Бір суреттің сыры

Мәделі қожаның сауыты

Оңтүстік Қазақстанда өмір сүріп, әлемнен озған Мәделі қожа Жүсіпқожа ұлы 1816 жылы дүниеге келіп 1888 жылы 72 жасында қазіргі Бадам станциясының маңында «Ақ бұлақ» деген жерде дүниеден өтіп, Қарабастау деген жердегі «Мәлім мола» атты қорымға өзі көзі тірісінде салдырған кесенесіне қойылған. Мәделі қожаның өмірі шым-шытырақ тіпті кей-кезде қарама-қайшылық оқиғаларға толы болды.

Бір жағынан Қазақ хандығынан береке кетіп, күнделікті ауысып отырған саясат, бір жағынан аз атаның ішінен шыққан от ауызды, орақ тілдің де кесірі тиіп отырғаны көрінеді. Екі талай іс болып елге нәубет – ерге сын болатын кезде орасан қайрат көрсеткенімен ертесіне ел ішінде тоғышар көзге ілмей шыға келеді. Тыныш тірлікте менсінбей, топқа қоспайды, бұл жайдың барлығы ақын, батыр, көзі ашық, көкірегі ояу жанға оңайға тимейді.

Мәделі қожаның бірінші үйленгені ұлы жүз Шымыр ішіндегі Мәмбеттің Байтерегінің қызы «Ерке» мама. Мәмбеттің дәулетін Майлықожа:
Күнгейдегі Шымырдан,
Оздырды Құдай Мәмбетті.
Екі болыс ел дейді,
Мәмбеттен туған әулетті,
Байтерегі хан болған,
Байзағы асқан даң болған.
Батыр басы Ақ молда.
Төрт жағы құбыла жан болған-деп дәріптейді.

Екінші әйелі Қасымханның қызы, Кенесарының қарындасы Халифа сұлу. Мәделі қожа екі әйелінен де перзент көріп, осы күні өсіп өніп отырған әулет.

Біздің әңгімеміз Халифа сұлу жайында. Халифа ханша Мәделіге Кенесары дүниеден өткен соң қосылады. Бұл әулеттер бірін-бірін бұрынан білген, араласып жүрген. Оған Майлықожамен айтысқан Айман қыздың:
Сегіз жыл жолын күткен Халифаның
Жігіт болсаң сертке жет Мәделідей, -деп Майлықожаны қайрағаны куә болады.

Бірақ Қасым ханың қызы, Кенесарының қарындасы Халифа Мәделіқожаға екі сертпен тиюге уәде етеді. Біріншісі – мен хан тұқымынан болғандықтан еш уақытта тоқал болып аталмауым керек. Яғни мені ешкім тоқал демесін. Екіншісі – менің екі ағам, бір інім – Кенесары, Наурызбай, Ержан Қырғыздың қолынан қаза тапты. Маған солардың сүйегін алып келіп бересің, өз қолыммен арулап қоямын дейді. Мәделіқожа екі сертті де мойнына алады.

Арада уақыт өте ерте көктемде Сырдың бойында көшіп жүріп, бір күні Мәделіқожа үйінде жалғыз қалады. Бір нәрсе керек болып «Әу-қайсың барсын?»-деп дауыстаса ешкім жауап бермейді. «Халифа, Халифа» деп бірнеше рет дауыстайды, ешкім келмейді. Назаланған Батыр, «Қап, балақтағы бит басқа өрмеледі деген осы да, тоқалда әлде қандай болды ғой»-деп дауыстап орнынан тұрып жатқанда Халифа мама келіп қалған екен. Сөзді есітіп: «Қожа сөзіңнен айныдың, енді мен саған жоқпын» деп өзін Сыр дарияға тастайды.

Мәделіқожаның інісі Кенжехан тарихқа белгілі Шұбар атқа жайдақ мініп дарияға түсіп Халифаны шашынан ұстап алып шығады. Судан шыққан соң Халифа көп қыйғылық көрсетіп барып зорға тынады. Бұл жайдан хабарланған сол кездегі Шымкент оязында кеңесші болып істеп жүрген Кенесарының баласы Ахмед төре Мәделіқожаның үйіне келіп-«Егер осыдан менің апам суға кеткенде құн төлер едің»-деп доқ айбат көрсеткенде ақын:
Төренің түп атасы қалмақ еді,
Өлерінде кебінін жалмап еді.
Өзі құлап өлседе менен көргін,
Жемеген басқа боғың қалмап еді-деп уәжден жеңеді. Дегенмен ол басындағы айтылған серттің біреуі орындалмағаны үшін жай көзбен қарағанда «тоқал» деген сөзге бола өзін өлімге қиюға барған-төре тұқымына тән – тәкәбірлік бір сөзділіктің белгісі.

Міне, осы жерде екінші серт туралы, яғни Кенехан, Наурызбай және Ержанның сүйегі туралы бір кезде болған әңгіме еске түседі.

1995 жылы ел болып Майлықожаға ескерткіш сағана салуға кірісті, мен сол жұмыстың басында тұрдым. Майлықожа, Мәделіқожаның қасына жерленген. Барлық жұмыстың көлемінде Мәделіқожаның шөбересі Жұмабек және Мақсұтхан түгел атқарып шықты. Бір күні кешке әңгіме құрып отырып Кенесары туралы, сүйегі жауда қалғаны жайлы сөз болғанда Мақсұтқан Пәрменәші атасынан естіген бір жайды айтып еді. Халифа сұлу бір күні Батырға Кенехан, Наурызбай, Ержан жайынан және айтқанда Мәделіқожа ойланып отырып, – Халифа осы сөзді сен тағы айтып отырсын, қазір «Қара балта» маңында сол соғыста шахид болған адам көп, солардан үшеуінің мүрдесін алып келіп бере салсам қайтесін-деп айтқанда. Халифа мама: «Мені олай алдай алмайсын, мен түсімде Наурызбайдың мойын омыртқасының қалай шабылғанын көргенмін. Қайсысы да болса сүйектерін танимын» деген екен деді. Халифа мама Мәделіқожадан кейін дүниеден өткен, демек 30-35 жыл отандасқан. Бірінші серт орындалмай – «Тоқал»-деген сөзге бола өзін өзі суға тастап жүрген Халифа аға-бауырлары үшін отқа да түсуге әзір ғой. Және Мәделі қожаның «сен осы сөзді тағы да айтып» дегеніне қарағанда  бұл жиі-жиі қайталанып отырған болуы керек. Мәделі қожа өмірінің соңында кесел болып үйінде отырып қалған. Халифаның қолында болған, тату-тәтті өмір кешкеніне қарағанда, хан қызының арманы орындалған секілді.

Олай болса, 1887 жылы Сыздық төре Қашқардан бері қайтқанда Алтай таулары арқылы Орман ханның ордасына келеді. Кенесарынын көкжалын тірі көрген Қырғыздар «қоқи-қоқи» деп үдеріп кетті дейді. Сонда Сыздық: «Сендер босқа үрейленбеңдер, әркімнің өз заманы бар. Біз хан тұқымы атқа мінгенде, өз мақсатымызға жете алмасақ осы жолдағы өлімді мойнымызға  алып тәуекел етеміз. Мен сендерден құн даулап келген жоқпын. Бірақ ханның ізін сұрап келдім. Жүзігін беріңдер қолыма салайын, Сары ала-ер деген ер бар, тауып беріңдер атыма ұрайын. Ханның сүйегін беріңдер елге алып барып жерлейін» дейді ғой.

Орман ханың үйінен ханның жүзігі шығады. Сыздық жүзікті көзіне сүртіп тәу етіп қолына салады. Тез арада «Сары ала» ер де келеді. Сыздық сұлтан қонышынан қанжарды алып ердің қасынан қақ жарады. Ердің қасына үш собық сап алтын орнатылған екен. «Ханның өзін өлтіргенімен қазынасын алуға ақылдарың жетпепті, бұйырған дүние ғой» деп қалтасына салады.

Ханның сүйегіне келгенде мынау біледі деген адамдарды араға салып іздеп еш жерден таппайды.Осы бір ойланатын жай. Біз ханның сүйегін 160 жылдан кейін іздеп жүрміз. Сыздық сұлтан 40 жылдан кейін іздеп барған. Бірақ таба алмаған. Егер ешкімге білдірмей елбасымен келісіп Мәделіқожа бір түнда алып кетуі мүмкін бе? Егер мүмкін болса, елге алып барған соң да ешкімге жария ете алмай құпия түрде жаназа шығарып жерлейді. Себебі патшалық Россия қас дұшпаны болған ханға еш уақытта құрмет көрсетпейді.

Мәделі қожа да осылай болды деп ешкімге айта алмайды. Жалпы Халифа мама Мәделі қожаға тым беріліп құрмет еткен жан. Мәделі қожа заманы атыс-шабыс, барымта-сырымта дәуірі болды. Ел азаматы болған соң бұл адам ешбір оқиғаға араласпады деп ешкімде айта алмайды. Батыр сондай бір жорыққа аттанып кеткенінде қашан оралғанша Халифа мама шапаның желбегей жамылып қолына домбырасын тастамай бір ішекпен іліп бір сарында мұңлы күйді тартып есігінің алдындағы қарауыл төбеге бір түсіп, бір шығып тыным алмайды екен. Кешігі күнгі қариялар бұл жайды; «қайтсын бейшара, әкесін, ағаларын, інілерін жауға берген, секемшіл көңіл бұдан да айрылып қаламын ба деп үрейленеді ғой» дейтін.

Соңғы кезде ел арасында Халиф-Қалыш атты бір күйді біраз адамға таңып жүр. Бұл тура емес, Халиф-Қалыш Орда маңының күйі. Олай болатын себебі; Халифа Мәделі қожаға келген соң артынан Қалыш балдыз апасын іздеп келеді. Арқаның ақ сүйек, алты бақанын көрген Қалыш діндар қожа аулындағы тым-тырысты көрген соң жездесіне «ауылдарыңыз азалы ма? Немене, ойын сауық деген, қонақ күту, көңіл көтеру деген қайда деп қыйғылық салғанда, сол кезде бала жігіт, су жұқпас жорға болып танылып келе жатқан Арын ақынды шақыртады. Арын қожа әулетіні Сунақ-Сыйық атасынан еді. Арын ақын Қалыш құдашасына бұлай деп сәлем беріп амандасады. Уә-Ассаламу Әлейкум

Халифа төрем Қалышым.
Халифа жеңгем айтпаса,
Қалыш жан қайдан танысын
Мен бір жүрген жорға тай
Көрсеткелі келіп ем.
Аяғымнан шалысын.
Дабысыңды есітіп
Амандаса келісім
Мәделі ағам алдына
Ала таудай өрісім
Халифа жеңге-ау, нұсқашы
Қалыш бір тұрып көрісін-дейді. Ханша Қалыш полский кроватта шалқасынан түсіп жатқан күйінде қолын созады: Арын:

Жаманды көрсем тебісем
Жақсыны көрсем өбісем
Затым араб құрайш
Басыңды көтер Қалыш жан
Құшақтасып көрісем-дейді. Қалыш орнына тұрып Арынмен құшақтасып көріседі. Сонда Арын ақын:

Уа, Амансың ба Ханзадам!
Ала таудай айбатың,
Мәделі ағам алдында
Қайтпас болат-қайратым.
Азырақ тоқтап тұрыңыз,
Бұлбұлың біраз сайрасын,
Бабаң Абылай өтіпті-ау,
Халықтың көріп пайдасын.
Кенесары, Наурызбай.
Батырлар өтті-ау дүниеден.
Қанға бояп найзасын,
Шолпан жұлдыз туғандай.
Жарысып қапты-ау үніміз
Ханзадам бұрын қайдасың.
Асылған болат пышағың,
Сүйсініп тұр құшағым.
Жайлы күйлі жүрмісің,
Қорада қоңыр тұсағым.
Ханзадамен көрісіп,
Ілгері өткен Қыз-Жібек
Төлегенге ұқсадым.
Сүйегі болат әсілден,
Қашырған жауды тәсілмен
Не байлармен, не датқа.
Қошемет етіп асылған
Қырық мың үйлі солтыны
Қайраты мен қашырған.
Күнгейде жатқан қырғызды
Теріскейге асырған.
Сол секілді ерлердің
Топырақ бетін жасырған-деп көңіл айтып құшағын жазарда:

Ертең ерте шақырған
Молдалардың азаны-ай,
Айтқанмен ада болмайды.
Батырлардың ғазалы-ай,
Қалғаның отырып айталық
Құшақты енді жазалық-ай! (Қазақстан Республикасының ғылым академиясы ғылыми кітапханасы. Сирек қолжазба қоры. Кәрібай Шәменов тапсырған). Бұл жерде Хан ордасы ойын сауықтан кенде болмаған және өнерпаздан кенде емес. (Арын ақын 33 жасында өмірден озған. Су жұқпас жорға болғанымен артында жазылған сөз жоқ).

Бұл жайдан біздің бір байқайтынымыз бірінші хан ордасы Мәделі қожаға өкпелі емес. Жадырап жайнап, ойнап күліп келеді. Екінші көңілдері тоқ, көңілдің бір түкпірінде кірбің болса, ойын-сауық іздеп желікпесе керек еді. Біздің айтып отырғанымыз болжам ғана. Қолда нақты ештеңе жоқ. Бірақ арада 40 жыл өткенде табылмай кететін Кене хан көптің бірі емес. Қырғыздың өзі ақ барып келіп жол қылып жіберсе керек еді. Дегенмен кім біледі? ҚР ғылым академиясының ғылми кітапханасының сирек қолжазбалар қорында Мәделі қожаның «Қанайға» деген арнау өлеңі бар. Осы өлең жолдарына тереңірек үңілсек көптеген көмескі жайлардың беті ашылатын сыңайлы. Тәнен датқаға
А, Датқа-еке, қай жауыңнан қалыбем жаулағандай,
Сен шоқ ең, мен жалын боп лаулағандай.
Тістеуік таты айғырдай мінез аштың,
Басыңа кариелік аунағандай.
Ұрыста шошынады мені көрген
Жаудан сағы сынған жоқ қасыма ерген.
Алатаулап, айқайлап ат қойғанда
Мылтығын тастай қашты жаяу мерген.
Ол қылды қорыққаннан антты пайман
Қырылып жаяу мерген қалды жайман
300 адам, Арқада 50 қоңырат
Үш күн үш түн ұрыстым Ағыбаймен
Датқа-еке, талай қызық өтті бастан
Ол күнде көрінбеді көзім жастан
Жаралы жалғыз інім болғанан соң
Бесеуін қатар шанштым дем алмастан
Датқа-еке, талай таттым Қанай дағын
Шынтайыңнан сурашы мұңның ағын
Қорықпаса алған шығар адам шағын,
Жаралы жалғыз інім болғаннан соң,
Қазанғаптың  мінгемін көк шұнағын
Датқа-еке, бұл сөзімнің бәрі де аят
Рас деп бұл сөзіме айтқай шаят
200 ат ерімен олжа әперіп,
Басшы боп бозбалаңа бердім тоят
Қай дұшпан қорықпаушы  еді сарынымнан,
Орыс алып басылдым арынымнан
Әпердім Әзіреттің тай қазаның
Сауыт жыртып оқ өтті қарынымнан.
Жалғыз бенен жарымның шықпас үні,
Соқырдың күн шықса да атпас күні.
Жаппасың жанындағы қайда кетті,
Мәдәліңмін қасында жүрмін міні.-
Бұл жерде әйгілі Жаппас дауының кесірінен ел арасында болған дүрбелеңнің соңында Мәделі қожа Қанай датқаға өкпелеп Қулшығаш Тәтен жазған өлеңі екені көрініп тұр. Ел арасында бұл өлеңнің бір неше нұсқасы табылды. 1990-шы жылы мен Арыс ауданы «Дермене» совхозында тұратын Баханұлы Мағрупханнан осы арнау өлеңнің бір нұсқасын жазып алған едім. Ол былай еді:
Көпестер арба жегер жорғасына
Теңіздің гаухар жатар арнасында
Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз
Ініңнің мынау айтқан арзасына
Жығаң бар жығылмаған басыңызда
Жолдас ем, мен ілескен қасыңызда.
Дос сүйсініп дұшпаның күйюші еді
Жүргенде  мен ілесіп қасыңызда.
Жолдасың Сапақ би мен Асқар болып
Халқыңа үш қарқара дастар болып
Үшеуің Көк ұлына қорған болдың
Халқыңа қорған болып асхал болып
Дәуірге үшеуің де мініп едің.
Бәйгеден кезек озған күлік едің,
Секілді арда қунан арқаңызда,
Тентектік қылып жүрген інің едім.
Шабушы ем дұшпан елін дала қылып
Арқама үшеуіңді қала қылып
Далаға қанша бұзық іс қылсам да
Бетіме жан келмеуші еді, жала қылып.
Айхай шошушы еді мені көрген
Сынбаған жаудан сағы қасыма ерген.
Айқай салып ат қойып ұмтылғанда,
Мылтығын тастай қашқан жаяу мерген.
Жүйріктің майда келер құйрық жалы
Айтпайды жалған сөзді ер Мәделі
Жаныңда жақын болса жүрмес пе еді
Мен мұнда, Жаппас кетті, жүрмін әлі.
Бәйгеден үш тұлпар ең келген талас,
Атыңды тең есіткен Үш жүз Алаш.
Жолдасың екі бірдей қайда кетті,
Датқа-еке,  бұл дүниеде ешкім қалмас.

Қалай болғанда да екі өлеңде бір адамның шығармасы екені көрініп тұр. Айырмасы уақыттың салған салмағында. Алғашқы өлеңді Жылқыайдаров Иманжан деген азамат 1940-шы жылы тапсырған. Мен екіншісін 55 жылдан соң жазып алдым. Алғашқы өлеңде тарихқа белгілі бірнеше оқиғаға сәуле түсіріп тұр.   Бірінші:

Алатаулап, айқайлап ат қойғанда

Мылтығын тастай қашты жаяу мерген,-деген жолдарда әлде бір ықпалды күш Мәделінің жолын аңдып, жоқ етуге бір мергенге тапсырма береді. Бұл жайдан толық хабары бар батыр бірнеше жолдасымен келе жатып, межелі жерге жеткенде кенеттен айқай салып ат қойғанда білтелі мылтықты от алдыруға дегбірі қалмай қаша жөнеледі.

Ақын, әрі батыр Мәделі қожаның өмірі сырт қарағанда қарама-қайшылыққа толы секілді көрінеді. «300-адам Арқада 50-қоңырат,
Үш күн, үш түн ұрыстым Ағыбаймен» – дегенде Майлы қожа Мәделі қожаның көңілін сұрай барғанда айтатын:
Ағыбаймен барып ұрыстың,
Үш күн, үш түн сүрістің.
Ертегі қатар мысалы

Ондағы қылған жұмыстың-деген сөздерінің дәлелі. Бұл жерде Мәделі қожаның Кенесарының қолына көрсеткен қарсылығы сөз болады. Кенесарыны Ұлытауда үш жүздің басы қосылып ақ киізге салып Хан көтерген. Негізгі халық шат-шадыман болып мерекені тойлап жатқанда, Кене хан Ұлы таудан азғана күшпен үдере көтеріліп бір күн, бір түнде Созақтың түбінен шығады. Жайбарақат жатқан Созақ қамалы бір сәтте қулап түседі. Қоқан мен соғысамын қол жиюға жәрдем беріңдер деген сөзді ел ішіндегі игі жақсы болып жүргендер сөзбұйдаға салып кетеді. Бұған назаланған Хан әскері күнгейдегі елдің малын айдап кетеді.  Ел ішіндегі би-болыстан қайран жоқ екенінін білген момын шаруалар Мәделі қожаға келеді. Ел ішінен 50-жігітті таңдап алған батыр Ағыбайдың қолымен Шудың арғы бетінде Бетпақтың шетінде кездесіп, «Жарлының жалғызын айдама. Саған қол бермей отырған ру басылары, кегіңді солардан ал» дегеніне құлақ аспай өзіне сес көрсетеді. Бұған назаланған батыр қолын бір нешеге бөліп, айдауда келе жатқан малға әр жерден тиіп берекесін кетіріп, әскер шабуылға шықса өзі бас болып тойтарыс беріп, малды жырымдап ажыратып ала береді. Осы соғыста Ағыбай батырдың қолынан Сыр өңіріне белгілі Зікір балуан жарақат  алады.

Бетпе-бет келіп найза салғанда Ағыбай батыр әбжілдік етіп Зікірдің артына айналып өтіп кетіп сауырынан найза салады. Аударып тастамақ болған батырдың қайратына шыдамай найза ұшар басынан шарт сынады, Зікір балуан өзін икемдей алмай ат жалын құшып қалады.Осы жайды байқап қалған Мәделі қожаның інісі Кенжехан жәрдемге келіп ,найзаны қалдығын суырып тастап. Зікірді атқа отырғызып жібереді. Зікір балуан қартайған шағында арқасын балаларына бастырған кезде сол найзаның орны бір пияла су сиятындай шуңқыр болұп көрінеді екен. Осы соғыста қайрат көрсететін бір балуан Зікір жаралы болған соң, Мәделі қожа қаһарға мініп жедел ат ауыстырып, әйгілі Қазанғаптың «Көкшұнағына» мініп, бір аралағанда бес сарбазды іліп түсіріп кетеді. Беті қайтқан Ағыбай қолы бата алмай,тайсақтап шығад ы.  Қолайлы бір сәтті пайдаланып жау жағының 200 атын олжалап елге қайтады:  200 ат ерімен олжа әперіп,

Басшы боп боз балаңа бердім тоят,-деген сөздің астында сол олжадан батырдың өзі ештеңе алмады деген сөздің басы қылтиады.

Осы уақытқа дейін бір жүйесін таппай келе жатқан жай,Мәделі қожаның сауытын жыртып қарнына тиген оқтың жайы. Майлы қожа мен Мәделі қожаның айтысында Майлы қожа:  Сен жаман шыдай алмай ыңыранғансың

Түбінде Түркістанның жалғыз оққа-дейді. Өз кезегінде Мәделі қожа:    Мендегі қытайшаның оғы түгіл,  Апта сені зарлатқан жиде тікен-деп өзіне тиген оқтың шыққан тегінде атап айтады. Қош, сонымен бұл соғыс – қай соғыс? Осы күнге дейін бұл жайдың беті ашылмай келе жатыр. Майлы қожа көңіл айта барғанда, Мәделі ағасына қарап
Түркстанда Қоқанмен,
Бір күн, бір түн сүрістің.
Ертегі қатар ерлігі,
Ондағы өткен жұмыстың-деп айтуында тарих шындығы жатыр. Мәделі қожаның архивтен табылған хатындағы:   Қай дұшпан қорықпаушы еді сарынымнан    Орыс алып басылдым арынымнан      Ап бердім Әзіреттің тай қазанын Сауыт жыртып оқ тиді қарынымнан-деп айтып отырғаны Түркістандағы Құл Қожа Ахмед Иассауи бабамыздың кесенесіндегі Әмір Темірдің сауғасы, жеті түрлі темірден құйылған тай қазан. Кеңес өкіметінің кезінде көрмеге қоямыз деп алып кеткен киелі қазан. Демек, Түркістандағы асыл жәдігерлікке көз алартқан жалғыз орыс жаулап алушылары ғана емес, өз ағамыз да көз алартқан болып шықты. Міне, осындай мал ғана емес ар кететін шақта атқа мінген батыр Қоқанға екінші рет қарсы шығады.  Түркістанды қоршап тұрған қолға шабуылға шыққан қазақ қолына Қоқан әскері Қытайда жасап шығарылған майда зеңбіректен оқ жаудырады. Сол зеңбіректен атылған бір оқтың жарықшағы Мәделі қожаның сауытын жыртып, қарнына тиеді. Ол сауыт осы күні де бар. Қалай болғанда да Қазақ қолы тай қазанды Қоқанға берместен алып қалғаны рас. Бырақ бұл жай осы күнге дейін ашылмай келді. Мәделі қожа мен Майлы қожаның айтысында Мәделі қожа:  Мендегі қытайшаның оғы түгіл

Апта сені ыңырантқан жиде тікен,-деген сөзіне қарағанда зеңбіректің Қоқан әскерінің қаруы екеніне күман жоқ. Біздің қолымызда Мәделі қожа орыс әскеріне қарсы шықты деген дерек жоқ. Болуы мүмкін емес. Себебі Кенесары ханды тастап кеткен әскер, Мәделі қожа секілді аз үйлі қожаның сөзін сөйлеп жауға шабады дегенге есі дұрыс адам сене қоймайды. Қоқанға орыс қару бермейді. Бұндай кезде үрит-соқ деп құрығына сырық жалғап беруге машықтанған Қытайдың зеңбірек беруі әбден мүмкін.

Бұл әлі тереңдеп зерттейтін жай.

Сейт-Омар Саттар ұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button