Жарық нұрдың сәулесі

Қасиетті ұрпақтың тағдыры

ҚУДАЛАУҒА ТҮСКЕН ҰЛЫ ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.)-НЫҢ ҰРПАҚТАРЫ (немесе ҚУДАЛАУҒА ТҮСКЕН СЕЙІТ ҚОЖА ҰРПАҚТАРЫ)

Бисмиллаһир рахманир рахим!
ҚУДАЛАУҒА ТҮСКЕН ҰЛЫ ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.)-НЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
(немесе ҚУДАЛАУҒА ТҮСКЕН СЕЙІТ ҚОЖА ҰРПАҚТАРЫ)
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан мешіт-медреседе 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет еткен, әулие, ғұлама, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның тікелей ұрпағы Аппақ ишан Сейдахметұлының 160 жасқа толуына орай, шөбересі Абдулхамид Абдунаимұлымен сұхбаттасқан едік
(Аппақ ишанның інісі Сабыр ишанның шөбересі Абдулхамид Абдунаимұлымен сұхбат)
…Атыс-шабыс. Аштық. Қызыл империя тарихта өшпес атын қалдырды. Қазақ жұртына «Қызыл репрессия» атымен белгілі бұл зұлмат қазақ елін түгел шарпыды десе болады. «Халық жауы» деген атпен қудалауға түскен қожалар, байлар мен қазақтың зиялы қауымы. Қиын-қыстау заманда Сейіт-қожа ұрпақтары да Кеңес өкіметінен қалыс қалмады. Оларды халықтың қас жауы етіп көрсетті. Қуғын-сүргін көрген қожалар тау-тасты, сай-саланы, орман-тоғайды, басқа шет елдерге бас сауғалауларына тура келді.
Кеңес өкіметінің зобалаңына түскен әулеттің бірі – Сейдахмет ұрпақтары. Соның ішінде алты алашқа Пір болған атақты Аппақ ишан Сейдахметұлы және оның бауырлары, балалары, отбасы мен туған-туыстары. Бұл сұхбатта қиын-қыстау заманда өз елінен қуғын көрген Сейдахмет ата ұрпақтарының бастан кешкендері айтылады.
Аппақ ишан атаның шөбересі – Сабыр ишанның немересі Абдулхамид Абдунаимұлымен сұхбаттасып, ел біле бермейтін ишандар көрген қиындықтың кейбір тұстарын әңгімелеуге тырыстық.
ҚОСЫМ ҰРПАҚТАРЫ
Қосым ұрпақтары – Сейдахмет ишанның 8 ұлы болған. Солардың ең үлкені – 1) Аппақ ишан, 2) Мәді, 3) Рахматулла, 4) Асадулла, 5) Сабыр, 6) Абдуғаппар 7) Ыдырыс, 😎 Низамиддин.
Барлығы да ілімді, діни сауатты болған. Соның ішінде Аппақ ишан алты алашқа рухани ұстаз болған жан. Діни сауат ашумен қатар, елді бірлікке, татулыққа шақырып, халықтың руханиятының өсуіне көп ықпал еткен данагөй ұстаз.
Ал Сейдахмет атаның бесінші баласы – Сабыр ата. Халық «Сабыр дамла» деп атаған. Сейдахметұлы Сабыр 10 жасында елден кетіп жат жерде білім алады. Ол Бұхара, Хиуа қалаларында 30 жыл оқыған. Сөйтіп, 40 жасында елге оралып ілімі асқан ғалым болып келеді. Шаян медресесінде мударис (дүниенің тілімен айтсақ «профессор, академик» деген лауазымдар) ұстаз болып қызмет атқарады. Сабыр ата қырық жасында үйленіп, екі әйелінен үш ұрпақ тарайды. Үлкен әйелінен Таһир мен Шайықхасан, кіші әйелі Орынгүлден – Біләл мен қызы Мехризариф дүниеге келеді (репрессиядан кейін Тайыр болып, ал Сейдахметовтер – Ахмедов болып ауысады. Көбінің аты-жөні өзгерген). Сабыр дамланың Таһир атты үлкен баласынан – Әуесхан мен Тәжіхан дүниеге келеді. Ал екінші ұлы – Шайықхасан әйелі – Мәді ишанның қызы Руман. Олардан – Абдунаим, Абдухалим, Абдужамил атты ұлдар мен Әлимахан, Гауһар есімді қыздары дүниеге келеді.
Кеңес өкіметі Сейдахмет ұрпақтарын қамауға алған кезде Сабыр ата 60 жастың шамасында, Аппақ ишан ата 62-65-тер шамасында, Бақиболла ата 26 жаста болады. Үшеуі «Халық жауы» деген жаламен қамалып кеткен соң, олардың әйелі, бала-шағасы да «қоғамға зиянды элементтер» деп қудалауға түседі. Сабыр атаның кіші әйелі баласы Біләлмен Шәуілдір жаққа төркінін сағалап кетеді. Ал үлкен әйелінен екі баласы Кентау жаққа Ащысай кенінде қара жұмыс істейді. Ол жерде де қара тізімге ілінеді. Ишанның жанашыр мүридтерінің бірі: «Ертең қара тізімдегілерді ұстап алып кетуге Шымкенттен әскер келеді, бүгін түннен қалмай кетіңіздер» – деген хабарды жеткізеді. Ағайынды Таһир мен Шайықхасан екеуі түйеге жүгін артып, үстіне бала-шағаны отырғызып, өздері есекке мініп, түнделетіп көшіп бара жатқан бір ауылға еріп, Өзбекстан жаққа қарай аттанады. Тіке кетпей айналма жолмен із жасырып, түнде жүріп, күндіз сай-саланы паналап, бірнеше айдан кейін Өзбекстанның Шахрисабиз деген жеріне жетеді.
«ХАЛЫҚ ЖАУЫ» АТАНҒАН ҮШ АҒАЙЫНДЫ
(Аппақ ишанның ұлы Бақиболла атадан естігені)
Сөйтіп, Шымкент абақтысына көппен бірге «халық жауы» деген жаламен Аппақ ишан және оның ұлы Бақиболла мағзұм, інісі Сабыр ишан үшеуі бірге қамалады. Абақтының іші сыз, еденнің ызғары денесіне сіңіп қалмасын деп 26 жасар Бақиболла мағзұмды астына шапанын төсеп, ағайынды Аппақ ишан мен Сабыр ишан екеуі кезегімен аяғының үстіне ұйықтатады екен. «Бұл балам әлі аманатты арқалап, жолымызды жалғастырады, тариқатымызды жандандырады» – дейді екен. Намаз уақыты болғанда кедергісіз есіктің құлпы ашылады екен (бұл тылсым сыр, ақылға сия бермейді). «Мен Мауияның үйіне барып намаз оқып, шәй ішіп келем, іздемей-ақ қойсын, өзім намаздан соң қайта келем деп, абақтыдан шығып кетеді екен. Атаның қарындасы Сабыр ишанның қызы – Ләйлахан (күйеуі Мауия), сол жақын жерде үйі болған, сауда-саттықпен айналысқан.
Бір күні сақшылардың бірі: «Сен шал, тәртіпке бағынбайсың» деп атаға жекіп, балағаттап қолы тиеді. Ата оған бір сөз айтады. Арада біраз күн өткен соң әлгі сақшының әкесі келіп, баласының үйде қорсылдап, доңыз құсап жер сүзіп жатқанын айтып жылап, кешіруін сұрайды. Сонда Аппақ ишан «оқ атылып кетті ғой» деп, әлгі кісіге қосылып жылап, «Аллаға көп жалбарынып кешірім сұраған» дейді.
«Абайсызда ашу үстінде ауыздан шығып кеткен сөз қате кетпейді. Сол себепті қарғыс айтуға болмайды. Ауыздан шыққан әрбір сөзіміз жақсы ма, жаман ба босқа кетпейді. Сол сәтте орындалмаса кейінге қалдырылады немесе кешіріледі ол жағы Алланың құзырында. Аузымыздан шыққан әрбір сөзімізді екі иықтағы періштелер жазып отырады» – деп айтып отырушы еді көнекөз қариялар.
Шымқаладан қызыл вагонға тиеп, Алматыға жөнелтетін кезде Аппақ ишан атаның бір мүриді бір қап тоқаш пен қоржында ет алып келіп береді. Вагон қазақ, орыс, әйтеуір әр түрлі ұлтқа лық толы. Адамдар аш, екі көздері қапта, жұтынып отыр дейді. Аппақ ишан баласына қарап: «Мағзұм, бұл кісілерге тамақтан бер» – депті. Бақиболла ата айтады: «Белімдегі орамалды жерге жайып, үш рет қос уыстап тоқаш тастадым, аш адамдар жерге түсіріп алмай қағып алып жатты» – дейді. Сол сәтте Аппақ ишан орнынан тұрып: «Ай, балам, қолдан бергенге құс тоймас» деп, үстіндегі шекпенін шешіп қаптағы тоқашты аудара бергенде біреу шап беріп қапты ұстай алып: «Мен бәріне теңдей бөліп берейін. Мына елдің бәрі аш, таласып бірінің үстіне бірі шығып, біріне тисе, біріне тимей, бей-берекет топалаң болып кетпесін» – деп жабыса кетеді.
Шымқаладан шыққаннан Алматыға бір жеті жүреді. Әр станцияға барғанда вагонды оқшау жерге ажыратып қойып, бір күн, жарым күннен соң қайта сүйреп кетеді. Бір-бірінен естіп хабарланған пірәдарлар, тоқтаған станцияда кезектесіп ет, тары, талқан, нан, тоқаш жеткізіп тұрады.
Сонымен, тоқтаған жерінде вагонның екі жағында білегіне қызыл шүберек байлаған, мылтық асынған екі сақшы тұрады. «Әйтеуір бізге келген тамаққа кедергі болған жоқ. Өздері жарытып тамақ бермеген соң ба, әлде Атаның қасиеті ме, кім білсін?! Алматыға жеткенше келген тамақты аз да болса теңдей бөлісіп жедік. Аузынан ақ май ағызбасақта жүрек жалғау болғаны рас» – дейді Бақиболла ата.
Алматы станциясына түскен соң, қатарға тұрғызып 10-15 шақырым Ақсай абақтысына қарай жаяу жүргізеді. Вагонда бірге болған адамдар аса сияқты сүйеніп келе жатқан екі таяққа үстіндегі шапанын шешіп байлап, зембіл жасап, Аппақ ишан атаның алдына тосады. Атаның қарсылығына қарамай кезектесіп аяғын жерге тигізбей көтеріп алып барады. Вагонда өздерімен бірге болған орыс кісі сауатты болса керек, қағаз, қалап ұстап, тізім жасап, жататын жерлерге бөлістіріп кіріп-шығып жүреді. Бір күні ол Аппақ ишан атаға келіп, «Сіздерді Керекуге (Павлодар) жіберетін болды. Ол жақ суыққа үйренбеген сіздерге қиын болады» – дейді. «Алматының ет комбинатына қасапшыларды теріп алып қалады. «Қасаппын» десеңіз, осында қалдыра аламын» – дейді. Сонда Ата: «Өмірі істеп көрмеген кәсіпті «қасаппын» деп қалай өтірік айтамын» – деп көнбейді.
– Сіз мал соймай-ақ, бірге жүрсеңіз болды, Сіздің норманы бәріміз жабылып жауып отырамыз, – дейді.
– Аппақ ишан ата болса, «Өтірік айтқан Алланың дұшпаны» – деп көнбей қояды.
– Жарайды, Сіз үндемей-ақ қойыңыз. Ертең қасаптар бір қадым алға дегенде, алға бассаңыз болды, қалғанын өзім реттеймін, – деп әлгі орыс кетіп қалады.
Ертесіне қасаптар бір қадам алға шықсын деген кезде Аппақ ишан ата орнынан қозғалмайды. Сөйтіп, үш ағайынды этаппен Керекуге айдалып кете барады. Керекуге барғанда абақтының бастығы бір қасиетті кісінің жатқанынан хабардар болып, Аппақ ишан атамен біраз сөйлеседі. Ата оған қарап: «Анаң әл үстінде. Сенің жолыңа қарап жатыр. Ағаң мен жеңгең қарамай кетіп қалған, қарындасың мен анаң көп қиналып тауқымет тартып жүр екен. Барайын десең жағдайың жоқ. Бір адам сырттан саған ақша әкеледі, соны алып анаңа барып қайт» десе.
– Ол не пара ма, қарыз ба? Алмаймын, – дейді.
– Алланың ризашылығы үшін, анаңның тілегін орындап жатырмын- дейді Аппақ ишан ата.
Сөйтіп, абақтының бастығы үйіне барып, ауру анасымен дидарласады. Көп кешікпей анасы дүниеден өтіп, ертеңіне жерлеп келген соң, Аппақ ишан атаға келіп: «Барлығы Сіз айтқандай болды. Сіздің әулиелік қасиетіңізге шын ықыласыммен тәнті болдым. Сізге деген ризашылығымның белгісі мен рахметім болсын. Сізді абақтыдан босатамын» – дейді. Ата оған «біз үшеуміз ғой» – дейді.
– Үшеуіңізді бірдей босата алмаймын. Бір адамға ғана шамам келеді, – дейді ол.
Аппақ ишан ата, сонда баласына емес, інісі Сабыр атамызға қарап: «Менің орныма Сіз шығыңыз» депті. (10 жасынан бастап Бұхара, Хиуа қалаларында ілім алған Сабыр ата көбіне өзбек тілінде сөйлейді екен. Содан «өзбек дамла» атанған). Сонда Сабыр атамыз өзбекшелеп:
– Шыққанда не істеймін? – депті.
– Сіз алымсыз, елге ілім таратасыз, – дейді Аппақ ишан ата.
– Дініміз үшін болса, әміріңізге құлдық, орындауға дайынмын. Бірақ дін жолында жүргендер түгел абақтыға тоғытылып жатса, бұл күнде саясаттың сайқалдығынан заманы тарылып жүрген халықтан ілім талап ететіндер табыла қояр ма екен? Табылған күнде де құдайдагн безген өкімет, бізді жайымызға қоймас. Қара басымның қамын ойлап, Сізді бұл жерге тастап кете алмайды екенмін. Не көрсекте, Сізбен бірге боламын. Біздің нәпсіміздің тәрбиесі үшін осы жер қолайлы екен, – деп абақтыдан шығудан бас тартады.
– Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Шамаң келсе баламды босат, – дейді абақтының бастығына. Сонда ол:
– Жасы үлкен қария болса бір сәрі, ауру-сырқау, есі ауысқан деген сияқты анықтама қағазбен босатуға болар еді. Балаңыз жас, оны босата алмаймын. Шығарудың мүмкіндігі болып жатса, өзім хабар беремін, – дейді.
…Бақиболла атаның айтқаны. «Сол жатқан барагымызға жапсарлас соғылған қой қораға жіберді. Міндетім – қойға шөмелейден шөпті бұзып арқалап әкеліп қойға салу. Жататын барак пен қой қораның арасы жақын. Айнала тікен сым тартылған. Бірнеше барак бір қорғанның ішінде. Қоршаудың төрт бұрышының мұнарасында қарулы сақшы тұрады. Қора мен барактың ортасында ертелі-кеш, қойға қарауға барып-келіп, еркіндеу жүремін. Атаның құрметіне бастықтың жасаған кеңшілігі болуы керек. Бір күні қатты жауыннан соң тікен сымның астынан жауынның суы шайған бір жыра пайда болғанын көзім шалып қалды. Еңбектеген адам сиярлық екен деп көңіліме түйіп қойдым», – дейді.
Сол түнде Аппақ ишан ата ұйқыдан оятып: «Мағзұм, Сізге жол ашылып тұр. Тез аттаныңыз» – деп әмір етеді. Шойын жолды жағалап жүре бер, аржағынан көмек келіп қалар» – дейді.
Сөйтіп, қой қораның жанында, тікен сымның астындағы күндіз көрген жырадан еңбектеп өтіп, қаша жөнеледі. Жыраның ішіндегі көлшік сумен балшыққа малынып, киімі зіл батпан болады, оны елеуге шамасыда жоқ. Бақиболла атаның шығып кеткенін ешкім байқамаған болады, артына қуғыншы түспеген. «Енді ертең ел жатқанға дейін мен іздемейді. Дабыл қағып іздей ме, іздемей ме, ол жағын абақтының бастығы өзі біледі. Менің ол жағын ойлайтын хәлім жоқ. Жортып жүріп отырып таң ата әр жерде шоқиып жиулы тұрған көп шөмелейлердің біріне ішіне үңгіп кіріп, үстімді шөппен бүркеп жауып жатып қалдым, – дейді Бақиболла ата.
Бұл өңірдің табиғаты ерекше, жері құнарлы, шөбі шүйгін, қара күзге дейін жап-жасыл болып құрап кетпей жайқалып тұрады. Жергілікті халық шапқан шөбін орған жерге шөмелей жасап үйіп қойып, қар түскен соң шанаға (өгіз, ат, түйе, әркім шамасына қарай) жегіп тасиды екен. Бақиболла ата ойға шомып отырып қалғып кетеді. Бір кезде қамшының сабымен етігінен біреу түртіп оятады. Қараса дәу біреу тұр. Мұрты шаптай, белінде қайыс белдік (ол кезде беліндегі үшелі келетін қайыс белдікке желкеден асырып ені бір елідей қайыс таспа тағылады, бұтына галифей шалбар, аяғында етік, өкімет адамдары да, шолақ белсенділер де солай киінетін). «Тұр!» – деп бетіне бажырайып біраз үнсіз қарап тұрдаы. Түріне қарасаң шолақ белсенді ме деп қаласың. «Бұл үнсіздік қаншаға созылғанын білмеймін. Ой деген жүйрік ғой. Неше түрлі ойлар, қиялымнан зулап өтіп жатыр. Ішімнен «Я, Пірім, Алла! Өзің қолда! – деп тұрғанымды да, отырғанымды да білмеймін, есім шығып сасып қалсам керек. Біраз үнсіздіктен соң «Алдыма түс деп» айдап келеді. «Ишан өзің құтқармасаң, хәлім мүшкіл» деп тынбай Құдайға жалбарынып келемін» – дейді Бақиболла ата. (Аппақ ишан мен інісі Мәді ишанның ортасында тел емген қозыдай үлкен әжесінің бауырында еркелеп өскен соң, әжесіне арқа сүйеп әкесін «Ишан» деп сөйлейді екен).
Біраз үнсіздіктен соң, жөн сұрасып: «Аппақ ишанға кім боласың?» – дейді. Баласы екенін білген соң «Аллаға шүкір» деп, өзі Аппақ ишан атаға бір тай беріпті. Ата оған: «Өзіңде тұра берсін, уақыты келгенде, өзім кісі жіберемін» – деп аманат етіп қалдырған екен. «Аппақ ишан ұсталып кетіпті» дегенді естіп, не істерін білмей жүргенде түсінде Аппақ ишан ата: «Аманаттың иесін жібердім» – дейді. Сөйтіп, түсінде көрген жерді айнымай танып, тауып алып, Бақиболла мағзұмға кез болады.
Ол аттың үстінде, Бақиболла ата жаяу, сырт көзге жасауыл тұтқынды алдына сап айдап келе жатқан сияқты. Өзі ықтасын жермен, сай-саланы сағалап жүріп ауылдың шетіндегі оқшау орналасқан бір үйге кіргізеді. «Ол үй иесіне жуындырып, тамақтандырыңдар» деп өзі кетіп қалды. Қуғыншы келіп қала ма деп, ауылдың сыртынан жол кесіп, тың-тыңдап, торуылдап жүрген болуы керек, кешке қарай күн бата бір-ақ оралады. «Бұл елдің үйлері де, моншасы да бөренеден соғылады екен. Моншаға түсіп, киім ауыстырып (үй иесі берген киімді киіп) тамақтанып, ұйықтап кетіппін. Аш өзекке түскен тамақ маужыратқан болуы керек» – дейді Аппақ ишанның баласы.
Сонымен күн бата Аппақ ишанның мүриді жарау шоқтығы биік, тоқпақтай кекіліне қолын созған адам әрең жететіндей, жуан аяқ, құйма тұяқ, майда жал, тықыр жүнді, жүзіктің көзінен өткендей сұлу бір атты әкеліп, алдына көлденең тартып: «Аппақ ишанға атаған тайым, міне биыл бесті айғыр болды, белгілі тұлпардың тұяғы, Сізді жолға тастамас» – деп қолтығынан сүйеп мінгізеді. Қоржынға жолға азық салып, үстіне жақсы тон кигізіп, қалтасына ақша салып, қолына ауылнайдың (ауыл әкімі) мөрі басылған қағаз береді. (Ол заманда паспорттың орнына Пәленше деген пәлен ауылдың тұрғыны оңтүстікке қызына, жекжатына қыдырып бара жатыр деген сияқты мәтінде бір жапырақ суреті жоқ қағаз берілетін). Бақиболла атаға ақ жол тілеп тұрып:
– Тақсыр, жолда мүридтеріңіздің үйіне түспеңіз. Заман қиын. Бірін-бірі ұстап беріп жатқан кез. Сізді ешкімнің танымағаны дұрыс. «Құдайы қонақ» боп мына қағазда жазылған аты-жөніңізді айтып кете беріңіз. Туған елге бармай әрі Ташкент жаққа қарай асып, заман түзелгенше бой тасалай тұрыңыз – деп шығарып салады.
«Керекуден жолаушылап атпен келіп, Өзбекстанда бой тасалап, көшіп-қонып жүріп, көп жерінде болдым. Кейінгі жылдары Тойтөбеге жақын Галақұдық, Алтыншы деген жерлерде тұрдық. Сталин өлген соң саясат өзгеріп, 1955 жылы «комендаттық режимді» алып тастап, репрессияны тоқтату сияқты заң шыққан соң елге барып-келіп, қатынаса бастадық – деп Бақиболла ата айтып отыратын» – деп әңгімесін аяқтады тектілердің тұяғы.
ТҮЙІН
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, аруақты тұлғаларды еске алып, оларды халыққа жеткізу парызым деп есептегендіктен, Аппақ ишан атамыздың 160 жылдығын тек ұрпағы ғана емес, ел болып еске алып, Ас берсек, «нұр үстіне нұр болар» еді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның да аруағы риза болушы еді.
«Руханият әлемінің дарабозы» болған Аппақ ишан атаның салып кеткен сара жолы, яғни дәстүрлі дініміздің сақшысы болған осынау қасиетті ұрпақтың бүгінде еліне берері көп. Сабыр ишанның шөбересі Абдулхамидтың әкесі Абдунаим, ал анасы Аппақ ишанның ұлы Алауиддин қаридың қызы Үрләйім. Осынау тектілерден туған текті ұрпақтың халқына берері де, айтары да мол.
Біз сол ұрпақтың қадыр-қасиетін ұғынсақ халқымызға «Алланың даңғыл жолы» ашылары хақ.
Ләйләхан-Лаура Айтқожақызы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button