Жарық нұрдың сәулесі

Ибадуллаұлы Сәруәр ишан

Айқожа ишан мұрасынан

Айқожа ишан немересі Ибадуллаұлы ишан – Кеңес үкіметі кезінде ишан әулеті болғаны үшін сотталған. Әруақ қонған адам еді. 1933 жылы 16 мамырда Өзбекстанның Жаңа базарына Мықтыбаев Сарсенбаймен  (Ысты Байқорғанды Ұлы жүз) поезда бірге барып, түнде ұстап алып кеткен. (Оқас қарияның сөзінен). Сәруар ишаннан үш перзент болған. Екі ұл бір қыз. Ұлдың біреуі соғыста хабарсыз кетті, Әсет ишаннан екі ұл бір қыз – Әбдімүтәліп,  Ақтас, Айша. Әбдімүтәліпте  9 перзент, Ақтастың  бес баласы, Айшада үш бала болған.

Бибіраба Ақтасқызы естелігінен: 

 -Менің әкем Сәруар ишанның немересі, мен шөбересімін. Әлі есімде студенттік кезім, үйде демалыста едім. Әкемді бір шал іздеп келді. Келе сала әкемнің аяғына жығылып, рахметін айтып, қазіргі өсіп-өніп отырғанымыз әуелі құдай, аруақ, сосын сіздің атаңыздың арқасында деді. Бұл қария Сәруар ишанмен бірге қамауда болған екен. Қамауда отырған кезінде  намаз уақыты болғанда Сәруар ишан аят оқып, құрсаулы тұрған темір есіктер өздігінен ашылады. Ишан асықпай сыртқа шығып, дәрет алып келеді екен. Қайта орнына келіп, аят оқығанда есіктер қайта жабылады. Біраз күндер осылай өтіпті. Жанындағылардың да тылсымға бойы үйренеді. Бір күні бәрі дәрет алуға тағы шығады. Сол кезде Сәруар ишан басқаларына қашыңдар деп әмір етіпті. Сенбейін десе, алдында талай рет есік ашылып, жабылды. Содан камерадағы бірге отырған 17 адам тәуекел етіп, қашады. Түрмеде Ишанның өзі жалғыз қалды. Арттарына  жалтақ-жалтақ етіп қараған қапастағылар, сол қашқанынан Семейдегі еліне жетіпті. Содан заман түзеліп, біздерді сұрастырып ишанның ұрпақтарының хабарын біліп келгені екен.

Менің әкемнің айтуынша атамызды үйде отырған кезінде ұстаған екен. Әкем: «Көке, көке айтыңыз, сізді сатқан кім?» деп  сұрапты. Сонда Сәруар ишан: «Балам, таспен ұрғанды аспен ұр. Ол адаммен мен өзім ақыретте кездесемін» деп жауап береді.

Дәл қалай болғаны, кімдер екені есімде әкемді біреу хал үстінде жатқанда кешірім сұрауға шақырды. Мен үйде жүрген кезім, Әкем басын шайқап, күйзеліп келді.  Шақыртқан адам әл үстінде жатыр екен, денесіне  құрт түскен дейді. Кеудесінде жаны бар  демесең, терісін құрт жеп, шіріп кеткенін айтты.

Әкеміз қатал болды. Бәрімізді орыс мектепке берді. Әкемнің шешесі аяғы ауыр кезінде мешітте толғағы ұстап, туған соң  Ақтас қойған. Біздер ештеңе білмей өстік, әке-шешем балаларының көзінше көп сөйлемейтін. Бала кезімізде бір кісілер келетін,  әкелерің намаз оқыды ма деп сұрайтын. Біз бала болсақ та, әкеміздің намаз оқығанын көрген емеспіз, жоқ деп жауап береміз. Кейде ұйықтап жатқан жеріне оятып алып кететін. Отбасында бес баламыз, сонда мамамыз бесеуімізді құшақтап, әкеміз келгенше үнсіз отыратын. Кейіннен білдік қой КНБ адамдары екенін.

Баламды көтерген кезімде  өмірі түсіме еніп көрмеген,  Сәруар ишанды  түсімде көрдім. Түсімде маған аса таяқ берді.  Содан 27 жыл дегенде 47 жасымда босандым.

Атамыз Әсет ишан көбіне қазақтардың ортасында жүріпті, ишандық құрған. Менің шешемнің анасы толғатып жатқанда «ауылға ишан келді, ишан келді» деп дүбірлеп жатады. Бұл Кентаудың аржағында Хантағы деген мекенде болған. Қазақтың ырымында жаңа туған сәбиді ауылдың сыйлы ақсқалдары немесе ишандай құрметті адамдардың шапанының шалғайына орайтын әдеті бар. Менің атам да  жаңа туған сәбиді етегіне орап, бақытты бол деп маңдайынан өпкен екен.  Кейіннен сол қыз бойжетіп,  өзінің баласына тұрмысқа шығып, өз шаңырағына келін болып келеді.  Шешем қазақтың қызы,  бірақ түрі қожаларға ұқсайтын.  Сосын ол кісі қожалардың үйіне кіретін кезде  біздерді алға  өткізіп жіберіп, өзі артымызда кідіріп қалатын. Біздер өтіп кеткеннен кейін анам босағаға сәлем салып кіретін.  Қожаның қай үйі болса да босағасына сәлем салмай кірмейтін. 17 жасында келін болып түсіп,  қожаның бәріне қызмет жасап өтті дейді еске алғандар. Анамның аты – Қадиша.

Суретте Сәруар ишанның ұрпақтары. Ұлы Әсет, жанындағы жаулықты бибісі Манзура (аққорғандық Манап Көкеновтің  туыстары) жас бала Әсеттің немересі Әбдімүтәліптің ұлы – Әлайдар. Екінші қатарда Әсеттің баласы Ақтас пен келіні Хадиша. Әулетте сақталған қоржын, қамшы, кітаптары.

 

 

Насырхан Әззамұлы естелігінен:

«Сәруар ишан бабамыз осы Жаңақорғанда Айқожа ишан атындағы Ақтас мешітінде туған. Ол кісінің мынау тау жақ беткейдің етегінде Талап Теңес деп айтылатын ауыл бар. Сол ауылда үлкен қылып мешіт салған. Мешітте жамағатын жиып намазға ұйытса, медресе есебінде балаларды оқытып сабақ берген. Айқожа атындағы Ақтас мешіті де бір жағы мешіт, бір жағы медресе есебінде болса, сол мешіттің алдында Үжре деп айтады екен. Сол Үжре алдында кірпіштер толып жатыр. Оны кеше Балта мағзұм, Ата мағзұм дейміз, мына Ата мағзұмнан Кәрәмат көкеміз өз аузымен айтатын. Жас кезімізде осы жерде ойнағанда Үжре жер астында болатын деп. Ал енді мынау Балта мағзұм, Ата мағзұм, Қалила мағзұм болса, бұл Қалила мағзұмнан мына кәдімгі атақты Жамал апамыздың шешесі Өзипа апа болса, Қалиланың ұлы Әбділдә, оның қызы Өзипа болып келеді. Өзипаның қызы кәдімгі атақты Жамал апамыз. Ортамызда бәрімізге сәулесін, ақылын айтып кеткен апамыз қазір балалары бәрі белгілі, бір-бір иманды, инабатты, қол ұшын созып, кімнің жағдайы олай, бұндай, бәрін жақсы біліп, соларға қол ұшын созып жүрген балаларының бәріне рақмет айтуымыз керек.

Сәруар ишан атамыз 1882 жылы өмірге келіп, 1938 жылы мына Шымкент түрмесінде атылған деп отыратын. Сәруар ишан Шымкент түрмесінде болған бір кісімен мен сұхбаттас болғанмын. 1995 жылы Қорасан бабаның басына ас берілген. Сол асқа үлкен ғұлама ғалымдар келіп үлкен жиын өтті. Сонда бір ақсақал «Шиелінің қыпшағымын, жасым 82-де деп, жаңағы жерде Сәруар ишанмен түрмеде бірге болғандығын айтқан. Сонда Сәруар ишан ілім-білімнің егесі болғаннан кейін мынау Совет Үкіметі қамады. Мен жас баламын аштықтан, жоқтықтан тауық ұрлап сотталдым, сөйтіп түрмеде бірге болдық. Сонда түрмеде жатқанымызда Сәруар ишан намаз оқып, намазға дәрет алып келу үшін бізді шақырып алып, зікірді үйретіп қойған. Зікірді айтып отырып салған кезде небір дәу-дәу құлыптар парт-парт үзіліп түсіп, Сәруар ишан жарықтық намазын оқып отырып, егіл де дебіл де болып жылайтын. «Балаларым, айналайын, сендерді көресіңдер елді, мен көрмеймін» деп айтады екен. Ата, осыншалық құдіретіңіз бар. Ешкімге байқатпай дәретке барып келіп отырған, неге қашып кетпейсіздер деп біздер сондай сұрақ айтқанда: «Шырақтарым, Алланың алдында ол күнә болады. Алла жақсы көрген адамына көп сынақ беремін деген. Не жазады Алла, соны көреміз шырақтарым» деп айтқан еді.

Сәруар ишанның баласы Әсет Ташкентте Янгюель деген елдімекеннің №55 разьезінде тұрды. Сыйласатын бір жолдасым сол жақта тұратын. Шаруаның бабымен жиі қатынаушы едім. Бір күні жолдасым үйіне қонаққа шақырды. Үйінде кәрі шешесі бар екен. Танысып, білісіп, менің қожа екенімді білді.

-Шырағым-ау, мына жерде Сәруар ишанның баласы Әсет мағзұм деген кісі бар көршім. Білетін бе едің? -деді.  Мағзұмды көргенім бар, бірақ нақты қай жерде тұратынын білмеуші едім. Кәрі апа немересін жүгіртіп жібермек болып,  кім келді деп айтайын деді. Мен, Әззам ишанның баласы Нәсірхан келді десеңіз болды дедім. Енді көңілімді толқытқан жайды айтайын. Не деген мейір-шапағат?! Кісі өлгенде «бауырым-ай, бауырым-ай» деп жылап барамыз ғой. Ағамыз өлгені тірілгендей «жаным, алтыным, шүкірім» деп ебіл-дебіл болып еңіреп келді. Келе сала, мейірленіп айналып толғанып, отырды. Сол қауышқаннан үйіне барып, дәм татып бір жасап қалып едік.

Сәруар ишанның  мешітінің орны

Қазіргі Талап ауылының тау беткей жағына Сәруар ишан мешіт салған. Сол мешіттің салынуына ноғай киікші халқы көмек берген. Сол кезде Әбен ақсақалдың бабасы Нәлібай қырықтарға келіп қалған кезі екен. Мешіт төбесін жауып, үстіне күрекпен топырақ атып жеткізе алмай жатқан жігіттерден күректі алып лақтырғанда биік төбесіне жеткізеді екен. Совет үкіметі Сәруар ишанды ұстап әкеткеннен кейін, ол мешіт колхоздың ұстаханасы болды. Нұрсұлтан деген кісі ұста болып, колхоздың керек жарағын жасап беріп отырған. Қазіргі кезде қараусыз қалған мешіттің жалғыз бір қабырғасы қалған. Мешітте түннің бір жарымында  жарық ете қалатын тылсым  барын естіген адамның  үш күндей сол маңда түнеп, мешіттің қабырғаларын бойлай, құйрығымен жер тіреп тіп-тіп тұрған жыланның жерге құлап түскенде ақ бауыры жалт-жалт етіп, айналаны жарық етіп жібергенін өз көзімен көрген адамның естелігі бар.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button