Ат жақсы арғымақтан шабыс болса
Ат жақсы арғымақтан шабыс болса,
Жат жақсы ағайыннан таныс болса.
Қожабай, бір қисса жаз қолдан келсе,
Басыңа шығар мүйіз сөзің өнсе.
Сауаптан қиямет күн мақұрым болар,
Қызығына дүниенің көңілің сенсе.
Сарғалдақ, қытай, қырғыз, Үйсін, Қоңырат,
Атаңның бірге жүрген пәрменінше.
Оқыспай жаназасын, көңіл сұрап,
Бұрыннан іс қылып па ед жәрдемінше.
Асылға сөз жазайын біраз ғана,
Сал дағы тіке көзің хатқа қара.
Сүйек, қара еттен өтіп оқтасалап,
Бұл күнде жүрегіме түсті жара.
Сіздерді басқа торы демеуші едім,
Көңілімдегі үкім жоқ мен бейшара.
Сапар қып Ащыкөлге жүріп кеттім,
Сіздердің қолыңызда қатын-бала.
Саусақ он, көзің екеу, тісің отыз,
Піріңді артық қылар Хақ Тағала.
Болмаққа әркім сіздей көп ынтызар,
Өзінің көңілінде келсе шама.
Іңірдің мезгілінде, он үш күнде
Қылыпты жан тәсілім біздің бала.
Сауаптан кітап айтқан қылсаң тиді,
Жақсылық қылмасаңда бізге бола.
Күң менен құл киген соң жеңсіз көйлек,
Болады өлгеннен соң бәрі мола.
Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашты,
Қойды ма алайын деп келген бәле.
Туғандай бір анадан болмасақ та,
Көруші ем, өзгеден де сізді аға.
Өлгенше «тәуір ме?» деп сұрамапсыз,
Көруші ем Құдайдан соң сізді пана.
Шақырған жаназаға келмей қалып,
Қылыпсыз мұндағы елге бір масқара.
Ахмет сіз бір таусыз аспанменен,
Бай болып, өлмей, халықтан асқанменен.
Теңгерер ақіретте Хақ қоймайды,
Дәрежең бұ дүниеде басқанменен.
Күші асып күллі ғалам бәрін алған,
Рүстем өлмеді ме дастанменен.
Құдаға мың суретте болған ғашық,
Әулие Баязит сұлтанменен.
Қожа Ахмет өлім тілеп жерге кірген,
Болды ма «ал» деп төсін ашқанменен.
Қарынбай қайыр бермей дүние жиған,
Болды ма бауырына басқанменен.
Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашты,
Қойды ма Құдай оны қашқанменен.
Қақ жарған қара қылды әділ болып,
Хазірет Омар қайда, Оспанменен.
Наушаруан сараул әділ болып,
Адасқан орын алды қосқанынан.
Атымтай өзі кәпір, өзі жомарт,
О да алды дүниесін шапқанменен.
Сүйенбей құйрығына құс қона ма?
Аспанға қанатымен ұшқанменен.
Қожабай, ақылың болса, ойла соны,
Бола ма мысық жолдас тышқанменен.
Малың мен басың бірдей тең болмаса,
Үйде ауыл, түнде от болма дос-жарменен.
Құнан қой базар барса күллі артық,
Теңгерсе басы кіші қошқарменен.
Қожаны қара менен ғылым ашар,
Ораған басқа салған достарменен.
Алладан қымбат баға кісі болып,
Басына көркейтеді астарменен.
Хитеке, бұ сөзім қолайлы ма, қолайсыз ба?
Қолайсыз сөзге құлақ салмайсыз ба?