Жарық нұрдың сәулесі

Ақмұхаммед ишан

Сайын дала төсінде ескен желше еркін өмір сүрген халқымыз әулие-әмбиелерге кенде болмаған. Табиғатпен тікелей сырласқан, сезімі терең, қиялы жүйрік елдің кім көрінгенді пір тұтпасы анық. Пір тұту – пендеге табыну емес, керісінше, нағыз адамды ұлықтау болып есептелген. Алланың ақ жолынан таймаған, құран іліміне жетік ақиқатшыл адамды халық өзіне ұстаз тұтып, одан үлгі, ғибрат алып отырған. Біздіңше, «Ұстаз – атаңнан ұлы» демекші, халыққа хақ жолын нұсқап, өзі де сол жолдан таймаған кісіні ардақтап, пір тұтудың мұсылмандыққа еш жаттығы жоқ.

«Пір» сөзі парсы тілінен алынған, қазақша «қарт, қария» деген мағынаны береді. Діни тұрғыдан алғанда,  белгілі бір тариқаттың басында тұрған немесе кәміл адам пір саналған. Бертін келе патшалар пірге қол берген. Тарихқа үңілсек, атақты Әмір Темірдің пірі – Сейіт Береке деген ғұлама болған. Сайыпқыран жорыққа шығардан бұрын ілімі нұжымнан (жұлдыздар ілімі, астрономия) хабары бар пірге болашағын болжатып отырған. Әмір Темір өлерінде өзін Сейіт Берекенің аяқ жағына жерлеуді өсиет етіп кеткен.
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің заманында да үш жүзге пір сайланғаны тарихтан белгілі. Әйтеке би әкелген 14 жасар Мүсірәлі Софы Әзиз алғашында кіші жүзге, соңынан үш жүзге пір болған жалғыз тұлға. Бұрын қазақтың бар тайпасының өз пірі болған. Бірақ қазір пірлік институты кіші жүздің ноқта ағасы саналатын Әлім тайпасында және Байұлы тайпасының Адай руында ғана сақталып қалған.
Нағыз адамды ардақтаудың адамшылыққа да, мұсылмандыққа да жат еместігін дана халқымыз білген. Міне, осындай ислам нұрын таратқан ғұламалардың бірі, халық «Ақишан» деп лақап атымен атап кеткен Ақмұхаммед ишан (кей деректерде Ақпанбет Тоғымұлы деп те жазылады) екені анық.
Хиуадағы үлкен медреселердің бірінен терең білім алған Ақмұхаммед ишан Сырдың бір саласы болған Қуаңдарияның бойынан мешіт-медресе ашып (Қазалының оңтүстік  батысында, орталықтан шамамен 80 шақырымдай қашықтықтағы Бозкөл ауылында), сол өңірдің балаларын оқытқан. Ұстаздығымен қатар бір тайпа елдің сиынатын піріне айналған киелі кісі екен.
Ақмұхаммед ишанды қазақтың ғұлама шайырларының бірі қарасақал Ерімбет атымен танылған Ерімбет Көлдейбекұлы өз руластарына пір сайлапты. Пайғамбарымыз бен оның сахабаларын зор сүйіспеншілікпен жырлап өткен, қазақтың шежіресі мен тарихына жетік ғұлама шайырдың жай кісіні Пір қып сайлай салмасы анық. Пір сайлау рәсімінде әлдебір кісі Ерімбетке «Адуын ел едік, нанның уағынан, қожаның ұрпағынан сақта демекші, тақсырға тіліміз тиіп кетсе, назасына қалмаймыз ба?» депті. Сонда Ерімбет «Сыйласаң – пірің, сыйламасаң – бірің болады» деп жауап беріпті әлгі кісіге. Мұны естіп тұрған Ақмұхаммед ишан «Ерекеңдікі дұрыс. Мен көндім. Халықтан ұлық емеспін» деген екен. Көнекөз қарияларымыздың айтуынша, Ақмұхаммед ишанның ата-бабалары да пірлік дәрежесіне жеткен қасиетті, текті кісілер екен. Ерімбет шайыр Қазалы жерінде Ақишанның мешітін салуды қолға алғанда әл-ауқатты 19 адам көмек берген. Солардың ішінде шайырдың туысы Қоспан бай (Қосмамбет) мен Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болыс ерекше көзге түскен көрінеді.
Орта Азия мен Қазақстан жеріне исламды таратқан, 42 аталығына дейін билік құрған қарахандықтар әулетінен шыққан, 1100-1200 жылдарда өмір сүрген Абд-аль-Рахим бап ұрпағы  Абд-аль-Хасан Қараханиден тарайтын Уыз ханның бір жұрағаты Бақы деген әулие кісі өтіпті. Шамасы, жоңғар шапқыншылығы тұсындағы аласапыран болса керек, Бақы Тараз жерінен Сырдың аяқ жағына қоныс аударады. Әуелгі кезде жұпыны да қарапайым өмір сүріп жатқан момын кісіге жергілікті жұрт онша мән бере бермейді. Кейін астына мінерге есегі де жоқ бұл кісінің есігінің алдында барлық уақытта отын үйіліп жататындығына күмәнмен қарай бастайды. Ел жиылып бұл кісінің ізін аңдиды. Аңдушылар қалың тоғай ішіне жаяулап кірген Бақының ізін аңдып келіп, адам сенгісіз керемет оқиғаға тап болады. Ізін аңдушылардың көз алдында Бақы арыстандарға отын артып жатады. Отынды түгел артып болған соң Бақы арыстандарды жетектеп үйіне қарай беттейді. Есігінің алдына келіп отынды түсіріп болған кезде арыстандар көзден ғайып болады. Міне, осы құбылысты өз көздерімен көрген ел Бақы бабаны (қазір Қазалыда Қожабақы деген елді мекен бар) өздеріне пір сайлап, атын тікелей атамай, зор құрметпен Бабақожа деп атапты.
Тірі пендеге байқалмайтын Бақы әулиенің арыстандары көңіліне күмән кірген жұрттың көзіне Алланың әмірімен әдейі көрінсе керек. Яғни  әулиенің ақтығына жұртты сендіру үшін. Ал Ақмұхаммед ишан болса, осы Бабақожа атанып кеткен Бақы әулиенің төртінші ұрпағы екен.
Ақмұхаммед ишанның кереметтері туралы ел әлі күнге дейін айтып келеді. Соның бірі мынадай:
Сыр бойында бір қарияның жалғыз ұлы, тоғыз қызы болған екен. Бірде жолаушылап келе жатқан ишан сол кісінің үйіне түседі. Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырған қария қуанып, бәйгеге қосып жүрген атын сойып тастап, ишанның алдына тұлпардың басын тартып, жалғыз ұлына бата алып береді. Кейін осы баладан тоғыз ұл, бір қыз дүниеге келген екен. Біз бұл әңгімені Ақмұхаммед ишанның дұғасымен өмірге келген тоғыз ұлдың бірінің баласының өз аузынан естідік.
Ақмұхаммед атамыздан Якуда, Ысқақ, Әбдіжәміл деген үш бала туы­лады. Якудадан тұқым жоқ. Соңғы екеуінен  ұрпақ бар. Ишанның бел баласы Бұхара медресесінде білім алған Әбдіжәміл мақсымды көзіміз көрді. Осы ғасырға толық ілігіп, 90 жастан асқан шағында (2005 жылы) өмірден өтті, жарықтық! Қазалы, Дәуқара, Хорезм жұрты түгел құрметтеген, алдынан ешкім кесіп өтпейтін кісі еді. Ал Ысқақтың ұлы Қайыр Мақсым – Бесқала, Хорезм, Түрікменстан жеріндегі қарасақалдарға пір болды.
Ишан атамыздың көзін көріп, дәрісін тыңдаған қазына қарттарымыз өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін болды. Өкінішке қарай, заманның солақай саясатына байланысты сол қарттарымыз білетін мол мәліметтер қағазға түспестен, өздерімен бірге кетті. Бір қуанарлығы, сол шалдардың әңгімесін тыңдаған жандар әлі де арамызда баршылық. Ишан ата қазақтың салт-дәстүріне, өнер адамдарына құрметпен қарайтын кісі екен.
Ақмұхаммед ишанның діни-ағартушылық еңбегі мен Ерімбет шайырдың діни дастандары әлі күнге дейін толық зерттелмей, өздерінің тиісті бағаларын ала алмай келеді. Ақмұхаммед ишанның тақуалық қасиетінің аңыз болып тарағаны сондай, ел арасында кінәсін мойнына алғысы келмей, бұра тартып, ант-су ішіп дау туғызғандарды мысқылдап, «Сен соны істемейтіндей Ақишанның ақтығы ма едің» дейтін сөз бар. Ол сөз біреудің жан тазалығына шүбә келтіргенде айтылатын сөз. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың дарынды ақыны Светқали Нұржанның «Әулиелер әуезі» топтамасындағы «Ақ ишан таһлил» деген бәйітінде (таһлил – араб сөзі, қазақша саралау, сараптау деген мағына береді:
Кірер еді жаннатқа,
шыжғырылмай жаны отқа –
Айтса ақырғы сағатта –
лә-иләһә иллАЛЛА.
Кепіл болар – иланғын –
пәктігіне иманның
Ақтық сөзі мейманның –
лә иләһә иллАЛЛА,
Хақ тағала тілегі, асыл иман жүрегі,
Дін – Ислам тірегі –
лә иләһә иллАЛЛА,
Жетпіс бұтақ-иманда, бәрін сізге
қиды АЛЛА! –
Абзалынан құр қалма –
лә иләһә иллАЛЛА,
Көңілдегі кіріңді
жуып, жүрек тірілді,
Сәулелейді сырыңды –
лә иләһә иллАЛЛА,
Таразының алдында тартылса егер
бар күнә,
Ауыр тартар жалғыз-ақ –
лә иләһә иллАЛЛА,
Хақтың егер, қарағым,
көрем десең Жамалын,
Айту болсын талабың –
лә иләһә иллАЛЛА, –
деп, калиманың құдіретін Ақишанның монологымен жырлауы – қазақ қауымы үшін Ақишанның қаншалық қадыр-құрметке ие екенін білдірсе керек.
Түрлі діни ағымдарға бөлініп, дін түгілі ұлттың өзіне бөлшектену қаупі төнген бұл заманда салтымыз бен дінімізді қатар ұстаған Ақмұхаммед ишан секілді ғұламаларымыздың өмірін терең зерттеп, есімін ұрпаққа ұлықтап отыру аса маңызды іс болмақ.
Алланың ақ жолы мен бабалары­мыздың сан ғасырлық дәстүр-салтын бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, кіріктіріп, біріктіріп тұтас дүние ретінде танып, ұстанған Ақишандай ғұламаның өнегесінен үйренеріміз көп, ағайын!

Бегабат ҰЗАҚОВ,
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ

14 – тамыз, 2014 ж Ана тілі газеті

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button