Жарық нұрдың сәулесі

Менің шыққан тегім немесе Жолтай Баба туралы

Әкем Жолтай ұлы Әбдіманның естелегінен үзінді

Еліміздің Сыр өңірінен Арқаға қарай қырық шақты отбасы көшеді.Ондағы міндет ислам өркениетін уағыздау және мектеп медресе ашып бала оқыту.

Арқаның қатал табиғаты әрине оңайға соқпағаны анық.Халқы да тік мінезді болса керек.Барған Қожаларды онша жылы қабылдай қоймаған екен.Бабаларымызды түрлі сынақтардан өткізе бастайды.Қандай да қиыншылық болсада мойымауға бекінген Қожалар шыдап бағады.

Ұлы көштің басында Қараша Сейттің ұрпағы (Шұбаратты Мәлім Cейттер) екен.

Табиғаты қатал,халқы тік мінез болған елге сіңісіп кету қиынның қиыны болады.Қожалар арасында қобалжу басталып,қандай елге келдік?  Не үшін келдік?- деген сұрақтар туындай бастаса керек.Бірақ табандылық танытып өздерінің ілімі мен көркем мінездерінің арқасынада,көп ұзамай, ауыл-ауылға бөлініп,медіресе ашып,бала оқыта бастайды.Медіреседе оқып жүрген шәкірттердің бет алысын және бойларынан ізгіліктің үлгісін байқаған халықтың беті бері қарап,көзқарастары өзгере басатайды.

Қараша Сейттің ұлы Құлжан қожа өзінің аса зеректігімен ілімінің арқасында әулиелігімен елге танылып,зор құрметке ие болған ерекше тұлға!

1850 жылдың көктемінде Сапарқожа (Қараша Сейттің ұрпағы) денсаулығы сыр бере бастаған соң елге қайтуға шешім қабыдап,сол ауылдың қариелерін және игі жақсыларын шақырып,рұқсат сұрайды.

Содан жаз айы басталысымен жолға шыққан көш Сарыөзек пен қазіргі Алматы қаласының маңында біраз отырып қалады.Көшті тоқтатқан ауыл адамдары белгісіз жандардан қауіптеніп,бір кісі жанжал шығарған көрінеді. Мән-жайды түсіндіріп болған соң, жолаушылырдың тегін адам еместігін байқаған ел ағасы қонақ кәде жасап үйіне шақырады.

Сапарқожаға түрлі сұрақтар беріп таң атқанша ұйқы бермепті.Таңға жақын сыртқа шыққысы келген бабамызды әдейі жібермей отырған екен.Бабамыз қанша қиналса да сұраққа жауап беріп отыра берген.Күн арқан бойы көтерілгенде,

– Мені орынсыз сұрақтармен қинағанша, көрші үйдегі қиналып босанғалы жатқан жас келінді босандырсаңдаршы -деп өз тоқалына қарапты.Үнсіз отырған анамыз – бәсе -бәсе әбден қиналды ғой –  деп тұра жүгірген екен.Үй ішіндегілер аң таң қалыпты.Жиналған халық үдіре тұрып,әйелдер жағы көрші үйге қарай жүгірген көрінеді.

Сапарқожаның тоқалы кіші анамыз әлгі жас келінді түрлі ем-дом жасап аман-есен босандырып алады.Дүниеге шоқпардай, дене-бітімі өзгеше ұл бала туады.Үй иесі баланың есімін   “Қожаберген” деп қойыпты.Содан кешірім сұрап,біраз күн күтіп, жолдан шаршап келе жатқан көштің бар жағдайын жасап,көшті дайындайды.

Таң қылың бере жолға шыққан кезде Сапарқожаның тоқалы келіп

-сізден өтініш біраз күн аялдамасақ болмайды депті-

Мән -жайды түсінген бабамыз

– О-о-о Жолтай келіп қалды десейші деп аттан түскен екен.Міне осылай Жолтай Бабамыз жолда туылып Жолтай есімі берілген. Бұл 1850 жылдың маусым айы болса керек.

Содан қараша айына дейін сонда тұрақтап қалған.Елге келген соң,яғни Түркістан маңында көп тұрақтамайды.Сол кездегі Бадам өзенінің бойын мекендеген Ұлы жүздің Қапал руының басшылары келіп,қолқа салып көшіріп алып кетеді.Бұл мекен Шымкент қаласының оң түстік шығысында орналасқан жер.Жазы салқын, қысы  жұмсақ, жанға жайлы құт мекен.Елге жаңа келеген Қожаларды жатсынбай жылы қабылдап,жер және мал бөліп құрметпен қарсы алады.Елдің құрметіне сүйсінген бабамыз ендігі жатар жеріміз осы болар-депті.Жолтай бабамыз үш ағайынды болған Ахмет,Жолтай, Ысқақ. Ахмет бабамыз өз әкесі Сапарқожадан сауат ашып, әкесі Сапарқожамен бірге бала оқыта бастайды.

Бабамыз Жолтай жас кезінен оқуға зерек болған, бала жеті жасында Бұхарадағы Көгалташ медіресесіне оқуға түседі.Жыл сайын әкесі Сапарқожа кісі жіберіп оқу ақысын төлеп тұрады екен. Содан он жыл осы медіресе қарамағында оқып,білім алып,үздік оқығаны үшін сол медіреседе ұстаздық етуге қалдырылады.Шәкірттің алғыр зеректігін байқаған ұстаздар қауымы Иран,Ирак мемлекеттеріне жіберіп,білімін жетілдіріп отырған.Күндіз сабақ беріп,сабақ алып ,кешке мешітте түнейді екен.Күндердің бір күнінде түн ортасы ауа үш адам арқалаған заттарымен мешітке келіп кіреді.Ай сүттей жарық,жарқырап тұрған сәт екен.Келген кісілерден секем алған Жолтай бабамыз мешіттің азан айтатын мұнарасына шығып кетеді.Сол уақытта әлгі кісілер мешіттің ішінде адам жоқ па деп іздей бастайды.Жиырма-жиырма бес метрлік биік мұнараның діңгегінен ұстап,төмен салбырап тұрған бабамызды ұстап мешіттің ауласына алып келеді.Түндегі суық жүрісті адамдар қанжар кезеніп өлтірмекші болады,екінші біреуі -қой өте жас бала екен обал дейді.Осы сәтте таң қылаң беріп,намазға келе жатқан кісінің сұлбасы көрініп әлгілер қараңғыға сүңгіп жоқ болады.Ес-түссіз  отырған баланы көріп,мән-жайды сұрай бастайды.Келген кісі өзінің ұстазы екен.Амал жоқ,болған істі басынан аяғына дейін баяндайды.Үнсіз тыңдаған ұстазы,-саған енді бұл жерде қалу қауіпті,сен Саудияға немесе еліңе қайт деп кеңес береді.Таң намазынан кейін ұстазы жолға азық-түлік беріп,-сен ешнәрсе айтпадың,мен де ешнәрсе естімедім деп- батасын беріп,шығарып салады.Елден кеткеніне он жыл уақыт болған,ата-анасын сағынған,елге қайтуға шешім қабылдайды.Ташкент қаласына келіп,үлкен бір талдың түбінде отырып ұйықтап кетеді.Түс көріп,түсінде әкесі Сапарқожа- елге қайт,Қапал руларына пір боласың- дейді.Кенет тосын дауыстан оянып кеткен бабамыз аттан даурыға түсіп жатқан қазақтарды көреді.Олар келе салысымен көлеңкеде отырған жас жігітті ығыстырып шығарып жібереді,тіпті оған мән де бермейді.Сол уақытта 1885-1890 жылдары Ташкент қаласында билік өзгеріп,қолдан қолға өтіп,ұры-қарының көбейген уақыты екен.Жайбарақат отырған қазақтарға қару асынған бір топ адам келіп,әлгілерді сабап,қол-аяғын байлап,барын тартып алады.Шыжыған күннің астында отырған жас жігітке назар да салмайды.Бабамыз әлде бір белгісіз дұғаларды оқып отыра берген,кенет,әлгі жасақшылардың басшысы бабамыздың алдында тізерлей отырып жылай бастайды.Күтпеген көріністен қол-аяғы байлаулы қазақтар да жасақшылар да аң-таң болады.Жасақ басшысы ортынан тұрып,кешірім сұрап,алған заттарын қайтарып береді де,жөндеріне кетеді.Бір ажалдан аман қалған қазақтар манағы өздері көзге ілмеген жігітті қастарына шақырып жөн сұрайды.Келген кісілер Шымкент қаласының оң түстік шығысындағы Тоғыс өзенінің бойын мекендеген, Қапал руларының игі-жақсылары екен.Әлде ғана көрген түсі бар,мына көріністен кейін қайран қалып,сол кісілермен елге келеді.Қазіргі Төле-би ауданы Аққұм елді мекенінде медресе ашып ,бала оқытып,ұзақ уақыт сонда тұрақтап қалады.Бірер жылдан кейін сол елде үлкен ас беріліп,Тоғыс өзенінің бойынан үй тігіліп,жан-жақтан қонақтар келеді.Асқа кешігіп келген бабамызға төрге шық- деп ешкім құрмет көрсете қоймайды.Бабамыз да кісілік танытпай есікке жақын бос орынға жайғасады.Тамақ желініп,құран оқылған соң,төрдегі отырған сол кездегі елге танымал азулы,болыс төмендегі орынға жайғасқан Жолтайды сынамақ болып,Қожа төрге өрмелеуші еді, кім мынау деп тиісе бастайды.Бабамыз естісе де үнсіз отыра береді.Сөзі жауапсыз қалғаны шамына тиген болыс, – осыны де әулие санап жүрген сендер де ақымақ екенсіңдер- дейді.Сонда Жолтай орнынан тұрып;

-Байеке,жүйелі сөз жүйесін табады-жүйесіз сөз иесін табады деген,абайлап сөйлегеніңіз абзал-дейді. Ешкімнен беті қайтпаған болыс ашуға басады.Балағат сөздер айтып намысына тиеді.Қатар отырған ел жақсылары басу айтып әрең басады.Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған бабамыз орнынан тұрып кетуге бел буады.Әлгі болыс әулие болсаң мына суды тоқтатшы- дейді.Орнынан тұрып кеткелі жатқан Жолтай,

-Байеке,суды тоқтатсам сізге ауыр болады ғой – дейді.

-Ой мынау, не деп тұр?

– Маған ауырлық жасайтындай сенде қай-бір күш қуат бар- дейді.

Жолтай:

– Сіз сияқты асқан мал -мүлкім байлығым болмаса да,менің сыйлататын ілімім бар, құрмет тұтатын елім бар- депті.

– Мынау өзі қайтпайтын адам екен,сабап тастаңдар деп айқай салады.

Ел жақсылары да осы сәтте үнсіз қалыпты.

Бірақ Жолтай Қожаға ешқайыссы жақындауға батылдары бармайды.

– Байеке, мен айтуын айттым сіздің де қайтар түріңіз жоқ қой депті.

– Амал жоқ, айтқаныңызды орындайын,маған екі ракат намаз оқуға рұқсат беріңіз дейді.

Бағаналы бері ашу қысып отырған болыс сабасына түсіп,

– Жарайды оқысаң оқы,көрейік – деп қолын бір-ақ сілтепті.

Көзден тасалау жерге барып,дәрет алып,намазын оқып келгенше,байдың айналасындағылар қарқылдап күліп мазақ етіп отыр екен.
Жолтай ешнәрсе деместен,судың жағасына отырып,ел естімеген дұғаларды оқи бастайды.Кенет,ағып жатқан су тоқтап,деңгейі көтеріліп,кері аға бастайды.Мұны көрген байдың мұрнынан қан атқылап,кескен теректей құлап түседі.Бұл көрініске куә болған халық тым-тырақай қаша жөнелген.

Үйіне келген бабамыз бір апта уақыт далаға шықпай,үздіксіз құран оқумен болған.

Әкем айтатын; су терге түскенін есіктен сығалап көретінбіз.

Содан бір апта өткен соң,ел ағалары мен ақсақалдары келіп,

– Сіз Қапал руларына пір болыңыз деп ас беріп,ақ киізге отырғызыпты.

Анамның айтуы бойынша,( Үрбибі ) ел Үрбіш атап кеткен.

Әр айдың белгілі күндері есікті ашып,- тыныш отырыңдар,қазір неше түрлі құстар ұшып келеді,зиян келтірмеңдер – дейді екен.

Содан,ұзақ оқудан кейін үйге неше түрлі құстар толып кетеді екен.

Реті келген соң, айта кетейін,үйдің бар ауыртпалығын інісі Ысқақ атқарады екен.Барлығы үлкен бір қорада тұратын.

Қазіргі Төле-би ауданы,Аққұм  елді мекенінде ұзақ жыл имам болған Жолтайдың алты баласы болған.Қалқожа,Сейтбек, Оспан, Сыдық, Әбдіман, Құлан.

Осы алты баланың ішінен Сейтбек Әбдіманды өзі оқытып,сауат аштырып,Сейтбекті Бұқарадағы өзі оқыған Көгалташ медіресесіне жібереді.Бесінші ұлы Әбдіманды 1915 жылы жеті жасында Көгалташ медіресесіне жібереді.Бірақ, елде топалаң дүрбелең басталып,жолдан кері қайтады.Көп ұзамай,Сейтбек те қайта оралады.

Елде қожа молдаларды тұтқындау басталады.Сонда бабамыз маған келер жау жоқ- деп отыра берген екен,шындығында сол кездегі дүрбелеңнен аман қалыпты.

Жиырмасыншы жылдың аяғында інісі Ысқаққа  – етек жеңіңді жина,қаралы нәубет келеді депті.Содан 1931 жыл келіп тақыр басталады.Егілген егіс шықпай,ел ашыға бастайды.

-Енді Ташкеннен ары бір күндік жерге қоныс аударыңдар – депті.

Бір түнде көшпек болып жиналса бабамыз еш қозғалмайды екен.

Себебін сұрағандарға, өмір бойы жинаған мына үлкен қазынаны қалай тастап кетем – деп,үйі толған кітәптарын көрсеткен екен.

Балалары түгел жиналып,кітаптарды киізге орап жерге көмген.Жолға алынған заттарды тастатып,бірнеше қапқа салынған кітаптарды алып,жолға шыққан екен.1937 жылдың соңына дейін Өзбекстан аумағында тұрады.Елге қайтуға жиналған сәтте үш-төрт күн ауырып інісі Ысқақ қайтыс болады.Елге аман-есен көшіп келген соң, 1939 жылы тағы да балаларын жинап алып;

– Ел басына ауыр күн туғалы тұр, қырғын соғыс болады дайын болыңдар – дейді. Кіші апамыз осы көргеніміз аз ба еді, мына шал алжиын деген шығар – депті.

Әшейін де әйелдерін сөйлетпейтін бабамыз үнсіз отырып қалған.

-Біраз уақыттан кейін көресің, асықпа –  деп, теріс айналып жатады.

Ұлы Отан соғысына бір әулиеттен сегіз адам аттанады.Оның үлкен үшеуі Иркутск қаласынадағы зауытқа жұмысшы ретінде алынып, қалған бесеуі соғысқа  кетеді.

Сұм соғыс жүріп жатқан жылдары балаларынан хат-хабар келмей қалса, бабамыздың әйелдері Гитлер мен Сталинді қарғайды екен. Сонда бабамыз ренжіп;

– Ғайыр дін болса да патшаларға тіл тигізбеңдер!…өйткені, патшалар Алланың сүйікті құлдары – деген екен. Менің алты балам түздей түгел келеді, маған топырағы бұйырады – деп отырады екен.

Бір күні таңертең ерте тұрып, біздің әулиеттен біреу құрбан болды -депті. Арада бір-жарым ай өткенде, Ысқақ бабамыздың үлкен ұлы Әбдірден қаза болғандығы туралы қара қағаз келген. 1944 жылдың ақпан айында Алпамыс ұлы Жүністен қара қағаз келген. Жүніс ағамыз өте зерек, сауатты болған, не бәрі жиырма төрт жасында құрбан болған. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы Совет армиясының жеңісімен аяқталып, бабамыздың алты баласы түгел аман-есен елге оралыпты. 1945 жылдың желтоқсан айында, бесінші баласы Әбдіман соғыстан келген соң, Сайрамдағы Балагардан әулиеге келіп,- мынау жатқан кісі менің ұстазым, мені осы кісінің аяқ жағына жерлеңдер – деп ,аманат етіпті де, үйге жеткен соң, тоқсан бес жасында дүниеден өткен.

Өкініштісі сол, алты ағайынды да соғыстан аман келгенімен, өмірден барлығы жастай өткен.

Деген мен,Аллаға шүкіршілік,Сапарқожа әулиетінен тарағандар, бұл күдері аман-есен ел ішінде өсіп-өніп отыр…

Атадан балаға мұра болған имамдық Жолтай Қожадан кейін, екінші ұлы Сейітбек отыз жылға жақын ауыл имамы,одан кейін Әбдіман, содан соң, Қалқожа ұлы Тасболат, қазір уақытта  Орынқожа ұлы Абылай Зертас ауылында Жолтай бабамыздың атына арнайы соғылған мешітте имамдық жолды жалғастыруда.

Зертас ауылы

Орынқожа қажы

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button