Сейсем Ата қорымының араб жазуындағы эпиграфикасы
Сейсем Ата қорымының араб жазуындағы эпиграфикасы / Кіріспе, құрастыру, араб, парсы, түркі тілдерінен аударма, көрсеткіштер Ә.Қ. Муминов, А.Ш. Нұрманова, Н.А. Құлбаев. Ғылыми консультант М.С. Нұрқабаев, ағылшын тіл редакторы Нил Робинсон. Астана, 2015. – 160 бет.
«Сейсем Ата қорымының араб жазуындағы эпиграфикасы» деп аталып отырған еңбек араб, парсы, түркі тілінен аудармаларымен жарыққа алғаш рет шығып отырғанымен құнды. Бұл еңбек өткен заманның хан-сұлтаны, бий-батырлары мен жоғары лауазымды тұлғалардың басына тұрғызылған ескерткіштеріндегі жазулар туралы мәлімет береді. Құлпытастардағы жазбалар арқылы халық дүниетанымының ерекшелігін көрсететін деректерге қол жеткізе аламыз. Қай қоғамда болмасын халқымыз қоғамға қызмет еткен тұлғаларын қашанда елеп, басына күмбез немесе құлпытастар орнатып отырған. Бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі үрдіс. Бүгінде сол үрдіс ақсамай өз биігінен көрініп жатуы даралардың ісі деп санайық. Тағлымы мол құнды мұраны тану мен игеру өткен мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың арасындаға сабақтастық байланысты үзбей жалғап тұр.
Ендеше, қолжазба мен құлпытастағы жазудың халық дүниетанымына қосар үлесін тану маңызды. Қолжазба кітаптар жалғыз дана болып шығарылып, ол сұранысты қанағаттандырмаған, екіншіден қолжазбалар нақты ақиқатты ақпар беруге кейде үлес қосса, кейде қоса алмай жатуына себеп бір нұсқадан екінші нұсқаға көшірілу барысында өзгерістерге ұшырап жатқанын ескерсек, үшіншіден құнды мұраларды жоюға әрекет жасап халықтың тарихи жадын жоюға апаратын істер тарихта көп болған. Бұған VII ғасырда арабтар Александрия кітапханасын талқандаса, ХVI ғасырда католик иерархтары майя мұрағаттарын құртса, ХII-ХIV ғасырда католик иезуиттері ежелгі қолжазбалар мен антикалық әдебиетті жойып жіберген. Алғашқылары кітаппен алысса, кейінгілері жазуды өзгерту арқылы қоғамды, тарихи жадынан айырып отыруды әдетке айналдырған. Тарих бетінен көріп отырғанымыздай осындай тақсіретті істердің кесекөлденеңнен қоздатып отыру адамзатқа жасалынып отырған қиянат екені айтпасақта түсінікті. Осындай қиянатқа жол бермеу бүгінде тәуелсіз ел атанып отырған мына біздер үшін қорымдарды зерттеу, қолжазбаларды түпнұсқадан оқу және құлпытаста жазылған мәтіндердің мәніне терең бойлай алу өзімізді тану жолда мұндай еңбектің арасалмағының қаншалықты екенін анық байқаймыз.
Арғы-бергі тарихымызда ел басқарған көсемдер мен би, батырларымыздың басына қойылған құлпытастар мен сол құлпытастағы мәтіндерді оқу қарымды білімді қажет еткен. Осы жолда ғалымдарымыздың ғылымдағы үлкен бастамасы кейінгі ұрпаққа үлгі әрі таптырмас мол қазына. Бұл құлпытастағы жазулардың мәніне терең үңілу өзіміздің тарих жолындағы сүбелі жолымызды тануға мүмкіндік әкелсе, екіншіден, қоғамдағы саяси-әлеуметтік құбылыстар негізінде танымдық үрдістерді тануымызға күш жұмсайды. Эпиграфикалық ескерткіштердің құндылығы сол дәуірдің тұсын ешбір боямасыз қаз қалпында тануға жүктесе, екіншіден қоғамдағы мәдени-рухани, саяси ахуалды дәл көрсетуімен ерекшеленеді. Бұл таным жолында да, тарих жолында да ақиқат болатын негіздемені жүйелейді. Эпиграфикалық дереккөздер арасында эпитафиялар өзіндік артықшылыққа ие. Құлпытастағы жазудың мәнін зерделеу гуманитарлық ғылымдар саласында ақиқат болатын ғылыми негіздемеге мүмкіндік туғызатыны анық.
Мәселен, тарихшылар үшін – құлпытастағы жазуларды анықтауда этникалық тарих, билеуші әулеттер, әулеттік-тайпалық байланыстар, қоғамның әлеуметтік құрылымын тарих көшімен қалыптасқан тарихи сабақтастықты зерттеуде маңыздылығы арта түспесе кемімейтіні анық; мәдениеттанушылар үшін – оқудың мәдени құбылыс ретінде таралуы тек жазуға ғана байланысты емес. Оның қандай нәрсенің бетіне жазылып, таралуына да байланысты екенін ескерсек, бағзы бабалар бұл мақсатта жартастарды, үңгір қабырғаларын, дөңбек тастарды, тас бағандар мен қалақ тастарды пайдаланған. Тас барлық жерден табыла бермеген. Теріскей тайпалары ағаштардың діңгегі мен қабығын, күнгейдегілер пальма жапырақтарын, малта тастарды жазуға қолданғандығы өзіне тән ерекшелікті анықтаса, бүгінде құлпытастағы жазулардың өзіне тән ерекшелігі арқылы заманның шынайы келбетін тануға мәдени үрдістердің аясын кеңейтіп қарастыруына мүмкіндік береді. Эпиграфикалық жазбаларды жарыққа шығару, әсірессе құлпытас жазбаларын жариялау ата-бабаларымыздың әлеуметтік байланыстары мен мәдениеті туралы түсінігімізді байыта түссе, осы жолда жаңа идеялар арқылы жаңа ой қалыптастыру жолында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді; саясаттанушылар үшін – құлпытас жазбалары тарих көшінде қалыптасқан әскери-саяси байланыстар мен әлеуметтік-экономикалық байланыстардың тетігін анықтауда сүбелі үлес қосады. Құлпытастағы мәтіндер саяси байланыстардың үрдісін анықтау жолында саяси, этнолингвистикалық және әлеуметтік үрдістер мен оқиғалардан тура не астарлы түрде мәлімет жеткізудің қыр-сырын ашып береді; дінтанушы мамандар үшін – құлпытас эпитафиясы халықтың тарихын, рухани мәдениетінің төңірегінде қарымды ой мен діни құндылықтарды зерттеуде қоғамда болып жатқан өзгерістерге сай қалтарысты тұстарын қалт жібермеуге жұмылдырса, халық дүниетанымындағы құндылықтық өлшемнің мәнін анықтауда үлкен септігін тигізеді; тіл мамандары үшін – эпитафия мәтіндері қашалып жазылған уақыт заманның өзіндік тілдік келбетін танып білуге сол арқылы тілдің құрылымы мен аясын зерттеу арқылы сауаттылықтың қай деңгейде бой көрсете алғанын және аумағы мен аймақтық тұтастығын айқындауда сара жолды қалыптастырады; этнографтар мен этнологтар үшін – ұлтаралық қатынастардың аражігін айыруға өзара ұқсастықтар мен айырмашылықтарын анықтауға күш жұмсайды. Сондықтан мұны елдіктің сара жолын қалыптастыруда, мемлекеттің бекемдігін нығайтуда жаңа идеялар мен мақсат мүдделерді айқындауда өзіндік үлесін қосқалы тұрған еңбек деп танығанымыз дұрыс.
Бүгінде елдің бүтіндігі мен тұтастығын сақтау жолында өзіндік дүиетанымдық құндылығын анықтауда дәйек болатын тұғыр деп танысақ, екіншіден түркі тектес халықтарды әлемге танытуда, жаңа зерттеулерге қол жеткізуде мүмкіндігі мол мұраға айналғалы тұр. Мұндай құнды мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеу Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының арасындағы жаңа идеяның қалыптасуына және мақсат пен мүдделерімізді анықтау жолында баға жетпес құнды еңбек деп бағалауымыз қажет.
Бағила Лесқызы Таирова,
философия ғылымдары кандидаты, Еүразия ұлттық университеті доценті
Біздің еңбегімізге талдау жасағаныңыз үшін рақымет!