Жарық нұрдың сәулесі

Батыр Жолдастың ерлігі

Жолдас Сүлейменов, Кеңес Одағының Батыры

 Жолдас Сүлейменов 1922 жылы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қарабау елді мекенінде дүниеге келген.1941 жылы 16 желтоқсанда Сарыағаш аудандық әскери комиссариатында армия қатарына алынып, Ташкент, Ақтөбе қалаларында әскери дайындықтан өтеді.

1942 жылы қаңтар айында өз еркімен соғысқа аттанып, сол жылдың ақпан айында 65-ші армияның Қызылжұлдызды Севск 69-шы атқыштар дивизиясының 120-шы полкінде қатардағы жауынгер ретінде алғаш соғысқа қатысты. Кейіннен барлау отряды құрылып, сонда әскери тапсырмаларды орындады.

 Барлаушылардың әр жорығы үлкен жауапкершілікпен әрі маңызды тапсырмалармен жүзеге асады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы1943 жыл қазандағы жорық. Бұл жорық өзгелерден өте маңызды. Ол – Днепрден өту.

Днепрден өту – Ұлы Отан соғысында тарихи маңызы бар шайқас. Бұл кеңес армиясының әскери өнерінің жарқын беттерінің бірі.Днепрді алу жөнінде әскери мемуарларда, тарихи очерктер мен романдарда арнайы айтылып, әлі де жазылып келеді.

Кез келген соғыста үлкен бетбұрыс жасайтын шайқастың болатыны тарих беттерінен белгілі. Ондай шайқас болып жатқан соғыстың негізгі әрі шешуші рөлі ретінде танылады. Міне Днепрді алу да Ұлы Отан соғысының айтулы шайқастарының бірі.

1943 жылдың күз айы. Кеңес әскерлері Днепр өзенінің жағасына келгенде біршама кідіріп қалған. Апталап кідіріп қалу жау тарапына зор мүмкіндік. Өйткені олар өзге қосымша әскер мен қару-жарақтар арқылы қамтамасыз етіліп, қуаттанып кету қаупін тудырады. Сондықтан мұншалықты кідіріс жасау көп басшыларды әбігерге салған. Соның бірі штаб бастығы МихаилСергеевич Малинин. Ол 7 қазан күні келіп Днепрді алу мәселесін көтерді.

Әрине, соғыс болған соң пікірлер айтылатыны, әскери әдістердің ескерілетіні, оған қоса қарулы күштердің мүмкіншілігі, т.т. ескеріліп, тартысқа түскен. Оны қолдаушылар да, қарсылар да табылып жатты. Көптеген талқылаулардан соң Днепрді алу керектігі келісімін тапты.

Бұл келісім фронт қолбасшысына жеткізілді. Негіздемесі нақтыланған жоспарға ол да қарсылық танытпады. Дайындыққа қысқа мерзімді алты тәулікке келісім берілді. Келіскеннен кейін кешкісін генералдар мен офицерлер К.К.Рокоссовский бастап, Радецкий, Глебов, Бескин, Липис, Борисов және Швыдко, Белов, т.б. Днепр жағасына келіп, бас қосты.

— Днепрді алуды Лоев-Радуль ауданынан бастайсыз, соңынан өзеннің батыс жағындағы Колпень, Надвин, Демехи бағытына қарай жарып өтіп, үшінші күні армияның негізгі күшімен Щербаков, Ветхин, Новый Барсук бағытына шығасыздар, -деді К.К.Рокоссовский.

Лоев Днепрдің Белорусс жағындағы жағалауына орналасқан елдімекен. Ол Белоруссияның Гомел облысына қарасты аймақ. Оның табиғаты әсем, сұлулығы көзтартатын жасыл желектің көркі сапырылысқан өзен суымен жымдасқан бір ғажайыпты ішіне жасырғандай сырға толы.

Днепрді алуға дайындық дамылсыз жүріп жатты. Мұнда барлаушылардың да дайындығына ерекше көңіл бөлінген болатын. Әрбір қимыл маңызды. Олай дейтініміз жауынгерлер шайқас алаңындағы барлық жағдайаттарға дайын болу қарастырылды. Барлық жауынгерлердің тізімі алынып, олардың жараланған кезде қайда, кімге бару керектігі, өткендегі орны, әрі қарайғы бағыты, тіпті саналған патрондар мен гранаталары және бір тәулікке жетерлік тамағы да есептеліп берілді.

Межеленген күн де келіп жетті. Днепрді алудың басталатын күні 15 қазаннан 16 қазанға қараған түн. 120-шы полк блиндаждарында қарбалас шақ. Барлаушылар блиндажына армия басшылары келіп-кетіп жүр. Бұл Қызыл Тулы Севск 69-шы дивизиясын жігерлендіріп, сарбаздарға демеу.

Таңғы алты жарым. Асау Днепр толқыны жағаға ұрып тұр. Барлаушылардың бірінші бөлімі жолға дайын. Бұйрық берілді. Барлаушылар балықшылар дайындаған қайықтарға мінді. Асығыс жолға аттанды. Теңіз толқыны шайқалтып кетіп, тербеп ескектердің күшімен алға жылжып барады.

Бірінші кезекте өзеннен өтуді әр атқыштар полкінен таңдап алынған алдыңғы қатарлы батальондар бастады. Олардың алғашқылары 120-шы полктің 69-шы дивизиясының күшейтілген роталар мен барлаушылар взводынан құрылған 250-ге жуық әскер. Олар өзеннің ені 300 және 500 метрдей болатын аралықты 20 не 25 минут аралығында өтіп үлгеруі керек.

Жау сезіп қалды. Оқ жаудырды. Жолдастың жанында отырған солдатты жалп еткізді. Қайықты шұрқ тесік етті. Бесікше тербеп жіберді. Бораған оқ су бетін аждаһаның тіліндей жалайды. Жолдас ескекті атып ұрды. Қайық ернеуінен еппен басып, мұздай суға гүмп етіп қойды да кетті. Оны қатты ағыс пен иірім үйіріп әкетті. Суға сүңгіді. Алас ұра безектеген жау пулеметінің үні өшті. Жолдас сүңгіп жүріп, арғы жағаға ұмтылды. Жағаға да ілікті:

  • Бер қолыңды, -деді кіші сержант Пахомов Петр Михайлович.
  • Оқ тиген жоқ па?
  • Аманмын, жолдас командир.
  • Жарайсың! Тездет. Үстіңнің суын сық. Ретке келтір.

Қазір, жарайды [3,24].

Шабул басталғалы бері артиллерияның дайындығы мен әуе күштерінің соққылары арқасында 65-ші армияның 69-шы атқыштар дивизиясы мен 120-шы полк әскерлері бастаған барлаушылар тобы бірінші болып жағаға жетті. Олардың ішінде С.А.Елистратов, Т.Ибрагимов, Б.Исаханов, Т.Қауымбаев, Д.Ф.Кудрин, И.З.Кулешов, И.С.Лемайкин, Ж.Сүлейменов, К.Тасқұлов, Б.Оңтаев, Г.В.Ляхов, А.В.Сидоровтар бар еді.

Есін жиар-жимас неміс-фашистері қарсы оқ атып, миналарын жаудырды. Мыңдаған снарядтар мен атылған зеңбірек оқтары Днепр өзенінің суын асау толқынға айналдырып, бұлқан-талқанын шығарды. Біріне-бірі ілесіп келе жатқан қайықтардың біразы оққа ұшты, қайықтар аударылып, сарбаздар суға омақасынан құлап жатыр. Аман қалғандары жағаға жылжып келеді. Десе де, өзеннен өткендер саны барған сайын артып келеді.

Бейсен, Жолдас, Темірбек және т.б. басқалар бірінші траншеяға жетті. Траншеядағы жаудың әскерлерін қырып-салып, қаруларын сыпырып келеді. Өзгелерін пышақтарымен жауырыннан сойып, алға ұмтылған барлаушылар алда тағы да блиндаж барлығын байқады. Дереу командирге хабар берген барлаушылар ондағы топ немістің әскерін де қырып салды.

Таң ылаң бере бастаған сәт. Бір сәтке де аялдауға болмайды. Тек алға ұмтылу керек. Күтілмеген жерден тап болған барлаушыларға жаудың екінші бекінісі де оңай олжаға айналды.

16 қазанға қараған түнде 27 және 18 корпустардың бірлескен негізгі соққысының бағытында алға жылжу жалғасты. Таң ата полктің барлық дивизиясы өтіп үлгерді. 16 қазанда түске қарай артиллерия мен әуе күштерінің көмегімен шабулға шығып өздерінің басып алған жерлерінің аумағын кеңітті. Ал жаудың әскерін кері шегінуге мәжбүр етті. Сөйтіп осы Каменка, Радуль аудандарында өзенге өтпелі көпір қойылып, 17 қазанға қараған түні Днепр өзенінен 18-ші корпустың сондай-ақ 60-шы дивизияның барлығын толық өтуіне жағдай жасады.

Сол күні олар 15 шақырымға дейін ішке еніп, Лоев, Крупейко елдімекендерін азат етті. Бес күн ішінде 65-ші армия сәтті жоспарының нәтижесінде жау Лоев аумағындағы бірнеше бекіністерінен айырылып, шегініп қана қойған жоқ, олар оған қоса мыңдаған әскерлері мен техникаларынан айрылып қалды.

Днепрді өту сөзсіз кеңес әскерлерінің дамылсыз шабуылға шығуына зор мүмкіндік ашты. Бұл Ұлы Отан соғысындағы көптен күткен бетбұрыстардың бір парасы ретінде тарих беттерінде мәңгіге сақталып қалды. Ал қан майдандағы кескілескен шайқастың нәтижесі бойынша Днепрді алу үшін шайқасқан әрбір жауынгердің ерлігін ескеріп, бағалау басшылыққа алынды.

Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, ерлік пен әскери шеберліктердің барлығы жан-жақты талқыға салынып, 65-шы армия 183 жауынгерін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыныс жасады. Бұлар армияның батырлары, даңқты ерлер. Әрқайсысының ерліктері таразыланып, батырлақтары дәріптеліп, өмірге деген құштарлықты оятатын жігерлері осыған жетеледі. Нәтижесінде, барлығы оңды бағаланды.

1943 жылдың 30 қазаны күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімі бойынша 69-шы Қызыл Тулы Севск атқыштар дивизиясынан 52 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың қатарында жерлестеріміз Оңтүстік Қазақстандық Батырларымыз Бейсен Оңтаев, Тоғанбай Қауымбаев, Темірбек Ибрагимов, Берген Исаханов, Кеңлібай Тасқұлов, Жолдас Сүлейменовтер бар.

Айтулы атақты Ұлы Қазан төңкерісі қарсаңында 1-ші Белорус майданының қолбасшысы генерал К.К.Рокоссовский мен екі рет Кеңес Одағының Батыры П.И.Батов майдан шебіне келіп батырларға табыс етті.

Н.Б.Мансұровтың «Еңселі ерлер ерлігі» атты кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button