Классик жазушы Мұхтар Әуезовтің 50-жылдары қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге көп еңбек сіңірген көрнекті әдебиетші ғалым Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаевқа жазған хатында Шортанбай ақынның мұрасына қатысты пікірлерін айтқан екен. Осы күнге дейін ғылыми айналымға енбеген М.Әуезовтің эпистолярлық мұраларындағы қазақ әдебиетінің тарихына, әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне, әдеби сыни көзқарастарына қатысты құнды ой-пікірлердің орын алғаны, олардың бүгін де маңызды екендігін осы хаттарды оқыған сайын терең түсіне түсесіз. М.Әуезовтің Ы.Дүйсенбаевқа жолдаған келесі хаты да біздің ойымызды толықтыра түседі. Айта кететіні, бұл маңызды ескертпелер әлі де ХІХ ғасырдағы әдебиет өкілдерінің мұрасын зерттеуде және шортанбайтанудың басты бағдары болып қала бермек.
Әдебиетші ғалым Ысқақ Тәкімұлының еңбегі туралы айтар болсақ, 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» 3 томнан тұратын алты кітабы болса, соның 3, 4 кітаптары Ысқақ Тәкімұлының тікелей қатысуымен дайындалған екен. Онда қазақ әдебиетінің ХVІІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қиын да күрделі дәуіріне ғылыми талдау жасап, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің шығармашылығына өз кезіне лайық баға бергенін кейінгі зерттеушілер мойындап отыр.
Жолдас Ысқақ!
Шортанбай туралы жазылған сөз екінші том үшін өте аз болады. Оның әр шығармасын түгел талдамасаң да, жеке-жеке атап алып, әрбірінің тұсында, барлық құнарсыз қалыптарын ашып отыру қажет. Тегінде, газет мақаласының көлеміндей жалпылап, әр жерден үзінді ойлар теріп алып, көктей тексеру жеткіліксіз. Сондықтан, топтап айтқан дұрыс, ойларыңызға дәлел деректер беру үшін әр шығарманы жаңағы айтқанымыздай, жекеше бөлуіңіз дұрыс болады. Қайталаған пікірлері ақын шығармаларында көп болса, соларын, әсіресе, ашып бере отыру керек. Солай болмаса, мынау мақаладағы шолу, орта мектеп кітабынан да кемшін болып қалады.
Екінші – Шортанбайдың тек-төркінін ашу керек. Бұл жәй әр заманда, әр елде болған діншіл пессимизм, мистика, ақырзаман мотиві арқасында туған. Осының Орта Азия мен жалпы Россия мұсылмандары арасындағы түбі-тегі, Қожахмет Иасауидің «Диуани хикметіне» барады. Қырғызда Молда-Қылыш шығармаларында «Зар заман», «Тар заман» «Кер заман» деген сияқты сарындар туған. XVI ғасырда Орта Азияда Софы-Аллаяр сияқты талай мистик, пессимистер шыққан. Осының аяғы Қазақстанда 1916 жылғы Албан-Асан шығармаларына дейін жетіп, өзінің әсерін тигізеді. Абай сол софылық сарынындағы ишандарға қарсы, өзінің «Ғақлият-Тасдиқат» деген «38-сөзінде», аса қатты сын айтады. Оларды «ахлітари-хат» деп мистикалық жағынан шенейді. Иасауи Шортанбайлардың түп сарыны, кейде сол «түркі дүния» нанымына ауысады. Осы жайларды көп таратпаса да, аша сөйлеу қажет. Сонда бұл мақала, орта мектеп кітабында айтылмаған жаңалықтарды қоса түскен болар еді.
Одан соң, үшінші – Шортанбайдың айтыс өлеңдері туралы (27-бетте) дұрыс пікір айтылған болса да, ақынның айтысы да, үгіт өлеңдерінің идеясымен байланысты деген өнімді, ғылымдық пікірді молынан, көп мысалмен дәлелдеп беру аса қажет. Сонда Шортанбай, жанрлар айырмасына да қарамай, өз мазмұнына таптық идеясына түрді де, жанрды да – баршасын да түгел бағындырған кертартпалығымен, әсіресе айқындап ашыла түсетін болады.
Осы жайды түгел тексеріп, Шортанбай турасындағы мақаланың ғылымдық, мазмұны мен маңызын, көлемін де өсіре түсуді талап етеміз.
Сәлеммен Мұхтар.
21.VІІ.1950 ж»
Әдебиетші Ы.Дүйсенбаевтың М.Әуезовтің хатына өзек болған тарауындағы Бұқар, Дулат, әсіресе Шортанбай шығармашылығын зерттеп, тану мен бағалаудағы еңбектері де ересен екендігі белгілі. Осы орайда оның «Қазақ әдебиеті тарихының» 3-4 кітаптары негізінде жазылып, 1979 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» 2 томының да негізгі жұмыстары Ы.Дүйсенбаевтың жетекшілігімен орындалғаны да мәлім. Өйткені Ы.Дүйсенбаев екі тілде еркін жазатын сол кезеңдегі бірден-бір кәсіби маман болатын. Өзге де ғылыми мұралары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (1959), «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1967), «Ғасырлар сыры» (1970), «Қазақтың лиро-эпосы» (1973), «Мұхтар Әуезов» (1974), «Мухтар Ауэзов» (1957 жылы Е.В.Лизуновамен бірге), «Эпос және ақындар мұрасы» (1987) атты көлемді монографиялары бүгінде қолданыста.
Осы хат туралы автордың өзі «Адам дегеніңіз осындай-ақ болар» деген естелігінде мынадай ғылыми түсініктеме береді: «…Көріп отырсыздар: осы бір шағын хатында Мұхтар Шортанбай жөнінде қалай жазудың жоспарын жасап, негізгі қозғалатын мәселелердің басын ашып беріп отырған жоқ па? Расында, Мұхаң жалпылама ақыл айтудан гөрі сөз болған тақырыпты жан-жақты қамтып, дәлме-дәл ұсыныстар, өнімді ойлар айтқанды ұнататын. 1950 жылдың өзінде Шортанбай творчествосына берген Мұхаңның әділ бағасы таңғалдырады, өйткені кейінірек талай әдебиетшілер осы мәселеде бір сүрінбей қалған емес.
Маған Мұхаң әрқашан күреске әзір солдат тәрізді көрінеді, бірақ ол кісінің қаруы тіпті өзгеше еді: халқына деген шексіз сүйіспеншілік, зор талант, энциклопедиялық терең білім. Сол себепті де қарсы адамдары сырттай қан- ша кіжінгендерімен, Мұхаңа бетпе-бет келгенде тайқақсып шыға беретін.»
Мұхтар Әуезовпен бүкіл саналы ғұмырында бірге еңбек етіп, көп жағдайда қолғабыс жасап жүрген Ысқақ Дүйсенбаев 1940 жылдың жазында Абай өлеңдерін орысшаға аударып, шығару мәселесімен бірнеше айлар бойы Мәскеу қаласында шығармашылық іс сапарда болады. Сол кездері 10 күндей бір пәтерде, бір бөлмеде болып сырласып, жақын достасқанда көз жеткізген Мұхтар Әуезовтің әдебиет мәселесінде тек әділеттілікті талап ететін қасиеті жөніндегі: «…Мұхаңның үлкен қасиеттерінің бірі: шығарма мәселесіне келгенде өте әділ, өте таза болатын, керек десеңіз, өзі жаратпайтын адамның бойынан дарындылық ұшқынын көре қалса, мойындаумен бірге, онысын жасырмайтын еді. Кейін де осы мінезінен танғанын көргенім жоқ. Рас, ашу үстінде бір сәтке сезім билеп кетіп, көз жұмғандай болса, бірақ, бірінші сабасына түскеннен кейін ақылдың төрелігіне бағынатын..» деген сөздері біздің ойларымызды нақтылап, тиянақтай түседі.
Бұл әдеби дерек екі ғалымның ғылыми жұмыстарының үнемі үзеңгілесіп, үндесіп ортақ мақсатқа жұмылдыратынын көрсетеді: «…Ғылыми жұмыспен Мұхаңды тағы бір рет Абайдың екі томдығын баспаға дайындау үстінде кездестірдік. Бұл жолы бірнеше адам болып, екі-үш ай бойы ұлы ақынның барлық негізгі басылымдары мен Мүрсейіттің үш бірдей қолжазбасын (1905 ж., 1907ж., 1910ж.) қатарына жайып қойып салыстырумен болдық. Мұхаң Абай текстерімен соншалық жете таныс бола тұрса да, ұлы ақын қолданған сөздердің дәл мағынасын бұлжытпай айыра білсе де, бізді текстология жұмысына баулып үйреткендей әрқайсымыздың пікірімізді зор ықыласпен тыңдайтын да, егер топшылауымыз қонымды, дәлеліміз даусыз болған кезде, ескіден қалыптасып қалған түсінікті тайынбай бұзуға дейін баратын еді. Бір ғана мысал келтірдік. Неліктен екені белгісіз, көп жылдар бойына (керек десеңіз, мұны қазір де қостаушылар табылады) Абайдың мына бір белгілі шумағының алдыңғы екі жолы үнемі теріс оқылып келді:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі –құрау.
Сырт қарағанда әрі қонымды, әрі дұрыс секілді көрінеді, бірақ Абайдың 1909-1922 жылдардағы басылымдарында да, сондай-ақ Мүрсейіттің 1907-1910 жылдардағы қолжазбаларында да басқаша:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау делінген. Барлық дерек көздерді көрсеткен кезде Мұхаң біз ұсынған редакцияны қабылдауға ризалығын білдірді» деп еске алады.
Міне, осы үзіндіде әдебиет әлеміндегі әділдік мәселесі салтанат құрған. Өзі қазақ әдебиетіндегі бірден-бір академик ғалым, бірден-бір абайтанушы, оның негізін қалаушы бола тұра жастардың ұсынысын, дәлелді деректерін орынды бағалап, қолдау көрсетуі шын мәніндегі шәкіртін сыйлаған тұлғаның тәрбиелік мәні бар танымын танытады. Ы.Дүйсенбаевтың естелігіндегі ұлы ұстаз ұлағаты, кімге де әділ бағасын беріп, кәсіби білгірлікті талап ететін қасиеті аңғарылады.
Өзі өзге елде жүрсе де табиғаты мен тағдырына айналған әдебиет әлемінен әсте алыстамайтын Әуезовтің әрбір хатындағы әңгіме де – осы сөз өнері.
М.Әуезовтің елу томдық академиялық шығармалары жинағының 50-ші томында жарияланған «№106» деп белгіленіп, 9-қыркүйекте (9.ІХ.) жазылған, жылы көрсетілмеген (баяндалып отырған оқиғаға қарағанда 1960 жыл болуы мүмкін Г.П) хатында Ы.Дүйсенбаевты Шолпан-Атаға шақырады. Өзі «Өскен өркен» романын тәмамдауға тырысып табанды еңбек етіп жатса да, ғылыми ортада жүріп жатқан күрделі де іргелі әдебиет тарихы ның жазылу мәселелері жарғақ құлағын жастыққа тигізбей мазасын алып жатқанын байқайсыз.Алаңсыз шығармашылық шабытына шәкіртінің кедергі келтірмейтінін айтып, келуін өтініш етеді. «…Мен қазір жаңа романның қызығына, қызықты еңбегіне молынан кіргендеймін. Әзірге ерте-кешті ой сол дүниеде. Сен келсең де, жұмысым тоқтамайды. Күніне 2-3 сағат диктовать етем, оған сенің бөгетің қанша. Ал өзіңді жоқтап, қашан Ысқақ келет деп бір қозы күнде терезе түбінен маңырап өтеді…» деген сөйлемдердегі ұстаз бен шәкірті арасындағы адал достық, сағыныш, сыйластық, сүйіспеншілік сыр береді. Бұл бүгінгі ғалымдарға ғибратты тәлім, үзеңгілестердің үздік достығының үлгісіндей әсер етеді.
Гүлзия ПІРӘЛІ, филология ғылымдарының докторы