Мәдірайым ишан
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты қазіргі Ленин атындағы кеңшардың маңындағы «Ақтайлақ» деген жерде, руы жағынан Бақсайыс қожа Сойырғасұлы Құлмағанбет деген кісі өмір сүреді. Ол кісі 1840 жылы туып, 1911 жылы қайтыс болған.
Құлмағанбет Сойырғасұлы мұсылманша діни оқуды көп оқыған, өте сауатты, адам емдеп, дәрігерлікпен айналысқан, мешіт ұстап, бала оқытқан адам. Сондықтан, осы төңіректегі жұртшылықтың арасында өте беделді болып, халық қатты қадірлеген кісі екен. Құлмағанбет төре руының қызына үйленеді. Сөйтіп, сол әйелінен 1860 жылы ұл балалы болып, оның атын Мәдірайым деп қояды.
Мәдірайым есін біле бастағаннан кейін-ақ, ерекше қабілет танытып, өзінің зеректігімен, ақылдылығымен бүкіл елге, көрші қолаңға белгілі бола бастайды. Мәдірайымның осындай қабілетіне сүйсінген Құлмағанбет баласына іштей риза болып, сол кезде-ақ өзінің «Мәдірайымым үлкен ишан болады» – деп ой түйген.
Мәдірайым он жастың шамасында әкесінен:
-Көке, оқимын, мені оқытыңызшы, – деп айтумен болады.
Құлмағанбет зерек баласының оқығанын көргенімен, қолынан шығаруға қимайды.
Бірақ Мәдірайым да ауыл молдасынан арабша сауат ашып, хат танып алғаннан кейін Бұхарадағы медресеге барып, діни оқуды жалғастыруды армандауды қоймайды.
Құлмағанбет ақсақал дастарханды, қонақжайлы кісі болғандықтан сол кездегі ескі жолмен жүретін Бұқара-Ресей арасындағы жүргіншілер, әртүрлі саудагерлер оның үйіне қонып, түстеніп кететін болған.
Мәдірайым отбасын, әке-шешесін мазалап оқимын, Бұқараға кетемін деп жүргенде жасы он екіге келеді. Енді ол өз арманын жүзеге асыруға бел буа кіріседі. Сөйтіп, жүргенде бір күні ауыл арқылы өткен керуенге ілескен он екі жасар Мәдірайым үйінен жасырынып оқу іздеп, Бұқараға қашып кеткен.
Жалғыз ұлынан із-түзсіз айырылған Құлмағанбет баласын іздемеген жері қалмай ақыры күдер үзіп, оны өлдіге санап қояды.
Мәдірайым сол кеткеннен Бұқараға жетіп, өзінің ерекше қабілеттігінің арқасында діни медресеге мұсылманша оқуға түсіп, әр түрлі салада үзбестен он екі жыл оқиды. Сөйтіп, үйімен хабарласпай он екі жыл бойына білім алуға беріле кіріскен жас жігіт оқуды өте жақсы деген бағамен тамамдап, мұсылманша мұғалім, дәрігер, жағрафияшы деген шатырхат алып, Бұқарада өзімен бірге оқыған балалармен бірге Сыр бойына қайта оралады.
Елден өте жас кеткен Мәдірайым «Ақтайлақтағы» өз ауылын бірден таба алмай, ел жағалап келе жатқанда Қараөзектің Сырдариядан бөлініп шығар сағасында отырған ұлы жүздің Жалайыр руының ауылына келеді.
Мәдірайым сол ауылда бір-екі күн аялдап, қонақ болып жүргенде сол елде бір ас өткізіліп соған барады. Ас таратылып жатырқанда Мәдірайым сол елдің адамдарымен табақтас болады. Дастархан басында отырған жасы алпыстар шамасындағы бір ақсақал қасындағылардан:
-Мынау қай бала? – деп сұрайды.
Мәдірайым өзінің Бұқарадан діни оқу оқып келе жатқанын айтып, ақсақалға жағдайын қысқаша таныстырады.
Дастарханға төрдегі ақсақал бата беріп:
-Құран оқудың жолын мына жас молдаға беріп көрейік, – деп Мәдірайымды нұсқайды.
Мәдірайым тізерлеп отыра қалып, құран оқи бастайды. Оның құран оқу мақамы ерекше еді.
Сондықтан дастархан басындағы қариялар оған қатты риза болады. Енді олар көздерін жас Мәдірайымнан ала алмай қарап қалады.
Әруақтарға құран оқылып болып, ас тарар кезде бағанағы ас қайтарған ақсақал Мәдірайымға:
-Балам, мұнда кел, қалған әңгімені біздің үйге барғасын айтасың, – деп оны өз үйіне ертіп келеді.
Ол кісі ауыл ақсақалдарын шақырып, жас та болса Мәдірайымға мал сойып, қонақасы береді. Сол жерде үй егесі де, ауыл ақсақалдары да Мәдірайыммен жақсылап танысып, оның қайдан шыққанынан хабардар болады. Ертесіне үй иесі ақсақал оған:
-Мәдірайымжан, сен еліңе асықпа. Мен аманшылық болса, сенің еліңді тауып алуыңа көмектесем. Сенің ерекше білімдарлығың маған да, ауыл ақсақалдарына да ұнап қалды. Сондықтан біздің елде аялдай тұр. Қаласаң саған арнап мешіт салдырып, өзіңді сол мешітке еге етейін. Мешітке елдің балалары оқысын, сауатын ашсын, – деп қолқа салады.
Бұған Мәдірайым:
-Әке, ойланайын, маған екі-үш күн мұрсат беріңіз, – дейді.
Шын ниетімен үй иесі де, ауыл ақсақалдары да өтінгесін Мәдірайым ақыры осы елде қалып, бала оқытуға келіседі. Сөйтіп, ауыл ақсақалдары Мәдірайымды өзіне өкіл бала қылып алады. Бір жыл ішінде бүкіл ел болып жабылып мешіт салып, Мәдірайым соған молда болады.
Мешітте бала оқытуды, ауылда молда болуды ойдағыдай атқарған Мәдірайым елдің ойынан шығады. Сөйтіп, жас молда өз қызметімен халықтың құрметіне бөленеді. Ол сонымен қатар алдына келген көптеген науқастарды емдеп жазады. Сондықтан мешітке халық жан-жақтан ағылып келіп, одан ақыл-кеңес, дәрі-дәрмек алып тұрады. Жас емшінің аты жақын жердегі Ақмешіт қаласының тұрғындарына да мәлім болып, оған келушілер көбейе түседі. Оның үстіне, Мәдірайымның бала оқытудағы ыждағатты жұмысы да ел ішінде елеусіз қалмайды. Ол оқытқан балалар тез сауаттанып, бір жылдың ішінде қара танып, кітап оқу дәрежесіне жетеді.
Күндердің бір күнінде Мәдірайымнан айырылғанына он екі жыл болды дегенде Құлмағанбет ақсақалдың үйіне алыстан бір жолаушы келіп қонады. Жолаушыдан жөн сұрасып болғаннан соң Құлмағанбет ақсақал оған өз мұңын айтады. Баласынан айырылғанына он екі жыл болғанын есіткенде жөн-жобаны түсінетін жолаушы кісі ақсақалдың бет әлпетіне қарап отырып былай дейді:
-Мен осыдан бірнеше күн бұрын Қараөзектің Сырдариядан бөлініп шығатын сағасында отырған бір байдың ауылына қондым. Бай өте жомарт, сыйлы кісі екен. Өзінің жиырма төрт, жиырма бестер шамасындағы ұл баласы бар көрінеді. Соған арнап мешіт салдырыпты. Баласы молда болып сол мешітке ауыл балаларын оқытады. Байдың руы Жалайыр болып шықты. Ас ішіліп, түнгі әңгімеге көшкен кезде бай өз сырын ортаға салып, мына мешіттегі иман болып жүрген баланы асырап алғанмын. Өзі Бұқарадан оқып келе жатыр екен. Осы ауылдың сонда оқыған бір баласына еріп келіпті. Өзі ауылынан он екі жасында кеткен екен. Туған ауылын таба алмай елден сұрастырып жүргенде маған кездесіп қалды. Сөйтіп, ол өзінің өзгелерден ерекше керемет қасиеттері, адамгершілігі және сауаттылығымен мені қатты баурап алды. Мен оған түбі ата-анаңды тауып қауыштырайын дедім. Бұған ол келісе кетті. Қазір ол мешітте иман болғанмен өзінің дәрігерлік, мұсылманша дәріс беретін молдалық, әулиешілік қасиеттерімен аты елге кеңінен тарай бастады. Менің бұл балаға арнап мешіт салдыру себебім осы, – деп бай сөзін аяқтады, – деді әңгімесін жолаушы.
Ол Құлмағанбет ақсақалдың көзін алмай біраз ойланып отырып:
-Сол баланың түрі сізден айнымайды, – дегенде жүрегі сезгендей болған Құлекең атамыз орнынан еріксіз түрде бірнеше рет ұшып түрегелген екен.
Құлекең сол жақсы хабарды жеткізген жолаушыға жақсылап қонақасы беріп, шапан жауып, шығарып салады. Ертесіне қасына біраз жігіттерді алып, ол сілтеген Қараөзек өңіріндегі Жалайыр ауылына тартып отырады.
Бұл күз айлары болатын. Күн суық. Жүрегі алып ұшқан Құлмағанбет ақсақал аталған бай ауылына таң бозара жеткен екен. Ауылға жақындағанда мешітте таң намазы оқылып жатса керек. Жас ишанның қырағатты дауысы Құлмағанбет ақсақалдың жанын қоярға жеп жапқызбайды. Ол жас иманды көргенше асықты. Ауылға қонақ келді деп мешіттегі байға хабар берілді. Содан кейін таң намазын оқып болған бай үйіне келіп, қонақтарын қарсы алады. Сусын ішіп, шамалы демалғасын сабырлы бай келген қонақтарынан жөн сұрайды. Құлмағанбет ақсақал байдың бұл сұрағына:
-Байеке, жоқ іздеп жүрмін, Қармақшы жағындағы төменгі ауылдан келемін, – дейді.
Қонағынан көзін алмай тесіле қарап отырған бай:
-Ақсақал, ол іздеген жоғыңыз табылғалы тұр деген кезде Құлмағанбет ақсақал қуанғанынан үй иесін құшақтай алыпты. Сол мезетте бай бір қызметшісіне:
-Бар, Мәдірайымжанды шақырып кел, – дегенде он екі жыл бойы зарығып іздеген баласының атын естіген Құлмағанбет ақсақалдың есікке тұра ұмтылып барып қайта отырыпты.
Аз уақыттан кейін әкелі-балалы екеуі есіктің босағасында құшақтасып табысқан екен. Әбден сағынған әкелі-балалы екеуі көрісіп, мауқын басқаннан кейін Құлмағанбет ақсақал байға былай деп сұрақ қойған екен.
-Байеке, сіз менің жоғымның табылғалы тұрғанын қалай сездіңіз? Сонда бай: -Мен өмірімде сіздердей әкелі-балалы кісілердің мұндай ұқсастығын бірінші көруім, – депті.
Сол күні бай бүкіл елін шақырып Мәдірайымның әкесімен табысқанына арнап той жасапты. Біраз күндерден кейін Құлмағанбет ақсақал еліне қайтпақшы болады. Бай үйінің төрінде отырған Құлекең жұрттың көзінше баласына:
-Әке, мына өкіл әкем мені қияметтік бала қылып алып, мен үшін мешіт салдырды. Мен мешіт табалдырығында жылатып тастап кетпеймін. Сізді де, түсінемін, егер рұқсат етсеңіз енді бір жыл осы өкіл әкеме, бүкіл ауыл жұртшылығына да қызмет етейін, – дегенде Құлмағанбет ақсақал:
-Жаным, ақылыңнан айналайын, мақұл, – деп басқа сөзге келместен серіктерін ертіп еліне қайтып кеткен екен.
Содан тура бір жыл өткенде, яғни келесі күзде бай Мәдірайымға енші беріп, қасына қызметшілер қосып «Ақтайлақтағы» өз әкесіне жеткізіп салыпты.
Еліне келгеннен бастап Мәдірайым өз білімін халыққа қалтқысыз қызмет етуге бірыңғай арнайды. Оның атағы енді Сыр бойына белгілі бола бастайды. Сондықтан асқан білімдарлығы үшін ол ишан деген діни атақ алады. Мұндай жоғарғы атақ одан бұрын біздің жерлесімізде Марал, Қалқай ишандарға ғана берілгенін еске алсақ мұның өзі Мәдірайым ишанның халық арасында қандай абыройға ие болғанын айқын аңғартады.
Сөйтіп жүргенде Мәдірайымның туған шешесі ауырып дүние салып, Құлмағанбет ақсақал екінші рет үйленеді. Бұл әйелінен Ахмет, Әбдімәлік, Әбжәли деген үш балалы болады.
Соңғы кіші ұлы Әбжәли екі жасқа келгенде Құлмағанбет ақсақал да ауырып, қайтыс болып, сол «Ақтайлақ» өңіріне жерленеді. Әкесі өлгеннен кейін ел ішінен дінге қарсы ишан, молдаларға қарсы ретсіз сөз сөйлеушілер шыға бастағасын Мәдірайым үш інісін, шешесін және балалары мен әйелін алып Сырдария бойындағы қазіргі «Жаңажол» жеріне көшіп келеді. Сол кезде Сыр бойындағы қазақтарға билік жүргізген Елкей ханның баласы Үсен осы төңіректі басқарып отыр екен.
Мәдірайым көшіп келеді дегесін Үсен төре оның алдынан шығып. Оған өзінің «Тар түбек» деген дария бойындағы шағын жерін сыйға тартқан екен.
Мәдірайым «Ақтайлаққа» барғаннан кейін төре руынан шыққан қызға үйленіп, одан Патыма, Раунақ деген қызды, Әбділда, Сағат, Сәкен деген ұлды болған.
Сонымен үш жас інілері және өзінің балалары Мәдірайым ишанның тәрбиесінде болып, барлығы бір үйде тұрады. Ишан оларға жақсы тәлім, тәрбие беріп өсіруге барлық күшін жұмсайды. Патыма мен Раунақ бойжеткесін сол жердегі төре руына ұзатылады. Қазіргі уақытта олардан тараған немере, шөбелері бар.
Ишанның үлкен ұлы Әбілда әкесінің жолын қуып, тап әкесі оқыған Бұқарадағы «Көкелташ» медресесін бітіріп келіп, мешітке орналасады. Ол әкесіне көмекші болып бала оқытады және тәуіптік кәсіп жасайды. Сөйтіп, мақсұм деген діни атақ алады.
Әбділда Мақсұм оқудан алған білімін өзінің ізденгіштігіне шеберлікпен ұштастыра білген кісі болады. Соған қарағанда ол «Көкелташ» медресесінен инженерлік білім де алып шыққанға ұқсайды. Өйткені ол сол кезең үшін өте күрделі болып табылатын біраз жұмыстарды атқаруға мұрындық болады. Әкесі Мәдірайым ишанның ақылымен Әбілда мақсұм 29 жасқа келіп онды-солды білгесін өз ауылының тұсынан шалқып ағып жатқан Сырдарияның суын егін егуге пайдалануды ойластырады. Бірақ Сырдария суы егін егетін жерге өздігінен ақпайды. Ол үшін су шығаратын бір құрал керек. Бұл жағдайды жан-жақты ойластыра келіп Мәдірайым ишан баласы Әбілда мақсұмды Самара қаласына жіберді. Сол жолда төрт ай жүрген Әбілда қажетті адамдармен сөйлесіп, ақылдаса келіп, Самарадан шығыр сатып алуға келіседі. Ол үшін елден қаржы жинап сатып алған шығырдың түрлі жабдықтарын өздері мініп барған ондаған түйелерге артып ауылға үлкен қиыншылықтармен жеткізеді. Жолшыбай айлап жүріп, талай жерге қонып, түстенеді. Сонда жұртшылық Әбілда мақсұмның мұндай шыдамдылығына, ақылдылығына қатты риза болады. Иә, байқап отырсақ мұның өзі сол заманның мүмкіндігі үшін ерлік екені сөзсіз.
Үлкен еңбекпен әкелінген шығырдың бөлшектері Сырдария бойындағы Мәдірайым ишанның өзі отыратын «Тартүбектің» өр жағындағы бір қолайлы жерге түсіріледі. Ол кезде дарияның мұзы әлі ери қоймаған екен.
-Шығырды осы қыста орнатуымыз керек, – дейді Мәдірайым ишан жұртшылыққа. –Өйткені көктем шығысымен бұл жер батпақ болып тасыған судың астында қалады. Сондықтан шығырды жердің қатқыл кезінде қазір орнатып, көктемде бірден су айдауға кірісуіміз керек. Сонда біз егінді биылдың өзінде егеміз.
Халқы Мәдірайым ишанның сөзін екі етпейді. Шығырды Әбілда мақсұм зауыттан қоса әкелген жобаға сай орнатуды қолға алады. Бұл жұмыс ауылдағы Байеке қажы деген кісінің ұста баласының басшылығымен атқарылады. «Көп түкірсе көл» дегендей бүкіл ел болып қолға алынғасын шығар қыстың көзі қырауды жобаға сай орнатылып көктемде дариядан су айдауға дайын болды.
Шығыр іске қосылатынын естіген сол маңдағы жарлы жақыбайлар Мәдірайым ишанның маңына жиналды. Бұл нанға жарымай жүрген адамдар үшін үлкен қуаныш болды. Сөйтіп, олар жұмысқа бар ынта-жігерімен кіріседі. Арық қазылып, егін егетін жерге су апаруға жол салынады. Бұл жұмысқа да Мәдірайым ишан мен оның баласы Әбілда мақсұм басшылық жасайды.
Көктемде Сырдарияның мұзы бұзылып, шығыр іске қосылады. Бұған қуанған жұрт дереу жер өңдеп бидай, арпа, жүгері, дақылдарын, бақша еге бастайды. Талай ғасырлардан бері егін егілмей тың жатқан алқапқа егілген дақылдар бітік шығып, жұрт астық пен қауын, қарбызға қарқ болады.
Мәдірайым ишан алынған мол өнімнің жартысын халыққа береді де, қалғанын мешіт салуға қаржы есебінде пайдаланады. Ол кісі өз маңына жиналған кедейлерге өз малынан үй басы сайын бір-бір сауын сиыр беріп қойған екен. Енді мешітті салу үшін қолдан кесек құйғандарға халықпен ойласа отырып астық беруге келісіп, мешіт салуға кірісіп кетеді.
Сол жылы ел жабылып бірнеше жүз мыңдаған кесек құйып, кірпіш күйдіретін жерді белгілейді. Жиналған жұрт мешіт салатын қыруар кірпішті екі жылда өртеп бітіреді.
Сонымен екі жылда көп болып қолға алған мешіт құрылысы бітіп, Мәдірайым ишан балалары, келіндерімен сол мешітте бала оқытып, намаз шығарып, халыққа қызмет істей бастайды. Сөйтіп, оның есімі халықтың аузына бұрынғыдан да бетер ілініп, әулие, ишан деген атқа ие болады.
Мәдірайым ишанның алдында емделуге келген кісі кез келген ауруынан жазылады екен. Сол заманда ешқандай дәрігерлік көмектің жоқтығынан бала көрмей зарығып жүрген көп ерлі-зайыптыларға ақ батасын беріп, емдеп, олардың сәби сүюіне көмектеседі. Яғни, ұлсыздарға ұл, қызсыздарға қыз берді дегендей шарапатты жағдайлар әулиенің күнделікті өмірінде жиі болып отырған. Ал, сол кездегі жиі ұшырасатын науқас, есі ауысқан кісілерді мешітке бір-екі түнетіп, үшкіріп-ақ жазып жіберген. Халық ишанның әулиелігіне тәнті болған. Ол кісінің үлкен бір қасиеті – алдына емделуге, иә басқадай көмек сұрауға келген адамнан ешқандай ақы алмаған.
Кейін қолындағы барлық малын елдегі жарлы-жақыбайларға таратып бергендіктен ол көп ұзамай өзі де жарлылар қатарына қосылады. Оған бір мысал. Мешітте отырған Мәдірайым ишан әйеліне хабар жіберіпті: «Үйге кісі келе жатыр. Түске таман келіп қалар, қазанынды аса бер» дейді екен. Сонда әйелі:
-Ишеке-ау ол қазанға не саламыз. Үйде тамақ істейтін ет жоқ қой, – десе Ишан:
-Қазаныңды қайната бер. Мына халық бүгін бір тойсын. Қазір құдай қаласа қазан толтыратын мал келеді, – деп жауап қайтарыпты.
Әдепкі кезде бұған жұрттың көбі сенбей, қазан көтермей отырған. Кейін бұған көздері жеткен. Қазандағы су қайнауға жақындағанда, мешітке құда жолына деп бір малын жетектеген адам келеді екен. Мәдірайым ишанның айтуымен малды сойып, ол түйе болсын, қой болсын түгел қазанға салып, ауысқанын еліне таратып береді екен. Ишанның бұл қасиетіне риза болған ағайындары мешіттің маңынан көшпей отырған. Ол кісінің осындай абзал қасиеттерін сол елдің барлық халқы біліп, үнемі үлкен сүйіспеншілікпен айтып отырған Мәдірайым ишанның көзін көріп, осындай қасиеттерін тамашалаған кісілердің көпшілігі әлі бар.
Ел ақсақалы Ысқақ деген кісі былай деп еске түсіреді.
Мен бір күні Мәдекеңе сәлем бере барсам ол мешітте екен. Ишанмен әңгімелесіп отырғанымда орта жастан асқан бір кісі кіріп келді. Аяғындағы кебісін шешіп, ишанға сәлем беріп, қолын ұсынады. Бірақ ишан ол кісіге қолын бермей:
-Төрлет, отыр, – деп төрді ұсынады.
Қонақ ишанның өзінің ұсынған қолын алмағанына аң-таң болып төрге шығып отырады. Сол кезде Мәдекең қонағына:
-Шырағым мен сені бірінші көруім. Дегенмен, сен өткен жолы бір қысылшаң жерде маған сыйынып едің ғой. Сеніп сыйлағаның дұрыс, ал аман қалғасын неге маған келіп сәлем бермедің? – дегенде қонағы саса бастайды.
-Сен дарияның арғы бетінен көк айғырды ұрлап әкеле жатырғанда мұз жаяу адамды көтермейтін жағдайда еді. Сен атпен өткің келді де: «Уа, Мәдірайым ишан, бабам, мені атыммен дариядан өткізе гөр» деп сыйыңдың. Мен сені дариядан иығыма арқан салып сүйреп өттім. Сондағы аттың шылбырының ізі мынау, – деп Мәдекең көйлегін шешіп иығындағы арқан ізін көрсеткенде әлгі ұры ишанның аяғына жығылып, жалай бастайды.
-Мені құдай алжастырған екен, айтқанының бәрі рас, – деп мойындады. Сол кезде ишан:
-Жә, орныңнан тұра ғой. Айыбыңды мойындасаң бопты,- деп қолын ұсынып әлгі кісімен амандасыпты. Мен көзіммен көрген жағдайға таң қалып:
-Мәдеке, ол ұры біреуге қиянат жасап келе жатыр. Оған әруақ қалай көмектеседі? – дедім.
Сонда Мәдекең күліп:
-Әруақ ұрыға да, байға да, жарлыға да ортақ қой. Ұрлықты жасамас бұрын ол «иә» құдай, әруақ жар бол, аман сақта, бала-шағамның қамы үшін осы жолымды болғыза гөр» деп жалбарынады. Сонан ол ұсталмай аман кетеді, – деді.
Құлмағанбет ақсақалдың Иымқұл деген туған інісі болған Иымқұлдан Жүсіп, Ахмет, Кенжали деген балалар туып, өскен, Мәдекеңнің бұл немере інілері де сол мешіттің маңында тұрады. Қазіргі кезде бұл үш кісіден туған ұрпақтар оншақты үй болып отыр.
Бұл ағайынды үш кісі өз кезеңінде балық, құс, аң аулаудың шебері болған. Олар көбінесе осы кәсіппен айналысып күн көреді екен. Әсіресе, Ахмет ақсақалдың мінезі шатақ болса керек. Ол бірде ағасымен, бірде інісімен тез шатасып, көрмей қалады екен. Мәдірайым ишан мұндай кездерде үшеуін алдына шақырып алып, татуластырып жіберіп отыратын.
-Шырағым, Ахмет, мына ағаң мен інің сенің екі қанатың емес пе? Екеуі құдай берген екі қолың ғой. «Егер он қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын деген» аталарымыздың сөзін ұмытпа, – деп Ахметке өсиет айтып, оны төзімділікпен тәрбиелеген.
Мәдірайым ишан әрдайым ағайынның да, туған туыстарының да өзара татулығына қатты назар аударып, оны көзінің қарашығындай сақтаған кісі. Ауыл арасынан араздық шықса ол дереу іске кірісіп, ушықтырмай басып тастауға бар күшін салған.
-Ағайын араз болса ауыздағы кетеді, – деп отырады екен ол. Сондықтан Мәдірайымды ауылдастары ерекше қадір тұтқан. Сәкен де 22 жасында демікпе ауруынан қайтыс болды. Сәкен де мұсылманша білім алған, ата жолын қуған жігіт екен. Бірақ тағдыр оған Мәдірайым ишан сияқты ғұлама болуды жазбапты. Атамыздың қайтыс болған бұл екі баласы да Мәдірайым ишан сияқты ишан мешітінің оңтүстік жағындағы 150 метрдей жерде қойылған.
Балалардың күйігі ме, болмаса басқа науқастан ба атамыз ауруға шалдығып, көп жыл төсек тартып жатады. Бір күні атамыз туған-туыстарды, ағайынды түгел жинап, өзіне бейіт салып қоюды өтінеді.
Жиылған ел бейітті оның өзінің бұрын қайтыс болған екі баласының қасынан саламыз дегенде атамыз:
-Жоқ, мені осы мешіттен үш шақырым жердегі Сарытөбенің басына жерлеңдер де басыма бейіт салдырыңдар, – деп өзі көлікпен барып, оны салатын жердің орнын көрсеткен екен.
Жиналған халық бұл сөзге таң қалып, Мәдекеңді есінен адасқаны ма деген ойда отырғанында Ишан былай дейді.
-Менің топырағым осы Сарытөбеден бұрқ етті. Бейітті не де болса сол жерге салыңдар.
Мешітке қайтып келіп, ас ішіліп болғасын бір қария: -Мәдеке, сіз екі балаңыздың қасына жатпай неге Сарытөбеге жерлеңдер деп отырсыз, – дегенде Мәдекең:
-Шырақтарым, мені мешіт жанына атымды кейінгі ұрпақ ұмытып қалар. Ал, Сарытөбенің батыс бетінен үлкен жол және оман арық жүреді. Халық сол жолмен көп жүріп маған құран оқиды, – дейді.
Сол Мәдекең жерленген Сарытөбеде қазір жүзден аса бейіт бар. Бұл кезде үлкен қорым болған Сарытөбенің қасынан Қызылордадан шығатын жол және үлкен канал өтеді.
Мәдекең 1933 жылы наурыз айында дүние салады. Бұл ел басына тосын нәубет келген ашаршылық жылы еді. Мәдекең қайтардан үш-төрт күн бұрын қар жауып, жаяу адам жүре алмай қалады. Қардың қалың жауғаны Мәдекеңді жерлеуге көп қиындық туғызады. Бірақ, Сыр өңіріндегі Мәдекеңді білетін ағайын қыстың қаталдығына, аштықтың қиындығына қарамастан оны ақ жуып, арулап қояды. Әсіресе, атамыздың замандас досы Науаш ақсақал өте көп көмек көрсетеді. Сөйтіп Мәдекеңнің үш інісі және ұлы Сағат мешітте әкелерінің орнында қалады. Ол кісі қайтқан кезден бастап үкіметтің асыра сілтеу заңы шығып, жақсы-жайсаң кісілерді бай, молда деп түгел қамап, олардың ұрпақтарына да қырғидай тиді. Бұл қысымға шыдамаған Сағат ағамыз сол жылы Ташкентке қоныс аударып, қызметке тұрған. Кейін Шыршықтағы көп өнім өңдейтін үлкен зауытқа директор болып орналасады. Сөйтіп, мешітте Мәдекеңнің үш інісі Ахмет, Әбдімәлік, Әбжәлилер қалады. Олар өздерінің хал-қадірлерінше мешітті қасиетті орын есебінде сақтауға тырысады. Бірақ заман дін жолын қыса түсіп, көп қиындық әкеле бастайды. Мәдірайым ата ұрпақтары да қуғынға түсті.
Ақырында шала сауатты елге жоғарыдан асыра сілтеу саясаты тоқтатылады деген жалған хабар жетеді. Қой енді ел тынышталды, Сағатқа елге келсін деп хабар берейік. Өз басын ойлап, бізді далаға тастамасын деген екі ағасы ортасынан кіші інісі Әбжәлиді Ташкентке Сағатқа жібереді. Сонымен Сағат үлкен қызметін өткізіп, елге, бауырларының қасына қайтып келеді. Ол келісімен елге ағалық жасай бастағанда яғни, қайтып оралғанына бір ай болмастан елдегі кейбір белсенділер оның ізіне түсе бастайды. Оған ишанның баласысың, елді мұсылманшылыққа, дінге үгіттеп жүрсін деген жала жабады. Сол кезде Сағат ағамыз кәлие қаратамыр Бөрібайдың Нақ деген қарындасына үйленеді. Бірақ оның жанұя құрып, туған жерге өркен жаямын деген үміті ақталмайды. Сөйтіп асыра сілтеуші белсенділер Сағатты «Ишан баласы, жаңа өмірді жақтырмайды» деген желеумен заң орындарына астыртын хабар беріп 1939 жылы ұстатып жібереді. Бұл сол жылдардағы бүкіл халыққа қарсы сталиндік қудалау әрекетінің әсері еді.
Одан ешкім аман қала алмады. Сол кеткеннен 8 айдан соң қиындағы Сахалин аралығынан шыққан Сағат ағамыздан елге хат келген. Ол хатты өлең мен қара сөзді араластырып үш бауырына жазған екен. Хатының соңында Сағат аға былай депті: «Бауырларым-ау, бұл қалай болды? Қазақта «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегені қайда? Әкемнің жақсы болғанынан не көрдім?
Иә, бұл жалғыз ғана Сағат Мәдірайымұлының басына түскен жағдай емес еді. Талай-талай асыл азаматтар сол жылдары жалған жаламен жазықсыз ұсталып, көп жапа шеккені, көпшілігі мезгілсіз қаза болып кеткені тарихтан белгілі. Бұл бүкіл еліміздің, халқымыздың басына келген төтенше жаза, ауыр апат болды.
Мәдірайым атамыздың үлкен інісі Ахмет 1951 жылы бұрынғы Энгельс атындағы (қазіргі «Жаңа жол») кеңшарының «Комсомол» деп аталатын бөлімшесінің жерінде қайтыс болған. Қазір артында ұрпақтары бар. Екінші інісі Әбдімәлік 1942 жылы соғысқа кеткеннен қайтып оралмаған. Кіші інісі Әбжәли Мәдірайм ишан өмір сүрген ауылда үзақ жыл еңбек етіп, 1990 жылы 82 жасында дүние салды. Бір ерекшелігі Мәдірайм ишанның кіші інілері оны ата деп атаған. Мұның өзі Мәдірайымның ерекше қасиетіне байланысты болса керек.
Мен осы Әбжәлидің баласымын. Есімді білгелі сол әулие атамның жақсы істері мен ол туралы қызықты әңгімелерді естуге құмартып, сол кісінің әруағын қадірлеуге қолымнан келгенше үлес қосып келемін. Атамның бейіті басына 1980 жылы көрнекті етіп ескерткіш орнаттым. 1992 жылы бүкіл қорымның сырты шарбақпен қоршалды. 1993 жылы көктемнен бастап «Жаңа жол» кеңшарының басқармасы елмен ақылдасып, қаржы бөліп орталыққа үлкен мешіт Медресе салып, оған менің Мәдірайым атамның атын берді.
Бұл да Мәдірайым ишанның әруағын сыйлап, оның халық алдындағы қалтқысыз еңбегін бағалағандықтың белгісі екені сөзсіз. Сондықтан туып-өскен жерім «Жаңажол» кеңшарының бүкіл жұртшылығына, басшылығына туған-туысқандарымның атынан үлкен алғысымды айтамын.
Халқымыздың «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты сөзі бар. Сіздердің еңбектеріңізге Мәдірайым ишанның әруағы риза болып тұрмыстарыңыз жөнделіп, жанұяларыңыз бақытты болсын, ардақты ауылдастарым!
Мәдірайым ишан туралы естеліктер
Мәдірайым ишан Құлмағанбетұлы туралы оның замандастары да, одан кейінгі ұрпақтың өкілдері көптеген естелік айтқан. Бұл естелік әңгімелердің барлығы да Мәдірайым ишанның қандай әулие адам болғандығын айқындай түседі.
Мен осы кісілердің естелік әңгімелерін магнитафон таспасына жазып жазып, алып, сақтап қойдым. Мұның өзі де біздің ұрпақтарымызға қажетті рухани қазына деп ойлаймын.
Сонымен қатар аудандық «Қармақшы таңы» газетінің 1994 жылғы 17 наурыздағы 12 санында тұтас бір беттік «Мәдірайым ишан» деген мақала жарияладым. Бұл да атамыздың есімін елге кеңінен тарата беруге үлес қосатыны сөзсіз дейді.
Суретті салған Ералы Оспанұлы