Айқожа ишан – 250 жыл. Жаңа жинақ жарық көрді

Аса қадірлі қонақтар!
Құрметті достар!
Бабаларымыздың мұрасын ұлықтайық деген ниетіміз қабыл болып, бүгін Айқожа ишанның мешітінің, медресесі мен асханасымен қоса басқа да ғұрыптық құрылымдардан тұратын үлкен кешеннің ашылу салтанаты аясында ұйымдастырылған ғылыми конференцияның өз дәрежесінде өтетініне сенімдімін.
Бұл жиынның ерекшелігі теолог ғалымдармен бірге қазақ даласына ислам дінінің қалқаны болған ұлық міндетті атқару үшін қасиетті Қаратаудың етегінен таудың тасындай шашырап кеткен Арқа, Теріскей, кейіннен тағдырдың салуымен Қытай, Ауған асып кеткен қожалардың өткені мен бүгінінің, шежіресін
жинап жүрген зерттеушілер де қатысып отыр!
Расында да бабалардың жүріп өткен ізіне түсіп, олардың ізгілік жолына үңілу өте тағлымды деп айта аламын. 250 жылдық мерейтойымен қатар келген Айқожа ишан мұрасын түбіне дейін зерттейік деген оймен біздер де біраз жерлерді аралап келдік.
Бабаларымыз өткен жолмен жүріп өттік. Шәкірт Айқожаның ізі қалған Самарқанға, Бұқараға, Қоқанға, Қашқадарияға, Ауғанстанға, Гератқа жол түсті. Гераттан ары қарай Карух елді мекені бар. Ислам шайх Карухий 1747 жылы Карухта медресе ашқан, атамыз 1790 жылы сол жерге барып 1800 жылдарға дейін
он жыл білім алған. Ишан бабамыздың оқыған жерін, медресесін көрдік. Сол жерде отырып құран бағыштап, намаз оқыдық. Біз үшін мұның бәрі өте әсерлі, тағлымды болды.
Конференцияға біздің бабамыздың ұстазы Ислам шайх ұрпақтарынан Ауғанстаннан Mohammad Islam Shikhul Islami, Atiq Karokhi Atiqullah, Өзбекстанның Самарқанд облысы Тайлақ ауданы Жұмабозор деген жерінен Ишан Баба мен оның ұлы ғалым Ислам шайх ұрпақтарының бірі Мехрожиддин Амонов
қатысып отыр.
Осы күндері шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминовтың профессорлар Тьерри Зарконе мен Неждет Тосун мырзалардың Түркістанға сапары қатар келіп, Айқожа ишанның басына құран оқып кетуге уақыт тапқанына қуаныштымыз. Суфизмді зерттеуші ғалымдар үшін маңызды сапар болды деп ойлаймыз.
Осыдан бірнеше ай бұрын басталған ізденісіміздің алғашқы нәтижесі ретінде сөзімізге арқау болғанымен, әлі де атқаратын жұмыстардың жеткілікті екенін айтқым келеді. Ислам нұрын шашқан баба жолын жалғастыра береміз, Айқожа ишанның мұрасын ғылыми айналымға енгізіп, араға уақыт салып
өздеріңізбен тағы да ғылыми-тәжірибелік конференцияларда бас қосамыз деген ниетіміз бар. Қазіргі күнде әулетте сақталған шағатай, араб, парсы тілдеріндегі ескі кітаптарды аударып, қайта басып шығару бар.
Бұл әрине, тек қана бір әулеттің мұрасы. Бұл ізденістеріміз, ізгілік жолындағы, ұлтымыздың рухани байлығын насихаттаудағы бірлескен жұмысымыздың басы болмақ.
Талғат Әзімханұлы ӘШІМОВ,
Айқожа ишан ұрпағы