылық жөніндегі білігі өзіне дейінгілерден кем соқты, сондықтан облыстың ішкі тірлігін түсінбеді – деп негізсіз ғайбаттаудан аулақпын. Сәлімгерейдің ең үлкен сәтсіздігі  –  сол кездегі үкімет басына жегі құртша өрмелеген И. Юсуповтың тілін таба алмауында ма деймін. Жалпы Оңтүстік Қазақстан  өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов қалай айыптауға да тұратын, жігіттерге көп қиянат жасаған адам еді.

1962 жылы қазанның ішінде қасына Сәлімгерейді ерткен И. Юсупов мен басшылық жасайтын Шиелі ауданына келді. Облыс билігі қолына тигеніне аз ғана уақыт болған Сәлімгерейді егінге су жетпей, елде қуаңшылық болғаны үшін, түсімнің төмендігі үшін жазғырудың жөні жоқ-ты. Сонда да болса көңіл-күйінің төмен екендігін заматында-ақ  аңғару қиын емес-ті. Екеуі шаруашылықты аралай жүріп, күріштің басында егіншілермен кездесті. Егін судың жетімсіз келетінін жыл басында сезгесін қолда бар күшті жинақтап, Сәлімгерейден техника көмегін алып, дарияның орта шенінен өзімше бөгет соқтырып, бүкіл аудан халқы аяғымыздан тік тұрғанбыз. Кішкене бөгетіміз дария суының деңгейін он бес сантиметрге дейін көтерді де, жағалай жатқан күріштерге су беруге септігі тиді. Судан Сырдың аузы құрғаған кезде де күріштік алқаптарымыз бәз-баяғы қалпында жайқала өскен.

– Шаруаң дұрыс екен, – деді Юсупов жұртшылықтың жасаған қам-қарекетіне ризашылық байқатып. – Бөгетті дұрыс салдырғансың.

Бөгет салу бір менің ғана еншім емес, оған Сәлімгерей де қол қабысын аямаған. Көре көзге бүкіл жақсы атты иеленгенше деп, облыс тарапынан көрсетілген техникалық көмектерді айтып бердім.

Юсупов құлағын салған жанша бір қырындай тыңдады да, ештеңе естімегендей кері бұрылып машина жаққа қарай бұрылып жүре берді. Осы арада С.Тоқтамысов туралы айтылған бір ауыз жақсы лебіздің өзін іші қаламайтынын қас баққан қызметкер түгілі, ойын баласы да аңғаратын. Машина ішінде де обком хатшысына деген қырын қабығын жазбай, жол үстінде мені икемдей сөйледі.

– Жолдас Әбдікәрімов… Ертең бүкіл облыс басшыларын орталыққа жинақтайын деп отырмын. Көпшіліктің талқысына салатын мәселеміз – қалай қылғанда Қызылорданың экономикасын көтеруге болады? Ақылдасайық, ашық пікіріңді айт, – деді.

Қарашаның он бесінші жұлдызында  облыстық партия комитеті үйіне бүкіл шаруашылық басшылары мен мамандар жиналдық. Юсупов Сыр өңіріндегі жағдайдың ауырлығын, оның басты себептерін анықтау себептерін керектігі жөнінде айта келіп:

– Жолдастар, ештеңе жасырмайық! Коммунист есебінде бір-біріміздің кемшілігімізді бетке айтып, келешекке пайдасы тиетіндей жақсы бір тоқтам жасайық! – деп жұртшылықтың жүзінше жанашыр түр танытып, ықыластана көз тастады.

Жиналысқа қатысушылар Юсуповтың Шымкенттен келгендегі мақсаты ілік тауып, Тоқтамысовты орнынан алу, сондықтан жұртшылық алдында: «коммунисше ашық сөйлесейік» – деп із тастап, тұзақ құрып отырғанын бәрі де түсінді ау деп ойлаймын. Өйткені, ол осы сапары Қызылорда халқының қамтығын жеген жанша күйіне сөйлеп, жұртшылықтың ашына әнгіме айтқанын естісе, «Осының бәрі Тоқтамысов жолдастың кемшілігінен, шалағайлағынан болған жағдай» – деген бір ауыз сөз шықса, Қызылордаға келген басты мақсаты орындалған болар еді.

Желдің қай жақтан тұрғанын аңдаған зерделі азаматтар қас қылғандай Тоқтамысов жөнінде орынсыз ғайбаттайтын әңгіме айтқан жоқ, қайта облыс басында қалыптасқан ауыр жағдайдың себептерін жайып салды.

– Юсупов жолдас, Қызылорда жерін суландыру бүгінгі күннің басты мәселесі деп қарайтын болсақ, ол республика басшылығының жәрдемінсіз жүзеге аспақ емес. Дарияның ағысы мен ауа райының қас қабағын бағумен қанша жылымыз бекерге өтіп барады. Құрғақшылық пен құаңшылық жылдары өнімсіз жұмысқа қуып салып, халыққа қашанғы салмақ саламыз? Одан да бізге республика, одақ тарапынан берілетін жәрдеміңізді тез арада жеткізулеріңізді сұраймыз, – деушілер көптен табылды.

Сол кездері Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істейтін Қапан Шағиев деген ағамыз:

– Мен сізді жақсы білемін. Кезінде де кемшіліктеріңіз көп болған. Жасаған қиянаттарыңыз да есімде, – деп турасынан кетті.  – Одан да басқа жағдайларды көптің көзінше беделді басшының бетіне басты. Мәселе шиеленісіп кетті.

Ойындағы орындармаған Юсупов негізгі бағытынан айрылып, сөз жүйесінен жаңылды да, тұзы-татуы жоқ жиырма минуттай бос әңгіме айтып, ақыры, жиналыс тиянақты бір пікірге келмей нәтижесіз тарады.

– Сіздердің тірліктеріңізді Мәскеуге, Алматыға жеткіземін, – деген бір әңгімені естігенбіз. Бірақ ол жаққа барған соң бұл уәдесі басқа арнамен ағып, ең ақыры, өлкелік партия комитетінің бюросында «Сәлімгерей Тоқтамысов облыс экономикасын көтеру орнына ел жағалап карта ойнайды екен. Шаруашылық мәселесімен мүлде айналыспайтын көрінеді» – деген пікір қалыптастырды. Бір таң қалатынымыз, біздің облыстың мәселесін қараған сол бюроға бір де бір басшы, не маман шақырылған жоқ. Барлық жағдайды сырттай, өз беттерінше талқылаумен шектелген.

Сәлімгерей жөніндегі арандатушылыққа ұмтыла үлес қосқандар арамыздан табылса да, ол жөнінде атын атап, түсін түстеп беруге құлықты емеспін. Арада қанша жыл өтті ғой, бір заманның екінші заманға кесірі тиер.

Мәскеудің «басшылығын нығайту» деген нұсқауымен ойнау қауіпті еді. Козлов та сондай маңызды тапсырмамен келген соң, ең кем дегенде обкомның бірінші хатшысын «құрбандыққа шалуға» тиісті еді ғой. Ол ертең Хрущевтің алдында көп жұмыс тындырдым деуге де керек. Осы «кандидатураға» барлық жағынан С. Тоқтамысов саптасып тұрды да, сол бюрода қызметінен босатылды. Юсупов дегеніне жетті. Екі басшының арасындаға өшпенділіктен облыс тағы да зиян болмаса, пайда көрген жоқ. Сол кезде-ақ Юсуповтың көкейін кесіп жүрген Қызылорданың көктеп-көгеруі емес, Д. Қонаевтың жұп-жұмсақ жылы креслосы еді. Көп ұзамай ол мақсатын да орындады.

Юсупов қулығына құрық бойламайтын адам ғой, қалың қазаққа егін еккізіп, қой бақтырып қойып, қандай қасиетімен Никитаға ұнап қалғанып тап басып айту қиын. Бірақ, онымен тұтас деңгейде жүрген жігіттердің айтуынша, 1962 жылдың күзінде мақта өсірушілермен Ташкент қаласында бүкіл одақтық жиналыс өткізіледі. Сонда Хрущев:

– Суармалы жер – біздің алтын қорымыз. Ол бос жатпауға тиіс. Оны ұқсатып кім пайдалана алса, жер –  сонікі. Республика арасында шекара деген мәселе болмасын, – дейді Қазақстанға иек қағып.

Міне, Хущевтің көкейіндегісін тоқып алған оңтүстік өлкесінің бірінші хатшысы Юсупов:

– Қазақстанның төрт ауданын шаруашылық  ыңғайына қарай Өзбекстанға беру керек! – деп ұсыныс қояды.

– Міне, интернационализм! – Бұл сөзді естіген Хрущев оның қай ұлт өкілінің аузынан шыққанына назар да салмастан президиум столында отырып мәз болып қалады. Юсуповты қазақ деп қалуы да ғажап емес.

Сөйтіп, бір ғана Қонаевтың тағдыры емес, өзіндік тарих-дәстүрлігі бар бар күллі Қазақстанның шекарасы сол сәтте қайта сызылған. Бұны Хрущевтан көрі, ел ішілік ауызбіршіліктің жоқтығынан, ұлттық сана сезімнің үркектігінен көруге болады. Нәтижесінде, ақ киізге көтеріп, боз биенің сүтіне шомылдыратын қазақ хандарының тарихи сапына Юсупов та еніп кетті.

Исатай Әбдікәрімовтың «Көргеніңнен көп екен көрмегенің» атты кітапынан үзінді. Жалғасы. Басы:

Ел тізгінін ұстаған ұлағатты жан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button