Жарық нұрдың сәулесі

Ағайынның көшбасшысы Балта қожа

Болмысы бөлек, тұғыры биік, ел жұртына қадырлі, ағайынның көшбасшысы, мейірім шапағаты мол Балтақожа көкем  көзден кетсе де көңілден кетпейтін жан еді. Шежіре бойынша Айқожа ишан бабамыздың үшінші ұлы Мамырайым шайық атамыздың – Мырзахмет ата, Сейдахмет ата, Құлахмет ата, Махамбет ата, Қалымбет ата, Әлімбет ата деген алты ұлы болған екен. Сол ұлкен  ұлы Мырзахмет атадан  – Әбдімәжит ата.  Әбдімәжит атадан  – Әмір әкеміз, Әбілхайыр ағамыз дүниеге келген екен. Әмір әкемізден біз тараймыз. Ал Балтақожа көкем Мамырайым шайық атамыздың екінші ұлы Сейдахмет атамыздың ұлы  Жапар мағзұм  атамыздан тарайды.

Жапар мағзұм атамыз көп жылдар ауданның бас имамы қызметін атқарған, өте діни сауатты, тақуа, керемет емшілік қасиеті бар кісі болған. Атамыздың көзін көрдік, шарапатын сезіндік. Айқожа ишан бабамыздың қара шаңырағы  саналатын,  қазіргі Қара сопы қорымындағы мешітке бала күнімізден Әбдімәжит атамызбен, Әмір әкемізбен талай баратынбыз. Мешітке көп адам жиналып намаз оқитын. Төменгі жақта қазан асылып, дастархан жайылып, самаурын қайнап жататын. Аталарымыздың ата жолына адалдығын, бірін-бірі құрметтеуін, сыйластығын, аға буынның  бауырмашылығын көріп өстік.

Ертеректе Балтақожа көкем мамандығы бойынша энергетика саласында көп жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып жүрді. Уақыт өте келе қасиетті Ата жолын таңдап, Жапар мағзұм атамыздың емшілік қызметін жалғастыру  жолына тәуекел етті. Өйткені көкемнің бойындағы биоэнергетикалық күш қуаты, атадан алған біліммен ұштасып  маза бермейтін. Алдына келген кісінің тамырын ұстап, құран кітап ашып отырып, диагнозын дәл қоятын. Содан соң дем салып, ем домын жасап, талай  жандарға шипасын  тигізіп  жүретін. Осы еңбегі үшін республикаға белгілі халық емшісі атанып зор құрметке ие болды. Емшілікпен қатар ағайындарға басшылық жасап, Айқожа ишан қайрымдылық қорын басқарды. Ата шежіремізді толықтырып, жүйелеп, бірнеше рет қайта кітап етіп шығаруға атсалысты. Бабамыздың рухына арналған ас беру, еске алу, ата бабалар жайғасқан қорымдарды тазалау, жөндеу, тағы басқа көптеген іс шараларды ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Бірде біз Балтақожа көкемнің басшылығымен, Қарасопы қорымын кеңейтіп айналма биік тас жолын, үлкен автотұрақ, мешітті қорымнан бөліп тұратын темір қоршау, навес және тағы басқа  абаттандыру жұмыстарын өз қаржымызбен Алла разылығы үшін атқарғанымыз есімде. Аллаға шүкір, қазір де сол үрдіс баба ұрпақтары арасында да, қорымда жатқан басқа ағайындар ұрпақтары арасында да жалғасын табуда. Жалғыз ел ішіндегі емес, басқа облыстардағы ағайындармен үзбей хабарласып, сол жақтағы іс-шараларға  уақыт тауып қатысып жүретін. Сондай жерлерде мен де Балтақожа  көкеммен көп сапарлас болдым. Талай ағайындармен таныстым, жақсы тәлімді әңгімелерін естідім. Менің бес уақыт намаз бастауыма да көкемнің шарапаты тиіп еді…

Көкем өте бауырмал еді. Кездесіп амандасқанда жасымыз кіші болса да, бізді жолы үлкен аға баласы – деп жөн сөзін айтып, тілеулестігін білдіріп тұратын. Арасында біз үйлеріне арнайы іздеп барып, Ажар жеңешем екеуі үйімізге  келіп, арқа-жарқа әңгімемізді айтып, батасын алып  тұрушы едік. Әңгіме барысында тәтті әзіл қосып айтуды ұнататын. Кейде бала сияқты аңғал мінезім де бар нағашым берекелі божбан ғой – деп отыратын күліп. Көкем акбар қажылық сапарына жеңешем екеуі бірге  барып келді. Құдай қосқан қосағы, «ерін – пірім», – деп сыйлап өткен Ажар жеңешеме көкем разы болып өмірден өтті. Алланың ісіне шара жоқ. Көкемнің жаны жанатта болсын. Артында қалған ұрпағына, бауырларына, жан жарына, ел жұртына ынтымақ –бірлік, берекелі тірлік берсін . Көкемнің қадыр қасиеті ұрпағына дарысын !

Нұрпейіс Әмірұлы, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы. Қызылорда қаласы, 2024 жыл

Балтақожа Жапарұлы  туралы естеліктердің басын құрау ойымызда бар. Сол себепті жақсының шапағатын көргендер болса Ажар жеңгемізге хабарласуға болады.  тел: +77016119054

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button