Ғалымның хаты

Әруақтың мәні

Құдияр Біләл

Аталарымыз «Әруақты жерден ат үркеді» депті. Басын ашып айтайық. Біз тілге тиек етіп отырған әруақтың тәңірлік ұғымға мүлде қатысы жоқ. Жалпы әруақ бізге жақын, әрі күрделі тақырып. Соған орай, бір жағы тақырып мәнін ашу үшін әруаққа қатысты тағы бір-екі мақалды келтіре кетелік:
«Ат арыса – тулақ,
Ер арыса – әруақ».
Сондай-ақ:
«Әруақ тепкен ары түсер,
Атан тепкен бері түсер».
Тағы бір мақал:
«Әруақ аттаған оңбайды».
Енді сауал. Біз осы неге әруақты соншалықты қадірлейміз? Жауап айқын. Бұл – ата-бабаларымыздан қалған тәрбие. Сондықтан әуелі сол бабалар үніне құлақ асайық.
Шәді Төре Жәңгірұлы:
«Әлемнен он сегіз мың әуел бұрын,
Жаратты Пайғамбардың Алла Нұрын.
«Әууалу маа халакаллаhу нури» деген
Хақында дәлел болды хадис мұның».
Әбу Насыр әл-Фараби:
«Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп адамзатқа Ол ат берген.
Жаратып барша әлемді жалғыз Нұрдан,
Жауhари Нұр сәулесін тарат деген».
Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы:
Әуел баса болмағы Нұрдан екен,
Нұр болып мұның бәрі тұрған екен».
Шал ақын:
«Әлемнен он сегіз мың бұрын Құдай,
Жаратты Пайғамбардың Нұрын Құдай».
Білген жөн. Бізді тәрбиелеген бабаларымыздан жеткен осы даналық. Соған орай біз әруақ деп жаратылыстың негізін түсінеміз. Діни тілде ол – «Пайғамбарымыздың Нұры» делінеді. Демек, әруақсыз ешқандай жаратылыс болмайды. Яғни, қай заттың да жаны бар. «Әруақты жерден ат үркетіндігі сондықтан.
Басы ашық жәйт. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Соған орай адам да, мал да арыса, ет қашады. Білген жөн. Материя баянсыз. Соған орай біз оны жалған деп те атаймыз. Ал жан – мәңгілік. «Ер арыса әруақ» болатыны сондықтан. Мән беретін жәйт – арсиған сүйек әруақ емес. Ол – қадірі қашқан материяның көрінісі. Өкінішке қарай, біз әруақты сол арсиған (еті қашқан) сүйекке теліп келдік. Әрине, оған саясат та, өз бағытынан қияс кеткен дін де әсер етті. Ал арыған аттың тулақ болатыны, онда рух жоқ. Сондай-ақ «Әруақ тепкеннің ары түсіп, атан тепкеннің бері түсетіні», атан – материя да, әруақ – негіз. Яғни, бұдан материяның әруаққа тәуелді екендігі мәлім болады. Егер негіз материяда тұрса, онда түйе тепкен адам аман қалмас еді.
Енді әруақ аттағанның неліктен оңбайтындығына келейік. Ол үшін әуелі тағы да бабалар үніне құлақ асайық.
Батырлар жыры:
«Алпамыстың Пірі еді,
Баба Түкті Шашты Әзіз.
Бүркіт болып келеді,
Қолтығынан демеді»
Қожа Ахмед Яссауи:
«Шын ғашықтар үнемі тірі, өлген емес,
Аруақтары жер астына кірген емес.
Діндар обид, бұл мағынаны білген емес,
Шын ғашықтар халайықтың Қызыры болғай»
Ахмет Байтұрсынұлы:
«Қатты айтты деп кектемей,
Сыйынғанда тек демей,
Он екі имам әулие,
Жиырма сегіз әнбие,
Қолда, өңшең әруақ».
Тұрмағанбет Ізтілеуұлы:
«Әруаққа сыйнбай,
Ерлерің қылыш шаба алмас».
Білген жөн. Әруақ – мәңгілік. Сондықтан да оны тәркі етуге болмайды. Ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен, жетімді жылатпау қажеттілігін барлық адам біледі. Себебі, наласы ұрады. Әруақ – сол нала. Барлық жаратылыста сондай нала бар. Аталарымыздың қай нәрсенің де әруағын сыйлайтыны сондықтан. Ал одан аттадың бар ғой… Қайсыбірін айтарсың. Жалпы барлық апат сол әруақ аттаудан келіп шығады. Қиямет қайым да соған орай болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button