Жарық нұрдың сәулесі

Әке

Алмас Алмат

1973 жылы, Қармақшы ауданының «Жаңақала» с\з № 185 Орта мектебін бітіріп, әр отбасында той болып жатқан уақыт. Елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша «Ауыл активтері» мен мектеп директоры, мұғалімдерін қоса шақырып бір мал сойып қонақасы беріледі. Апам мен үлкен ағайым Серік- Сәкеңнің дайындығы да тамаша екенінін білемін. Ол кісі Алматыдан оқуын бітіріп келіп, ауылдағы ау-райын бақылайтын «Қарақ» станциясының бастығы. Бірақ…
Біздің үй «Қожекеңнің» үйі. Әкеміз Нұрмаханды (1900-1975) ел «қожеке» деп атайды. Ол кісі қуанса да, ренжісе де «Жау қырылып қалды ғой!»-деп, отыратын жан еді. Келген кісілерге арақ-шарап қойылуы керек болып тұр. Бұл кісіге ондай әңгіме айтылуы мүкін емес. Қожекең келе жатыр деп ол замандағы бір-жар ішкен кісілер келесі көшемен айналып кетеді. Апам мен Сәкең маған: «өзің айтып түсіндір» – деп, отыр.
Осы уақытқа дейін біз, тек әкеміздің қонақтарын күтіп қолына су құйып, ұлағатты сөзін еститінбіз. Қонақ жайғап болған соң, соңыра шәй үстінде: «Балам қонақтарың жақсы атқарылды. Жақсының малы жиында күйеді, жаманның малы үйінде күйді – деген, малың семіз шықты»- деп,отырар еді.
Мына қонақтың жөні бөлек болып тұр. Жұрттан қалуға тағы болмайды. Түн жарымындағы «Құптан намазынан» соң төсегін салып, дәрет суын дайындап үйреншікті өзіме тиесілі істерімді бітіріп, әкеме қарсы шарта жүгініп отырдым. Ол кісі, жәйнамазының үстінде тасфих тартып отырды. Осы уақытта ол кісі басқа әлемде жүргендей көрінетін маған. Ұзақ уақыт үнсіздікте болатын. Кіп-кішкене қара шал. Бүкіл ел алақанына салып сыйлайды. Сәлден соң еңсесін көтеріп, қарсы алдындағы маған қарап:
– Жау қырылып қалған екен ғой балам! – демала берсең болады»-деді.
Сол сәтті пайдаланып:
– Әке, Сізбен ақылдасатын шаруамыз бар еді? – деп, қалдым. Ол кісі қайтадан тасфих санап кетті. Бір-ақ естіді. Есік ашық, келесі бөлмеде апам мен Сәкең отыр. Сәлден соң:
– Я, балам тыңдап отырмын – деп, маған назарын сала қарады. Көзі – қой көзді, қызылы көп терең де, өткір еді. Денем ұйып, бетім дуылдап кетті. Сол арақты өзім ішетіндей ішімнен үрей билеп, орнымнан тұрып кете жаздадым. Бір қарасам ол кісі жанарын төмен салып тасфиғын санап отыр екен. Біздікі дұрыс емес. Әкеме өтірік айтайық деп отырмыз. Бұл үйде олар келсе арақ ішіледі. Сосын…. Оны ойлағанда жүрегім тасырлап аттай шапты. Біреу, «Қожеке балаларыңыз солай жасапты»- десе ше? Бар аузыма түскен сөз:
– Әке, қонақ шақырайық- деп, едік дегенді зорға айттым.
– Ә, болсын балам. Болсын. Шешелеріңнің қара азығы мол, малың семіз – деп, ол кісі қоштай жөнелді. «Қара азық» деп біздің ел – бидай, ұн, күріш т.б. дақылдарды айтады. Бізге керегі «басқа дақыл».
Оны қалай айтамыз:
– Әке. қонақтар ауыл белсенділері мен мектеп мұғалімдері. Отыз шақты адам. Қаладан қонақтарға тәтті сусын, ол -пұл алдырады екенбіз… Жұрт солай істеп жатыр. Соны айтып тоқтадым. Болды. Енді ештеңе демеймін. Әрі бүлінеді. Әкем үнсіз қалды. Маған бейне тас болып қатып қалғандай көрінді. Енді бір қараса шыдамаймын-ау деп, отырмын. Әкеме деген ықыласым осы уақытқа дейін адал, сол кісінің айтқанымен жүріп келіп едім. Енді не болдық? Ойым астан-кестең. Әкемді аяп кеттім. «Қожеке-қожекемен» жүрген бұл кіс өмірінде; каняк, шампан, арақ дегендерді естіп те көрмеген жан. «Малың семіз», «азық дайын» деген ақ көңілімен отыр. Үнсіздік. Уақыт өтпей қалды. Әлде бір уақытта әкем жанарын тіктеп маған қарады. Өзім де еңсемді дүзеп ол кісінің жауабын күттім.
– Болсын балам! – деп, басын изеп тасфиғын тартып, тағы отырып қалды. Өзінің қонақтарын шақырарда: «Балам, төріңді түгендедің бе? Ақсақалдар толық хабарланды ма?»- деп, отыратын еді. Шақырылатын қонақтардың ішінде бұл кісінің бірде-бір шалы аталмады. Содан соң барып:
– Солай айналайын!-деп, терең күрсініп:
– Санаулы қонақ, сатулы шәйдің заманы ғой – балам?! Маған ат-көлігімді дайында, ертең «Қараққа» Айтуар ағаңның үйіне барып қайтайын. Сол жақта үш-төрт күн боламын. Шәртімбай ағаң мен Нұрбай-Нұрекеңе айтарсын – балам. Бірге болсын-деп, тапсырма берді.

Ертеңіне үш шал батар күннің астына қарай қатарласып, маған тусыртын беріп, аттарымен жорытып кетіп бара жатқанда – бұлардан соң өзімнің жат ортада, жетім қалатынымды түсіндім…

Алмас Алмат

23.01.2016ж.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button