Қасиетті мөр мен киелі қазан
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы мен Qyzylorda телеарнасының бірлескен «Құнды жәдігер» жобасы аясында мамандар Сыр бойында өмір сүрген Сейітпенбет әулиенің мұрасын түгендеді.
Сейітпенбет әулие ел аузында Қорасан ата аталып кеткен әйгілі Әбдіжәлел бабтың отыз төртінші ұрпағы, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген атақты дін қайраткері. Бала күнінде Хиуа, Бұхарадағы медреседен білім алады. Кейіннен Бағдат, Мысыр, Шам, Мекке, Мәдине, Герат қалаларын аралап, талай ғұламаның алдын көрген деседі. Араб, парсы, түркі, қытай тілдеріне жетік болған Сейітпенбет Ибн-Синаның дәрігерлік жазбаларына ден қойыпты. Түрлі шөптердің қасиеттерін игерген оны Кіші жүздегі Шөмекей руының Дөсек, Бекет, Қалам деген азаматтары өздеріне пір етіп көтереді. Содан бастап Түркістаннан Сыр өңіріне көшіп келген әулиеге Қалам би Қуаңдарияның сол жағалауынан мешіт салып береді. Ел аузындағы деректерге қарағанда бұл мешіт қазіргі Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылының аумағында болған көрінеді. Сыр сүлейлерінің ішінде ер Сейітпенбеттің есімін жырына қоспағандар кемде-кем.
Оның әулиелігі туралы аңыз, әңгімелер ел ішінде әлі де айтылады. Көне сорабы сақталған аңыздың бірінде Жәрімбет әулие, Марал ишан және Сейітпенбет үшеуінің сұхбат құрғаны баяндалады. Үш жүзге пір болған Марал ишан әңгіме барысында:
– Әй, Сейітпенбет, жұрт сені «ер Сейітпенбет, әулие Сейітпенбет» деп атайды. Әулие болсаң айтшы, біз өлгенде қайда жерленеміз? – деп сұрапты. Сонда Сейітпенбет ойланып тұрып:
– Мен білсем, Марал, сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар. Ал мен болсам қиян шөлге жайғасармын, – деп жауап беріпті.
Сейітпенбет бабаның осы айтқан көреген сөздері шындыққа айналады. Марал ишан Қармақшы ауданының шығысында, елге жақын қорымға жерленеді. Ал Жәрімбет әулиенің мәңгілік мекені Қарақ тауының басы. Ер Сейітпенбет те өзі айтқан жерден орын алыпты.
Сейітпенбет әулиенің мөрі жүзік тәрізді етіп жасалған. Құнды жәдігерде арабша «Сайд Мұхаммед бин Қожажан» деп жазылған. Ұрпақтарының айтуынша Ер Сейітпенбеттің күміс мөрі ХІХ ғасырда Мекке қаласында жасалған екен. Қазір тікелей ұрпағы Якуб Тұрмановтың қолында сақталған.
Әулиеден қалған киелі қазан туралы да аңыз аз емес. Әулие кесенесіне келгендердің арасынан ойы бұзылып, қазанды кесене басынан алып кетпек болғандар кездесіпті. Бірақ жеме-жемге келгенде дәттері шыдамай қазанды тастай қашып, жарық түсіріпті. Бір ғажабы, сол жарық қазаннан бір тамшы су ақпайды. Қазір де кесене басына зияраттап барған адамдар киелі қазанға ас әзірлеп жүр.
Мұрат Жетпісбаев
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/290198-qasietti-mor-men-kieli-qazan
© egemen.kz