Ғалымның хаты

Орта ғасыр ғалымы Низам ад-дин ас-Сайрами

 Орта ғасырларда тегі Орта Азиядан шыққан ғалым-филолог Әбу Йакуб Сирадж ад-дин ас-Саккаки (1160-1299) жазған «әль-Мифтах фи илм әль-балага» шығармасын әл-Хатыб әл-Казуини (?-1338) «Талхис әл-мифтах фи илм әл-балага» атты еңбегінде қысқаша баяндаған, ол кезінде атағы шығып, ғалымдардың назарын аударып, қызықтырған. Ғалымдар осы трактатқа жазған түсіндірмелер (шархи) мен түсініктердің ішінде ең танымалысы – көрнекті ғалым Саад ад-дин ат-Тафтазанидікі (1322-1390). Оның трактаты «әл-Мутаууал» деп аталды, шешендік ғылымында («ал-балага») құнды дереккөз болып, осы сала білгірлерінің арасында қолдау тапты. Осы шығармадағы сөйлемдер мен мағынасын айқындайтын сөздерді ұғындыратын түсініктер құрастырылды. Аталған трактатқа белгілі түсіндірмені 1430 жылы дүниеден өткен ортағасырлық қазақтың Сайрам қаласынан шыққан ғұлама – Низам ад-дин Йахйя ибн Сайф ас-Сайрами жазған. Кейбір ғалымдардың пікірінше, еңбектің түпнұсқасы жоғалып кеткен, бірақ, онан оның маңыздылығы кемімейді. Сонау басында жазылған еңбектен маңыздылығы жағынан кем түспейтін осы шығарма да құнды болып табылады. Аталған еңбектің екі нұсқасы, оның бірі – қолжазбалар кітапханасынан (Испания), ал екіншісі – Умм ал-Кура университеті жанындағы король Абдолланың кітапханасынан (Сауд Арабиясы) табылған, мұрағаттағы сақтау нөмірі 15840. Қолжазбалар туралы сөз қозғаудан бұрын, Низам ад-дин Йахйя ибн Сайф ас-Сайрамидің өмірімен танысып өтуіміз қажет.

Ас-Сайрамидің өміртарихын құрастырушылар оның нақты туған жылын көрсетпесе де, 780/1380 ж. дейін туған деп атап өткен. Өйткені, әкесі Каирге 790/1387 ж. келген кезде, баласы Йахйа шамамен 10 жаста болатын. Оның туған жеріне келсек, кезінде әкесі көшіп барған Тебризге ұқсайды¹. Ибн Имад (1623-1679) мынадай жорамал жасайды²: бала 7 жасында әкесімен Каирге келген, егер бұл дерек расталса, ол 783/1383 ж. туған, өйткені, тарихшылардың айтуынша, олар Каирге 790/1387 ж. жеткен.

Низам ад-дин ас-Сайрамиді әкесі өсіріп, тәрбиелеген, бастапқы білім берген. Ол ұдайы әкесінің жанында, сана және аңыз-әңгімелер, араб тілі ғылымдарын үйренді. Ол аталғандармен шектеліп қана қоймай, алгебра, медицина, философия, инженерия, астрономия және басқа да ғылымдарға деген зеректілігін көрсетті³. Сонымен, діни және пендешілік ғылымдардың барлық ғылым саласында табысқа жеткен Низам ад-дин ас-Сайрамиді ғалым-энциклопедист деп атауға болады. Ол ислам уммасының қайта өрлеуіне орасан зор үлесін қосты.

Оның өмірбаянын құрастырушылардың тәнті болуын аңдасақ, олардың    Ас-Сайрамиды дәріптеген сөздерінен-ақ білініп тұрады.

Ибн Хаджар әл-Аскалани (1372-1449) ас-Сайрами туралы: «Ол діндар, құдайшыл да иманды адам болатын, біздің шайхымыз Изз ад-дин ибн Джамаъа оның адамгершілігін мақтан тұтатын»4.

Ал, Имам ас-Суюти (1455-1505) ол туралы: «Ол жақсы оқытатын, тез түсініп, қағып алатын, шынайы, қарапайым, адал, әділ болатын, оның өз халқы арасында оған тең адам жоқ болатын»5.

Ибн ал-Имад (1623-1679) былай деп жазған: «Ол діндар, тілінің балы таматын, тақуа, пікірсайыс пен келіссөздерге шебер болатын, пейілі кең, ұстамды, құрметтеуге лайық, беделді, адамның мәшһүрі болатын»6.

Ол білім мен дінді құрметтейтін отбасында өсіп-өнді, ал мұндай ахуал адамның білімге жетіктігіне қуат береді. Низам ад-дин ас-Сайрами осы күнге дейін Каирде тұрған Баркукия медресесінің шайхы болған әкесі Сайф ад-дин ас-Сайрамидің (?-?) жанында болды. Әкесі фикх (мұсылман заңы), дін негіздері, араб тілі ғылымдары, мағына және баяндау (илм ал-байан, илм ал-маъани) туралы ғылым, алгебра, логика, медицина, философия, инженерия, астрономия ғылымдарында жетістіктерге жетіп, тағы басқаларын зерделеді. Осы білімдерді әкесі мен баласы болып бойларына сіңіріп, мүлтіксіз меңгеріп алды.

Кейіннен, ас-Сайрами Йахйа ұлды болды, аты – Әбд ар-Рахман ибн Йахйа ибн Сайф ад-дин ас-Сайрами, ол 813/1409 жылдың шаууал айының басында, Каирдегі ал-Машйаха медресесінің жанында туды. Сол жерде өсіп, әкесінен, сонымен қатар, Таки ад-дин аш-Шумунни (1398-1468) және басқаларынан діни білім алды. Ол қасиетті Құранды жатқа білген, әкесі Низам ад-дин дүниеден қайтқаннан кейін, 833/1430 жылы аталған медресенің жанындағы ал-Машйахты басқарды. Фикх, дін негіздері, араб тілі, мағына және баяндау туралы ғылымдарда үлкен жетістіктерге жетіп, осы оқу орнында сабақ бере бастады. Көптеген шәкірттері оның сабақтарының пайдасын көрді. Сондай-ақ, ол асқан алғырлығымен, жарқын дарынымен, күшті жадымен, ақкөңілділігімен, именушілігімен, қарапайымдылығымен, жылы шырайлылығымен, діндарлығы және тақуалығымен ерекшеленді. Мемлекеттің беделді адамдарымен тек зәру жағдайда ғана бастары қосылатын. Нәтижесінде, Ханифа мазһабының көрнекті өкілдерінің біріне айналды7.

Осы жанұядан білімдерді толығымен меңгерген, сол ғасырдың үш бірдей көрнекті ғұламасы шықты:

Атасы: Сайф ад-дин ас-Сайрами (?-?)

Баласы: Низам ад-дин Йахйа ибн Сайф ад-дин ас-Сайрами, біз қарастырып отырған қолжазбаның авторы

Немересі: Әбд ар-Рахман ибн Йахйа ибн Сайф ад-дин ас-Сайрами.

Тарихшылар Низам ад-дин ас-Сайрамидің 833/1430 жылы8 Каирде жайылған обаның салдарынан қайтыс болған деген пікірді қолдайды.

Эскуриал кітапханасындағы (Испания) Низам ад-дин Йахия ас-Сайрамидің трактаты

Қолжазба 443 беттен құралған, әр бетінде 29 жол, әр жолдағы сөз саны шашамен 18 болады. Қолжазба кейбір сөздерден басқа, анық ан-насх жазуымен жазылған.

Қолжазбаны екі бөліп көшіргенге ұқсайды. 211 бетте жазу анығырақ та әдемірек болып өзгерген. Осы бетке жасалған сілтемеде былай деп жазылған: «Қолжазбаны басынан бастап осы бетке дейін… Бадр ад-дин әл-Ханбалидің қолымен көшірілген, ол автор қолжазбасының таза данасын көшіріп жазған, ал мен онан осы дананы көшірдім. 236-беттен бастап қолжазбаның аяғына дейін, бастапқы жазумен жазылған».

Қолжазбаларда көшірушінің аты жазылмайды. Жолымыз болып, осы қолжазбаны көшірушінің аты жазылған екен: Әбд әл-Хакк ибн Мұхаммад ас-Синбати. Оның сөзіне қарағанда, осы қолжазба көшірілген, ол қолжазбаның байырғы нұсқасының иесі – Бадр ад-дин ал-Ханбалидің шәкірті. Оны Әбд ал-Хакк ас-Синбати келесі сөздерімен растайды: «Осы қолжазба Бадр ад-дин әл-Ханбалидің түпдеректен көшірген қолжазбасымен басынан аяғына дейін салыстырып тексерілді, мен осы дананы содан көшіріп жаздым. Дүйсенбінің түні, 886/1480 жылғы зул-каъда айының 24-і.

Егер автор 833/1430 жылы қайтыс болса, оның автормен жас айрмасы 53 жыл болады. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, қолжазбаны көшіруші айтпақшы, қолжазба даналарының көшірілген мезгілі 886/1480 жылға сәйкес келеді.

Алдымен, зерттеуші кітаптың басқа адамға емес, тікелей авторға тиістілігін растап анықтауы қажет. Кейде кітап пен оның авторы сәйкес келеді, атап айтқанда, басқа кітап авторлары автордың атымен аттас болса немесе еңбектері бір-біріне ұқсас болған жағдайлар да кездеседі.

Біздің қолжазбаның өз авторына тиістілігіне дәлел болатын үш уәж бар:

Бірінші уәж: кітаптың мұқабасында «Шайхы имам Низам ад-дин Йахйя ибн Сайф ас-Сайрамидің «ал-Мутаууалына» түсінік…» деген жазу бар. Сондай-ақ, трактат алғысөзінің мәтінінде автордың аты аталған.

Екінші уәж: автордың өмірбаяны бар басқа да шығармаларда келтірілген деректер. Олардың ішінде ғалымның тіл, баяндау туралы ғылым, риторика ғылымдарын мүлтіксіз меңгергені туралы айтылған. Тарихшы Шамс ад-дин Мұхаммед ас-Сахауи (1427-1497) «ад-Дауъ ал-ламиъ ли-ахл ал-карн ат-тасиъ» кітабында былай деп айтқан: «Ол өзін басқаларды оқытуға арнаған. Басқа мазһабтардың беделді ғалымдары оған ғылымдардың әрқилы саласындағы «ал-Адуд», «ал-Мутаууал», «шарх ал-Мауакиф», «Тафсир ал-Байдауи», «ал-Кашшаф» атты кітаптарды оқып берген. Оған арнаған мадақтарды естідім, айналасындағы адамдар оның сұңғылалығы мен діндарлығын айрықша атап өткен. Білімділігінің мықтылығы мен зерттеушілік қабілеті жағынан тіпті ал-Изз ибн Джамаъадан асып түскен деп те айтуға болады. Онан білім алғандардың ішінде «ал-Мантик», «ал-Мутаууалды» зерделеген ат-Такий аш-Шумунни (1398-1468) де болған, сондықтан Низам ад-дин оған өз қолымен ұзын түсінік жазып берген».

Тарихшы Шамс ад-дин Мұхаммед ас-Сахауи атап өткен «ал-Мутаууалға» берілген түсінік көз алдымызда, сондықтан кітаптың Низам ад-дин Йахйа ас-Сайрамиге тиістілігіне күмәніміз жоқ.

Үшінші уәж: осы пікірді жоққа шығаратын адамдардың жоқтығы, осылайша, егер жоққа шығарушының дәлелі жоқ болған жағдайда, шығарманың авторға тиістілігі анықталады.

Ас-Сайрамидың «ал-Мутаууал» кітабына жазған түсініктерінде қарастырылған кейбір мәселелер мынадай:

Ас-Сайрами өз Түсініктерін бисмилла (Алланы атау) мен Алланың атын мәшһүр етуден бастайды. Түсініктердің кереметтігі шешендікті («ал-балага») баяндау («ал-байан») жұлдыздарымен әшекейлеген аспанмен салыстырған. Ол: «Шешендікті баяндау аспан шырақтарымен әрлеген Аллаға шүкір. Шешендік ғылымының үш түрі бар: мағына туралы ғылым (ал-маъани), баяндау туралы ғылым (ал-баян), риторика туралы ғылым (ал-бадиъ). Осы баяндау туралы ғылым тәрізді шешендік ғылымын ол аспан күмбезін жарқыратып, әшекейлейтін жұлдыздармен  салыстырып, осылайша, баяндауды шешендік ғылымының барлық тарауларының әшекейі мен жұлдыздары болып табылады» деген.

Сосын шешендіктің шынар биігіне жеткен қасиетті Құран берілген Мұхаммед пайғамбарға Алланың игілігі мен сәлемін жолдайды. Ол Құранның шынайы ғаламаты оның керемет шешендігінде, ол сөздің майын тамызған арабтарды күмілжітіп, Құранның аятындай бірде-бір аят келтіре алмады. Құран шешендіктің шырқау биігі болса, өз кезегінде, баяндау ғылымы осы ғылымның аталған түрлері арасындағы шешендіктің шыңы болып табылады.

Сосын, ол бұл кітаптың «ал-Мутаууалға» берілген түсінік (шархом) екендігін, ал бұл түсініктің өз кезегінде имам Саъд ад-дин ат-Тафтазанидың «ал-Мифтахына» берілген қысқаша түсінігі екендігін атап өтеді. Ол осы еңбектің ерекше және еліктіретін қырлары, сирек кездесетін ережелері мен таңқалдырар талаптары барын түсіндіреді.

Оның шығармасын оқыған адамдарға кешірімділікпен қарап, жіберілген қателерді тапқан жағдайда түзетулерін өтінген. Осы тілегі арқылы шынай кемелге тек Алланың кітабы ғана ие екендігін айтқысы келген. Әрі қарай: «Құдай құлының ақыл-ойы шектелген, әлсіз екендігін өзі де мойындайды». «Білім жағынан асқан мықты емеспін» деген сөзінен оның қарапайымдылығын білуге болады, өйткені, кітапты оқыған адам әрқайсысы тіл, шариғат, философия ғылымдарын түгел қамтыған ғылымның молдығы мен айрықша дәлдікті табады, дегенмен, қарапайымдылығымен ерекшеленетін ғалымдардың, игі де діндар адамдардың жағдайы сондай».

Ас-Сайрами білім мен ғалымдардан гөрі надандық пен білімсіз адамдарды артық көретіндерге, әсіресе, ерекшеліктері шайылған, негізі осал, жарығы өшіп, мұралары құртылған әдебиет саласының жағдайына налиды. Бірақ, осыған қарамастан, аталған саладағы  трактаттарын жазуды жалғастырады.

Өзінің кіріспесін талпыныс марапатталады, білім бір адаммен шектелмейді, бір адамның өлімімен аяқталмайды, керісінше, барлық буынның ғалымдары шамасынша ақиқатқа қол жеткізуге талпынуы қажет: өйткені, білім бір ғана халықтың айналасында шектелмей, өз тіршілігін тоқтатпайды, деп тәмамдайды (13, 1).

Кіріспеде Ас-Сайрами анықтама берген кейбір терминдер:

 «Илхам» (иландыру, шабыттандыру) сөзінің анықтамасы

Ас-Сайрами «ал-илхам» сөзіне мынадай анықтама берді: бұл үрдіске шайтанның айдап салуын қатыстырмай, мақсатпен адамның жүрегін иландыру, бұл жерде делдалдың болмағаны міндет, ал «ал-иълам» (хабарлау) сөзінің мағынасы ауқымдырақ болып келеді.

«Ал-файд» (береке, жомарттық, кең пейілділік) сөзінің мағынасы

Тіл жағынан «ал-Файд»: «фаада» етістігінен жасалған есім сөз (масдар), «фаада ал-маа» сөз тіркесі – су арнасынан асты, су басты (13, 1) дегенді білдіреді.

«Ал-файд» термині қызметі үшін ештеңе талап етпей, әрекет етуші адамның ұдайы атқаратын әрекетін білдіреді. Мысалы: ал-Мабда ал-файйад –Жомарттығы асқан дереккөз.

Әрі қарай келесі мәселелерді ұғындырып, түсіндіре бастайды:

Әрбір мүдде белгілі бір әрекеттің нәтижесінен шығатын әрекет болса, ол пайда деп аталады.

Егер, оны осы әрекеттің бөлігі ретінде қарастырса, ол талпыныс (ал-гаайа) деп аталады.

Егер ол әрекет етуші адамның әрекетті бастап кетуіне қажет болған күнде, оны мақсат (ал-гарад) деп атайды.

Ал, егер мүдде әрекет жасауға итермелесе, онда ол – мақсатты себеп болып табылады.

Осылайша, пайда мен талпыныстың болмысы бір, бірақ, мақсаты жағынан әртүрлі, олардың мақсат пен мақсатты себепке де қатысы бар, ал, айырмашалығы мынада: мақсаттың әрекет етуші субъектіге қатысы бар, ал мақсатты себеп тек әрекетке қана қатысты. Алғашқы екі анықтау соңғы екеуінен ауқымдырақ.

Ал-маъани (маңыз) сөзінің мағынасы:

Ал-Маъаани сөз түрінде айтылатын санадағы бейне.

Ал-маъна (мағына, мән) сөзінің мағынасы:

Тілдік жағынан ал-Маъна «максад» (аудармасы мақсат, талпыныс дегенді білдіреді) сөзі тәрізді мафъал формуласы бойынша қалыптасқан, «Ман анааху» сөйлемі – «ойда тұтқан, көздеген адамыңыз» дегенді білдіреді. Егер біз сөздің аталуы мен мағынасы туралы айтсақ, оны «мафхуум» – мағына, мән дейміз. Егер оның адам атына қатысы болса, оны «мусаммаа» – есімі, атауы дейміз. Ал, ал-маъна сөзіне келер болсақ, егер оның адамға қатысы болмаса, ол «мафхуум» мағынасында, ал «мусамма» сөзі «мафхум»-ды да, «маъна» мағынасында да қолданылады. Мысалы, Зайда мен Амраға мусамма-раджул дейміз – ер адамның аты, бірақ, біз маъна-рраджул – еркектің мағынасы деп айтпаймыз.

«Хакаик ал-маъаани» сөз тіркесінің анықтамасы (мағыналардың болмысы)

Хакаик ал-маъаани – бұл шындыққа сәйкес бейнелер.

 «Ал-баян» сөзінің мағынасы:

Ал-Баян – адамның көңілінде жасырын жатқанды көрсететін шешен сөздер.

Сондай-ақ, бұл ішкі сезім, жасырын ойларды естілетін сөздер түрінде білдіру. Ал-хакаик (фактілер, ақиқат) сөзі ал-маъани сөзімен қосылады, сондықтан, олар сыртқы нышандарға қарсы тұрады. Хаза захир ал-амр, басқаша айтқанда, бұл істің шынайы мәнісі дейді.

«Ан-ниъма» (рақымшылдық, абатшылдық) сөзінің мағынасы:

Ан-Ниъма –  орнын толтыру мысалында, я пайда елтіру үшін, я зиянды бұрып жіберу үшін басқаға жасалған игілік. Ал «ан-Наъма» (сөздің бірінші түбір әрпінің фатхасымен) сөзі – молшылықта, берекелі өмір сүру дегенді білдіреді.

«Ал-иткан» (жетілгендік, шеберлік) сөзінің мағынасы:

Ал-иткаан – бұл дәлдік пен жетілгендік.

«Ал-хикма» (даналық) сөзінің мағынасы:

Ал-хикма – бұл нәрселердің болмысы мен олардың мақсатын білу.

«Ан-низам» (жүйе, тәртіп) сөзінің мағынасы:

Ан-Низам – бұл інжуді белгілі тәртіппен тізетін жіп, сондықтан, бұл сөз көрнекті түрдегі тәртіп ретінде қолданылады.

Ан-наби (пайғамбар) және ар-расул (уәкіл) мағыналарының айырмашылығы

Оны иландырып айтылған дүниелерді адамдарға жеткізуге жіберілген адам делінген.

Сонымен қатар, діни заңдардың бөлек жинағы (шариғат) берілген адам – уәкіл, ал пайғамбар – алдыңғы уәкілдің шариғатын ұстанған адам, мәселен, Мұсаның шариғатын Йуша пайғамбар ұстанған.

Тағы да уәкіл – Алланың құлдарына жіберілген адам, ал пайғамбар – Алла Тағаланың даңқын жайып, хабарлайтын адам, оны адамдарға жолдамаса да, мұндай анықтама осы сөздердің тілдік мағынасына сәйкес.

«ал-карам» (жомарттық, игілік) және «ас-самааха» (кішіпейілдік, кең пейілділік) тәрізді сөздердің мағынасы

«ал-Карам» – иесін аянбай сыйлап, пайдалы іс жасауға итермелейтін адами қасиет.

«Ас-Самааха» – мүліктік жомарттық, сондықтан «ал-карам» сөзінің мәні «ас-самаахаға» қарағанда ауқымдырақ (13, 2).

«Ад-дин» (дін) сөзінің мағынасы:

«Ад-Дин» – түсінігі бар адамдарға арналған құдайшыл заң, саналы, бүкіл жақсы игілікті таңдауында, ал басқа, ойдан шығарылған заңдар мен шектеулер дінге жатпайды, оған Құдайға сенбейтіндер мен екіжүзділердің шайтандары ойлап тапқан заңдары мысал бола алады.

Осы анықтауға қатысты маңызды тұстары:

«Жаралған» сөздеріне өсімдіктер мен ағаштардың өсуіне қатысты таңғажайып заңдылықтар кірмейді.

Сонымен қатар, «түсінетіндерге арналған» сөздеріне жануарларға қатысты таңғажайып заңдылықтар кірмейді. Оларға санасынан айрылғандарға байланысты заңдылықтарға жатпайды.

«Олардың саналы таңдауы» деген сөздер әрекет пен әрекетсіздіктің арасындағы таңдаудың бар екендігін көрсетеді, осылайша, сыйынғаны үшін адамға марапат көрсетіліп, ал бағынбағандығы үшін жазаланатындығын көрсетеді. Сондай-ақ, адамның интуитивтік іс-әрекетін ескермеуге жол беріледі.

«Мақтауға лайық» сөздері Алланың бұйрығындағы игіліктерге мегзейді, олардың таңдауына ұсынылғандары суреттелуі болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл құдайшыл заңдар болғандықтан, мұндай сипаттау сенімсіздіктен арашалау үшін қолданылуға жол беріледі. (13, 4)

«Ад-дин» (дін) сөзін жалған және шынайы заңдарға қатысты қолдану.

«Ад-Дин» сөзі Алла Тағала айтқандай: «Исламнан басқаны іздеген адамнан, …», сондай-ақ, «Сендерде өз діндерің, менде өз дінім бар» деген Құдайдың сөздері ауызша жалған заң ережелеріне қатысты айтылады.

Бұл сөз Алла Тағала: «Бүгін мен сендер үшін сіздердің діндеріңді кемеліне жеткіздім» деп айтқандай, шынайы заң ережелеріне қатысты қолданылады. Бұл сөзді оның мағынасына негіздей отырып, заң ережелерінің барлық түріне қатысты қолдануға жол беріледі, осылайша, бұл шындық немесе жалған болатын адамның неге сеніп, бас иетін дүниелерін айтады.

«Аш-шаръ» (дін заңы, шариғат), «ад-дин» (дін), «ал-милла» (сенім, дін) тәрізді сөздердің мағыналары

Алла Тағаладан уәкіл алып келген «аш-шаръ» болып табылады, өйткені Ол осылай түсіндіріп, көрсеткен.

Ал, «ад-Дин» – бұл оның діни ұстанымы және сыйынуы.

«Ал-Милла» – уммада айтылып, оқылғандар.

«Ал-Йакин» (берік сенім) сөзінің мағынасы:

Ал-Йакин – бұл именбейтін сенім.

«Ал-улум» (ғылымдар) және «ал-маъаариф» (білім, ілімдер) түсініктері арасындағы айырмашылық:

Ал-Улум – нәрселердің тұтастығы ұғымы, ал, ал-маъариф – болмысты ішінара ұғыну. (3 бет)

«Ан-нукта» (өткірлік, тапқыр сөйлемше) сөзінің мағынасы:

Ан-Нукта – «наката» түбірінен алынған сөз, ойлау нәтижесі болатын дәл мағына. «Наката фи-л ард» аудармасы – жерді тырмалау, жерде өз ізін қалдыру.

«Ан-назм» (ретті сөздер) сөзін Құранмен қатар қолдануы мен «ал-лафз» (сөз) сөзін қолданбауы – Автордың даналығы.

Ол «ал-лафз» орнына «ан-назм» сөзін қолданып, Құранды құрметтейтінін аңғартты, тілдік мағынада «ал-лафз» сөзі – шығарылу дегенді білдіреді және Құран тізілген інжудей реттеліп ұсынылғандығына мегзейді.

«Ат-тафсир» (түсіндіру) және «ат-тауиль» (түсіндіру, ұғындыру) мағыналары арасындағы айырмашылық:

«Ат-Тафсир» – хикаялар мен ғалымдардың пікірлері негізінде Құран мағынасын ұғындыру.

«Ат-Тауил» – ережелер негізінде Құран мағынасын ұғындыру.

«Ал-баян» (ұғындыру) және «ат-тибйаан» (баяндау, түсіндіру) мағыналары арасындағы айырмашылық

«Ат-Тибйаан» – толық баяндау.

Егер «Ал-Баян» – дәлелденбеген мазмұндау болса, «ат-тибйан» – дәлелге негізделген мазмұндау.

«Ал-басыра» (білім саралығы) сөзінің мағынасы

«Ал-Басыра» – шындықты өтіріктен толық ажырату қабілетіне ие болатын күш; толық хабардар болу. (4 бет)

Шежірелердің дәрежелері («ал-ансаб»)

Туыстықтың 6 дәрежесі бар:

1 – «аш-шаъб» (халықтар), ар-Рабиъа халқы тәрізді

2 – «ал-кабила» (тайпа), ал-Кинана тайпасы тәрізді

3 – «ал-фасыла» (отбасы), ал-Курайш отбасы тәрізді

4 – «ал-имара» (ру), ал-Куси руы тәрізді

5 – «ал-батн» (клан), Хашим кланы тәрізді

6 – «ал-фахз» (ұрпақ), бану Аббас тәрізді

Бұл дәрежелер иерархия құрайды, оның ең ауқымдысы «аш-шаъб» (халық) сөзі. Бұл иерархиядағы ең аз бірлік «ал-фахз» (ұрпақ) сөзі.  (13, 7)

Автор алғысөзін былай тәмамдайды: «Бұл шығарманың алғысөзінде ұғындыра алғаным осы, Алла бәрін біледі, кез келген жағдайда Аллаға шүкір». (13, 8)

Сонан соң, автор трактатты неге «бисмилла» (Алланы атау) және Алланы дәріптеуден бастайтынына түсінік беруден бастайды: «Алла деп бастау мен Оның даңқын шығару (с.ғ.с.) Пайғамбардың «Алланың атымен басталмаған кез келген маңызды іс толыққанды болмайды («ал-абтар» – шабылған)» деген хадисіне негізделеді; Пайғамбардың (с.ғ.с.) тағы бір сөзі бар: «Алланы мадақтаудан басталмаған кез келген маңызды іс өнбейді (актаъ)».

Осы тұжырымға қарсылық және оны теріске шығару:

Кейбірі айтқандай, осы айтылған сөздердің бір түрінен бастау – осы сөздермен бір мезгілде бастауға жол бермейді, оның қайшылығы осында.

Бұл қарсылыққа жауап:

Автор хадисті Алла деп бастау – шынайы бастау, деп жауап берді, Алланы дәріптейтін сөздермен бастау туралы хадиске келсек, ол қосымша бастауға қатысты, бұл оның атауы мен аталуы арасындағы сәйкестіктің көрінісі емес, Алла Тағаланың жоғары дәрежелігі – күмәнсіз ақиқат болғандықтан, аталған тәртіп Құдайдың жолдауына, саф таза Сүннет пен ғұламалардың барлығының пікірімен сәйкес, деп жауап берді. (13, 9). Осылайша басталу дәстүрлер мен салттарына сәйкес ауқымды болуы мүмкін, сондықтан, екі және онан көп түрлерін атауға жол беріледі. Біріншісі сыртқы қайшылықты жойса, екіншісі негізіндегі қайшылықты жояды.

Тағы бір қарсылық

Кейбіреулері былай деп қарсылық білдірді: мысал ретінде Алланың кітабын алсақ, оны Алла деп бастауға болмайды,  өйткені, бұл сөздер «Ан-Намл» сүресінің орта шенінде айтылып, оның бөлігі болып табылады, тіпті айтылғанға қайшы болатындай, кейбір аяттар сүрелердің басында келсе де, Құранды негізге алудың артықшылығы бар.

Осы қарсылыққа жауап:

Оған автор жауап берді: сүре басталатын «бисмилланың» сөздері Алланы дәріптеуден бұрын тұрады, ал «бисмилла» сүрелердің арасын бөлуге арналған Құранның аяты екендігі дұрыс пікір болып табылады. Сүлейменнің кітабы «бисмилладан» басталған, оның «Асылы бұл Сүлейменнен» деген сөзіне қатысты, Алла айтқан Балхистың сөзі: «Маған игі хатты тастап кетті». Басқалары оған: Бұл хат кімнен? Бұл не хат? – деп сұрағанға ұқсайды. Сондықтан, ол «Ол хат Сүлейменнен, онда: Рақымды да Мейірімді Алла үшін» – деп бастайды. Бұл қойылған сұраққа оның жауабы болды. Сондай-ақ, «ол – Сүлейменнен» деп өзі туралы айтқан деген пікір бар. Енді бір пікірде бұл кітаптың аты дейді. (13, 10)

Алланың құлдарына деген рақымшылықтарының түрлері

Автор Алла Тағала рақымшылығын бар және жоқ деп бөлген, осы түрлерін ішінен рухани және материалдық деп жарған, материалдық рақымшылықты ішкі және сыртқыға бөлген, осы түрлердің әрқайсысының тізбектеп жатуға қиын болатын көптеген тармақтары бар. Өз кезегінде, әрбір түрше қисапсыз дербес бірліктерге бөлінген. Егер адамның жаны осы түрлерді бөлек-бөлек санауға талпынған күнде, есебіне жетпес еді. Адам өз ризашылығын білдіргісі келсе, өзі өмірінде жасаған физикалық, сөздей, ақылай түрінде сыйынса да, оған жасалған рақымшылықтың тек бірінің ғана орнын толтыруға жеткіліксіз болар еді. (13, 12)

Алла Тағала өзінің болмысы немесе Өзінің қасиеттерін мәшһүр етуіне лайық па?

Бұл сауалға автор: Алла – бүкіл толыққанды қасиеттермен сипатталатын болмыстың аты, олардың жиынтығы Алланың Өз болмысы үшін оны мәшһүр ететін құқық болып табылады, деп жауап береді.

Әрі қарай Алла өзінің барлық сапасындағы толыққанды болмысы үшін мадақтауға лайық деген сөздермен осы тұжырымды түсіндіреді. Бұн оның барлық қасиеттеріне қатысы бар. (13, 17)

«Амма» сөзінің негізі (айыру бөлігі – харф тафсыл) және осы бөлікті алғаш пайдаланған:

Автор: Шурейх пен аш-Шаъби жеткізгендей, «амма» сөзін алғаш Дәуіт мырза қолданған дейді. Осы сөз Алла Тағаланың, «ас-Сад» сүресінде: «Біз оған даналық пен шешуші сөзді тарту еттік» деген сөздерінде тұспалданған. (13, 25)

Пайғамбар (с.ғ.с.) отбасы санатына кімдер жатады?

Автор айтты: «Пайғамбардың отбасына бану Хашим, бану ал-Мутталиб жатады, сонымен қатар, Фатиманың балалары кіреді, кейбірі – Пайғамбардың отбасы – бүкіл умма, деп айтылды. Пайғамбар мен оның серіктестері арасында салыстырмалы ортақтық бар. Мәселен, аш-Шафиъи бану Хашимге жатады, бірақ, серіктестері санатына жатпайды, ал Салман ал-Фариси Пайғамбардың серіктесі болса да, оның отбасына жатпайды». (13, 26)

Осылайша, Пайғамбардың отбасын белгілеуде бірнеше нұсқасының үшеуін автор атап өтті, бірақ, олардың бірін де түпкілікті расталған деп атаған жоқ.

Араб тіліне байланысты ғылымдар түрі.

Автор араб тілімен байланысты ғылымдар саны 12-ге бөлінген. Оларды атаудан бұрын, ол араб тілі ғылымының не екендігін түсіндірді: «Бұл сөздердің дұрыстығы мен дұрыс еместігін зерделейтін ғылым», деп осы түрлеріне түсінік бере бастайды:

Сөздің түбірі мен оның негізін зерттейтін ғылым «луга» – тіл деп аталады

Сөз түбірінен туындайтын сөздерді зерттейтін ғылым «иштикак – сөздің жасалуы» деп аталады

Сөз формасының өзгеруін зерттейтін ғылым «тасриф» – морфология деп атайды

Сөздің жалғауларын, оның өзгеруі немесе өзгермеуін зерттейтін ғылымды «наху» – грамматика деп атайды

Бір сөздің айтылған жағдайға сәйкестігін зерттейтін ғылымды «ал-маъани» – мәндері деп атайды

Сөздің анықтығы немесе жасырын болуына тәуелді көп мағыналы сөздерді зерттейтін ғылым «ал-баян» – мазмұндау, ұғындыру деп аталады

Сөз элементтерін әрлеуді зерттейтін ғылым «ал-бадиъ» – риторика деп аталады

Сөздің өлең өлшемін зерттейтін ғылым «ал-аруд» – просодия, метрика деп аталады

Өлең жолдарының аяқтамасын зерттейтін ғылымды «ал-кафия» – ұйқас деп атайды

Өлең жазу тәсілдері мен оның тәртібін зерттейтін ғылымды «кард аш-шиър» – поэзия деп атайды

Прозалық шығармалардың жазу тәсілдерін зерттейтін ғылым «иншаа ан-наср мин ар-расаил уа-л-хутаб» – хаттар мен уағыздарға негізделген прозалық шығарма жазу деп аталады

Сөздерді жазу арқылы көрсетуді зерттейтін ғылым – «илм ал-хатт» каллиграфия деп аталады.

Сонан соң, Низам ад-дин Йахйя ибн Сайф ас-Сайрами «ал-аруд» пен «кард-аш-шиър» ғылымдарының айырмашылығын атап өтті: «ал-аруд» – өлең өлшемдерінің бір-бірінен айырмашылығы. Ал «кард-аш-шиър» мінсіз,  өлеңнің ұйқасты өлшемі қалайша құрастырылғанын зерттейді. (28 бет)

Қолжазбаның 38-бетінде сайрамдық ғұлама барынша пайдасын келтіру мақсатында, қолжазбасында ғылым түрлерін қарастырған шығармасында атап көрсететінін айтқан:

Осы жерде Низам ад-дин Йахйа ас-Сайрами ғылым түрлерін қарастырған шығармасын тәмамдайды. Шығарма оның білімінің көптеген қырларын ашады. Бұл жерде автор көптеген дереккөздерге сілтеме жасайды. Шығарма философия мен логиканың басын қосқан. Оның ішінде автор ғылымдарды, олардың қалыптасуын және неден құралатынын көрсеткен. Сонымен қатар, келтірілген қарсылықтарға жауап бергені мәселені зерттеу мен пікірсайысқа қатысу қабілетін көрсетеді.

Низам ад-дин Йахйа ас-Сайрамидің шебер қарастырған мәселелері – бұл ғалым қозғаған мәселені зерделемеген ғалымдардың білім иелері, студенттер ішінен шыққан сұхбаттастарына, нақты салада мамандандырылмаған ғалымдарға, ғалым мамандарға деген қөзқарасы. Ғалым пікірін есепке алғанда, ас-Сайрами оларды 3 типке бөлген, ал-балага (шешендік) ғылымдағы мұндай бөліп-жару адруб ал-хабар (баяндаудың түрлері) деп аталады:

Бірінші тип: сұхбаттасыңыз тіптен хабарсыз болған жағдайда, оған айтылған сөзіңізде сенім болмайды.

Екінші тип: сұхбаттасыңыз абыржып отырса, мұндай жағдайда сендірудің бір түрін қолданған абзал.

Үшінші тип: сұхбаттасыңыз мойындамай, жоққа шығарып отырса, бұл жағдайда, сөзіңізді міндетті түрде сендірудің сәйкес формаларымен нығайтуыңыз қажет. (13, 79)

Осы сұхбаттастардың үш типіне ғалымдардың белгілі типтері сәйкес келеді:

Егер сауал қоюшы адам әңгіме тақырыбынан хабардар болмаса, онда ғалым оған сендіру әдісі қолданылмайтын сөз сөйлегені қажет.

Егер сауал қоюшы талқыланып жатқан мәселе бойынша күманданып отырса, онда, ғалым оның күманын сейілтетін сендіру әдісін қолдануы керек. Бірақ, бұл әрекет ғалым үшін міндетті емес, ал егер ол әдісті қолданса, нұр үстіне нұр болады.

Егер сұрақ қоюшы өзінің надандығы немесе өркөкіректігі садарынан жоққа шығарып, табанды түрде мойындамай отырса, онда ғалым оның күмандарын түбегейлі жою үшін, өз сөздерін қолынан келетін сендірудің барлық әдістерімен нығайтуы қажет. Бұл ғалым үшін міндетті болып табылады, өйткені, күманды жою оның шүбасыз міндеті болып табылады.

Ас-Сайрамидің сөздері адамдардың жағдайына қарай шамаластырылып, айтқан сөзі ислам рухының көрінісі болып табылады: өйткені, біреуге жаққаны, басқасына жақпайды, біріне пайдасы болса, басқасына зияны тиюі мүмкін. Несібе таратқандай, ақыл-ой таратқан Алла саф таза.

Осыдан кейін ас-Сайрами шешендіктің метафора мен аллегория тәрізді тарауларын қарастырады.

«Ал» белгілі артикліндегі хамзаны қалдырып кету:

Хамзаны дыбыстау кезінде онан кейінгі ал-лам әріпіне өтіп, хамза қалдырып кетілсе, хамзаның ережесі болуы мүмкін.

Дыбысталу кезінде алдыңғы әріпке ауысар алдында хамза болса, онда алдыңғы ережеге бағынбайды. Белгілі артикль хамзаны ауыстыра алмайды.

Белгілі артикльде хамза айырушы болмайды, ал үндесудің белгілі ережесі болмайды, хамза аталып өткеннен кейін, үндестікке өте сирек кедергі келтіреді, ал ол белгілі ережеге бағынбаса, ереже әрекет етпейді. (116 бет)

«Алла» ұлы сөзі жалқы есім бе, жоқ па?

Шейх ат-Тафтазани «Алла» сөзі құдайлық болмысына тиісті жалқы есімді екі тәсілмен ұғынуға болады: 1 – ең басында осы сөзбен Алланың асқақ болмысы аталған; 2 – жүзеге асырылған емес, мойындалған артықшылық жолымен, өйткені, жүзеге асырылған басымдылық осы сөзді басқаға қатысты қолданылуы тұспалданады, ал, «Алла» сөзі Алла Тағаладан басқа ешкімге қатысты қолданылмайды. Артықшылық мойындалғанда, «Алла» сөзі тек Алла Тағалаға қатысты қолданылады деген пікірге қайшы емес.

Сосын ас-Сайрами осы туралы ғалымдардың пікірін келтіреді: «Егер «Алла» сөзі жалқы есім болса, оған «Жалғыз» деген сөзді қосудың мәні болмас еді, өйткені, «Алла» сөзі екеуге емес, бірге қатысты ғана қолданылатыны мәлім. Бұл сенің сөзің тәріздес: Зайд біреу, тап сол мезетте, оның екеу емес, біреу екендігін барлығы да біліп отыр. Сондықтан, «Зайд біреу» деп айтудың мән-мағынасы жоқ. Егер бұл сөз толыққанды мағынада пайдаланылса, ол міндетті түрде бар Алла, тек Ол ғана басқалардың сыйынуына лайық. Өз Құдайыңды суреттеп берші деп сұрағанда: «хуа» сөзі (Ол) –  бастауыш, Алла – баяндауыш, ал «ахад» сөзі – екінші баяндауыш, не болмаса, Алла сөзі жалқы есім болған күнде, Алла сөзі болып табылады».

Ас-Сайрамидің пікірі:

Ас-Сайрами «Зайд біреу» дегенді олар екеу деген мәнде қолданбаса мағынасы жоқ деп санаған. Егер өз кезегінде, ол жоқ деген сөзге жауап ретінде болса, онда мұндай сөздің мағынасы болады. Алла Тағаланың: «Алла Жалғыз» деген сөзі – Аллаға ұқсастың жоқ екендігін білдіргендіктен, оның мағынасы бар. (13, 117)

Белгісіздік жағдайдағы қатыстық есімдік пен суреттейтін сөздің айырмашылығы

Олардың айырмашылығы мынада: бірінші жағдайда, нақтылау оның жағдайына тәуелді, ал, екіншісінде – жағдайына емес, сыртқы факторларға тәуелді, өйткені, оның нақты бөліктерінде пайдаланылатын жалпы ережелер мен толық түсінігі бола отырып, қатыстық есімдік бір суреттеу түрінде кез келген нақты нәрсеге қатысты қолданылады. Белгісіз жағдайдағы суреттелген сөздерге келсек, ол сыртқы факторларға тәуелді нақты нәрселермен шектелген толық түсінік үшін қолданылады. Қатыстық есімдіктен кейін тұрған сөйлемдердің екі жағдайы бар: 1 – ол өзінен-өзі белгілі; 2 – ол мегзелген нәрсеге арақатынасы жолымен анықталады. Ал суреттеу қызметін атқаратын сөйлемнің бір талабы бар – ол өзімен-өзі анықталады, сонымен қатар, ол нақты емес, белгілі бір нәрсеге қатысы бар, сондықтан, мұндай сөйлем алдындағы белгісіз жағдайдағы сөзді суреттеуі ғана болуы мүмкін. (13, 122)

Бөлуші есімдіктің мәнісі

Бөлуші есімдіктің негізі – суреттеу мен белгілі жағдайдағы баяндауыштың бөлінуінде, мәселен, Зайд – ол Амрадан артық. Бұл есімдік осы сөйлемде атап көрсетілген. Баяндауыштың анықтылығы бөліну қажеттілігін тудырады. Осылайша, озыңқы сөз ерекшеленеді, ал кейбірі оны шектеуге негіз қылды, белгілі жағдайдағы баяндауыш есімдіктен кейін келгендігін куәландырады.

Сондай-ақ, олардың әрқайсысы тәуелсіз, анықталған жағдайда екеуі де куәландыратын мағына береді. (13, 168)

Бастауыштың алдындағы жоққа терістеу және бастауыштан кейінгі терістеу.

Бастауыштың алдындағы терістеудің мысалы: «Ма ана култу хаза» – «айтқан жоқпын мен оны» және т.б.

Ал, терістеу бастауыштан кейін болғандағы мысал: «Хуа ма каала хаза» – Ол айтқан жоқ мұны және т.б.

Олардың айырмашылығы мынада: бірінші жағдайда бастауыш әрекет көзі болуы мүмкін деген жайт теріске шығарылады. Ал сұхбаттасы, сөйлеушіні нақ осы әрекет суреттеген адам деп есептейді, бірақ, сөйлеуші былай деп жауап береді: «Айтқан жоқпын мен оны, басқа біреу айтты», деп бастауышқа тіркелген әрекетті теріске шығарады, сонымен қатар, әрекетті басқа адам жасады деп сендіріп отыр. Осылайша, мұндай ерекшелеудің  мақсаты –  әрекетті басқаға аудару, өйткені терістеуден кейінгі растау – ерекшелеу болып табылады.

Екінші жағдайда, бастауышқа әрекеттің тіркелмейтін жайты расталады, ал сұхбаттасы оның бұл әрекетті жасаған жоқ деп шамалайды, ал сөйлеуші былай деп жауап береді: «мен ғана оны айтпаған, басқа емес», сөйтіп, терістеудің алдына бастауышты қойып, оны алдымен ерекшелеп, кейіннен әрекетті терістеуді айта кетеді, мұның бәрі бастауышқа қатысты осы әрекетті жоққа шығаруды ерекшелеу болып табылады. Осы арқылы, мазмұн мен сұхбаттас тарапынан екі конструкцияның айырмашылығы айқындалады. (13, 173)

«Мислук» немесе «гайрук» (сен сияқты; сенен басқа) сөздерінің қолданылуы жайлы бірер сөз

Бұл сөздер сұхбаттасымен ұқсастығы немесе айырмашылығы бар нақты адамға қатысты қолданылуы мүмкін. «Мислука ла йабхалу» – «Сен сияқтылар сараңдығын көрсетпес» немесе «Гайрука ла йаджуду» – «Сенен басқалар жомарттығын көрсетпес» деген сөз бар. Бұл жерде әңгіме үшінші тұлға жайында болып отыр, бұл сөйлемдерде қойылуына қатысты метонимиялар жоқ, өйткені, оның мақсаты –  атын атамай, оның суреттемесін қолдану жолымен, әлдебір адамның жағдайы болып табылады.

Бұл сөздер ұқсас және ұқсамайтын нақты емес адамға қатысты қолданылуы мүмкін, бұл жерде осы адамның сұхбаттасы немесе басқа тұлғаға қатысы туралы болса, онда оның қойылуында метонимия болып табылады, бұған кері жағдайда, қойылуының негізінде не метонимия, не қойылатын тұлға да жоқ болады.

Екінші түрі – барынша кеңірек таралғаны. (13, 187)

«Иза ал-фуджаиа» кенеттілік демеуліктері

Бұл демеулік есім сөйлеммен қолданылып, жауапты қажет етпейді. Ол сөйлемнің басында келтірілмейді, келер шақ емес, осы шаққа қатысты қолданылады. Араб филологы ал-Ахфаш (шамамен 830 ж. қайтыс болған) оны «харф» (көмекші сөз, демеулік) деп, араб филологы ал-Мубаррад (826-898) «зарф макан» (мекен пысықтауыш) деп, аз-Зуджадж «зарф заман» (мезгіл пысықтауыш) деп атаған, ал Абу-л Касым аз-Замахшари (1075-1144) «кенеттілік» (ал-муфаджаа) сөзінің туындысы – ұйғарынды етістік деп санаған, ғалымдардың басым көпшілігі оны етістік деп есептейді (аталған немесе ұйғарынды болса да), онан соң бастауыш, баяндауыш келтіріледі де, оның аталғаны немесе ұйғарындысы кейіннен, сонымен қатар, осы бастауыштың баяндауышы – «иза» демеулігі болып табылады (13, 204)

Шешендік ғылымындағы сөзшеңдік (ал-итнаб) ережесі

Қосылу жолында сөзшеңдікті болдырмауға негіз – жоққа шығару кезінде дәйексөз келтірумен тең. Сөзшеңдікті болдырмау қосылмау жолында да, растайтын сөйлемдерде келтірілетін дәйексөздерге де сәйкес негіз қалдырылады. Мәселен, «Ма ана Зайдан дарабту» – Зайдты ұрған мен емес; «Ма ана кумту» – тұрған мен емеспін. Бұл сөйлемдерде етістік аталмаған субъектімен шектелмейді, осылайша бұл жерде растау емес, жоққа шығару дәйексөздері келтіріледі. (13, 273)

Метафораның «тамсилия» (кейіптеуші) және «табаъия» (туынды), тәрізді түрлері бір сөзде бірігу мүмкіндігі жайлы зерттеу:

Түсіндіруші ат-Тафтазани бұған жол беріледі деп, оған дәлел ретінде «ал-Кашшафтың» авторы Абу-л Қасым аз-Замахшаридің (1075-1144), Алла Тағаланың сөзіне түсінік беруде айтқаны: «Олар өздерінің Құдайының адал басшылығына жүгінеді және табысқа қол жеткізді» («ал-Бакара» сүресі, 5 аят): Бұл аятта асқақтататын «ала» көмекші сөзін қолдану олардың табандылығы, ақиқаты нығайып, оны ұстануы мен бір нәрсенің үстінен асқақтап, оның үстіне отырғанның жағдайындай. Ал туынды метафора асқақтаудың мағынасы мен «ала» көмекші сөзін салыстырудан байқалады. Кейіптеуші метафора әр тараптың бірнеше ережесінің жоқ екендігінен көрінеді.

Метафораның екі түрінің басын біріктіруге болмайды деп айтылған, өйткені, туынды метафора барлығында болуы қажет, етістіктен жасалған атаулы сөздер – көмекші сөздердің мағынасымен байланысқан асқақтау, бастама және т.б. көмекші сөздер тәрізді дара мағыналар дейді ас-Саккаки (1160-1299). Олар жеке сөздермен өрнектелген дара мағыналар, ал, кейіптеуші метафора тараптардың өзара байланысын қажет етеді. (13, 369)

Метафораның дұрыстығына қойылатын талаптар туралы тарау

Бұл талаптар іс жүзінде салыстырылатын тұлғаға қатысты, ал ойдан шығарылған салыстырылатын тұлғаға қатысты аталған талаптар қолданылмайды.

Салыстырылатын объектілердің ортақ ерекшеліктері қашық та өзгеше мән берілгенде, салыстыру кемеліне жетеді. Толыққанды метафора толыққанды салыстырудан келіп шығады. Бірақ, автор осы тұжырымдамамен келіспей, салыстырылатын объектілердің ортақ ерекшеліктері айқын да түсінікті болуы керек деп ескертеді: айқындық пен көлегейлену ашық немесе әлсіз көрінуі мүмкін, сондықтан, салыстырылатын объектілердің ортақ ерекшеліктері қарабайыр ашық та, тіптен түсініксіз дәрежедегі көлегейленбеуі де қажет.

Қорытынды: салыстырылатын объектілердің ортақ ерекшеліктері адамдар арасында тым ашық болып көрінбесе, ең жақсы салыстыруды қолданатын ережелері сақталса және метафора салыстырумен араласып кетпесе, бұл жағдайда, ең жақсы және құпиялы метафора болады. (13, 376)

«Алла» деген ұлы сөзде метафора бар ма?

Автор тұспалдау (истиъара макния) арқылы «Алла» сөзінде метафора бар деп санаған, оған дәлел ретінде Алла Тағланың сөзін келтіреді: «Алланың қолы олардың қолының үстінде» («аль-Фатх» сүресі). Осы аятқа түсінік бере отырып, автор: осы аяттағы «Алла» сөзі серттеуші метонимия арқылы жасалған метафора деп айтқан. «Қол» сөзінде бұлдыр метафора бар.

«Алла» сөзінде ашық метафора бола алмайды, өйткені, Алла Тағаланың аты басқасына қатысты қолданылатындай, ол «Алланы» басқа бірдеңемен салыстыруды тұспалдайды – оған тыйым салынады: «Аты осындай басқаны білуші ме едің?!» («Марйам» сүресі).

Метонимия мен астарлаудың айырмашылығы

Метонимия (ал-киная) – сөзді астарлы мағынада қолдану

Астарлау (ат-таърид) – контекстегі астарлы мағынасын көрсете отырып, сөзді тікелей мағынасында қолдану.

Осы мәселені зерттеу:

Тікелей мағынасында ғана қолданылатын сөз бейнелі мағынасына қайшы келетін абстрактылы ақиқат болып табылады. Ал, метонимия – негізі жанама мағынада қолданылатын сөз. Астарлауда бір сөзбен тікелей және жанама мағынада шынайы немесе бейнелі болып келтіріледі. (13, 381)

Қорытындысында:

Бұл – шайхы Низам ад-дин Йахйя ас-Сайрами «ал-Мутаууалға» берген түсініктерінде қарастырылған кейбір мәселелер ғана, сонымен қатар, шешендік, грамматика, морфология саласындағы таңдамалы пікірлері оның танымының жан-жақтылығы мен ғылым түрлерін күмәнсіз игергендігінің  куәсі.

 

 Әбсаттар Дербісәлі,

ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының директоры,

филология ғылымының докторы,

профессор

Қолданылған әдебиет:

  1. Шамс ад-дин Мухаммед ас-Сахауи. Ад-Дуъ ал-ламиъ ли-ахл ал-карн ат-тасиъ. Бейрут 2003.
  2. Абу Фалах Абд ал-Хайй Ибн Имад ал-Ханбали. Шаджарат аз-захаб би-л ахбар мин аз-захаб. Каир 1933.
  3. Там же.
  4. Ибн Хаджар ал-Асқалани. Анба ал-гумр би абна ал-умр фи тарих. Бейрут 1986.
  5. Абу-л Фадл Жалал ад-дин Абд ар-Рахман ас-Суйути. Назм ал-акйан фи аъйан ал-аъйан.
  6. Абу Фалах Абд ал-Хайй Ибн Имад ал-Ханбали. Шаджарат аз-захаб би-л ахбар мин аз-захаб. Каир 1933.
  7. Ибн Тагриберди. Манхал ас-сафи уа-л мустауфи баъд ал-уафи. Каир 1933.
  8. Шамс ад-дин Мухаммед ас-Сахауи. Ад-Дуъ ал-ламиъ ли-ахл ал-карн ат-тасиъ. Бейрут 2003.
  9. Абу Фалах Абд ал-Хайй Ибн Имад ал-Ханбали. Шаджарат аз-захаб би-л ахбар мин аз-захаб. Каир 1933.
  10. Ибн Хаджар ал-Асқалани. Анба ал-гумр би абна ал-умр фи тарих. Бейрут 1986.
  11. Абу-л Фадл Жалал ад-дин Абд ар-Рахман ас-Суйути. Назм ал-акйан фи аъйан ал-аъйан.
  12. Таки ад-дин Абу-л Аббас ал-Убайди ал-Макризи. Ас-Сулук ли-маърифат дуал ал-мулук. Бейрут 1997.
  13. (Низам ад-дин) Йахйа ас-Сайрами. Китаб хашия ал-Мутаууал ли-шейх Йахйа бин Сайф ад-дин ас-Сайрами. Рукопись. Эскуриальская библиотека. Испания.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button