
2025 жылғы 5 қараша күні Ясауитану ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Түркістан–Жаңақорған бағыты бойынша «Хорасан ата, Садыр Шейх және Орұң Қойлақы» кесенелеріне ғылыми экспедиция өткізілді.

Экспедицияның негізгі мақсаты — жоғарыда аталған кесенелердегі араб эпиграфикасымен жазылған туындыларды талдау және оқылған мәтіндерді ғылыми айналымға енгізу болды. Мысалы, Қорасан ата лаухасындағы жазуларды тіркеу, оқып-талдау, киелі орындардың қазіргі жағдайын анықтау, материалдық және рухани мәдени мұра объектілерінің жай-күйін инспекциялау, фото-видео материал жинау және ауызша деректерді тіркеу көзделді.

Экспедиция жетекшісі С. Моллақанағатұлы ғылыми экспедицияның мақсаты мен міндетін, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп өтті. Жетекші С. Моллақанағатұлы және ғылыми қызметкерлер Н. Парпиев пен Ұ. Жүнісбаев Қорасан ата лаухасында жазылған жазуларды, Садыр ата кесенесі мен Сафи ад-дин Орұң Қойлақы кесенесіндегі құлпытастардағы каллиграфиялық араб жазуларды оқып, алдын ала эпиграфикалық транскрипция жасады.

Қорасан ата лаухасындағы «Мұхаммед Али» жазулары оқылды, ал тастардағы мәтіннің бір бөлігі сопылық терминологиямен байланысты екені анықталды.

Киелі орындардың қазіргі жағдайын анықтау және материалдық-рухани мәдени мұра объектілерінің жай-күйін инспекциялауды ғалымдар Г. Пиримкулова мен Г. Кошенова жүзеге асырды. Кіші ғылыми қызметкер С. Ералиева экспедиция барысында болған жайттарды тіркеуге алып, баяндалған деректер мен жасалған талдауларды үнтаспаға басып, далалық күнделік жүргізді. Фото-архивші міндетін атқарған кіші ғылыми қызметкер Н. Мамырәлі фото-видео материал жинап, инвентаризациялауды қамтамасыз етті. Ал кіші ғылыми қызметкер Д. Сазанова жергілікті шежірешілермен және ауызша дерек иелерімен сұхбаттар жүргізді.

Ғылыми экспедицияның жалпы нәтижесінде орталықтың мұрағатына 500-ден астам фото және 10 бейнематериал жинақталып, 10 ауызша сұхбат тіркелді. Киелі орындар жалпы қанағаттанарлық жағдайда сақталғанымен, кейбір қоршау бөліктері жөндеуді қажет етеді.

Жиналған материалдар ғылыми айналымға енгізуге жарамды. Деректер Ясауитану ғылыми орталығының зерттеу базасын толықтырып, болашақ ғылыми жарияланымдарға негіз бола алады.
Н.Мамырәлі, Ясауттану ғылыми орталығының қызметкері