
Соңғы жылдары әлемдік Ясауитану ғылымында айналымға түскен Қожа Ахмет Ясауидың ең жақын халифаларынан болатын Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқидың «Miratu’l kulub» қолжазбасын түрік тіліне аударып, зерттеу жұмыстарымен дайындаған танымал түрік ғалымы, проф., д-р НеждетТосунның еңбегі Әзірет Сұлтан Ясауи тарихы бойынша үлкен жаңалық ретінде қабылданып отыр. Уақыт пен заман қысымымен көп шатастырылған толып жатқан насабнамалар мен басқа да еңбектер ішінен көптің батылы жетпей жүрген – Ясауи тарихын тыңға салған түрендей алып шыққан бұл еңбекті осы саладағы ерлікке бағалауға болатын шығар. Әрине мұндай шым-шытырықтан тарих шығару қиынның қиыны екені және бұл жолда талай қателіктің болатыны да түсінікті. «Шындыққа апаратын жол – пікірталас» деген қағиданы ұстана отырып, өзім қызығушылық танытып жүрген Сүзік ата тарихы туралы пікірлерімді ортаға салмақпын.
«MIRATU’L KULUB»тағы СҮЗІК АТА тарихы
Еңбектегі Сүзік ата туралы пікірлерімді айту үшін, алдымен кітаптағы Сүзік атаға байланысты мәліметтерді ішінара теріп, шамам келгенше қазақшаға аударып назарларыңызға ұсынайын:
- «Қожа Ахмет Ясауидың хижраның 562(м.1166) жылғы қазасынан соң Ясы қаласындағы орталықта Қарашықи Сүлеймен қожа құтыб-и тариқат болады. Ясауидың халифаларынан Хәкім ата Хорезмді, Сопы Мұхамед Данышпан Отырарды тұрақжай етіп, иршадтығын жалғастыруда еді. Ясауилық орталық үш бөлімге (Ясы, Отырар, Хорезмге) бөлінген еді. Орталықтың Ясыдағы бөлімін басқарған күйеу баласы Сүлеймен қожаның қазасынан кейін, ондағы иршад пост Сүзік атаға берілді. Сүзік ата тасаввуф ілімін Сопы Мұхамед Данышпаннан алған. Оның Ясауи отбасына жақындығы бар еді.» (Mirat’ul kulub, 9б.)
Осы үзіндідегі Сүзік ата туралы, беттің төменгі жағындағы №1түсіндірмеде:
«Ясы қаласынан(қазіргі Түркістан) 5 км қашықтықта Қарашық елді мекені халқының ауызша риуаяттарында Ахмет Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжінің үш ұлы бар: Имад, Садан және Мұстафа(Сүзік ата). Жазба деректерде Гаухар Хұштәжінің Ахмет Ясауидың ұрпағы болатын ұлы Қарашықи Ахмет қожаның ұлының аты Имад шайх. Насабнамаларда Ясауидың өз қызыГаухар Хұштәжіден емес, өгей қызы Жәмиланың ұлы Садан аталады. (Бк. Ахмет Насриддин Марғинани, Silsile’i Nisbet-I Mesaih, ӨР ҒА Бируни Шығыстану институты, N11290, 36б.) Мұнан басқа, Ахмет Ясауиидың Жәмила деген өгей қызы бар,Деректерде бұл өгей қызының Садан деген ұлы айтылады.»(Исламизация и сакральные родословные в ЦА, Алматы- 2008,II, 94-95, 193, 234).
- Әрі қарай: « Дегенмен Сүзік атаның постағы қызметі ұзаққа созылмады. Ахмед Ясауидың немересі (Қызы Гаухар хұштәжі мен күйеуі Сүлеймен қожадан туған.) Қарашықи Ахмет қожа жас әрі рухани жетік ерекше еді, Ясыдағы орынды Сүзік атадан қабылдап алады. Сүзік ата Ясыдағы тұрағынан ауысып Ташкентке кетті және сол жерде қайтыс болды. Ясауидың немересі Ясыдағы орталықты жасына қарай Мәулене Сафиаддин Орын-Қойлақиға берді. Мәулене Сафиаддин Ахмет Ясауидың ағасы Сәдір қожаның немересі еді. Яссыдағы орталық жұмысы осылай жалғасып жатқанда, Отырардағы бөлімде Сопы Мұхамед Данышпанды келесі иршад алмастырып жатты. Сопы Мұхамед Данышпан туралы дереккөз мәліметтері сөйлейді, Сопы Мұхамед Данышпан Орын-Қойлақидың (х.VII/ХІІІғ.) насабнамасындағы мәліметтер бойынша:
Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи Ясауидың көрнекті муриді болды. Ясауи шайхпен бірге 40 рет қилуетке кірді және шайхтың рұқсатымен Отырарға барып, 40жыл иршадта болды. Сопы Мұхамедтің қабірі Отырарда. Көрнекті халифасы Сүксүк қожа, оның таңдағаны Әулие Мәлік еді.(bk.Mevlana Safiyyuddin, Neseb-name tercumesi(hzr. Kemal Eraslan), 1996)
- Мухаммед Шариф әл-Хусейни (1109-1697) «Хужжат аз-закирин» атты парсыша еңбегінде Ысмайыл атадан мәлімет айтады. Бұл тақырыпты шешусіз қалдырмайық, Әзірет Сұлтан Ысмайыл атаның үш рухани насабы бар. Біріншісін Шайх Мұстафадан алған, оны кейбіреулер Сүзік ата, кейбіреулер Сүксүк ата дейді. Олар Сопы Мұхамед Данышпаннан, ол кісі ғаусул ислам уәл муслимин Әзірет Қожа Ахмет Ясауидан алған.» ( Мiratu’l kulub,15б)
Риуаяттар бойынша, Сопы Мұхамед Данышпанның әкесі Махмұд қожа Зарнұқи, оның әкесі Мұхамед қожа Зарнұқи екені айтылады. Бұл кісі Татике лақапты Шах Мұхамед ханның (ө.ж. 1135) күйеу баласы.(16-17бб.)
«Сопы Мұхамед Данышпанның басқа муриді әрі халифасы ретінде есімі аталған Сүзік ата (кейбір деректерде Сүксүк ата түрінде) аталады. Сүзік атаның шын есімі кей деректе Мұстафа (Хужжат аз закирин), басқа деректе Мұхаммед (Хадикатул арифин) деп аталады.
Риуаят бойынша, Сүзік ата бір күні жуылатын кірлерін бір дорбаға салып кір жуатын жерге апарды. Кір жуушы: «Есімің кім? Жуылатын көйлегіңізге басқалардың кірлерімен шатаспасын деп жазып қоямын. Cүзік ата: «Менің атым Перғауын»,-деп жауап береді. Кір жуушы : «Басқа есім таба алмадың ба, қандай есім қойғасың?»-дегенде, Сүзік ата: Әсілінде есімім – Мұхамед. Бірақ пайғамбарымыз есімін жуылатын кірге жазып, сонан соң ол кірді тоқпақтап ұрумен бұл есімге жеңіл қарау дұрыс болмайды. Осы себеппен есімімді Перғауын деп отырмын.(Ысқ ақ қожа, Хадикатул арифин)
Қабірі Ташкентте болған Сүзік ата үш кемелді мурид жетістірген.» (Miratu’l kulub,17-18б.)
Жоғарыдағы «Miratu’l kulub»тағы Сүзік ата туралы үзінділер бойынша
МЕНІҢ ТҰЖЫРЫМДАРЫМ
- 1166 жылғы Ясыдағы Қожа Ахмет Ясауидың қазасынан соң, оның орнына тариқат құтыбы болып, Қарашықи Сүлеймен қожа отырады. (Бұл тұжырымның таласты нұсқалары бар, ол жөнінде №1қосымшада.) Сүлеймен қожаның қазасынан соң, оның орнына Сүзік ата отырады. Ол туралы сол беттің төменгі жағындағы №1анықтауыштан түсінгеніміз, ол туралы жазба деректерде мәлімет жоқ. Халық аузынан жеткен сенімсіз мәліметтер бар, өйткені ол мәліметтерді жазба деректер жоққа шығарады.
- Автор Сүзік ата орнын Ясауидың шын немересі Ахмет Қожаға (Әулие Мәлікке) береді және ол бұл орынды Ясауидың ағасы Сәдір қожаның немересі Сафиатдин Орын Қойлақиға бергенін жазған екен. Мұндай деректер еш жерде жоқ-ау, шамасы қиялдан шығарғандай болып тұр. Осыдан кейін Отырардағы Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи алдындағы өзгерістерге тоқталып, оған дереккөз ретінде Кемал Ерасланның «Mevlana Safiyyuddin, Nesebname tergimesi, 1996»ж. еңбегін пайдаланыпты. Ясауи насабнама нұсқаларын зерттеу барысында Кемал Ерасланның көптеген қателіктер жібергенін «Исламизация» авторлары осы еңбекке тоқталған кезде, атап көрсеткен екен.(Бұл туралы №2 қосымшада.)
Сүзік (Сүксүк)ата орнын Ахмет қожаға (Әулие Мәлікке) берді деген сөз осы еңбектен келген-ау. Оның үстіне осы жерде Сопы Мұхамед Данышпандарды шатастыру да орын алған сияқты. Сондықтан мен сол бір деректі басқа нұсқаларымен бірге, өзім дереккөз ретінде қарастырып отырған «Исламизация» кітабынан сіздерге ұсынып, пікірлеріммен толықтырайын:
а). «(Ясауидың алдына) Сопы Мұхамед Данышпан келді. 40жыл Ясауи атаның қызметінде болып, қилуетке түсті.
Осыдан соң Ясауи ата оған рұқсатын беріп, Отырарға жіберді. Ол Отырарда 40 жыл сыпыра тұтты. (Исл., Орын –Қойлақи ред., 76 б.)
ә). Сопы Мұхамед Данышпанның бір муриді болды – Сүксүк қожа атты. Ол Ясауи атаның алдында 12 жыл қызмет етті және 112 жыл өмір сүріп, 3000 мурид ертті. Таңдаулы ізбасары Әулие Мәлік болды.(Исл., Орын-Қойлақи ред.(Ысқақ баб әулеті), 76 б., жоғарыда К. Ерасланнан пайдаланған нұсқаның дұрысы.)
б). Осы мәлімет тағы бір нұсқада: Ахмет қожа атаның Сопы Мұхамед Данышпан деген мұриді болды. Оның көп кереметтері болды. Бұлтқа отырып, бір таудан екінші тауға ұшып жүретін. Оның әкесі Махмұд (Сібір нұсқасында Мұхамед) қожа Зарнұқи, оның әкесі Мұхамед қожа Зарнұқи. Ол Татике ханға күйеу боп келеді.(Исл., ІІтом, Қараспан ред.,230 б., Отырар хандары жөнінде №3 қосымшада.)
Алдыңғы а) – үзіндідегі – Сопы Мұхамедтердің үлкені. Менің шамамда (Ясауидың алдына 15жасында келген болса) 1160+40=1200ж.– қазасы, 1160-40-15=1105ж. – туған жылы) 95 жыл жасаған.
в) Насабнама деректерінде тағы бірнұсқа: «Қожа Ахмет Ясауидың Махмұд қожа(басқа бір нұсқада Мұхамед ) Зарнұқи деген муриді болды. Өзінің ұлы Мұхамед Данышпанды 14 жасында Ясауидың алдына тапсырады, ол сонда 12 жыл қызмет етеді. Қырық жыл қилуетте болып, 110 жыл өмір сүріп, 3000 мурид ертеді. Таңдаулы ізбасары Қыдыр-Ілияспен сұхбаттасушы Әулие Мәлік болады.» (Исл., Қайалық ред., 135б.)
Бұл деректегі кіші Мұхамед Данышпанды Ясауидың қазасына дейін оның қызметінде болды деп түсінсек, шамамен мынадай тарих шығады. кіші Мұхамед Данышпан(Ясауидың алдына 14жасында келіп, 12жыл қызмет етсе, 1166-14-12=1140) 1140 жылы дүниеге келген. Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжі 1166 жылы ұлы Ахмет Қожаны(Әулие Мәлікті) босанған. (Исл., 210-211бб., 230б.) Әулие Мәлік кіші Мұхамед Данышпанға 15 жасында мурид болды десек, оқиға шамамен 1181 жылы, кіші Мұхамед Данышпанның 41 жасында орын алған.
Сондай-ақ, Орын Қойлақи нұсқасындағы (ә)Сопы Мұхамед Данышпанның муриді Сүксүк қожа мен оның мурид-немересі Қараспан және Қайалық редакцияларындағы Сопы Мұхамед(б,в, Ясауидың қазасынан кейін ол, Отырарға атасының алдына ауысқан болуы керек) екеуі бір адам екеніне бұл салыстыру дәлел бола алатын шығар. Қараңыз, екеуінде де Ясауидың алдына жасөспірім кезінде келу, 12 жыл қызмет, 110(112) жыл, 3000 мурид пен таңдаулы ізбасар – Әулие Мәлік. Оның үстіне Неждет Тосун Сүзік атаға мысал ретінде келтірген, «Хадикаттағы» Сүксүк (ол жазғандай Сүзік емес) атаның шын есімі де – Мұхамед.
- Сонымен автор аңыздағы Сүзік ата тұлғасына жазба деректердегі Сүксүк (Сөксөк) атаны таңдаған екен. Бұл үшін насабнамадағы Сәдір қожаның ұлы Әбдімәлікке байланысты түсініксіздеу(насабнамалардың бірінде Ясауидың немересі ретінде айтылатын Имад та жүр және уақыты 1281 ж., Ясауидан 115 жыл кейін.) оқиғаны осы жерге қосыпты.(Исл., 134-135бб.) және осы Сүксүк атаның орнында тұрған Зарнұқилардың үшіншісі (Қайалық, Қараспан ред.) Сопы Мұхамед ұмытылған, ол туралы автор ешнәрсе айтпайды.
Сондай-ақ, автор Сүксүк атаны Сүзік ата етуге басты дереккөз ретінде 1667 жазылған Мәулене Мұхамед Шарифтің «Хужжат уз-закирин» еңбегіндегі «кейбіреулер Сүксүк, кейбіреулер Сүзік ата деп атайды», – деген мәліметті көрсетіпті.
Ал шын басты дереккөздер ғасырлардан көшіріліп келе жатқан насабнамаларда(шежірелерде) Сүксүк бар, Сүзік жоқ және ең бастысы Сүксүк атаның муриді Ыбрайым атаның немересі Ысқақ қожа (ө.с.у. шамамен 1250-1350) өзінің бізге жеткен «Хадикат’ ул арифин» еңбегінде Сүксүк ата есімін жаңылмай жүз қайталап, «Мен тариқатқа өзімнің қазғиртлық атам Ысмайыл ата арқылы кірдім, ол өзінің атасы Ыбрайым ата арқылы, ол құтб-и тариқат Қожа Ахмет Ясауи атаның Сопы Мұхамед Данышпан деген халифының муриді Суксук арқылы кірді»- деп, жар салады. Бірақ оған автор көңіл бөлмейді, онан үш ғасырдан аса кейін жазылған Мұхамед Шарифтің «Хужжат уз-закиринін» таңдайды. Бір қызығы Ысқақ қожа да, Мұхамед Шариф те Ысқақ атаның бабасы Ыбрайым атаның бұрынғы ұстазы Йашлық Жүніс атадан Сүксүк атаға келу тарихын жазған екен. Үш ғасырдан кейін Мәулене Мұхамед Шариф Лутфолла Түркістани деген белгісіз біреуді, оның жазбасы бойынша Ысқақ атаның Сүксүгін Сүзік деп сайратып тұр. Ал, Ысқақ атаның жазбасында Ыбрайым атаның жанында жәрдемшісі Мәндүд жүр, сол Мәнді атаның ұрпақтары сол заманнан қазіргі күнге дейін Тұрбаттағы Ысмайыл ата кесенесі тұрған оның мазаратына қызмет етіп келеді.
Сүзік атаның шын есімі Мұхамед екені жөніндегі «Хадикаттан» келтірілген жоғарыдағы үзіндіде автор Сүзік деп атаған есім «Хадикат» қолжазбаларының бізге жеткен 10 нұсқасының барлығында тек Сүксүк деп жазылғанын да атап көрсетуіміз керек шығар.
Ал, Сүзік атаның қабірі Ташкентте деген әңгіме, 2009жылғы Ташкенттің 2200 жылдығын тойлауға байланысты Сүзік ата кесенесін қайта құру кезінде түркі әлемінің биік тұлғасы – биліктің Ясауиды өздеріне жақындатып, саяси ұпай жинау бойынша іс-шараларының нәтижесі. Таласты мәселелері көп, мысалы Сайрамда Сүзік атаның кесенесі бар, олар: «Сүзік атаның қабірі бізде»,- деп отыр.(Жалпы бұл әңгіме туралы №4 қосымшада.)
Сүксүк (Сөксөк, Сексек) ата мен Сүзік атаның бөлек-бөлек екі тұлға екеніне дәлел ретінде халқымыздың ауыз әдебиетінде ғасырлардан келе жатқан төрт түлік малдың пірлерін түгелдегенде айтатын ешкінің пірі – Сексек ата, Ысмайыл атаға байланысты аңыздарда бірде ұстазы, бірде шәкірті деп аталатын әулие екенін, зияратжайы барын айтар едік.(Бұл жөнінде толығырақ қосымша №5-те).
ҚОСЫМША№ 1
Ясауи насабнамаларын зерттеу
Ясауи ата төңірегінде болған 4 Сопы Мұхамед Данышпанның үшеуі Зарнұқийлардың ата, бала, немере ретінде насабнамалардан білеміз. Орын-Қойлақи лақапты төртінші Сопы Мұхамед Данышпан жайлы да әңгіме қозғап көрейінші. Алдымен, өткендегі «Исламизация» кітабындағы Арқұқ редакциясы, ІІ топ мәтінінен бір үзінді келтірейін:
«…Оның ұлы(Ибрахим шайхтың) Әзірет Сәдір қожа-ата , ол Қыдыр-Ілияспен Арқұққа барып, 45 жыл сыпыра тұтты, жаңылғандарды тура жолға салды. Оның 3000 муриді болып, оларды толығымен кемеліне жеткізді. Екі ұлының бірінің есімі Қожа Мәлік –хан(басқа нұсқаларда Әбд’әл Мәлік),
екіншісі – Қожа Мұхамед-хан(басқа нұсқаларда Мұхамед). Ол ғұлама, құдайдан қорқатын дана еді. Оның лақабы Орын Қойлақи болатын.
Әзірет Сұлтан, пайғамбар тектес Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда сыпырасы Қожа Мұхамед Данышпанға өтті. Ол 93 жыл өмір сүріп, 50 жыл Қыдыр-Ілияспен сұхбаттас болды. 20мың үйлі муриді болды. …» (Исламизация и сакральные родословные в ЦА, ІІтом, 114беттен аударылды)
Осы мәтіндегі Қожа Мұхамед хан мен Қожа Мұхамед Данышпан арасында не айырмашылық болуы мүмкін деп, осы ІІ топтағы(ІІ-1, ІІ-2, ІІ-3) насабнамаларды көтердім. Шежіре ІІ-1, ІІ-2-де(ІІ-3-ті шежіре деуге келмейді) Сәдір – Қожа Мұхамед хан – Қожа Мұхамед Данышпан деп жазылған. Бұлай болуы
мүмкін емес, амал жоқ кітаптағы алты топтағы 33 насабнаманы салыстыру үшін түгел көтеріп шығайын. Барлық насабнаманың 19-ында Ясауидың бабасы Ысқақ бабтан таратылатын шежіре бар екен, басқалары Әбдірахым баб, Әбдіжәліл бабтан таратылғандар мен оқуға жарамсыздар. Осы 19-дың ішінен алтауында Сәдір қожаның баласы Сопы Мұхамед Данышпан Орын Қойлақи деп жазылған, алтауында ол орында Сайфиддин (Сафиаддин) жазылған, тағы екі шежіреде (І-6, І-7) Әкесі Сайфиддин мен баласы Захидтің орнын ауыстырған, басқалары жоғарыда аталған Мұхамедхан жазылған екі шежіре мен Сәдірдің басқа баласы Әбдәлмәліктен таратылатын бөлек шежіре.
Бұл салыстырулардан шежірелердің барлығында дерлік Сайфиддиннен кейін Захид жүреді, ал Сәдірдің ұлы болып бірде Сопы Данышпан, бірде Сайфиддин қойылған. Бұл олардың мәтінде айтылатын Сопы Мұхамед лақабы бар Сайфиддин Орын Қойлақи есімді бір адам екеніне негіз болып тұр. Осы тұжырымды тексеруге жәрдемі бар тағы бір мәліметті де салыстырып көрейік, 1166-67 жылы Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда оның сыпырасын(суфрасын) қабылдап алған адам:
І топ, Орын Қойлақи ред., тірек мәтін – Сафиаддин Орын Қойлақи.(77б.)
ІІ топ, Арқұқ редакциясы, тірек мәтін – Қожа Мұхамед Данышпан.(114б.)
ІІІ топ, Қайалық ред., тірек мәтіні – Сафиаддин Орын Қойлақи.(135б.)
V топ, Қараспан ред., тірек мәтіні – Сүлеймен Уәли Қарашықи.(229б.)
VІ топ, Катта қожа насанамасы, тірек мәтіні – Сопы Данышпан(261б.)
Бұл жерде Қожа ахмет Ясауидың қазасынан кейін сыпырасын қабылдаған екі адамның бірі болуы мүмкін: Бірі – інісі Сәдір қожаның баласы яғни Сафиаддин десеңіз де, Сопы Данышпан десеңіз де бәрі бір, бір адам, ал екіншісі – қызы Гаухар хұштәжінің күйеуі Сүлеймен Уәли Қарашықи. Сонымен Қожа Ахмет Ясауи атаның төңірегінде болған Сопы Мұхамедтердің төртіншісі – інісі Сәдір қожаның баласы Сопы Мұхамед Данышпан лақапты Сафиаддин Орын Қойлақи деп отырмыз.
Ал енді Қожа Ахмет Ясауидан кейін оның орнына отырған адамды өзіңіз таңдап көріңіз, айтпақшы танымал түрік ғалымы Неждет Тосун өзінің «Мират’ул қулуб» зерттеу еңбегінде бұл орынға – Сүлеймен Уәли Қарашықиды бекітіп қойған екен.
ҚОСЫМША№2 Ераслан аудармасы туралы
«… По такому же сомнительному пути пошел турецкий исследователь К. Эраслан, осушествивший перевод Насаб-нама на современный турецкий язык без составления критического текста (см. 16. Mevlana Safiyyuddin, Nesebname tergimesi, K.Eraslan, 1996). Из четырех фотокопии, взятых К. Эрасланом в качестве «основы» для турецкого перевода , два текста (копии СиД, с.139-144) никакого отношения к Насаб-нама не имеют. Копия В (с.123-137) при сличении нами в Казахстане с ее оригиналом оказалась дефектной: в ней из существуюших 355 строк в наличии имеются в наличии только 287(при копировании оригинала
были утеряны строки 251-270, 308-355). В самом тексте перевода встречаются многочисленные ошибки и искажения при чтении имен (например, «Ухшуб» вместо «Ихшит», с.58), названии населенных пунктов (например, «Чал-терса» вместо «Чахар-терсак», с.60), на основе неверно понятого фрагмента издателем делается попытка датировать составление рассказа 540/1146г.(с. 18, 26) и т.д.
ҚОСЫМША №3
Сопы Данышан туралы марқұм Сансызбай Құрбанқожаев деген кісі кітапқа мынадай жақсы ақпараттық мәлімет жазыпты. ( Ясауи тағылымы,Түркістан-1996,137б.)
«…Сафи ад дин Орын Қойлақидың сүйегі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. …Оның басында қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышпан шайх жатыр. Сәл әріде бабасы (Сәдір шайх –А.К.) жатыр.»
Бұл әрине мазараттың ел аузынан жеткен аңыздары бойынша Сопы Мұхамед Данышпанды Сафиатдиннің әкесі ретінде көрсетіп тұр. Бастысы насабнамаларды салыстыру бойынша мен шығарған Сәдір шайхтың ұлы Мұхамед Данышпанды теріске шығарып жатқан жоқ.
# Енді Cопы Мұхамед Данышпан Зарнұқий -1 жатқан Отырарға оралайын.
Сол Ясауи заманында Отырар Қарахандар мемлекетінің бір аймағындағы хандығы болып Қожа Ахмет ата тариқатын жүргізген Яссы қаласы да хандық аумағында болған. Мен қарастырып отырған «Исламизация» кітабындағы V «Қараспан», VI «Катта қожа» тірек мәтіндері бойынша салыстыра отырып, Отырарда өткен хандар тізімін жасап шыққан едім. Қызығушы ғалымдар болса аталған кітапты көтеріп тексеріп шығуларыңызға болады, қатесі болса бірге түзетер едік. Мүмкін бұл жөнінде басқа дереккөздер бар шығар…
Насабнама бойынша Отырардың хандары:
Сайрамдағы хан Абд-и Маннанның кіші ұлы Шах Абд-и Рахман 930 жылы 20 жасында қажылыққа барып, сол жақта үйленіп, екі ұл, бір қызымен 951 жылы Сайрамға келеді. 10 жыл әкесінің алдында қызметте болып, онан соң әкесінің тапсыруымен 3 жыл Сайрамда патша болады. Кейін патшалықты күйеу баласына тапсырып, дінсіздер бас көтеріп Отырарға келеді. Осында отыз жыл бойы дінсіздермен күресіп, Қылыш Қызыл Арслан атағын алады.
963-993жж. Қылыш Арслан Қара хан лақапты Шах Абд ар-Рахман. Ол осыған дейін 10 жыл әкесі
993-1031жж. Санжар хан лақапты Шах Қасым
1031-1081жж. Арслан хан лақаппен ШахАбдаллах
1081-1135жж. Татика хан лақаппен Шах Мұхамед
1135 – …. жж. Абдал Халиқ хан. 1166 жылы Ясауи ата қайтыс болғанда, мәйітін жуу рәсімінде Отырар ханы Абдал Халиқ, оның немере інісі әмірзада Тайиб пен Сәдір шайхтың баласы Сопы Мұхамед Данышпан болады.
….. – ….. жж. Шах Хасан Хан Абдал Халиқ ұлы
…. – 1212жж. Оның ұлы Білге хан лақапты Махмұд шайх. 1212 жылы Хорезмшах Мұхамед-сұлтан Қарахандардан Отырарды тартып алып, Білге ханды өлтіреді. Осымен Отырардағы Қарахандар билігі аяқталады. Хорезмшах оның орнына нәсілі қаңлы Қайырды отырғызады.
1212-1220жж. Қайыр хан , Хорезмшах мемлекеті. 1220 жылы алты айға созылған қорғаныстан соң , Шыңғыс хан Отырар қамалын алып Хорезм шах билігін тоқтатады. Осымен Отырардағы хандар тарихы аяқталады.
ҚОСЫМША N4
СҮЗІК АТА МЕН СҮКСҮК (СЕКСЕК, СӨКСӨК) АТАНЫ НЕГЕ ШАТАСТЫРАМЫЗ?
ШЫМКЕНТТЕГІ КЕСЕНЕ
Қожа Ахмет Ясауидың немересі Сүзік атаның кесенесі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданындағы (бұрынғы Сайрам, қазір Шымкент қаласы құрамында) Мұстафақұл ауылында орналасқан. Ол Сайрамсу өзені бойындағы биік төбешікте ХІІ-ХҮІ ғ. салынған. Кеңес кезінде бүлінген кесене 1996 жылы жергілікті тұрғындар күшімен қалпына келтірілген.
2016 жылы осы кесене тарихына байланысты Шымкент қаласы, П. Тәжібаева көшесі,5 үйде тұрған жасы жүзге жақындаған ғұлама қарияға сұрақпен барғанмын.
-Ташкентте де, Сайрамда да Сүзік атаның кесенесі бар. Қабірі қайда? – деп. Ол кісі:
– Сайрамда,- деді.
-Ташкенттегі кесене ше?- дегенде:
– Бір уыс топырақ.. – деп, келте қайырған еді.
Бұл Сүзік атаның Сайрамдағы қабірінен бір уыс топырақ апарып, кесене тұрғызуы мүмкін екенін аңдатқаны еді.
Өткен, 2024 жылы қыркүйекте Сүзік ата кесенесінде ата құрметі жасалып, ҚМДБ Шымкент орталық мешіті бастамасымен қалалық дін істері басқармасы басшысы, дінтанушы, тарихшы ғалымдар, имамдардың қатысуымен ауқымды рухани семинар өткізілді.
- ТАШКЕНТТЕГІ КЕСЕНЕ
Қожа Ахмет Ясауидың немересі Мұстапақұлдың (Сүзік атаның) кесенесі Ташкенттің Шайхантәуір ауданы, Сүзік ата махалласында. Мұстапақұл Ясауидың жалғыз қызы Гаухар хұштәжі мен сүйікті халифасы Қожа Уәлидің ұлы Ахмет әл- Қарашықидың кенже перзенті. Мұстапақұл Түркістанның
Қарашық қыстағында дүниеге келіп, балалық шағында бабасы Ахмет Ясауидың қызметіне барғанда, бабасының мүбәрәк назары түсіп: «Қош келдің, менің Сүзігім!» – деп қарсы алады екен. Сол себеппен ел ішінде Сүзік ата аталып кеткен екен. Балағат жасына келіп кереметтер иесі болған Сүзік ата атасының батасымен Ташкенттің Шақар, Шопан ата, Мірлер махаллаларына көрші махаллаға жайласып, үй-жайлы болып, жүздеп шәкірттерге білім беріп, көп адамдарға өнер үйретіп, ғұламалар мен өнерпаздардың пірі болып, ұсталар махалласы аталып келе жатқан Сүзік ата махалласының негізін қалаған екен.
1947 жылғы жер сілкінуде кесене бұзылып, 1957жылы қабірстан тегістеліп, эмаль ыдыстар артелінің пресстеу цехы құрылады. Цех престерінің соққыларынан кесененің қалдығы да бұзылып жоқ болады. Айтуларға қарағанда кесене ішінде бес сағана болып, оның бірі Сүзік атаға, қалғаны ұстазына, әйеліне және 4 жасар ұл мен 2 жасар қызға тиесілі болған-мыс.
Әмір Темір Зеңгі ата Ахмет Ясауиға кесене салдырудан бұрын Ташкентте тұрғызған өте көп мешіт-кесенелердің алғашқысын Ясауидың ерке немересінен бастаған.
2009жылы Ташкенттің 2200 жылдық мерейтойы себебімен Президенттің юбилей тізіміне енгізіліп, Сүзік ата кешені мешітімен әсем етіп, қайта тұрғызылды.
(Тарихшы ғалым А. Мұхамедкаримовтың «Тошкентнинг табаррук зиёратгохлари» кітабынан теріліп аударылды.)
3.ТАШКЕНТТЕГІ СҮЗІК АТА КЕСЕНЕСІНІҢ ИЕЛІГІНЕ ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ЫСМАЙЫЛ АТА ДА – ҮМІТКЕР
Дәлелге келтірер деректеріміз:
#- 1836 және 1867 жылдары Ташкенттің Сүзік ата махалласында тұратын және өздерін Ысмайыл атаның 9-ұлы Қажы атаның шөбересі Сүзік атадан тарататын ұрпақтарынан жеткен насабнама қолжазбалары ӨР Шығыстану институтының кітапхана қорында N3004 және N2851 сандармен сақталуда.(біріктірілген насабнама кестесі төмендегі 7-суретте.)
#- 1992-жылы «Узбекистон адабиёти ва санъати» журналында Н.Хаджиметов, З. Темировтардың авторлығымен «Ысмайыл ата және оның кереметтері» атты мақала басылған. Онда пікір таластырып жатқан Ысмайыл атаның Ысқақ ата, Сүзік ата есімді ұлдарының оқиғасы айтылады. Екі ұлдың таласының куәсі болған Ысмайыл ата «екі қошқардың басы бір қазанда қайнамас» деп, Сүзік атаға Ташкенттің Бесағаш дахасынан үй-жай істеп береді.
Ол кезде Ысқақ қожаның «Хадикат’ул Арифин» еңбегі әлі жетпеген болар, Қажы атаның немересін Ысқақ атаның інісі деп көрсетіпті.
#- Ел аузынан қалған бір сөз: «Ысмайыл ата перзенттерінің бірі – Сүзік ата. Онан «Білсең Сүзігіңмін, білмесең бұзығыңмын»,- деген сөз қалған екен. Сүзік атаның кесенесі Ташкенттің Қараташ махалласында. (Шындығында, Ташкенттегі Қараташ пен Сүзік ата махаллалары бір-біріне жалғасып жатыр. А.К.) (Қ. Ергөбеков, «Тұрбат ұлық әзіз әулиелері», 2017ж.,19б.)
***
Жоғарыдағы мәліметтер Ташкент пен Сайрам кесенелеріне байланысты туындаған анықтауды қажет ететін сұрақтарға қазығұрттық Ысмайыл ата ұрпақтарының мәліметтері қосылып мәселені күрделілендіре түскенін байқаған боларсыз.
Кәрім Аппазов, зерттеуші





