Жарық нұрдың сәулесі

Сыр елінің ардақты ұлы

Есетов Тәкей (1923-2004) – Сыр елінің ардақты ұлы, қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, артына ұмытылмас із қалдырған азаматтардың бірі. Қазалы ауданында дүниеге келген. Тәкей Есетов – Абд ул Жалил баб-Хорасан атадан тарайтын Ер Сейітпенбет қожа әулетінің ұрпағы (Ер Сейітпенбет-Әбдіжаппар-Қарақожа-Қалдар-Асыл-Есет-Тәкей).

Еңбек жолын сауатсыздарға әріп үйрететін курста мұғалім болып бастаған. Соғысқа дейін халық сотының хатшысы болып істеді. Алматыдағы 6 айлық авиациалық курсты бітіріп, майданға аттанған. 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған.

Соғыстан кейін аудандық сотта, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, аудандық қаржы бөлімінде қызмет етті. Ленинград қаржы-экономика институтын (1955) бітірген.

1955 жылдан Арал ауданы қаржы бөлімінің бастығы. 1957-85 жж. Арал ауданы партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда облысы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Арал ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.
Тәкей Есетұлы – Сыр өңірінің дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне аянбай қызмет жасаған, ел ілтипатына бөленген абыройлы азамат, қайраткер тұлға. Сол кездегі өңір экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дұрыс бағамдай білген, көпшіліктің риясыз алғысына бөленіп, бұқара халықтың сенімін арқалаған білікті басшы.

1969 жылы Арал теңізінің тартылып кету қауіпін зерттеп білген Т.Есетов мәселе көтеріп, Республика Үкіметі Аралға арнайы комиссия жібереді. Сол кезде теңіздің тартыла бастағаны, келе жатқан экологиялық апаттың алапат толқыны жайлы ең алғашқы болып қозғау салған Тәкей Есетов екендігін екінің бірі біле бермейді. Елінің ертеңін ойлаған жанашыр азамат осындай ұлы істерге ұйытқы болды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетов туралы жарыққа шыққан «Тағдыр мен тағылым» атты кітапта әуелі Арал ауданында басшы болған жылдарда абыройлы қызмет еткені жазылады. Міне, осы қызметтерде жүріп, ел жағдайын етене танып-біледі. Осы тұста халықтың әлеуметтік ахуалын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізіліп, аралдықтардың игілігіне берілуінде Тәкей Есетовтің қосқан үлесі зор болған. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруда аудан басшысы Т.Есетов тамаша ұйымдастырушы, көреген басшы екендігін таныта білді.

Атам қазақ «Жақсы жар – азаматтың бақыты» деп бекер айтпаған. Азаматтың бақытты болуы, басына қонған бағының баянды болуы әйеліне тікелей байланысты. Тазагүл Сейтжанқызы тұз-дәмі жарасып, Тәкеңмен отбасын құрды, бір ұл, бір қызды болды, оның үстіне Тәкеңнің бұрынғы отбасынан аналары қайтыс болған төрт баланың, әке-шешесі дүниеден өткен сегіз сіңлісінің, барлығы он төрт жанның тағдыры мен тәрбиесі мейірімді әйел-ананың пешенесіне жазылған екен. Тазагүл Сейтжанқызы тағдырдың аманатын, бұл жауапты да аса ауыр міндетті абыроймен орындады. Балаларының бәрін оқытып, жоғары білім беріп, тәрбиелеп, өзінің отбасынан он үш жанұя шығарып, шаңырағын көтертті.

Тәкей Есетұлы 1978 жылдан 1985 жылдар аралығында Қызылорда облысын басқарған кезеңде құрылыс қарқын алды. Облыс орталығында драма театр, музей, әуежай, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы сол кезеңдерде қатар жүргізілді. Одан өзге «Қызылордарисмаш» зауыты, «Шалқия» кеніші секілді көптеген өндіріс орындарының жұмысы жандана түсті.
Тәкей Есетовтің елдің мұрат-мүддесі жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 5 орден (оның ішінде 3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендері), 12 медальмен марапатталған.

***

Тәкей Есетұлы туралы Қ.Көшербаев, С.Құбашев, Ш.Серікбаев, С.Желдербаева, К.Махсұт т.б. замандастары өз естеліктерінде ағаның адамилық болмысы туралы былай депті:

«…Тегінде, тектілікті халық та, уақыт та, тарих та, ғылым да, тәжірибе де, өмір де жоққа шығармайды. Ал, Тәкеңнің тектілігінің тамыры терең, бұтағы бүтін, жапырағы жасыл. Ол – 90 түйе сексеуілге күймеген, жанбаған әулие Ер Сейітпенбет бабамыздың тікелей ұрпағы. «Маған қиянат қылған адам ешуақытта оңған емес» дейді екен сырлас достарына. Шындығында да солай болды».

«Тәкең адамның, сөздің қадір-қасиетін аса же­тік білетін. Аз сөйлейтін, бірақ саз сөйлейтін. Бек­­зат­тығынан, білгірлігінен, дүлдүлдігінен аз сөй­лей­тін.

Тәкең көпсөзділікті шешендік, діңкілдеуді көсемдік деп білмеді. Сол заманның ұзаққа созылатын жиын-жиналыстарында, отырыстарда Тәкең міз бақпай, тіп-тік, түп-түзу, қозғалыссыз, тек қана кірпік қағып, терең ойдың теңізіне шомылып, бәрін байқап, бәрін бақылап, бәрін бағыттап, тас мүсіндей тапжылмай, қасқайып отырушы еді-ау, жарықтық».

«…Азаматтың да азаматы бар, қазанаттың да қазанаты бар. Сол сияқты Тәкей Есетұлы ардақтылардың біреуі емес – бірегейі еді»

«…Иә,Тәкең зерек, зерделі, ойшыл, ойын ақылға суарған, пайым-парасатқа ат шалдырған, адал­­­дықты, әділдікті ту еткен, имандылыққа, қанағат­­­­қа, шүкіршілікке нар шөктірген, кісілігіне кір түсір­меген, арының, намысының туын жықпаған азамат».

«…Облыс еңбеккерлерін  жаңа табыстарға қол жеткізуге ұйымдастыра білді. Кадр­ларды таңдау, іріктеу, тәрбиелеу, оларды өндірістің шешуші орындарына жұмысқа қою сияқты мәселені назардан бір сәт тыс қалдырмады».

«…Қазалы топырағы өзінің киелілігімен белгілі. Бұл жерден көптеген ұлы тұлғалар шықты. Батыр бабалардың кіндік қаны төгілді. Кешегі Тәкей Есетов …секілді тұлғаларды күллі республика біледі».

«Тәкей Есетов – Сыр өңірінің экономикалық, әлеуметтік-рухани саласында өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған тұлға».

«…Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Есетов Тәкей ағамен қызметтес бірге, қатар жүріп, өзара түсіністікпен ел игілігіне жұмыс істегенімді өзіме үлкен абырой көремін. Тәкеңді осы күнге дейін ризашылық сезіммен есіме алып, ерекше құрмет тұтамын. Адамгершілігі, имандылық қасиеті биік кісі болатын».

«…Теңіздей толқып бүгін, тасып аға,
Жыр төкпей көңіл бүгін басыла ма.
Қожадай текті әулеттің ұрпағы едің,
Бас идім алдыңа кеп, асыл аға!

 

Жан едің жүзің жарқын, сөзің балдай,
Бойыңа туа біткен төзім қандай.
Көрікті келбетіңе, нар тұлғаңа,
Қараушы ем қайта-қайта көзімді алмай»
.

«…Тәкең елді, халықты ашумен, айқаймен, үркі­тіп, қорқытумен, алдап-арбаумен, мазалаумен, жаза­лаумен емес ақылмен басқарды. Ақылды ең жақын дос, ашуды ең қауіпті қас деп білді. Кез келген адамды қабағымен ұқтыратын, қабағымен ықтыратын, сұсыменен бұқтыратын. Талай ауыздығымен алысқан аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін асауларыңыз Тәкеңнің алдына барғанда жуасып, жүні жығылып, бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалатын».

«Қазақ халқының өз Тәуелсіздігін бейбіт, демократиялық жолмен алуды көздеген зиялы саясаткерлер мен асқақ мұратты азаматтар болды. Солардың бірі – Кеңестік дәуірде Қазақстан республикасының қалыптасуына ұлттық зиялылар қатарында үлкен үлес қосқан азаматтарының бірі – Тәкей Есетов».

«Тәкей Есетұлы — Сыр елінің ардақты ұлы, қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын тұлға, артына ұмытылмас із қалдырған Сыр топырағының қайталанбас ағамызды еліміз әрқашан мақтаныш тұтады.

***

Елі үшін еңбек еткен азаматтың еңбегі ескеріліп, Қызылорда қаласында №264 мектеп-лицейге Тәкей Есетұлының есімі беріліп, ескерткіш-кеудемүсіні орнатылған. Қызылорда қаласында және екі аудан орталығындағы көшелерге есімі берілген. Қайраткердің еңбек жолы туралы деректі фильм түсірілген.

(Әлеуметтік желідегі мақалалардан ықшамдалып алынды-Қали Жолдасов).

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button