- Ишан-мағзұмдарды кезінде ұстап бергеннің бірі Сәрсенбай деген екен. Заманның жақсысында ишан-қожаларардың көлеңкесінде жүріп, бастарына күн туғанда қызылдармен ауызжаласып, қысымнан босып кеткен ишандарды тауып беру үшін Тәжікстан мен Өзбекстанға барады. Сұрастыра жүріп, ағайындардың паналап жүрген жерлерін анықтап алады. Алдын ала келісіп алып, жанында жүрген жендеттерге «бауырым» деп мен кімді құшақтасам соларды ұстайсыңдар дейді ғой. Осылайша талай жақсыларды ұстап берген Сәрсенбай тәубасына келмей өлген екен. Ол туралы Айқожа ишанның ұрпағы Ахметхан аға айтып берді:
» Оны көруіме себеп болғаны сексенінші жылдардың басында Зияуддин ибн ишан Бабахан – Бас муфтидің жанында бір жылдай жүрдім. Сол кісі бір жаққа шығатын кезде «сен барасың, менімен» деп алып кететін. Ондай сапарларда жағдайын жасап, шәйін құйып беремін, дәретке шығарам. Көзі көріңкіремейді. Бірақ аяғының астын көреді. Менің әкемді, Омар мағзұмның атын естіп, өзін де көрген ғой. «Жақсылардың ұрпағысың ғой» деп отыратын. Ризалығын білдіргісі келсе, «қызметтен тап, айналайын» дейтіні бар. Батасы сол. Содан бір күні:
-Тақсыр, қызметтен тап дейсіз, қызметтен не табам?- деп сұрамаймын ба.
-Сіз қызмет жасайсыз, қолымызға су құясыз, кебісін қоясыз дұрыстап, сүйеп жібересіз, демеп жібересіз, жол көрсетіп жібересіз, жолдан өткізіп жібересіз, осының бәрі қызмет, Соның бірі сізге жаман бол деп емес, жақсы бол деп бата береді» деп түсіндірді.
Бір күні отырып, ілім алып жүрміз, ілім алып жүрміз, не пайдасы бар осы ілімнің дедім. Муфти ойланып:
– Балам, бұл ілім – ислам ілімі. Бұл ислам ілімінің гүлі бар, күлі бар, тікені бар деді. Роза гүлін ұстасаң тікені бар ма, бар, оны байқап ұстау керек. Иіскесең жақсы иіс шыға ма, иә. Ислам дініне иелік қылған адам, гүліне иелік қылады. Енді күл дегеніміз – ислам ілімін алып, басқаларға қызмет қылған адам күл болып қалады.
-Тікені ше?- деп тағы сұрадым.
-Ислам дінін алып, исламға қызмет етпесе, өзіне тікен болып кіреді, – деді тақсыр қысқа қайырып.
Ұстаздың айтқанын көпке дейін түсінбей жүрдім сол кезде. Бір күні кезекті сапар алдында Ұстазым «Балам дайындал» деді. Түркістанға баратын болып қалдық. Машинаның артында екеуміз, алдында шопыр айдап барады. Жолай: «Е, бір Сәрсенбай деген белсенді бар еді, сол шақыртыпты мені» елеусіз ғана. Әкелерімнің айтқан әңгімелері есімде қалған.
-Тақсыр, Әззам ишанды, Сәруар ишанды, Махмут ишандарды ұстатқан осы! Тақсыр осының алдында айтылған ойын жалғастырып: «Соның күл болып жатқанын көресіз барып» деді. Келдік. Түркістанда жер үйде тұрады екен. Қарсы алдымыздан қисаңдаған бір мас шықты. Баласы екен. Өлгелі жатқан әкесінің қолынан ақшасын тартып алып, шығып бара жатқан беті. Сәрсенбайдың екі көзі көрмей қалыпты. Қаракөлеңкеде мені байқамады, ма Тақсырға қарап, Сәрсенбай тіл қатты:
– Ешкім жоқ па?- деді,
– Ешкім жоқ.
– Тақсыр, Алла менің күнәмді кешпейтін шығар,- деп қайталады Сәрсенбай.
– Өзің біліп отырсың ғой.
– Талай ишанның көз жасына қалдым ғой, талай ишанның үстінен арыз жаздым…
– Халық жауы деп соттатып, атқызып жібердің ғой соларды. Енді не деп кешірім сұрап отырсың?
-Бір апта, он күннің ішінде дүниеден өтемін. Менің жаназамды шығарыңыз.
-Дүниядан мен өтем бе, сен өтесің бе, бір Алла біледі. Сен пендешілікке салма, Алла кешсе, Алланың өзі біледі. Бірақ біреудің қақысын ешкім кеше алмайды ғой. Алланың өзі айтты ғой, біреудің ақысын кешіре алмаймын деп. Осылай деді де, тақсыр тізе бүкпестен есікке беттеді. Мен ізінен ілесе шықтым. Шыққаннан кейін, тақсыр қарнымыз ашып кетті ғой дедім. «Е, бұ нәмарттың үйінен тамақ жеген дұрыс болмайды. Барлық ишанның көз жасы үстінде тұр екен, мен соны көрдім» деді. Үш күннен кейін Сәрсенбай қайтты деген хабар келді. Тақсыр илікпеді: «Бүкіл ишандарды өлтірген адамның жаназасын не деп шығарамын. Бармаймын. Ол өзінің артын тазалағысы келіп, арам ісін ақтағысы келіп, Ишан Бабахан келіп, жаназасын шығарды деп айтқыздырғысы келді. Халыққа қарабет болғым келмейді» деді. Осылайша Күл болған Сәрсенбайды да көрдім. Өкініш жоқ, бабаларымның жолын ұстап, лайықты ұрпағы болғаныма, бабаларымның жолына қызмет еткеніме шүкіршілік етемін. Аталарымыз қандай еді?!
суретте: Омар Ахметхан қажы Ниятуллаұлы
Келесі оқыңыз
19.11.2024
Құлболды ишан ұрпақтары өткізген кітаптар қайда?
29.08.2024
«AKHMAD» ЖҚҚ мешітінің құрылысы жүріп жатыр
26.07.2024
Қожалардың саудасы
19.07.2024
МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ – ӘШІРБЕК ҚҰРБАНҰЛЫ МУМИНОВ
Back to top button