Қазақта кіндігінің қаны тамған деген ұғым бар. Адам анасының құрсағынан жер анаға келгенде, осы екі ұлы ұғымды жалғастыратын сәбидің кіндігі кесіліп, қаны жерге тамады. Сол қан өмірге пәк боп келетін нәрестенің қос анаға арнайтын адалдығының анты сияқты. Сондықтан да кіндігінің қаны тамған жерден ыстық ештене жоқ-ау сірә! Содан да болар ақын Әбіраш Жәмішовтің (1928-1995 жж) қай шығармасын алсаңыз да, шабытының туған жеріне, топырағына соқпай кететінін табу қиын. «Айналалайын ақ топырақ» атты өлеңінде:
Елдік, ерлік, еңбек, зейнет мекені-
О, Сыр -ана, өзіне не жетеді!
Кешіре көр, мынау менің жырларым,
Бола алмаса ақ сүтіннің өтеуі -деп тебіреніпті ақын.
Ақындықты ерте бастаған Әбіраш ағаның алғашқы «Жеңісіме шаттанам» -деген өлең толғауы. «Ленин жолы» газетінің 1945 жылғы 3 маусымдағы санында жарияланыпты. Ол кезде ақын – Әбіраш Қызылорда педагогикалық училищесінің 2 курсының студенті 17 жаста екен. Ұлы жеңіске арнаған бұл толғау: – Зор майданның жеңісін,
Бүкіл дүние тойлады.
Менде ортақ бұл тойға,
Еліммен бірге мақтанам.
Жыр бұлағын ақтарам,
Қуаныш бөлеп жүректі.
Жеңісіме шаттанам -деген жас ақынның бұла жанының ақ тілегімен аяқталады.
Жастайынан әлемдік құбылыстарға жіті қарап, оған өзінің терең ой толғаныстарын қосып жүретін, биыл туған ауданы мен құрдас 90 жасқа толатын Әбіраш ақынның талантының бастауы қайда жатыр?
Қазіргі «Шіркейіл» ауылының тумасы Ә.Жәмішов Қажы Мәдіқожа Диуанадан тарайтын Тапал Ахун (Нұрмұхаммед) Қадырұлының (1848-1921 жж) немересі. Білімге құштар Тапал Ахун тек діни шығармалар ғана емес, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан, Абайлардың шығармаларын оқып, жатқа айтып, балаларына үлгі өсиет етіп отырған. Әл-Фарабиді теңдесі жоқ ғұлама деп бағаласа, Фирдауси,Физули, Сайхалилердің шығармаларын жастайынан жаттап өсіпті. Ол діндар, ғұлама ағартушы ғана емес, қазақтың бірлігін, тұтастығын ойлаған, соған ат салысқан қоғам қайраткері.
Ә.Жәмішовтің арғы атасы Таспақожа Көшекұлы да ақын болған. Бір жақтан шаршап келе жатқан Таспақожа құдық басында атын суарайын деп астауға су құйса, аты үркіп суды ішпепті. Ашуға мінген Таспа атын қамшымен тартын-тартып жіберген екен. Артында тұрған ақын Ұлбике Жанкелдіқызын (1825-1849 жж) байқамаған. Сонда:
Інісі Күдерінің Таспақожа,
Атынды неге ұрасын басқа қожа?
Ретсіз қамшыңды жұмсай берсең,
Боларсың нағыз кедей қасқа қожа, -деген екен. Осыдан Ұлбике мен Таспақожаның айтысы басталады. Бірақ бұл айтыстың толық мәтіні бізге жетпеген. Өзімен тіресуге, сайысуға лайықты сөзі де, ойыда мағыналы Таспа ақынмен айтысу Ұлбиикенің өнерінің өресін кеңейтіп, ажарын аша түссе керек.
Көптеген діни, заманауи ғалымдар, ақын-жазушылар, Кеңес Одағының батыры, Еңбек Ерлері шыққан «Шіркейлі» ауылы менің де кіндік қаным тамған қасиетті жер. Тек аудан, облысқа ғана емес қазір республикаға танымал әншілер: Нұрадинова Назерке, Алиханова Гүлфира, актер Қозбағаров Мағауия т.б.көптеген танымал тұлғалар осы ауылдан шыққандар.
Ә.Жәмішов лирик ақын оның жүрек тебірентер, көіңл күйді қозғайтын өлеңдері баршылық. 1948 жылы жазған өмірден 18 жасында озған інісі Әбілге арнаған өлеңін зарығып, торығудан, қайғыға құса болудан көрі жігерін қайрай түсетін мына жолдармен аяқтапты:
Дүлей тағдыр, тізгіңіне көнбеймін!
Қыңыр тартсаң, тезге салып жөндеймін!
Бұл өмірден енші алмақ болып екі есе,
Інім үшін өзім үшін терлеймін.
1949 жылы жазған «Бала болып кетемін» атты өлеңінде туған ауылына деген сағынышын, балалық базарында өткен қызық кездерін:
Қандай рахат шіркін-ай далам бүгін,
Күлім қағып жабықтан қарады күн.
Туған үйде тұр екен мені күтіп,
Қалып қойған қоштаспай балалығым -деген өлең жолдарымен өрнектепті. Осы бір сезімге толы шумақтар кез-келген оқушысын өткен балалық шақтарына жетелейтіндей әсер беретіні табиғи шындық.
Туысы,құрдасы,жерлесі,әріптесі-Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен ақын Әбіраш Жәмішев автомат ұстап қанды қырғынға қатынаспағанмен, кетпен орақпен қаруланып, тылда талмай еңбек еткендер. Ол жайлы: -Анамның еріп соңына,
Ұстадым орақ қолыма.
Қиыны арық қазу ғой,
Атқара бердім оны да -деп ағынан жарылады ақын.
Ұлдарын соғысқа аттандырған, олардың аман оралуын зарыға күткен қарттармен, аналармен, қызықтары басылмай жатып жесір қалған жеңгелерімен жеңіс үшін жастай еңбекке араласқан ақын Әбіраштың творчествосында соғыс тақырыбы ерекше орын алады. Туған ағалары Ахметжан мен Сабырдан айырылған ақын:
Айта алам: «Қазір ауыл байыпты деп,-
Тұрмысы қалаға да лайықты, -деп,
Ал бірақ айта алам ба, -соғыс салған
Жандағы жарақаттан айықты»- деп жырлаған ақын, өзінің жан-жарасын «Сағындым сені ағажан» деген өлеңінде:
Атты ғой талай таңдарда,
Өтті ғой күндер, айларда.
Қан жылап кетті ішіміз,
Хабарың тоқтап қалғанда.
Сарғая күттік, сағындық,
Тәңірімізге де жалындық.
Сары алтындай Сабырды
Жоғалтып алып, сабылдық. -деген өлең жолдарымен бөлісіпті.
Жастайынан еңбекпен есейген Әбіраш аға шығармашылығында еңбек адамдарының есімдері ерекше аталады. Биыл 90 жылдығын тойлағалы отырған, облыс бойынша көптеген көрсеткіштерімен алда келе жатқан Сырдария ауданын ондаған жылдар басқарып, халықты толағай табыстарға жетелеген Соғыс және Еңбек ардагері Еламан Жүнісбаев (1922-2006 жж) жайлы:
Кешегі жойқын жорық жылдарында,
Жасқанып жаудан жүзің бұрмадың да.
Күні-түн оқ пен отты кешіп жүріп,
Бетпе-бет сұм ажалмен тұрмадың ба?! -дей келе, оның облыс,аудан экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосқан мол үлесін өлең жолдарымен өрнектеп, нарық жағдайында көп ретте жетіспей жататын ұрпақтар сабақтастығына мезгейтін төмендегідей оралымды оймен:
– Көп-ақ қой толғантқан ой мүлде тегі,
Дей алман: бәріне оның тіл жетеді.
Қашанда өзіңіздей жақсы ағалар.
Жақсы іні болуды да үйретеді.-деп тәмамдайды.
Әбіраш ағаның туған ауылы «Шіркейліні» бірнеше ондаған жыл басқарған Соғыс және Еңбек ардагері Жаңабай Азаматовтың (1913-1996 жж), Бесөзек ауылдық Кеңесін ұзақ жылдар басқарған Жақып Ыдырысовтың (1908-1980 жж) ерен еңбектері де Әбраш аға творчествосынан тыс қалмапты. Ағасы жайлы:
Ерекше бөліп айтсам Жаңабайды.
Демейді ешкім «Неге алалайды».
Ол да осы Сырдың сүлей бір перзенті,
Еңбегін елі-жұрты бағалайды. -десе, Жақып ағасының жұбайы сүйікті жеңгесі Күлбаршын қайтыс (1976 ж) болғанда ағасының көңіл күйін аулаған, оның қайғысын бөліскен ақын Әбіраш:
Ағажан көтеріп бас сергіт ойды,
Алдырма уайымға тұла бойды.
Ойласаң адамзаттан бермен қарай,
Күн жетсе ажал шіркін кімді қойды.
Балалар аман болсын артыңдағы,
Қайғыңа ортақтасты халқындағы.
Пенденің алды-артыңда сүйеу болса,
Көп ойдың содан болар сарқылмағы.-деп көңіл қошын білдіріпті.
Ақын Әбіраш қазақтың жоғарғы оқу орындарының көш басшысы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің (бұрыңғы С.М.Киров атындағы) журналистика факультетін (1956 ж) бітірген. Шығармашылық ортаға студент кезінен бастап ақ араласқан Әбіраш аға «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан), «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» жұрналы, «Заман Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде жемісті еңбек еткен. Бірнеше өлең жинақтары, репортаждары жарық көріп, көптеген әндерге мәтін жазған лирик ақын, әрі аудармашы. Кезінде республикалық деңгейдегі марапаттардың иегері. Оның ауылы «Шіркейлідегі» іргелі мектеп Әбіраш Жәмішовтің есімімен аталады. Мектеп ұжымы (директоры Назаров Жанболат) аудан бойынша көптеген көрсеткіштерден алдыңғы санатта келеді. Өткен жылдан бастап мектеп оқушылары ҰБТ көрсеткішінен аудандағы 17 мектептің алдында тұр. Өткен жылы аудан әкімдігі (Қазантаев Ғанибек) жариялаған 32 ұсынымдардан тұратын «Үздік білім Ордасы» атты байқауды жеңіп алды. Бұл жетістіктер мектеп ұстаздары мен оқушылардың өздері есімін паш ететін ақын Әбіраш Жәмішовтің 90 жылдығына арнаған тартуы болса керек.
Ақын ағамыздың туған топырағына деген талантының кейбір ұшқындарын көпшілік назарына ұсынғандай болдық. Сондықтан мақаламызды оның мына өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдік.
Туған жер -ақылгөйім, дана ұстазым,
Өзіңсің өмірімді бағыштарым.
Жылына бір-екі рет аңсап жетем,
Ай сайын келер ем-ау, алыстамын.
Қазыбай Құдайбергенұлы ҚМУ-дің профессоры