Жарық нұрдың сәулесі

Шайхы Ахмет ишан

«Дүние өзінен безінбей тұрып, өзі дүниеден кеткен кісі бақытты»

Шайхы Ахмет – Сәйід әулетінен болып, жиырма бесінші атасында Хазіреті Әлиге немесе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатимадан тараған әулетке қосылады. Осыған орай Шайхы Ахметтің шежірелік таралуы былайша болып келеді: Шайхы Ахмет, Жамалиддин, Шәмшиддин, Хисамиддин, Әбдул – Хамид, Дінмұхаммед, Имам Шығай қожа, Имам Мумида қожа, Ахман қожа, Әлкен қожа, Төлежан, Аюбқожа, Жолдықожа, Мұхаммедмәди, (Мәдіқожа), Хасан әл-Асқари, Мұхаммед Нақи, Имам Мұхаммед Тақи, Имам Мұса Риза, Мұсақожа, Имам Мұхаммед Бәкір, Имам Жағфар Садық, Зейнулабиддин, Имам Хусайын және Хазіреті Әли.

Шайхы Ахмет ишанның түпкі аталары Арабстанның кең сахарасында, оның құм басқан шөл даласында өмір сүрген. Осы сахарада өмір сүрген халық түйе түлігін басты көлік ретінде пайдаланып, оның сүтін, жүнін және етін пайдаланады. Нақ осы жағдай Шайхы Ахмет пен ұрпақтары өмір сүрген қазақ даласының кең-жазира даласында қайта көрініс тауып, жер жағдайындағы ортақ ұқсастықтар бұл жерлер­де өмір сүрген халықтардың мінез-құлықтары мен кейбір әдет-ғұрыптарының да ұқсас болуына өз әсерін тигізеді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан он екінші ұрпақ деп есептелетін Мұхаммедмәди ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырған мирасқорлық дәстүр бойынша Қағбаға иелік етушілердің бірі болған. Ол көп оқыған ғұлама әрі машайық-әулие екен. Күндердің күнінде Мұхаммедмәди түс көреді. Түсінде пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) аян береді:

«Өзіңмен замандас Әмір Темір Ислам дінінің туын жоғары көтеріп, оның абы­ройын арттырып дүниеге таратуда үлкен қажыр-қайрат көрсетті. Сен де оған ақыл-кеңесіңді беріп көмектесетін бол!» – дейді. «Біріншіден, Әмір Темір арабтардың біраз жерін алады, мұсылман мен мұсылманның арасында қантөгісті болдырмау керек. Сондықтан Шам мен Ирак елдеріне барасың. Мейлінше қантөгістің аз болуы үшін ол елдерді Әмір Темірге бойсұнуға үндейсің. Екіншіден, өзің Әмір Темірдің жорықтарында қасында боласың, Ислам діні жолындағы адал еңбегі үшін оған «Сайыпқыран» деген атақ бересің. Үшіншіден, сенің ұрпақтарыңды өз кереметтерін түс арқылы қабылдап, түс арқылы аян беретін еттім», – деп хабар берген екен.

Әмір Темір 1336 жылғы 9 сәуірде қазіргі Қашқадария облысы «Хожа Илгар» қыстағында (кей тарихшылар бұл дерекпен келіспейді), түрік тектес барлас тайпасының көрнекті адамы болған Тарағайдың отбасында дүниеге келеді. Ол жастайынан өте зерек, қабілетті болды. Темірдің өз сөзімен айтқанда «жеті жасын­да медресеге барып, тоғыз жасында намаз оқып, он екі жасында өмір тіршілігіне араласа бастайды, өте діндар болады». Ол өмірге қадам басқан алғашқы сәтінен-ақ өзіне пір таңдап, өмірінің соңғы күндеріне дейін олардың ақыл-кеңестерін басшылыққа алып отырған. Әсіресе, Шамсиддин Кулал оның жастық шағында дұрыс қалыптасуына өз әсерін тигізген алғашқы пірі еді. Мемлекет басқару ісіне араласа бастаған кездегі пірі Сәйід Бәкәрә деген кісі болды. Сәйід Бәкәрә Темірдің кеңесшісі болып, оның өмірінде маңызды рөл атқарады. Соғыстар мен жорықтарда жанынан бір елі қалмай еріп жүреді.

1391 жылы Жайық (Орал) өзенінің бойында Тоқтамыспен болған шайқаста мынадай бір оқиға болады. Темірдің әскерлері өте қиын жағдайда қалып, кейін шегіне бастайды. Осы кезде Сәйід Бәрәкә аттан түсіп, ұсақ тастарды теріп, дұға оқып, дұшпан жаққа қарай «жау қашты» деп шашып жібереді. Осыдан рухтанған Әмір Темір дұшпанды жеңеді. Әмір Темір Сәйід Бәрәкәнің қабірінің аяқ жағына жерлеуді өсиет еткен.

Әмір Темір Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеттері Сәйідтерге, шайхтар мен ғұлама, дәруіштерге қамқор болған. Жаулап алған елдеріндегі мешіттерді жөндетіп, жаңа мешіттер салдырған. Әмір Темір «келешекте мұсылман дінінің үстемдігі орнайды» деп сенеді. Ол үшін алдымен мұсылман елдерінің басын біріктіріп, кейін басқа елдерді Ислам жолына түсіру үшін күрес бастамақшы болады. Бұл ұлы бастамада негізгі тірегі өзінің ақылгөй пірлері мен кеңесшілері және жақсы дайындықтан өткен әскері болады деп топшылайды. Әмір Темір өзінің «Ислам діні үшін ұлы мақсатына өз еркімен қосылғандарды құрметтеп, қошеметтеймін, ал қарсылық көрсетіп, жеке басының қамын ойлаған топастарды аямай жаза­лаймын», – дейді. Әмір Темір алдымен өзіне таяу көршілес отырған елдерді біріктіреді. Шам мемлекетінің астанасы Дамшыққа жақын келіп, шаһар әкіміне өзінің мақсатын айтып елші жібереді. Дамшық әкімі Танам Әмір Темірдің алды­нан шығып, оған көп қымбат бағалы сауғалар тарту етеді. Әмір Темірдің келетіні, оның ұлы мақсаты жайлы Мұхаммедмәди Хазіреттің алдын ала білдіргенін ай­тып, өзінің бұл мақсатқа үлес қосуға әзір екендігін хабарлайды. Өз кезегінде Әмір Темір де Танамға ризашылығын білдіріп, оған сауғалар беріп, Дамшықта билік жүргізе беруіне сенім білдіреді және Хазіреті Мұхаммедмәдиге барып, зиярат қылатындығын айтады.

Хазіретті пір тұтып, өзінің мүрид болу ықыласын білдіреді. Хазірет Әмір Темірдің тілегін шын пейілмен қабылдап, Ислам діні жолындағы ұлы істерінде онымен бірге болатындығын айтады. Әмір Темір жаңа пірімен осылайша кездеседі. Осы кезде орыс княздарымен шекаралас жатқан мұсылман дініндегі елдерге, әсіресе Татарстанға орыстар жағынан қауіп күшейеді. Бұл жерде Ислам діні жойылып кету қатері төнеді. Әмір Темір Бағдат сапарынан оралған соң Шығысқа ұйымдастырмақ болған ұлы мақсатын (Қытай, Моңғол елдеріне) уақытша тоқтата тұрып, бауырлас, діндес Татарстан және онымен көршілес жатқан мұсылман халықтарына көмек беруді жөн көреді.

Әмір Темір әскерінің орыс әскерімен соғысы кезінде бір ұлы оқиға бола­ды. Соғыстың алғашқы күні екі жақтың әскері де жеңіске жете алмайды. Орыс әскерінің жақсы қаруланғаны көрініп, бұл жағынан басымдығы байқала бастай­ды. Бұл жағдай Әмір Темірдің мазасын алады. Келесі күні екі жақ әскерлері ұрыс майданына шығып, бір-бірлерінен жүрексініп тұрған шақта дұшпан әскеріне қарап тізерлеп отырып, дұға оқып отырған пірі Мұхаммедмәдиге Әмір Темірдің көзі түседі. Пірі дұғасын оқып болып жау әскеріне қарата «суф» деген кезінде қатты дауыл тұрып, дұшпан әскерінің соғысуға шамасын келтірмей қояды. Осы қарбаласты пайдаланған Әмір Темір жасақтары көп қарсылықсыз жеңіске жетеді. Бұл оқиғадан кейін пірі Хазіреті Мұхаммедмәдиге деген Әмір Темірдің ықыласы шексіз арта түседі. Орыс княздарын татар жерінен Мәскеуге дейін қуып тастай­ды. Ертеде Еділ бойындағы бұлғарлардың патшасы Солтифар ибн Шелки Бағдад халифасына хат жолдап, өздеріне жаңа дінді үйрету туралы өтініш жасайды. Бұл хатқа жауап ретінде халифаттан керуен жасақталып жолға шығады. Сол керуенде арабтың Ибн Фазлан деген саяхатшысы әрі ғалымы бірге болып, олар қазақтың Үстірт даласы арқылы Татарстанға барады (сол кездегі атауы «Бұлғар» болатын). Осы жолда көрген білгендерін Ибн Фазлан жазып қалдырған. Қисса, мазмұны бойынша татарлар өздері алдымен өтініш білдіріп, дінге кіреді.

Татар жерінде Исламның нығаюына Хазіреті Мұхаммедмәди мен Әмір Темір жәрдем береді (бұл кейінгі оқиғалар желісі, өйткені Ибн Шелки біздің Әмірден қанша ғасыр бұрын өткен). Әмір Темір Қазанда бұзылған мешіттерді қалпына келтіріп, жаңадан мешіт салуға қаржы бөледі. Жергілікті ғұламалар Әмір Темірден халық арасында Ислам дінін қалпына келтіру қиын екендігін айтып, бұл іске көмек көрсетуі үшін пірі Хазіреті Мұхаммедмәдиді біраз уақыт қалдыруды өтінеді. Сөйтіп, пір татар елінде қалып, Әмір Темір ұлы жорыққа әзірлік біткен кезде піріне хабар беретін болып уәделеседі.

1404 жылдың қыркүйегінде Әмір Темір Отырарға жақын «Қарабұлақ» деген жерге келіп аялдайды. Жер жағдайын білу мақсатында бір топ шолғыншыны жібереді. Бұл топқа Хазіреті Мұхаммедмәди де өз еркімен қосылады. Бір бөлігі Қаратаудың күнгей бетімен жүреді. Хазіреті Мұхаммедмәди қосылған екінші топ Қаратаудың теріскей жағымен Созаққа келеді. Созақтың табиғаты Хазіретке өте ұнайды. Оңтүстігіндегі тауға иек арта өскен қалың ағаш пен Шығысындагы тоғай ит тұмсығы батпайтын шеңгелмен ұштасады. Тоғай аралықтарында мол сулы жүздеген бұлақтар, Батысында тау өзені, теріскейінде Мойынқұм сексеуілі Созақтың іргесіне тіреліп қалың ағашпен қойындасып кеткен. Тоғайлардың ара­сы жабайы аңдар мен құстарға толы. Қыс мезгіліне қарамастан халықтың диқаншылықпен шұғылданатыны да байқалады.

Созақтың орналасқан жері Шығысқа баратын жолдың үлкен қақпасы сияқты маңызға ие. Қаратаудың күнгейіндегі халық отырықшылыққа бейім мәдени өмір сүрсе, теріскейіндегі кең далада көшпенді тұрмыс-тіршілік қайнап жатады. Осы екі түрлі өмір Созақ өңірінде түйісіп, бір-бірінен нәр, қуат ала түседі. Хазіреті Мұхаммедмәди келешекте Шығыстағы көшпенді халыққа Ислам дінінің ләззатын та­рату үшін осы жерге орналасуға ниет қылады.

Әмір Темір 1405 жылғы 14 қаңтарда Отырарға келіп орналасады. Арада бір ай уақыт өткенде Әмір Темір қатты сырқаттанып қалады. Дүниеге даңқы кеткен атақты емші Мәулана Фазлуллаһ Табризий қолынан келгенінің бәрін істегенімен, тура келген ажалдың алдында дәрменсіз болады. 1405 жылғы 18 ақпанда Әмір Темір дүниеден өтеді. Әмір Темірді өзінің өсиеті бойынша пірі Сәйід Бәрәкәнің Самарқандтағы қабірінің аяқ жағына жерлейді. Бұл кесененің маңдайшасына «Дүние өзінен безінбей тұрып, өзі дүниеден кеткен кісі бақытты» деген сөздер жазылады.

Ислам дінін уағыздау ісін жалғастырмақ ниетімен Хазіреті Мұхаммедмәди Қазан қаласына қайтады. Бірақ мұнда келгеннен кейін ұзамай ол дүниеден өтеді.

ШАЙХЫ АХМЕТ ИШАННЫҢ СОЗАҚҚА КЕЛУ ТАРИХЫ

Хазіреті Мұхаммедмәдидің бірнеше ұрпағы Татарстанда ұзақ тұрып қалады. Шежіре бойынша Хазіреті Мұхаммедмәдиден Жолды қожа, одан Шайхы қожа, одан Аюб қожа, одан Төлежан, одан Әлке, одан Ахман, одан Мүмида, одан Шығайқожа, одан Дінмұхаммед, одан Абдулхамид, одан Шәмшиддин, одан Жа­малиддин, одан Шайхы Ахмет тарайды. Бұл ұрпақтардың барлығы Татарстанда Ислам дінінің кемелденіп көркеюіне өз үлестерін қосады.

Шайхы Ахмет ишан Татарстанның Саба уезінің Маммадиш ауылында дүниеге келген. Әкесі Жамалиддин көп оқыған ғұлама кісі болады. Баласы он жасқа толғанға дейін өзі оқытып білім береді. Баласының білімге құмарлығын әрі зеректігін байқап оны Қазанға оқуға жібереді. Ол кезде Қазандағы оқу орындарында үздік оқып, кейбіреулері ол оқу орнын мерзімінен бұрын бітіріп, жақсы оқығандығының айғағы ретінде «шәһәдат»1 алады. Ендігі мақсат Меккеге барып қажылық парызын өтеу, ата-бабаның еліне зиярат ету, реті келсе сол жердегі ғұламалардан дәріс алып, білімін шыңдай түсу болады.

Шайхы Ахмет Қағбаға қажылық жасағаннан кейін Мекке, Мәдина, Дамшық, Бағдад, Иерусалим, т.б. шаһарларда болып, бұл жердегі ұлы ғұламалардан дәріс алады. Шайхы Ахметке ғұламалар ендігі жерде өз бетімен іздену қалғандығын ай­тып, оның терең біліміне ризашылық білдіріп, ақжол тілеп, баталарын береді. Ара­дан бірер жыл өткенде Шайхы Ахмет елге оралады. Жолай сол кездегі Шығыстың білім ордасы болған Бұхара шаһарына келеді. Оның бар ойы данышпан ғұлама, «Диуани Хикметті» дүниеге келтірген әулие, өзімен аттас әрі өзінің ұстазы са­1 Куәлік найтын Қожа Ахмет Иассауи білім алған «Хамадани» медресесінде оқып, білім бұлағынан нәр алмақшы болады. Бұл медреседе осы кезде ташкенттік ишан Әбілқасым да дәріс тыңдайды екен. Шәкірттерінің ішіндегі ең қабілеттісі, зерегі, терең білімдісі Шайхы Ахмет пен Әбілқасым ишан болады. Бұлардың медреседегі ұстазы бір күндері түс көреді. Түсінде екі алманың «Ташкент» деп жазылған бөлігін Әбілқасым, «кең сахара» деп жазылған бөлігін Шайхы Ахмет алады. Ертеңгісін екі шәкіртін де шақырып алып, көрген түсін айтып береді. Әбілқасым ишанға Ташкенттің, ал Шайхы Ахметке Қаратаудың теріскейіндеғі кең даланың нәсіп болғанын айтады.

Шайхы Ахмет Арабияға барар алдында анасы қайтыс болады. Ал, елге оралғаннан кейін әкесі Жамалиддин дүние салады. Жамалиддин көз жұмар ал­дында балаларын жинап алып, атадан балаға мирас болып келе жатқан «Аталар шежіресін» Шайхы Ахметтен кіші ұлы оқымаған момын Фатихқа аманаттап та­быстайды. Олардан «шежірені ұқыпты ұстап, құнттап жалғастыруды» сұрайды. Бұхарада оқып жүргенінде ұстазының айтқан сөзінен кейін Шайхы Ахмет түс көріп, ел-жұртымен, ағайын-туғандарымен қоштасып Созақ сапарына аттанады.

Қазақтардың мәдениетінің дамуында және дінінің қалыптасуында Семей шаһарының алар орны ерекше. Қазақстанның өзге шаһарларына қарағанда, бұл жерде мәдениет ошақтары мен мешіттер молырақ салынған.

Шаһардағы орталық мешіттің имамы бірде түс көреді. Түсінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз аян беріп: «ұлы ғұлама, көреген әулие, менің үмметім әрі ұрпағым Шайхы Ахметті күтіп ал, оны пір тұтып, қол тапсыр» дейді. Таңертең имам мешітке барып бамдат намазын оқып болғаннан кейін намазға жиналғандарға көрген түсі жайлы айтады. Имам дарияның өткеліне қарай барады, соңынан біраз қауым ере келеді. Өзен тасып, арнасынан асып жатқан мезгіл екен. Өзеннің арғы бетінде аттылы адам көрінеді. Ол өзеннің қарсы бетіндегі адамдардың үрейленіп, шулағанына мән бермей, тасып-тулап жатқан дарияға атымен жайбарақат түсіп, қиындықсыз өтіп келеді. Жүзінен нүр төгілген, көзінен ақыл мен мейірім белгісі жарқырап тұрған, жасы жиырмалар шамасындағы жас жігіт өзін күтіп, үрейленген қауымға келіп сәлем береді. Оның қоржынының екі басы тола кітап екен.

Осы жерге келгендер Шайхы Ахметті өздеріне пір тұтады. Мешіт имамы Шәркей деген қызын оған некелеп беріп батасын алады. Шәркей имамның бәйбішесі болғандықтан абысындары мен келіндері оны «әни» деп атайды. Келешекте ел-жұрты оны құрметтеп өз атын мүлде ұмытып «Әни» деп атап кетеді.

Созаққа қайта келіп орналасқаннан кейін мешіт салдырады. Созақ өңіріне аты әйгілі болады. Ишанның мешітін мүридтері «Ханақа» деп атайды. Көреген әулие Қожа Ахмет Иассауидің айтқанындай «Ханақа» мешітіне мүридтері ұзақтан келіп, жалбарынып: «Айналайын Ханақа, жаным сенен садақа» деп, өздеріне ру­хани медет, қуат іздейтін қасиетті орынға айналдырады. Арғын және Тама рула­рынан шыққан мүридтері Бибіғайша, Жадайбибі, Рысбибі деген қыздарын беріп, ишанның батасын алады. Шайхы Ахметтің төрт әйелінен сегіз ұл бала, бір қыз бала көріп, олардан көптеген немерелер мен шөберелер сүйіп, өсіп-өнген ишан әулеті бір шеті Семей, Ақмола, Атбасар болса, екінші жағы Әулиеата, Ташкент, Түркістан аралығындағы кең өлкеге тарап, үлкен құрметке ие болады.

Шайхы Ахмет ишанды Созақ халқы жақсы ықыласпен қабылдайды. Оған үй-жай мен мешіт салып береді. Ишанның өтініші бойынша мешіт пен қамалдың сыртына, ағын судың бойына салады. Осыған дейін халық қамалдың ішінде өмір сүрген. Қаланың сыртында болу қауіптілігін ескерткен ағайындарға: «Егер Құдайдан үміті болса жаугершілік жасаушы маған қастандық жасамайды» дейді.

Шайхы Ахмет хазіретінің бірнеше қалпесі1 болды. Олардан әсіресе әулиелік дәрежеге жеткені Мүфти мен Әуез қалпелер екен. Мүфти қалпенің негізі – қарнақтық, өте көп оқыған. «Қарнақ» сияқты білім орталығында медреседе дәріс берген. Ол түсінде Шайхы Ахмет ишанды көріп, Созаққа келіп мүрид болып, кейін ишанның қалпесі болады.

Әуез алғашқы кезде Шайхы Ахметті онша менсінбей, оны онша қадірлемейді екен. Күндердің күнінде ол түс көреді. Түсінде ол тозақ отының үстінде оты­рады. Қасынан өтіп бара жатқан Шайхы Ахмет ишанға «мені құтқар» деп жалбарынғанымен қарамайды. Шошып оянған Әуез ертеңіне таң азаннан түсін жоры­ту үшін Хазіреттің ауласының қақпасын қағады. Есікті ашқан кісіден Хазіреттің қабылдауын сұрайды. Қызметшісі ишанға барып, келген кісінің шаруасын жеткізеді. Ишан:

– Менің алдыма келмес бұрын мына шаруаны бітірсін. Асханадағылардың жұмысына осы маңда ұялаған аралар кедергі келтіріп жатыр. Араның ұясын бекітіп, сосын маған кірсін, – дейді.

Бұл жағдайға аң-таң болған Әуез ишанның айтқанын істеуге мәжбүр болады. Ұяны саз балшықпен сылап бекітіп жүргенінде аралар Әуезді талап, шаға бастай­ды. Ол басындағы сәлдесімен ұяны жауып, үстін балшықпен сылап тастайды. Осыдан кейін өзенге барып, беті-қолын жуып отырғанында, өзен жағасынан өтіп бара жатқан мүфти қалпе:

– Сен түсіңнен қорқып Хазіретке келдің. Ол сені араға талатып осы қорқынышыңнан тазартты, енді шүкіршілік етіп, Құдай жолына қызмет етсең де болады, – дейді. Мұны естіген Әуездің бойын ерекше күш билеп, зікір салып, есінен танып өзенге құлайды. Осы кезде Хазірет бір мүридті шақырып: «Мүфти қалпе Әуезді есірік етіп, суға тұншықтырып өлтіретін болды, барып судан шығарып менің алдыма алып келіңдер» деп жұмсайды. Осыдан былай Әуез Хазіретке қызмет етуге кіріседі, қалпелік дәрежеге жетіп, «Әуез қалпе» деп атанады. Әуез қалпеге байланысты түрлі оқиғалар көп. Солардың бірін тілге тиек еткенді жөн көрдік.

1 Ауыл молдасы өз шәкірттері арасынан кейбір қабілеттерін өзіне көмекші етіп алу әдеті бар. Оны ресми түрде «қалпе» деп атайды. Араб тіліндегі «халифа» деген сөздің қазақша нұсқасы

Әндіжанда қырғыз датқалары мен орыс әкімдеріне қарсы Дүкші ишан бастаған «ғазауат» болады. Бірақ ол сәтсіз аяқталып, оған қатысқан ишандар мен молда­ларды және күдікті адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратады. «Шайхы Ахметтің де осы көтеріліске қатысы бар» деген желеумен оны ұстау жөнінде жарлық беріледі. Бұл істен алдын ала хабардар болған ишанның туыстары, қалпелері мен мүридтері кеңесе келе Шайхы Ахмет ишанды қорғап қалу жолын қарастырады. Осы кезде қалпе өзінің ишанды құтқару жайлы пікірін айтады.

– Ишанды уақытша жасыра тұру қажет. Пірімізді ұстауға келгендерге оның орнына басқа адамды «Шайхы Ахмет» деп көрсетеміз және ол қызметті мен ғана атқара аламын. Себебі, «Шайхы Ахмет ишан» деп жай біреуді көрсеткенге ешкім сенбейді. Ишан болып көріну үшін оның дәл өзіндей болмағанымен көрікті, келбетті, ақылды, діни және орысша білімді болуы керек. Ал менің сыртқы көрінісімде ұксастық бар, білім жағынан келгенде Хазіреттей терең болмағаныммен мұсылманша оқудың біразын бітіргенмін. Сонымен бірге Бұхара, Қоқан хандықтарында қызмет істеп жүргенде үйренген орысша сауатым да бар, – дейді.

Арадан біршама уақыт өткеннен кейін ишанды ұстауға келгендер «Шайхы Ахмет ишанды қолға түсірдік» деп Әуез қалпені алып кетеді. Артынша оны «ит­жеккенге» айдауға жібереді. Сауаттылығының арқасында айдауда жүргенде онша қиындық көрмейді. Хатшы болып қызмет істейді. Осы кезде жаңа патшаның таққа отыруына байланысты жасалатын рақымшылыққа ілігіп, оның Түркістанға қайтуына кеңшілік беріледі. Кейін Созаққа оралады. Алғашқы кездерде Шайхы Ахмет ишан қалпе, мүридтерін ертіп ел аралауға өзі шығады. Кейініректе балала­ры ержеткен соң өзінің орнына соларды қалпелеріне қосып жіберіп отырған.

Шайхы Ахмет ишанның алғашқы келген жері Ор, Аба дейтін екі тауға жақын Аба тауының қойнауындағы «Қарашілік» деген жерде отырған Арғынның Тоқа руы ішіндегі әрі байы, әрі мықты тұқымның бірі Жәнібектің ауылы болады. Жәнібек осыған дейін-ақ ишанның келетінін түсінде көріп, сезіп жүреді екен. Оның хабарын естіген соң балалары мен ауыл ақсақалдарын ертіп Хазіреттің алды­нан шығады. Үйіне әкеліп, бірнеше күн қонақ етеді. Ишанға тапсырып, Шайхы Ахметті өзіне пір тұтады. Көп мал атап ишанның батасын алып тұрып, Оспаннан туған немере қызын ишанның баласына беруге ниет еткенін білдіреді. Шайхы Ах­мет ишан Жәнібектің ықыласына риза болып аттанады.

Арада неше жыл өткеннен кейін ишанның ортаншы ұлы Уәли Арқадағы қалыңдығын алып қайтуға барады. Осы сапарында Сәкеннің әкесі Сейфолламен емшектес бауыры Сапураға үйленеді. Қайтар жолында бір үлкен оқиға болады. Жолаушылар демалуға аялдайды. Уәли бесатар мылтығын барлық уақытта жаны­нан қалдырмай алып жүреді екен. Уәлидің жүгін түйеге артып жатқан Байбаба деген дуанасына көзі түседі. Байбабаға кім дауысын көтеріп қаттырақ сөз айтса, ол сол естіген сөзін еркінен тыс қайталап айтады екен. Байбабаның осы сөзін қызық көретін балаң жігіт Уәли оған мылтығын кезеп:

– Атайын ба? – деп айқайлайды. Байбаба әдетінше:– Атайын ба? – деп жауап қайтарады. Уәли Байбабаны қорқыту үшін:

– Ал аттым, – деп оғы жоқ мылтығын басып қалғанында, ол атылып кетеді. Бай­баба диуана шалқасынан құлайды. «Жазықсыз жанды өлтіріп алдым» деп зәресі ұшқан Уәли де сылқ етіп, есінен тана құлайды. Әлден уақытта есін жиған Уәли аман-есен отырған диуананы көреді. Кеудесінің орта тұсында қара дақ тұр екен.

Елге келген соң Уәли атасына сәлем бермек болып барғанда, атасы қабылдамайды. Бұл жағдайды естіген Әуез қалпе ишанның алдына келіп, Уәлидің кінәсін кешіруді өтінеді. Уәли мен Байбабаны атасының алдына кіргізеді. Ишан Әуез қалпені, Уәлиді және Байбаба үшеуін қатар отырғызып:

– Ей, Байбаба-ай, сені Уәли тентектік жасап өлтіріп қоя жаздады-ау, мен зорға дегенде үлгеріп қолымды тосып қалдым, – деп алақанындағы қара дақты көрсеткен екен.

Созақтың атақты байларының бірі дарқандық Жолшы деген кісі болыпты. Жол­шы Созақтағы атақты Имамжаппар болыстың әкесі Жақып байдың гумаштасы1 екен. Осыдан байып, Созақтың белгілі байларының бірі болады. Жолшының әкесі Жұмабай да орташа дәулетті болған екен. Жұмабайдың тұсында қазақ даласын­да қатты жұт болып, ашыққан халық Созақ арқылы күнгейге қарай шұбырады. Осы кезде алпысты алқымдаған Жұмабай 18 жастағы Құттыбике деген Арғынның қызын бір пұт бидайға сатып алады. Құттыбике жастайынан дінге берілген адам екен. Шайхы Ахмет ишанға «мұрт» болады. Пірінің үйіне барып, оның бибілеріне қызмет етіп тұрған. Енді осыны тілге тиек етіп пайдаланған Жұмабайдың құрдастары әзіл-шыны аралас:

– Сен кәрісің, әйелің жас. Оны ишанға жіберме, – дейді. Осыдан кейін Жұмабай ишанның атына орынсыз сөздер айтып, Құттыбикені жібермей қояды. Келесі күні Жұмабайдың кіші дәреті жүрмей, түнімен қиналады. Таңертең әйелін шақырып:

– Сен ишаныңа барып айтшы, мені мына тығырықтан шығарса, мен де «мұрт» болып қол тапсырайын, – дейді.

Осы әңгімеден кейін Құттыбике ертеңіне таң ата ишанның үйіне барады. Ишан су тола кесені қолына ұстап, Құттыбикенің алдынан шығады:

– Сартыңның тілі тобаға келді ме, мына суды апарып ішкізсең, кіші дәреті жөнделіп кетеді, – дейді. Осыдан кейін қарт Жұмабай да пірге қол беріп, «мұрт» болады.

Созақта Қожамқұл деген бай болады. Қожамқұл Созаққа Түркістанның «Керіз» деген жерінен келеді. Қожамқұлдың әкесі Кеш ақсақал Сурхандариядан келген екен.

Бір күні Қожамқұл түсінде Шайхы Ахмет ишанды көреді. Ишан оған жеті асықты қолына ұстатады. Оның біреуі мүжілген және қалған үшеуі тесілген болып шығады. Ертеңіне Қожамқұл ншанға барып түсін айтады. Ишан Қожамқұлға:

1 Итаршы, қолшоқпары деген мағынада – Мен Алла Тағаладан саған төрт ұл, үш қыз сұрадым, ұлыңның біреуі кемістеу болады, – дейді.

Түсінде көргеніндей Қожамқұлдың өмірде төрт ұл, үш қызы болады. Ұлдарына Әбдіқадыр, Мырзабатыр, Жуашбай және Байәділ деп ат қояды. Кенжесі өмірден үйленбей өтеді. Бірақ өте дарынды ақын әрі сазгер болады. Қожамқұлдың екінші ұлы Мырзабатыр денелі, қарулы адам еді. Ол 1958 жылы 88 жасында Созақта қайтыс болды. Мырзабатыр Шайхы Ахмет ишан өлгеннен кейін оның басына са­лынып жатқан мешітті көтерісуге қатысқан. Сол бір кезең туралы ол:

– Мен жиырма жасымда мешіт құрылысына қатыстым. Кесекті ең жоғарыға лақтырып жеткізуші едім. Саусақтарымнан қан ағатын. Таңертең қолым қаз-қалпына қайта келуші еді, – деп еске алатын.

Өмірдің талас-тартысынан Шайхы Ахмет ишан да шет қалмайды. Алғаш оны молдалар:

– Ол – сиқыршы, жұрттың басын айналдырып өзіне қаратып жүр, – деп күндейді. Бірақ ишанмен білім таластыруға әлсіз болған соң, пікірлерін сыртқа шығарып айта алмай, іштей үнсіз тынады. «Ишан намазын мезгілімен оқымайды, тіпті біржола оқымайды екен» деп ел ішінде қауесет таратады.

Олардың ендігі бар үміттері Түркістандағы Қарақазы деген көп оқыған әрі сиқырды да қайтара білетін ғұламада болады. Қарақазы ишандық жолмен сирек болса да Созаққа келіп тұрады екен. Жергілікті молдалардың өздерінің амалдары таусылып, шамалары келмеген соң Шайхы Ахмет ишан жайлы өздерінің пікірлерін осы Қарақазыға айтып көмектесуін сұрайды. Түркістандай үлкен қаланың қазиы әрі атақты ғұламасы болған Қарақазы өз-өзіне сенімді, тәкаппар еді. Созақтық молдаларға Шайхы Ахмет ишанды жөнге салып бе­руге уәде береді. Ол астыртын ишан жайлы, оның білімі, іс-әрекеті мен шаруашылығы жайлы жан-жақты зерттеу жүргізеді. Ишанның бибілері бетін ашып жүретін болған. Қарақазы ишанның осы қылықтарының теріс екендігін бетіне басуды ұйғарады. Онымен қоймай қонақтарға арнап үнемі бордақылап отыратын «үш қойының екеуін ұрлатып алдырамын, үшіншісін үйіне қонақ бо­лып барып сойдырамын, осыдан кейін ишанның әулиелігі белгілі болады» деп жоспарлайды.

Шайхы Ахмет ишан Байбаба деген дуанасын шақырып алып:

– Ертең үйге Қарақазы келеді, екі қойды жол бойындағы Әжі ата әулиенің жа­нына байлап қоясың, үшіншісін сойып ас әзірлет, – деп бұйрық береді.

Тоқалын шақырып алып:

– Қонаққа шайды өзің кұятын бол. Қыз кезіңдегі киімдеріңді киіп, жасануды ұмытпа, – деп ескертеді.

Ишанның үйіне нөкерлерін ертіп Қарақазы келеді. Шайхы Ахмет ишан оны ал­дынан шығып құрметтеп қарсы алады. Қазиға шайды қыз кезіндегі киімдерін киген тоқалы құйып беріп отырады. Шай үстінде Шайхы Ахмет ишан Қарақазыға қарап:– Әзиз қази, жақсы әйелдің белгісі оның ашық бетінде ме екен, әлде еріне, туған-туыстарына деген адал ниетінде ме екен? – деп сұрайды. Өзінің ойын алдын ала болжап отырған ишанның бұл ісінен қази қатты сасады. Шай үстінде үлкен қара кітапты алып, бетін ашып көрсетіп оқып мәнісін сұрайды. Қази оқып көріп, өзінің түсіндіруге шамасы келмейтінін айтады.

– Тақсыр, сізге сәлем бере келген едік. Рұқсат болса қайтқалы отырмыз, – дейді мазасызданып. Шайхы Ахмет ишан:

– Бұларың дұрыс болмады, кешегі келісім бойынша қазанда қойдың еті пісіп тұр, ал аламын деген екі малыңыз Әжі атада байлаулы. Неге асықтыңыздар? – дейді.

Келесі күні не болғанын білгісі келгендерге Қарақазы түнде түс көргенін ай­тады. Түсінде қази Шайхы Ахмет ишанның кебісін қойып жүр екен. Қази жиналғандарға:

– Шайхы Ахмет ишан күшті пір екен, қолдарыңнан келгенінше қадірлеп, құрметтеп жүрсеңіздер, инша алла, қор болмайсыздар, – деп өсиет етіпті.

Шайхы Ахмет ишан дүниеден өткеннен кейін де Созақ өңірінің халқы оның ұрпақтарын құрметтеп, пір тұтады. Ишанның басына мешіт тұрғызуға көмектесті. Осындай берілген елдің қатарында Кіші жүздің тамалары да болды. Әсіресе Бұзау, Барақ, Сәуірбай тамалары ишан ұрпағына мал бергенін қанағат тұтпай, қыздарын да беріп жегжат болады. Шайхы Ахмет ишан: «Әсілі, әулие – әулие емес, әулиеге шын ықылас еткен адам әулие», – дейді екен.

Созақ өңіріндегі Тарақты руының сыйлы қариясы болып, 1994 жылы дүниеден өткен Алтыбай қария аталарының Шайхы Ахмет ишанмен байланысты бір оқиғаны былайша еске алады. Созақ пен Қаратау аралығындағы «Қоқалан», «Тегістік», «Қошқар ата» деген жерлерінде Тарақтылар егін егіп, мал өсірген. Жиын-терім аяқталғаннан кейін, жылдағы әдеттері бойынша Алтыбайдың атасы үш қап ұнды түйеге артып бір жігітінен ишанға беріп жібереді. Жігіттің үйі Созаққа кіреберісте болады. Үйінің қасынан өтіп бара жатып оған бір жаман ой келеді. «Ишан неше қап ұн бергенін білмейді, менен «неше қап еді» деп сұрай қоймас. Осы бір қабын жолда түсіріп, алып қалайын» деп пиғылы бұзылады. Осы оймен ол үйіне келіп, түйені шөгеріп, бір қап ұнды түсіреді. Енді түйені тұрғызайын десе ол бақырып, сілекейін шашып тұрмай қояды. «Сезікті секірер» дегендей ол қауіптеніп: «Осы түйенің тұрмауында бір керемет болып жүрмесін» деп аталған бір қап ұнды қайыра артса, түйе үнсіз орнынан түрып жүре берген екен.

Сөйтіп, ұнды ишанның ауласына алып келеді. Ишан оны көріп, сәлемдескеннен кейін:

– Халықтың «түйені қасиетті жануар» деп тегін айтпайтынын сездің бе? Сені теріс ойыңнан қайтарып, күнәдан құтқарды, – деген екен. Бұған дейін ишанға күдікпен қарайтын ол енді өмірінің ақырына дейін ишанға қызмет етуге ниет етеді.

Осы тарихи деректі әзірлеген ишанның шөберелері – Сүлеймен Тәбризұлы мен Асқар Манабайұлы деген азаматтар болады.

(Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары: шежіре-кітап / құраст.

С. Құрбанқожаұлы, А. Жолдасов, М. Омартайұлы т.б. – Астана: Фолиант)

 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button