
Дулат Байзақ датқаның баласы Ақмолда болыс болып жүргенде бiр сайлауда оның шешесi бөлек iнiсi Райымқұл болыстыққа таласады. Халық Ақмолданы сайлайды. Сонда да Райымқұл болыстықты қимайды, екеуi күжiлдеседi. Елдi екi бөлiп, халық iшi ығыр боп бүлiншiлiкке айналады. Райымқұл қасына жiгiт ертiп, ел шауып жүрген батыр шалыс жiгiт екен, оған: «осы елге өзiм болыс болғанда, кiм қарсы келе алады» – деген ой түсiп, Ақмолданы шақыртып алып, өлтiрмекке бел байлайды. Бұл әңгiменi Сыр жағында жатқан Майлы есiтедi. Майлықожа осыларды татуластыруға келсе Райымқұлдың Сыздық деген баласы қайтыс болған екен. Сонда Майлықожаның Райымқұлға көңiл айта отырып, Ақмолда екеуiн татулыққа шақырғаны.
Бұл қожа өзге сөзден өлеңге ұста,
Дүниенiң баяны жоқ арты қысқа,
Қорқамын қылап шарғы бола ма деп,
Кетер ем бiр-екi ауыз қылып нұсқа.
Ордаңа, Райымқұлжан, келдiм жетiп,
Кетейiн бес-алты ауыз өлең айтып,
Азырақ бiлгенiмше сөз айтайын,
Кеткенше құр елiме жым-жырт қайтып.
Үйiңе, Райымқұлжан, тұрмын келiп,
Райымқұл жүдеп қапсың балаң өлiп,
Алланың әмiрiне шүкiр қылғын,
Құданың өзi алды өзi берiп
Бүгiнде кетiптi ғой түрiң келмей,
Бiрiңнiң айтқаныңа бiрiң көнбей
Кететiн болыпсыңдар алды-артыңа
Ағаға iнi, – iнiге – аға сенбей.
Баласы өсте ме екен бiр кiсiнiң,
Алмай ма iнi тiлiн ағасының?
Орнаған қара әруақ ауыл едiң,
Жүр екен иiнi келмей жұмысыңның.
Ысмайл, Төрегелдi, Жүсiп, Назар,
Тiл алсаң мұндай iстi қой мырзалар,
Ыдырап бет-бетiңмен шашау кетсең
Тозған қудан топтанған қарға да озар.
Арада қанша дұшпан, қанша дос бар,
Атадан нағып тудың мұнша iшi тар?
Сындырып мүйiзiңдi алып жүрме
Сүзiсiп бiр қорада өңшең қошқар.
Ескiнi сақтамаңдар iштерiңе –
Құдайға сен – сенбеңдер күштерiңе,
Атаңның өстiп жүрiп әруағы –
Жүрмесiн кiрмей кетiп түстерiңе.
Жердей қылып алмаңдар аспаныңды,
Жүрмеңдер шұлғау қылып дастарыңды,
Жапалақ, күйкентай қылып жүрме
Әуеде құс iлетiн сұңқарыңды.
Болып жүр осы күнде бастар аяқ,
Айғырлар үйiрдегi болды саяқ,
Ер едiң екеуiң де мақтайтұғын
Басыңнан әруақ ұшты мизамдай-ақ.
Райымқұл, өлiм деген құдай қасты,
Жайымыз бәрiмiздiң жердiң асты,
Пендеге тумақ — сүндет, өлмек — парыз,
…………………………………………………
Болған соң амал бар ма Хақтың құлы,
Дәуiттiң бiр күнде өлген отыз ұлы,
Саллаты және аз деп айтқан екен,
Пендеге перiштелер туған күнi.
Райымқұлжан, әр кеп болса Құдайдан да,
Қорыққан бiрдей екен қуанған да,
Атыңның тұяғынан келмеушi едi
Айнала жердiң жүзiн су алғанда.
Құдайдың ойла, Райымқұл, құлшылығы,
Өлiмнiң кiмге келмес мұңшылығы?
Сыздықтың өзгесiнен жөнi бөлек,
Деген сөз «оттың алды, су тұнығы»
Пендеге бередi де, алады да,
Адам жоқ өлмейтұғын бұл жалғанда,
Барады күнi бiткен күнде кетiп,
Мәмбет пен Байзақ датқа атаң қайда?
Ақылды ер едiңдер мақтайтұғын,
Паналап ғарiп-мүскiн жақтайтұғын,
Ортаңнан осы күнi бiр әңгiме
Шығып тұр құлағыма жақпайтұғын.
Баласы бiр кiсiнiң тұяқты едiң,
Төрт ата ұлы дулатта қуатты едiң,
Кешегi ынтымағың бар кезiнде
Бұл елдiң әруағы сияқты едiң.
Түсiнер ердiң ерi айтқан кепке,
Бiлмеген алдыра алмас тiлiн көпке,
Мизамдай тозған әруақ ұшып барып
Салбырап iлiнiп тұр бұта шөпке
Азғырған сайтандай-ақ бiрiн-бiрi,
Кетiп тұр сол себептен елдiң түрi
Заманның тайырына айла таппас,
Аплатон бұрынғы өткен болса тiрi.
Замана тасқын судай ылайланды,
Бұзбаса, түзулiктi кiм ойланды!
Тентегiн жаңабайдың түзеймiн деп
Ақмолда басы қатып шыр айналды.
Сайлаудың сақтан, жұртым, жанжалынан,
Көп жiгiт арындап жүр аңғалынан,
Ойласаң сайлау өзi құмар iсi,
Кейбiреу айырылып жүр дамбалынан.
Бас қосып тұрған шақта арыстандар,
Жығылмай кетпеушi едi алысқандар,
Айбатың Алатаудай екi арыстан
Жолдасың бопты бүгiн сауысқандар.
Боласың өсте берсең көнбейтұғын,
Ұлға – ата, атаға – ұл сенбейтұғын,
Жиылып жаңабай боп тiке тұрсаң
Кiм екен соңдарыңа ермейтұғын?!
Тiрiңе өстiп жүрiп сәлем бермей,
Боласың өлгенiңдi көмбейтұғын.
Дүниеде бай да өтедi, бек те өтедi,
Алысса екi арыстан кек кетедi,
Мерт қылса екi арыстан бiрiн-бiрi
Арада қасқыр, түлкi жеп кетедi.
Дұшпаның қорғалайды қашқан жектей,
Ерсiңдер сұңқар тектi, бүркiт кектi-ей,
Ерегiскен сөзiңе көп қарыстың
Iнiсi Сапақ бидiң Мұсабектей.
Дүбiрiң тұлпар мiнiп жарысқандай,
Айбатың айға шапқан арыстандай,
Қыран бүркiт секiлдi тұтымың бар,
Ұстасып жiбермейсiң қарысқанда-ай.
Райымқұл, тұлпар мiнiп тұрысқаның
Ақмолда бiр атадан туысқаның,
Мылтық атсаң Байзақтың баласы өлер
Сонша көп жамандықты қуыспаған.
Ағасын аға деген «iнiм» дейдi,
«Болмай ма оған өткiр тiлiм»дейдi,
Болғанда бiрiң аға, бiрiң iнi,
Жүргенiң сенiң жалғыз бiлiнбейдi.
Атыңды, Райымқұл, жұртқа жайдың
Дұшпанның отын алып суға шайдың,
Ерегiскен жан болса дал-дал қылып,
Iсiн қылды деушi едi Наурызбайдың.
Райымқұл, атың шыққан баяғыдан
Бұл күнде не сұрау бар қыяғыдан?
Үмiтi малға шапқан арыстанның
Алыпсың сен ақсатып аяғынан.
Бұқарда Омар-Батыр тiрес еткен,
Ұрыста Омар ханға қаза жеткен,
Батырхан патша болып өкiнiптi,
Омархан туысқаны өлiп кеткен.
Келiп ем осы сөзiмдi кеулiме алып,
Есiтiп қыжылыңды сырттан шалып,
Молдабек, Медетбекпен о да өкiнген,
Ашумен Қорғанбайды жайлап салып.
Бұл қожаң көрiп жүрген талай жердi,
Құдайым әбиiрдi саған бердi,
Ашумен ағайынын қырып салып
Мұсабек о да өкiнген Иманбердi.
Бас болдың құдай қалап ұлы жүзге,
Сасады жолбарыс та түссе iзге,
Тоқсан қатын толғатып ұл тапса да
Табылмас Ақмолдадай аға сiзге.
Жалтармас бүркiт соқса түлкi болмас,
Дұшпанға бiрлiк қылған күлкi болмас,
Байзақ пен Байтеректер қайда кеттi,
Сұм дүние еш пенденiң мүлкi болмас.
Бiр дұшпан екеуiңдi жанып жүрме,
Жел сөзге арадағы нанып жүрме,
Болатты болатқа сап қан ойран қып,
Араңнан жем айырып алып жүр ме?
Көп тидi ерегiспен басың тасқа,
Жарасқан өкпе-кiрне қарындасқа,
Түртпейдi түбi бiрге деген сөз бар,
Кетедi шағыстырып түбi басқа.
Кiм қалды бiзден басқа табыстырар,
Бөтен жұрт қолдан келсе шағыстырар,
«Жанған отқа су себе бер» деген адам,
Шаланы жан-жағынан қағыстырар.
Балалардың бiреуi бек, бiреуi хан,
Қорықпайды бiр-бiрiнен өңкей нәһан,
Араңда мұндай жұмыс болмас едi
Тiрiлiп Мәмбет, Байзақ келсе бабаң.
Кешегi Мәмбет, Байзақ, Байтерекпен
Датқаны не қылайын өтiп кеткен,
Қылатын жаңабайға қариялық
Басымсың Төрекелдi Алтынбектен.
Мырзадан Төрекелдi асып тудың,
Ақылың өзен судай тасып тудың,
Ерегiспен дұшпанның отын алып
Байзақ пен Байтерекке тартып тудың.
Мырзадан Төрекелдi тудың ұстын,
Ашуың қаһарындай шая құстың,
Қорқады қаһарлансаң бар дұшпаның,
Қорқытқан Ақмолданы сенiң сұстың.
Бұл iстi Төрекелдi, сiз бiлiңiз,
Балалардың бiлмегенiн бiлдiрiңiз,
Арқалап кiшкенеден өсiрiп ең,
Әлi де ойнатыңыз, күлдiрiңiз.
Ақбөкен, қарақұйрық қырда жатқан,
Садағын бір-біріне қырнап атқан,
Атысса Байзақ, Мәмбет баласы өлер,
Деймiсiң қоңырат өлер Сырда жатқан?!
Ал, халқым, мен сөйлесем өлеңiм көп,
Шулаған боп қалмаңдар уайым жеп,
«Аразды ашулықпен тастаңыз» деп
Әдейi келiп едiм айтайын деп.
Аулыңа көп келермiз, көп кетермiз,
Екеуiң жараспасаң өкпе етермiз,
Жетсеңдер бұл сөзiмнiң парығына –
«Ата ұлы, бәрекелдi!» деп кетермiз.
(Ақын атамыздың «Сайлаудың сақтан, жұртым, сарсаңынан» өлеңі «Майлықожа. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Ә. Оспанұлы. – Алматы, 2005. – 864 бет» кітабынан алынды, 527-532 беттер).





