Ғалымның хаты

Күдеріқожа Көшекұлының туғанына 200 жыл

Күдеріқожа Көшекұлының туғанына 200 жыл толуына арналып 2020 жылы ақынның алғаш рет жеке шыққан «Күдеріқожа мұрасы» атты шығармалар жинағының

Биыл қазақ халқының асыл мұрасы – айтыс өнерінің ерекше үлгісі қайым айтыста атақты ақын қызымыз Ұлбике Жанкелдіқызымен бірнеше рет түсіп аты шыққан, әйгілі аға сұлтан Құнанбай қажы Өскенбайұлының өзі жасаған билігіне тәнті болып бас иген ақын, би болған Күдеріқожа Көшекұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Бір таңғаларлығы, қазақ әдебиеті тарихының төрінде есімі алтын әріптермен жазылған, кез келген әдебиетші ғалым болсын, не ескіліктен жеткен өлең-жырларға қызығушылық танытатын қатардағы қарапайым жан болсын, барлығы да есімін біліп құрмет тұтатын бұл ақынның бүгінге дейін жеке жинағы жарық көрмеген екен. Бұл кітап осы олқылықтың орнын толтырып, шашылғанымызды жиып, жоғалтқанымызды түген-деп, сынғанымызды бүтіндеу мақсатында қолға алынып, біртіндеп ұмытыла бастаған Күдері ақынның мерейтойына арнайы дайындалып, көпшіліктің назарына ұсынылып отыр.

Күдеріқожа Көшекұлы жайлы сөз бастамас бұрын оның шыққан тегі, әулеті жайлы қысқаша болса да баяндап өткен дұрыс болар.

Ақын бүгіндері қазақ халқының бір елеулі руына айналған, ел тарихында өзіндік орыны бар қожа әулетінің перзенті. Қазақ ішіне сіңісіп, қазақ атына ие бола білген бұл әулеттің ерекше қасиеті – олар ата-бабаларынан аманат болып келген ислам дінін уағыздау, мұсылманның парыздарын ұғындыру, шариғат шарттарын түсіндіріп, молдалық етумен қатар даланың көшпенді өміріне бейілдетіп, ел қатары күнделікті тұрмысқа етене араласып кете білгендігі. Қожалар қазақтың жан-дүниесіне не жақын болса, содан шеттемей, қайта керісінше қай саланы алса да өздерін жақсы жағынан көрсете біліп, бұрынғыдан бетер мәртебесі мен беделін өсіре алған әулет. Бұл әсіресе ақындық өнерінде кең көрінісін тапқан.

Сонау ХІІ ғасырда жасаған Қожа Ахмет Ясауидің даналық хикметтерінен бастау алатын қожадан шыққан ақындар қатары уақыт оза келе көбейе түсіп, тек толығумен ғана болды. Олардың сапында ақындығымен қатар батырлығымен де аты шыққан Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы, терме өнерінің майын тамызып атасы атанған Майлықожа Сұлтанқожаұлы, күйзелген елдің мұң мен зарын жырлап өткен зар-заман ақыны Шортанбай Қанайұлы, қайым айтыстың тасын өрге домалатқан Күдеріқожа Көшекұлы, халық аңыз әңгімелерін жыр-дастанға айналдырып, кітап етіп жазып бастырған Жүсіпқожа Шайқисламұлы, тағы басқа да көптеген өлең сөздің майталмандары қазақ әдебиетінің алтын сандығына өздерінің өлмес, өшпес шығармаларын салып кетті. Бұлардың қатарында Заман қожа Қожжанұлы, Таспақожа Көшекұлы, Сайыпназар Өтенұлы, Серәлі Ералыұлы, Палман ақын, Кенжеқожа Құлмырзаев, Нақып Кенесарыұлы, Рахмет Мәзқожаев, ағайынды Имаш пен Барат Нақыпұлы, Салқожа Жайнақожаұлы, Қуаныш Баймағамбетов, Әбіраш Жәмішев сынды ақындар бар. Олар да өз заманында елді аузына қаратқан өнер иелері бола білген.

Қазақ халқы, әсіресе ақын-жыраулар қожа ішінен жарқылдап шыққан сөз шеберлерін ыстық ықыласпен қабыл алып, бұған қуанбаса қайғырған емес. Мұны Сыр бойында ХІХ ғасырда орын алған мына бір оқиға керемет суреттеп бере алса керек.

Бір үлкен тойда Қаңлы Жүсіп арнайы дайындалып келіп Нақып қожамен айтысқа түседі де, жиналған жұрт екі ақынның көрсеткен өнеріне тамсанып тең түсті дегенде, Қаңлы Жүсіп «өлеңді қожа-молда айтпайды» деп би-болыстарға уәжін айтады да, олар қожа ақынды жығып береді. Мұның арты үлкен дауға айналады. Айналғанда оған жәй тыңдаушы халық қана емес, бұрын-соңды жұрт көрмеген әділетсіздік орын алғанын естіп-білген қазақтың өзінен шыққан ақындары жан-жақтан хат жолдап Қаңлы Жүсіпті қыспаққа алып, тәртіпке шақырады.

Сол даудың қалай өрбігенін көзімен көрген Серәлі деген кәрияның өз аузынан естіп бұл оқиғаны қызылордалық ақын Омар Сейітпенбетұлы өлең етіп 1985 жылы қағазға түсіреді. Онда Омар шайыр:

– О бастан бізде жүрген қожа-молда,

Білімнен шырақ жағып жарық берген.

Ежелден дін өкілі емес пе олар,

Қазаққа дін-исламды алып келген – деп тойға жиылған халықтың ойын білдіреді де, одан ары сол заманда есімдері жер жарып, дүрілдеп тұрған Сыр сүлейлері – Даңмұрын Омар, Кете Жүсіп, Бұдабай, Үкілі Ыбырай, Қарасақал Ерімбет, Молда Мұса, Дүр Оңғар, Тұрымбет, Шеген, Молдабай, Мансұр, Жорықбай, Тасберген жыраулардың Нақып қожаға қалайша араша түскенін баяндап береді.

Мысалы Бұдабай ақын:

– Хат жаздым қалам алып, Бұдабаймын,

Құрметтеп қожаларға қолын жайған.

Қожалар тіріге – пір, өліге – ту,

Бос қалма қарсыласып абыройдан.

Қожаны құрметтейді, бас иеді,

Болса да қанша тентек одырайған.

Шынымен Мұхаметке үмбет болсаң

Сөзді қой, үміт үзбе бір құдайдан! – деп сәлем жолдаса, Қарасақал Ерімбет:

– Қой енді, қалдырма сен көңілде өкпе,

Бағыңды басыңдағы кейіндетпе.

Шариғат саған айту жараспайды,

Құр босқа күлкі болма қалың көпке. – деп ескертетін болса, әйгілі Үкілі Ыбырай:

– Үкілі, хат келіпті, Ыбырайдан,

Талайды салдым тезге қыңырайған.

Мұсылман болсаң пірге қарсы келме,

Жүсіпжан, тәубаға кел, қайт райыңнан! – деген қолхатын жолдап, сүрінген ақынды жолға салуға тырысады.

Бір кереметі осы жағдайға байланысты Қаңлы Жүсіпке туыстық қатысы бар Молдабай ақын, өзінің бауырына бүйрегі бұрмай, туралыққа тұрып:

– Шайыры Жақайымның Молдабаймын,

Жүрген жоқ ешкімнен мен олжа алайын.

Жүсіпжан, сіз әулиеге қарсы кепсіз,

Мен сізге қандай шара қолданайын?

 

Ағаңның еркетайы болғаныңмен,

Сөзіңді Қожаға айтқан қолдамаймын.

Ағалық ақыл айту маған парыз,

Абайла, ақыреттің ойла жайын. – деп өзінің шын азаматтығын көрсете біледі.

Міне, Қазақ даласында ХІХ ғасыр барысында орын алған осы бір оқыс оқиға ел ішінде қожа әулетінің сол кездері қаншалықты қадірлі, сыйлы болғанын көрсете алса керек. Бұл жерде тек Нақып қожаға ғана деген халықтың ыстық ықыласы жатқан жоқ, мұнда онымен қатар, одан бұрын өмір сүрген, діндарлығы мен ілімділігін, әділдігі мен тақуалығын қатар калып жүре білген аға-інілері – Мәделіқожа батыр, Заман қожа, Шортанбай, Майлықожа, ағайынды Күдеріқожа мен Таспақожа, Сайыпназар, Жүсіпбекқожа, Серәлі қожа, Кенжеқожа, Палман ақын, тағы да басқа ақын-жырауларға деген елдің сүйіспеншілігі жатыр. Осыны оқырман қауым дұрыс түсініп, есінде ұстағаны абзал.

Жоғарыда есімдері аталған өлең сөз иелерінің артында қалдырған мұрасы әртүрлі. Мысалы атақты Майлықожаның шығармалары ХІХ ғасырда жасаған қазақ ақындарының ішінде, жаңылыспасам, ең көлемі мол болып сақталынса, Заман қожадан бүгінгі күнге бір-ақ өлең ғана жеткен екен. Басқа ақындарға келсек Мәделіқожа батырдың өлеңдерінен толыққанды бір кітап шықты, Шортанбайдан да солай, Жүсіпбекқожадан 3-4 том жыр-дастандар, Таспақожа, Нақып қожа мен Кенжеқожалардың сақталған дүниелердің басын қосса бір кітап шамасы, т.с.с. болып келе береді.

Ал енді осы, қолыңызға алған басылымға арқау болған Күдеріқожа Көшекұлының артында қалған төл туындыларына келетін болсақ бұл, ақынның алғаш рет жеке кітап болып шыққан басылымға, оның   саусақ санарлық өлеңдері, екі толғауы мен қатар бірнеше айтысы еніп отыр. Соңғыларының денін Күдеріқожаның аты ұмыт қалмауына бірден-бір себеп болған қазақтың атақты айтыскер ақын қызы Ұлбикемен сөз қағысулары мен бірнеше айтысы құрайды. Бұл айтыстар кітапта жеткенінше 2-3 нұсқада беріліп отыр. Себебі ондағы айырмашылықтар көп нәрсенің бетін ашып бере алады. Мысалы, орыстың атақты түркітанушы ғалымы, этнографы В.В. Радлов жария еткен нұсқасының соңындағы бір ауыз сөзді ешбір зерттеуші аузына алмайды екен. Ал онда айтыстың қалай біткені «Қыз жеңілді, Қожаға бір шапан берді» делінгені. Бұл жағдай зерттеушілірдің ойынша, өмірінде ешкімнен жеңіліп көрмеген деп әспеттеп айтылатын Ұлбикенің қадірін түсіретіндей болып көрінсе керек. Ал шындығында барлығы керісінше – бұл ақын қыздың ерекше жомарт жан болғанын көрсетеді.

Кітаптың ауызға алар жаңалығы – онда Күдеріқожа мен Өтебике есімді қыздың айтысы енгені. Бұл айтысты отырарлық ақын Балтабай Тебейұлының қолжазбаларынан іздеп тауып, аударып жариялаған, талай жылдар бойы күнгей зиялылары тұтынған жәдігерлерді жинастырып, өзі жетекшілік еткен «Руханият – Әбу Нәсыр әл-Фараби» музейіне тапсырған Абдулла Жұмашев деген азамат.

Және бір керемет жаңалық кітапта Ұлбике, Жанкел мен Күдері айтысының тағы бір, шымкенттік Қысыраубек Амантаев хаттаған нұсқасының алғаш рет жарияланғаны. Бұл ағамыз Ұлбикенің тағы екі бірдей Жанкел ақынмен айтысын сақтап қалған екен, оларды осында беруді жөн санадым.

Қорыта айтқанда бұл кітап қазақ халқының белгілі ақыны – Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдық мерейтойына арнайы сый ретінде жарық көріп, қалың оқырманның назарына ұсынылып отыр.

Қабыл алыңыздар!

 

Ералы Әсілханұлы Оспанов

Бұрын республика көлемінде белгісіз болып келген дүниелер:

КҮДЕРІ МЕН ҰЛБИКЕНІҢ СӨЗ ҚАҒЫСҚАНЫ

 (Омар шайырдың жазбасы)

Ұлбике мен Күдері ақын бірнеше рет айтысып, бір-бірін жеңе алмай жүріпті. Сөйтіп жүргенде Ұлбике қыр еліндегі Бойтан тентек дегенге ұзатылып кетеді. Күдері қожа болса, сол жақта бала оқытып жүреді. Содан ол Ұлбикенің хабарын естіп қыстүгүні қасындағы жолдастарымен Ұлбикенің ауылына келеді.

Ұлбикенің үйіне келсе, ол қар күреп жатыр екен. Күдеріні көре сала:

– Қожеке, көріп пе едің мұндай қарды,

Үсті қар, ал астында мұзы барды?

Үш жүзге аты шыққан Ұлбике ақын,

Күрек ап, белге буды беттегі арды, – депті.

 

Сонда Күдері:

– Ұлбике, біз де көрдік мұндай қарды,

Үсті қар, ал астында мұзы барды.

Істесең өз жұмысың, айыбы не,

Алдай бер күшін алып алған жарды, – депті.

Ұлбикенің атасы Күдері ақынға қысырдың тайын сойғызып, қонақ қылады. Сол үйге ауыл түгел жиналады. Кешкілік «қожамен айтыстырамыз» деп Ұлбикенің үйіне кісі жібереді. Содан ата-енесі барып, қолқалап, әзер деп шақырып келеді. Екі ақын бір түн, бір күн айтысып жеңісе алмайды.

Ұлбикенің ері ауылда жоқ екен. Ол ел арасында тентектігімен аты шыққан Бойтан тентек еді. Біреу оған Ұлбике мен Күдерінің айтысқанын жеткізіп береді. Жылқы басында жүрген Бoйтан тентек «менің қатыным есірейін деген екен, мен жоқта айтысып» деп қатты ашуланады. Шыдай алмай үйіне келеді. Келсе, жаңа ғана жатқан Ұлбикенің көзі ілініп кеткен екен, әумесер күйеуі есіктегі балтаны ала салып, оның сабымен төсектегі Ұлбикені шүйдесінен бір ұрады. Ұлбике қыс бойы төсек тартып жатып қалады.

Жаз шыға сол ауылға ел кезіп жүрген бір дуана келеді. Ұлбике оны үйіне кіргізіп, тамақ беріп қайдан келгенін сұрайды. Диуана Сыр бойының кісісі екен. Оған сол жерде екі ауыз өлең үйретеді. «Бұл өлеңді Сырға барғанда айтып жүрерсіз. Қырда айтпаңыз, өлтіріп кетеді» деп мұқияттап тапсырады. Диуана Сыр бойына келгенде сол өлеңді айтып жүреді.

Қайын атам Ұлбике деп қаңқалады,

Айтыс деп қожаменен анталады.

Қожамен айтыстырып бір күн, бір түн,

Қаумалап ортаға алып алқалады.

 

Мұны естіп Бойтан тентек түнде келіп,

Ұйқыда жатқанымда балталады.

Дариға-ай, Ұлбике өлмей, кім өледі,

Миымның айналасы қанталады.

Бұл өлең Сыр бойына түгел жайылып, Ұлбикенің төркін жұрты хабарланып, Қыр еліне іздеп барады. Барса, Ұлбикенің о дүниелік болғанына бір жыл болыпты. Олар Қыр елінен құн даулап, Ұлбикенің құнын алып қайтыпты.

 

СІЛТЕМЕСІ:

Күдері, Жәнкел мен Ұлбикеның айтысы (3-нұсқасы) – Омар Сейітпенбетұлы. Иманның нұры гүлденсін. Кітап. Қызылорда, 2014 – 180 б. (167-174 беттерде). Қызылордалық, халық Омар шайыр (1917-1991) деп атап кеткен белгілі Сыр сүлейінің кітабын қызы Мира Омарқызы дайындап бастырған. Пікір жазғандар:  Сарбұлақ Ибрашұлы мен Мұхамеджан Нұрханов. Кітапта айтыс «Ұлбике мен Күдері қожаның айтысы» деп беріліп, 1979 жылмен белгіленген.

 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button