Мақтұм-Сейіт әулиеден Құрбан Қожаға дейін
Сыр елінде ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген бір топ қасиетті де киелі кісілердің есімдерін осы күнге дейін құрметпен атайды. Олар Ерсейітбембет, Қожжан қожа, Марал ишан, Мүсірәлі – сопы Әзіз тағы басқалар болып жалғасады. солардың бірі – Мақтұм-Сейіт әулие мен оның есімдері, ел аузында жүрген ұрпақтарына қысқаша тоқталып өтпекпін. Сонымен есімі біраз өңірге жайылған Мақтұм-Сейіт кім болған, жұртшылықтың есінде несімен қалды, қандай ізгілікті іс жасады деген сұрақтар төңірегінде әңгіме етпекпін.
Ел арасында тараған «Қожалар шежіресі» мен Мақтұм-Сейіттің ұрпақтарының өздері түзген тізбемен бұдан 170-200 жыл бұрын Бұхарадағы діни адамдардан жазылып алынған шежіреде Әзіретәліден тарайтын Мақтұм-Сейітті 43-ші, кейде 39-шы ұрпағы делінеді. Ал оның арғы бабасы болып келетін Мүлкілән (Сайд Маһарқұлан)-ды Пайғамбардың (с.ғ.с) 21-ші ұрпағы екені айтылады. Қасиетті Мүлкілән әулиенің мазары (мавзолейі) бұрынғы Тереңөзек ауданының Іңкәрдария ауылында тұр. Бұл ескерткіш республикалық маңызы бар деп саналып, мемлекеттік қорғауға алынған. Мүлкілән әулие шамамен хижраның есебінде 718 жылы туған.\
Мақтұм-Сейіттің шамамен 1590-1593 жылдары туғандығы айтылып та, жазылып та жүр. Оның қабірі (бейіті) бұрынғы Тереңөзек ауданының Шаған ауылының солтүстік батысында Сырдария өзенінің иінінде. Дария ның көктем мен күздегі тасу кезінде де мазарды су басқан емес. Мұны жергілікті халық Мақтұм-Сейіттің киелілігінен деп біледі. Шынында да солай-ау.
Ауылдары аралас-құралас болған Мақтұм-Сейіт Қожжан қожамен кездесіп қалған бір сәтте: «…Сен шөлде қаларсың, мен көлде қалармын» дегенінде Қожжан қожа: «…Мен шөлде қалғанмен айналамда ел айрылмайды, ал сен суда қаласың маңыңда ел болмайды» – депті. Шынында да екі киелі кісінің айтқандары дәл келген сияқты. Мақтұм-Сейіт су маңында қалды, маңайында ел жоқ.
Мақтұм-Сейіт Орта Азиядағы ірі діни өкілдері өмір сүрген Бұхара, Ташкент, Самарқан қалаларында болып, олармен үнемі байланыс жасап тұрыпты. Сыр еліндегі зерек балаларды алдымен өзі оқытып, кейіннен Бұхара қаласындағы мешіттер мен медреселерге жіберіп отырған.
Ол діни жағынан білімді, Құран Кәрімді жетік білген кісі. Өз заманының білгір адамы, шарапаты көпке тиген діни қайраткері болыпты.
Ел аузында Мақтұм-Сейіт «баласызға бала берген», «түрлі ауруларды жазатын» әруақты кісі болғандығын да әңгімелейді.
Бірде сырбойылық бір әйел атағы біраз жерге жайылған әулие атанған әйелді іздеп барып, өз мұңын шағып сырласады. Сонда ташкенттік көріпкел әйел «Менен неге көмек сұрайсың. Өз еліңде Мақтұм-Сейіт және басқа да киелі кісілер көп емес пе?» деп Мақтұм-Сейітті сілтепті. Баласыз әйел баба басына барып түнеп, Алладан жәрдем сұрапты. Түнеген уақытында ерекше сезімге бөленген әйел, көп кешікпей жүкті болып, ұрпақты болған екен. Ел ішінде ұрлық, қарлықпен күн кешетіндерді бір тылсым күшімен, ұрлықтарын қойдырған басқа да қасиетті де, киелі істері туралы әңгімелер ел арасында сақталған.
Мақтұм-Сейіттің өмірден өткен жылы белгісіз. Ұрпақтары 1926-1927 жылдары басы Смағұл Қожа болып, бұрынғы орнынан көрнекті етіп, кесене тұрғызады. Смағұл Сейітұлының түсіне үлкен бабасы Мақтұм-Сейіт кіріп, аян береді. «…Балам менің мәңгілік мекенім тозып барады, бір белгі салмайсың ба» дегенде оянып кетіпті. Содан інілері мен балаларына баба ұрпақтарының басын қосып, көрген түсін баяндайды. Олар өзара келісіп, өздерімен көрші Алаша, Есентемір, Керейт, Таздар, Тама, Ысық т.б. руларының белгілі адамдарымен сөйлесіп, келісімге келіп, Мақтұм-Сейіт басын қарайтуға мақұлдасады. Сонымен Алаша руының белгілі ұстасы Нұрпейіс Ізтілеуовке Смағұлқожа барып, күмбез салып беруді айтады. Ал ұста өзінің қазір қолы тимей жатқанын, келесі жылы салуға уәде беріпті. Ертеңіне азанда Нұрпейіс ұста Смағұлқожаның үйіне келіп: «…Болмады атаң түнде түсіме кірді. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, бабаңның ақ батасын алсам болды» деген екен ұста. Сонда баба Нұрпейіске құндақтаулы баланы ұсыныпты. Содан 1928 жылы Нұрпейіс ұстаның шаңырағына сәби келіп, оның есімін Мақтұм-Сейіт айтқандай Қожжан қожа деп қоюдан қорқып Қожан қойыпты. Бұл әңгімелерді белгілі ұстаз Қожан Нұрпейісов те айтқан-ды. Сол сияқты баба басына түнеу, Алладан тілек тілеу арқасында өмірге келген Жарылқасын Жаңабаев, Асарбек Тәуекелов тағы басқалар өздерінің өмірге келуін Мақтұм-Сейіт бабаның шарапатымен байланыстырады.
Ел әңгімелерінде Мақтұм-Сейіт жарлы-жақыбайларға көмек беріп және олардың балаларының Ислам дінінен хабардар болу үшін оқуға тартқан. Балалардың діни сауатын ашып, олардың ішінен зеректерін Бұқара, Ташкент қалаларындағы «Мир Араб», «Көкілташ» медреселерінде оқуға жағдай жасайды.
Мақтұм-Сейіт ұрпақтары арасынан 30-ға жуық ишан мен имам шыққан. Алдаберген, Сейітасан, Байтұрлы Меккеге барып қажы аталса, Сейітағзам, Темір, Сейітасқар, Балсапа, Қасым, Ташмұхамед, Есім, Икрам, Мақсұттар ишан деген құрметті де қасиетті атаққа ие болғандар. Олардың басым көпшілігі мешіт ұстап, имам болады.
Мақтұм-Сейіт Дәулетсейітұлынан Тәңірбердісейіт, Мәмбетәлісейіт туады. Мәмбетәлісейіттен – Үмбетәлі-Сейіт – одан Әдім-Сейіт, одан Мәлік тараған. Мәліктен Алдаберген, Сейітасан туады. Сейітасаннан – Смағұлқожа – одан өзім аралас-құралас болған Құрбанқожа Смағұлов 1940 жылы туған.
Халықтың қаржысы және қол күшімен салынған ескерткіште бір ағаш, болмаса темір пайдаланылмаған. Табаны төрт бұрышты, төбесі домалақтанып күмбез болып салынған.
Мақтұм-Сейіт жайлы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер көп-ақ. Олардың тағы бірінде: «Әулие басына бір байдың әйелі бір түйеге жүк артып түнеуге барады. Артынан кедейдің әйелі де зиярат етуге барыпты. Кедей әйел жанат тебенін шанша салып барса керек. Баба кедей әйеліне бір бала бердім деп аян беріпті. Соған өкпелеген бай әйеліне сен астамшылдықпен келдің, ана әйел шын пейілін көрсетті, оны Алла құптады», – депті.
Перовскі уезінің архив құжаттарында Мақтұм-Сейіт бабаның ұрпақтарының есімдері 1860-1912 жылдар аралығында кездесті.
Әбухамит би. Әбухамит Әбдірахманов қожа руына басшылық жасаған бидің бірі. Мөрлі би Шаған ауылы өңірінде туып, осында қайтыс болған. Көрші елдермен (ауылдармен) тату-тәтті тұруға ықпалы болған кісі. Би – 1863-1868 жылдарда патшалық құжаттарға қол қойып, мөрін басқан тұлға.
Әбухамит би 1858 жылы Түркістан бектеріне барып, келіссөз де жүргізген. 1862 жылы генерал-губернатордан күміс медаль, мауыты қамзолмен силанған. Өзіне қарасты 600 шаңырақтың жаз жайлауымен қысқы қоныстарын нақтылап, олардан түтінпұл жинау істерімен де айналысқан.
Софықожа Зікірияұлы. 1906 жылғы Шаған болысының біраз адамдарының аттары кездесті. Софықожа шамамен 1828-1830 жылдары туып 1870-1873 жылдарда өмірден өткен болар. Оның есімі 1853-1867 жылдардағы архив құжаттарында бар. Ол өзінің қыс қыстауы бабалары қоныс еткен «Аламесекте» отырған, осы Аламесек көлін иемденуді 1866 жылдың 12-шілдесінде Сұлтан Шынтаевқа хат жазып, өтінген. Ал оның балалары Сейдағзам, Мұхаммед, Әлиакбар, Софықожаевтар есімдері қатталыпты.
Софықожа Аламесек маңындағы ауылдың балаларын оқытып, мешіт ұстаған. Өзіне қарасты жерге арпа, бидай, тары егіп, малшаруашылығымен де айналысқан.
Бабай ишан Жүнісұлы. Бабай ишан – біраз жылдар орта жүз арасында молдалық етіп, мешіт ұстаған кісі. Ол кісі туралы ақын Асқар Тоқмағамбетов «Бабай ишан» мешітінде оқып, тәлім алғанын естеліктерінде жазып қалдырған. Арқадағы азаматтармен әңгіме қылсаңыз Бабай ишан есімін құрметтейтінін байқайсыз.
Қызылорла облысы бұрынғы Тереңөзек ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылының төңірегіндегі «Бабай ишан» мешітінің құлаған орны, мұнарасы осы жерде мешіт болып, балаларды оқытқан.
Бабай ишан Тәжікстанға өтіп кетіп, сонда 80 жасында дүние салады. Оның ұлдары Абдали, Қалымбет Тәжікстанда ұсталып «Халық жауы» ретінде атылған.
Бабай ишанның әкесі Жүніс – оның әкесі Зікірия болып, Мақтұм-Сейітке барып, 7-ұрпақ болып саналады. Зікірияның бір баласы Әлиакбар – одан Әбілпатта туады. Әбілпаттадан өзіміз көрген Оспанқожа туған. Ал, Жүнісқожада Бабай, Пазыл, Бөпетай, Әбдірахман, Әбіш, Әбдірәйым, Әмір-Темір болып тарқатылады. Бабай ишан шамамен 1856-1857 жылдары туған болады.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері
Тіршілік тыныс газетінен алынды