Жарық нұрдың сәулесі

Қожа Атам мен өз Атам

Исабек ишанның ұрпағы Жандарбек ата туралы естеліктер

Жандарбек ата – Ақкөл-Жайылма өңіріне ізгілік нұрын шашып, имандылықты уағыздаған қасиетті жан. Ол кісі туралы ел ауызында аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Біз бала күнімізден Жандарбек атаның діндарлығын, ерекше қасиет иесі екенін үлкендерден біліп, естіп өстік. Оның үстіне атамыз Қыздарбек Әміренов ол кісімен аға-бауырдай етене араласқан.

Атам лайықты тыңдаушысы табылса, Жандарбек ата туралы көп әңгімелері айтатын. Оның біразын 2012 жылы қағазға түсірген едім. Жазған дүниелерімді жуырда үйдегі көп қағаздың ішінен тауып алдым.

Батаға бір жылқы атадым

«Жандарбек ата үй шаруашылығындағы ауқымды жұмыстарды атқару үшін Шұға ауылынан адамдар шақыратын», – деп бастайтын әңгімесін Қыздарбек атам.

Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталған. Шұғаның азаматтары Қожа атамның шаңырағына әрдайым қолғабыс жасап тұрады. Бұл – қасиетті әулетке деген құрмет.

Жандарбек атаны ел ішінде Қожа ата деп те атайды. Атам Қожа ата туралы әңгімелерді үнемі шай үстінде айтатын. Шайын сораптап, бұқаны бұйдалап жетектеген адамдай тыңдаушысын тырп еткізбей тастайтын.

«Бірде Сарыбай (Сарыбай Аханов Шұға ауылының меңгерушісі болған – автор) екеуіміз Жандарбек атаға сәлем бере бардық. Мінгеніміз – жүк көлігі. Жолдан шарап-шалдығып, шайға отырдық. Бізбен бірге дастарқанға қатар отырған Жандарбек атам сәлден кейін:

– Әй, Сарыбай, саған батаға деп бір жылқы атадым. Қалаған уақытыңда алып кет, – деді.

Мен де дәмеленіп қалдым. Қожа ата мұнымды сезген болуы керек, маған қарап:

– Саған да беріп қойғанның жөні бар еді, Қыздарбек. Бірақ, болмайды ғой, – деді.

Жүрегім зу ете түсті. Өңім өзгеріп сала берді», – деп тоқтайтын Қыздарбек атам.

Ойын баласы біз үшін Жандарбек атаның неліктен бұлай айтқаны қызық. Атамнан одан әрі не болғанын сұраймыз.

«Арада біраз уақыт өткеннен кейін Жандарбек ата қайтыс болды. Іле Сарыбайдың әкесі Қабынасыр да ауыр сырқаттан көз жұмды. Мен болсам әлі тірі жүрмін. Қазір ойлап қарасам, Жандарбек ата Қабынасырдың да, өзінің де менен бұрын қайтыс болатынын болжаған екен ғой», – деп таң қалатын Қыздарбек атам.

Сауыным азайды деп қапаланба

«Бірде үй ішімізбен ақылдасып, Жандарбек атаға бір тайынша атадық», – деді Қыздарбек атам тағы бір әңгіменің шетін шығарып.

«Ол кісі әзір әкетпейтінін, «өрісте жүре берсе» деген ниетін жеткізді. Әлгі тайынша бір-екі жыл біздің үйде жүріп, бұзаулады. Оған қожаның сиыры деп шөптің жақсысын, жемнің тәуірін таңдап береміз. Жақсы, сүтті сиыр болды, жарықтық.

Бір күні үйге ала шапанын белден буып, Жандарбек ата келді.

– Қыздарбек, әлгі маған атаған сиырды алып кетуге келдім, – деп аңқылдай ішке енді».

Қыздарбек атам ол кісінің қолы ашық, жомарт адам екенін ылғи да айтып отыратын.

«Қараймын, Қожа атаның келгені Бәтима әжеңе ұнамады. Ол «Сауыным азайып қалды» деп күңкілдеп жүр. «Қайыры болады. Дыбысыңды шығарма», деп қоямын оған.

Сиырды бұзауымен бірге машинаға артып жатыр едік, Жандарбек ата үйдің тасасында сығалап тұрған Бәтиманы көріп қойды. Ыңғайсызданғаным сол еді, Қожа ата:

– Келінжан, сауыным азайып қалды деп қапаланба. Орны толады ғой, – деді.

Бәтиманың да естігісі келгені осы болса керек, жүзі жадырап шыға келді.

Қожа ата сиырды артып алып, ауылына кетті. Әне-міне дегенше қоңыр күз де түсті. Бір күні таңертең ерте тұрып, малдарды өріске шығарайын десем, қораның артында бір мүйізі сынған сиыр жатыр. Көршілердікі шығар деп оны да өріске қарай айдап салдым. Кешкісін біздің малдармен бірге әлгі сиыр қайта келді. Не керек, күнде біздің үйдің түлігімен бірге өріске кетіп, бірге келетін болды. Оны іздеген адам да жоқ.

Бір күні таңертең тұрсақ, әлгі сиыр жоқ. Олай іздеп, бұлай іздеп таппағаннан кейін, иесі алып кеткен шығар деп ойладық. Жоқ, олай болмай шықты. Балалар қорада ойнап жүріп, әлгі сиырдың бұзаулап жатқанын сүйіншілеп келді. Барсақ, мүйізі сынған сиырымыз төлдепті. Сол күннен бастап әлгі сиыр біздің үйдің түлігіне айналды. Бес-алты рет төлдегеннен кейін көзін құрттық.

Міне, біздің үйден сиыр әкетіп бара жатқанда Қожа атаның айтқан сөзі дәл келді. Құдайдың өзі жіберген сол сиырдан кейін сауынымыз көбейді. Арты қайырлы болды. Қазір осыны Бәтимаға айтсам, көзіне еріксіз жас алады», – деп тоқтайтын Қыздарбек атам.

Қошақандарым менің!

Ақкөл-Жайылма өңірінің тұрғын-дары арасында Алла Тағала жолымызды оңғарсын, отбасымызға амандық берсін деп Жандарбек атадан бата алатын игі дәстүр бар. Қыздарбек атам да Қожа атадан бата алып, бір қой атапты.

«Атаған түлігімді әне апарамын, міне апарамын деп жүргенде бірнеше жыл өте шықты. Қожа атаға атаған жалғыз қойым төлдеп, ұзын саны оннан асты. Сәті түсіп, қойларды Ақкөл ауылына апардым. Ауылға жақындай бергенімізде анадайда бізге қарап тұрған Қожа атаны көрдік. Қасында бәйбішесі бар.

Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

– Қошақандарымды әкелдің бе? – деді.

Қызығы сол, Ақкөл ауылына баратынымызды шопыр баладан басқа ешкім білмейтін. Амалсыздан басымды изедім. Бәйбішесі тұрып:

– Атаң бағанадан бері «Қыздарбек қой әкеле жатыр» деп тықыршып жүр, – деп сөзге араласты.

Аяқтары буылған қара қойларды көтеріп түсіріп жатыр едік:

– Аяқтарын шешіңдер, – деп бұйырды Қожа ата.

Қазір үркіп, даладан далаға қашады-ау деп сақ қимылдап жатқанымыз сол еді, қойлардың барлығы Қожа атаның айналасына топтасып тұра қалды. Шопыр бала екеуіміз таң-тамаша болып тұрып қалыппыз.

Жандарбек ата «Қошақандарым менің» деп қойларды қораға қарай өзі бастап жүріп кетті.

Фархат ӘМІРЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button