Есімі сөнбес ұлы тұлға
«Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының белсене қатысуымен 2023 жылдың 22-23 қыркүйек күндері Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында «Ұлылар ұлағаты: Төлегетай баба және Қылышты ата» ғылыми-танымдық конференциясы болып өтті.
Конференция «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының Президенті Қайрат Маратұлы Мусиннің, «Төлегетай баба» қоғамдық қорының Президенті Дайрабай Ысқақұлы Ысқақовтың, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхаммед Жұманазарұлы Көпеевтің құттықтау сөздерімен ашылды.
Конференцияда «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының белсенді мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унмверситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы «Ортағасыр деректеріндегі Найман мемлекеті», Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі Кенжебек Қорғанбекұлы Альходжаев «Ортағасырлық Қазақстан: Ислам дінінің қалыптасуы және ханафи мазхабы теологтарының ролі», Қырғыз Республикасының жазушы-тарихшысы Мұса Сапаев «Молда Нияз көшпелілер өркениетінің тұлғасы», «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының «Шығыс Қазақстан өңірінің тарихы мен мәдениетін балама зерделеу» жобасының жетекшісі Айбек Мүталапханұлы Каримов «Қылышты қожа – Төлегетай баба ұрпақтары тағдырының сабақтастығы», Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Талғат Жолдасұлы «Қожа әулеттерінің Орталық Азия халықтарының тарихындағы орны: Сейіт Бұрханиддин Қылыш әулеті мысалында» тақырыбында баяндамалар жасады.
Республикалық барлық өңірлерінен дерлік келген конференция қатысушылары шараға жоғары баға беріп, Төлегетай баба мен Қылышты атаның есімдері мен тарихын ғылыми айналымға енгізу бағытындағы істі құптады.
Ертеңінде шаралар кешені Жаңақорған ауданындағы «Төлегетай – Қылышты ата» кесенесінде жалғасты. Бабалар рухына арналып дұға жасалып, ас берілді. Қатысқан бес жүзден астам ағайын кесене тарихымен танысып, ашылған музейдегі экспонаттарды тамашалады.
Қызылорда облысындағы ағайындар, оған басшылық жасаған «Төлегетай баба» қоғамдық қоры ұйымдастырған (басшылары Ысқақов Дайрабай Ысқақұлы, Жұмабек Садуақасов) шаралар кешені өте жоғары деңгейде өтті. Сөйтіп, қалың қауым ел бірлігін паш еткен тағы бір жақсы шараның куәсі болып, рухтанып қайтты.
Кездесу жаңа мазмұнда жалғасты
Қызылорда сапарынан кейін «Кетбұқа-Төлегетай» қоғамдық қорының белсенділері ел бірлігін орнықтыру сапарын одан әрі жалғастырды. Қор мүшелері Каримов Айбек Мүталапханұлы мен Мұхамеджанов Манарбек Әзімбекұлы 28 қыркүйекте Аягөз ауданының Үшбиік ауылындағы Ақтайлақ би атындағы орта мектепте Байқара би, Ақтайлақ бидің рухани мұраларына арналған жұртшылықпен кездесу өткізді. Қоғам өкілдері, мұғалімдер, оқушылар қатысқан екі сағатқа созылған құнарлы әңгіме болды. Ұрпақ жадынан ұмыт бола бастаған халқымыздың құндылықтары, Байқара бидің қалдырған рухани мұрасы туралы жазылған Айбек Каримов өзінің «Байқара бидің тағылымдары» кітабының мазмұнын жан-жақты баяндап берді. Рухани кездесуге қатысқан адамдар, әсіресе оқушылар тарапынан қойылған сұрақтардың тасқыны мол болды. Әсіресе, Сыбанның 17 ақыны, Ақтайлақ бидің бес дастарханы, Дулат Бабатайұлының қазақ руханиятындағы орны мен ролі жайлы Айбек Каримов пен қор үйлестірушісі Манарбек Мұхамеджанов тарапынан берілген жауаптар мен құнды ұсыныстарды қатысушылар аса ілтипатпен қабылдады.
Қор мүшелерінің сапары келесі күні Аягөз қаласында жалғасты. Айта кету керек, «Кетбұқа-Төлегетай» қоғамдық қоры мемлекет және қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевтың туғанына 90 жыл толуын өткізуге байланысты Аягөздегі Сәуле Мұқанқызы бастаған ынталы топтың бастамасын бірден қолдап, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп беруді мойнына алған еді. Себебі Семей полигонының зардаптарын алғаш рет ашып көрсетіп, бет қаратпайтын Мәскеулік әскери –өнеркәсіп кешенімен төте шайқасқа түскен, сөйтіп полигонның жабылуына алғаш себепкер болған Кешірім Бозтаевты насихаттау қордың тұжырымдамасы мен жоспарында белгіленген болатын. Сондықтан «Есімі сөнбес ұлы тұлға» атты республикалық конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Конференцияны қор үйлестірушісі Манарбек Әзімбекұлы Мұхамеджанов жүргізді.
Конференция ашылуында Аягөз ауданының әкімі Қанат Серікбайұлы Әділбай мен Абай облысы әкімінің құттықтауын жеткізген «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сейілбек Искаков құттықтау сөз сөйледі.
Конференция жүргізушісі қатысушыларға Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың, «Казцинк» ЖШС атқарушы директоры Андрей Павлович Лазаревтің, «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының президенті Қайрат Маратұлы Мусиннің құттықтауларын таныстырып, мұражайға қою үшін мектеп директорына табыс етті.
Конференцияда қордың Қазақстанның шығысының тарихы мен мәдениетін балама зерделеу жобасының жетекшісі Айбек Мүталапханұлы Каримов «Кешірім Бозтаевтың қайраткерлік бейнесі» атты терең мазмұндағы, жан-жақты талдаумен баяндама жасады.
Экономика ғылымдарының докторы, «Қазақтелеком АҚ» басқарма төрағасының бас кеңесшісі Сайлаухан Ғазизұлы Райымбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Тәңірберген Тоқтаров, қоғам қайраткері Болат Дүйсенбі, жазушы, халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай, ішкі істер органдарының ардагері Гаухарбек Қасымбекұлы Келісбеков, қоғам қайраткері, Қазақстан-Америка тәуелсіз университеті Президентінің кеңесшісі Рыспек Қасымжанұлы Қасенов сөз сөйледі.
Сонынан Кешірім Бозтаевтың ұлы, «Полигон -29 тамыз» қоры кеңесінің төрағасы Нұрлан Кешірімұлы Бозтаев балалары мен туысқандары атынан алғысын білдіріп, бір топ азаматтарды, оның ішінде қор мүшелерін «Кешірім Бозтаев 90 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Конференция жұмысы қатысушалар тарапынан өте жоғары бағаланды.
Түстен кейін К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясында оның атындағы мұражай ашылды. «Есімі сөнбес ұлы тұлға» атты концерттік қойылым көрсетілді.
К.Бозтаевтың рухына арналып дұға бағышталып, ас берілді.