
The Eclipse of the Kubravīyah in Central Asia*
XII ғасырдан XIV ғасырға дейін Орталық Азияда үш ірі сопылық тариқат қалыптасты: Йасауийа кейінірек Түркістан деп аталған қаладан шыққан Ходжа Ахмад Йасауиден тараған. Кубрауийаның негізін Хорезмде Наджм ад-дин Кубра қалаған, ал Нақшбандийа Бұхарадан шыққан Баха’ ад-дин Нақшбандтың атымен аталған. Үшеуінің ішінде Йасауийа тек Орталық Азиядағы тариқат болып қалды және түркі халықтарына ерекше ықпал етті. Нақшбандийа бүкіл ислам әлемінде кеңінен тараған халықаралық тариқатқа айналды. Ол Орталық Азияда үлкен күш пен беделге ие болды. Сондай-ақ, бұл тариқат осы аймақтан тысқары жерлерге, әсіресе Үндістан мен Осман мемлекеті жерлеріне таралды. Ал Кубрауийа болса, Орталық Азиядан тыс жерлерде көбірек дамыды және XVI ғасырдың соңына қарай өзінің туған аймағынан Нақшбандийаның өсіп келе жатқан үстемдігі себебінен толықтай ығыстырылды. Орталық Азиядағы Кубрауийа тариқатының құлдырауы бұл аймақтағы сопылық туралы жалпы жарияланымдарда жиі назардан тыс қалып келеді. XIX және XX ғасырлардың зерттеушілері Кубрауийаны Ресейдің бақылауы кезеңіне дейінгі Орталық Азиядағы маңызды сопылық бауырластықтардың қатарына қосқан.1 Бұл пікір Наджм ад-дин Кубра кезеңінен бері оның күші әлсіремегендей әсер қалдырған. Алайда олардың ешқайсысында нақты Кубрауийа шайхтары, «силсилалары» немесе негіздері туралы дәлелдер көрсетілмейді. Шын мәнінде, қазіргі Орталық Азияда Кубрауийа тариқатының жалғыз маңызды мұрасы Наджм ад-дин Кубраның Көне Үргеніштегі (Түркменістан) кесенесі болып табылады.2
Оның кесенесінің болуы Хорезмде Кубрауийа белсенділігінің жалғасуының дәлелі ретінде қаралған, бірақ әдеби және тарихи деректер бойынша бізде Кубрауийа силсиласының Орталық Азияда жалғасуы туралы нақты ақпарат жоқ. Кубраның кесенесі алты ғасыр бойы діндарларды өзіне тартып келгенімен, оның мавзолейі тарихи тұрғыдан Нақшбандийа мен Йасауийа топтары үшін де зиярат ету орны болған. Ал XVI ғасырдан кейін Хорезмде Кубрауийа тариқатының жалғасқаны туралы тікелей дәлелдер жоқ. Дереккөздердің болмауы немесе оларда ешқандай мәліметтердің тіркелмеуі жағдайы болған кезде сопылық бауырластық сияқты құбылысты қарастыру қауіпті. Алайда «сопылық кітаптарда жазылмаған» деген дәйекке қарамастан, қолда бар тарихи деректер Кубрауийа тариқатының Орталық Азияда жоғалып кеткенін көрсетеді. Наджм ад-дин Кубра туралы естеліктер халық аңыздары мен оның кесенесіне құрмет көрсету арқылы ғана сақталған. Дегенмен, бұл естеліктер Кубрауийа силсиласы арқылы мәлімет түрінде сақталмаған. Соған қарамастан, өз дәуірінде Кубрауийаның Орталық Азияда ықпалы күшті болды және ол кейінірек Нақшбандийа кеңінен дамытқан көптеген саяси, әлеуметтік және экономикалық іс-әрекеттердің бастаушысы болды. Орталық Азиядағы сопылықты зерттеу әлі де бастапқы кезеңінде қалып тұр және тіпті, Орталық Азиядағы маңызды тариқаттардың тарихы немесе доктринасы бойынша зерттеулер аз жасалған. Дегенмен, Кубрауийа тариқатының Орталық Азиядағы тарихын қарастыру пайдалы екені сөзсіз. Өйткені ол Орталық Азияның діни тарихындағы маңызды мәселелерді (сондай-ақ, Кубрауийа тариқатының кеңірек тарихын да) ашады. Осыған орай, бұл мақалада Кубрауийаның XIV ғасырға дейінгі Орталық Азиядағы ықпалына қысқаша шолу жасалады және XV-XVI ғасырларда Кубрауийаның қайта жандануы туралы жаңа пікірлер ұсынылады.3 Мақала әсіресе Нақшбандийа тариқатының ұйымдастырушылық және интеллектуалды күші Кубрауийаны, түптеп келгенде, басып озған маңызды дәуірге ерекше назар аударады. Сонымен қатар, ол Кубрауийа тариқатының Орталық Азиядағы құлдырау себептері туралы кейбір ойларды ұсынады. Орталық Азиядағы алғашқы Кубрауийа: Бахарзи және Джанди тармақтары Кубра тариқатының таралуы және оның сопылық ілімді нақты Кубрауийа тұрғысынан түсіндірілуі Наджм ад-дин Кубраның өлімінен кейін оның тікелей шәкірттері арқылы жүзеге асырылды. Тарихқа сүйенсек ол 618/1221 жылы моңғолдардың Хорезмді жаулап алу кезінде қайтыс болған. Кубраның алдыңғы қатарлы жеті шәкіртінің бірі (Маджд ад-дин Бағдади) Хорезмде өзінің ұстазынан бұрын қайтыс болды. Ал басқаларының көпшілігі (Джамал ад-дин Гили, Са‘д ад-дин Хаммуйи, Наджм ад-дин Рази және Рази ад-дин ‘Али Лала) моңғол әскерлерінен батысқа қашқан хорезмдік діни және әдеби тұлғаларға қосылды. XIII ғасырдың соңында Гили, Хаммуйи және Лала шәкірттері Илханилердің моңғол билігінде ерекше белсенді болды. Хаммуйидің ұлы әрі шәкірті Садр ад-дин Ибрахим Хаммуйи Ғазан ханның (1295-1304 жж. билік еткен) исламды қабылдауына және Иранда исламды қалпына келтіруге ықпал етті.4 Ал Кубраның шәкірттерінің тек екеуі ғана Орталық Азияда белсенді болып, жаңа моңғол билеушілері мен мұсылман емес түркі тайпаларының үлкен топтарын ислам әлеміне біріктіруге күш салды. Бұл шәкірттердің ең танымалдысы – Сайф ад-дин Бахарзи (659/1261 ж. қ. б.),5 Бұхарада XIV ғасырға дейін дәуірлеп тұрған Кубрауийа тармағын құрды. Сонымен қатар, ол Үндістандағы Фирдаусийа тариқатының рухани атасы да болды.6 Шын мәнінде, жалпы сопылық силсилаларды жинаушылардың мәліметтеріне сәйкес оның Орталық Азиядағы емес, Үндістандағы ұрпақтары белгілі болған. Әдеттегідей, Бахарзидің Үндістан мен Орталық Азиядағы тармақтары бір-бірінен мүлдем хабарсыз болған сияқты. Алайда Бұхарадағы Бахарзи маңызды вақф мүліктеріне ие болды. Бұл вақф бес ғасыр бойы оның рухани және биологиялық ұрпақтарына мұра ретінде өтті. Бахарзи вақфының шығу тегі шайхтың Орталық Азиядағы жаңа моңғол билеушілері арасындағы беделіне негізделді. Бұл Сайф ад-диннің өмірі туралы Джувайнидің «Тарих-и джахан-гушай» еңбегінде айтылған. Джувайни Шыңғыс ханның төртінші ұлы Толуйдың әйелі және ұлы хан Мөңкенің анасы Сорқоқтани (649/1252 ж. қ. б.) туралы айтып, оның христиан болғанына қарамастан, былай деп жазады: «Ол имамдар мен шайхтарға садақа мен сыйлықтар беріп, Мухаммадтың дініне қатысты қасиетті рәсімдерді қалпына келтіруге де тырысты. Осы мәлімдеменің дәлелі ретінде ол Бұхарада медресе салу үшін 1000 күміс балиш берген және сол ізгі негізге сәйкес шайх ал-ислам Сайф ад-дин Бахарзи әкімгер және басшы болуы керек деп бұйырды. Сондай-ақ, ол ауылдарды сатып алып, вақф жасауға және медреседе мұғалімдер мен студенттерді орналастыруға бұйрық берген».7 Осылайша құрылған вақф шайхтың отбасының басқаруында қалды және Сайф ад-диннің қабірі қосылғаннан кейін, ол зират орны ретінде Кубрауийа әрекетінің Бұхарада орталығы болған сопылық ханақаға (жатақханаға) айналды. Дегенмен, Бахарзидің вақфының ауқымы туралы ең толық мәлімет оның немересі Абу-лМафахир Йахйаның (736/1355-1356 ж. қ. б.) заманынан алынды. Ол сондай-ақ, Бахарзиге арналған ең маңызды агиографиялық жазбалардың авторы болды. 1333 ж. араб саяхатшысы Ибн Баттута Бахарзидің қабіріне келіп, осы ханақада тұрған. Ол өзінің хикаяларында Шайх Йахйа Бахарзидің қонақжайлылығын және шайхтың орнын қолдап тұрған едәуір вақфты атап өтеді.8 Одан да маңыздысы, 726/1326 және 734/1333 жылдардан қалған вақф құжаттары Абу-л-Мафахир Йахйаның атымен берілген. Бұл құжаттарда Бұхарадағы ауылдар, егістіктер мен бақтар туралы мәліметтер көрсетілген және олардың кірістері Сайф ад-дин Бахарзидің кесенесі мен ханақасын қолдауға жұмсалған. О.Д. Чехович жариялаған және аударған бұл құжаттар Бұхарадағы Кубрауийа тариқатының кең көлемді материалдық негіздері мен мекеме басқармасының егжей-тегжейін түсінуге мүмкіндік береді.9 Вақфтың болғандығы туралы хабар мен оның кеңейтілуі, тіпті, XVIII ғасырда да жалғасын тапты. Бұл Орталық Азияда сопылық тариқаттың вақф мүліктерін басқарғаны туралы алғашқы мысалы болды. Бұл Нақшбандийа тариқатының кейінгі рөлін алдын ала болжағандай болды. Нақшбандийаның Орталық Азия қоғамындағы рөліне тән көптеген сипаттар Бахарзи мен оның ізбасарларының іс-әрекеттерінде, кішігірім ауқымда болса да, көрініс тапты. Шайх моңғол билеушілерінің құрметіне ие болып, хан әулеті қаржыландырған исламдық мекемелерді басқару және экономикалық бақылау құқығын алды. Құрмет пен артықшылықтар вақфтың негізін қалаушының биологиялық және рухани ұрпақтарына беріліп отырды. Ал оның кесенесі халықтың құрмет көрсететін және қайырымдылық жасайтын орталығына айналды. Құрбандықтар мен вақф мүліктерінен түскен кірістер вақфты кеңейтуге жұмсалды, ал салықтан босатылған жерлердің өсуі тариқат пен оның көшбасшысының билеушілер мен халық арасындағы беделін арттырды. Бахарзидің Бұхарадағы вақфы кейінгі Нақшбандийа иеліктерінің ауқымына жете алмады және Кубрауийа вақфтарын басқару желісі ешқашан Нақшбандийа вақфтары сияқты үлгі бола алмады. Дегенмен, Бахарзи вақфының бір ерекше қыры назар аударуға тұрарлық. Вақфты қолдау үшін әр жерде жұмыс істеуге алынған құлдарды сатып алып, оларды босатуға арнайы қаражат бөлінген. Сонымен қатар, құжаттар вақф мүліктерінің жұмысында немесе олардан пайда көрген түрлі адамдарды айғақтайды.10 Босатылған құлдардың тізімі XIII ғасырдағы Орталық Азияға әкелінген әртүрлі топтарды (моңғолдар, қытайлар, орыстар және үндістерді қоса алғанда) исламға сіңіруге сопылық тариқаттың рухани және экономикалық билігінің қалай ықпал еткенін көрсетеді. Нақшбандийаның кейінгі саяси рөлі де Бахарзидің моңғол билеуші топтарындағы ықпалымен алдын ала белгіленген еді. Шайхтың Шағатай ханның уәзірі Қутб ад-дин Хабаш-‘Амидке жазған хаты сақталып, оны В.В. Бартольд жариялаған.11 Бұл хатта Сайф ад-дин кәпірлерге қызмет еткен ресми тұлғадан исламдық міндеттерге назар аударуды сұрайды. Ең маңыздысы, Бахарзи Жошы ұлысының (Алтын Орда) ханы Беркені исламға кіргізуде шешуші рөл атқарады. Бірқатар сенімді, ертедегі дереккөздер Беркенің Бұхарада Сайф ад-динмен кездескенін және 1257 жылы хан болған кезде оның басшылығымен исламды жария түрде қабылдағанын көрсетеді.12 Үндістандағы Фирдаусийа тариқатынан бөлек, Бахарзидің ұрпақтары алғашқы үш атадан кейін жақсы танымал емес. Орталық Азиядағы оның ізбасарлары туралы біліміміз тек оның биологиялық ұрпақтарымен шектеледі. Бізде Сайф ад-диннен бастап Кубрауийаның бір шайхы ʻАбд ал-Қаййум Ходжаға дейін толық силсила бар. Бұл тұлға Абу-л-Мафахир Йахйа тарапынан жазылған Бахарзидің өмірбаянын 1255/1839 жылы бейімдеп құрастырған.13 Бұл Кубрауийа силсиласының және Кубрауийа ілімінің, кем дегенде, шайхтың өз ұрпақтары арасында Бұхарада сақталғанын көрсетеді. Алайда XIV ғасырдың басынан бастап бұл Кубрауийа орталығы тарихи және биографиялық дереккөздерде тек Бахарзидің кесенесі орналасқан орын ретінде ғана айтылады. Ол Наджм ад-дин Кубраның кесенесі сияқты, жергілікті тұрғындар мен әртүрлі тариқаттардағы сопылар үшін зиярат орны болып қала берді. Орталық Азиядағы Кубрауийа тариқатының екінші тармағы туралы мәлімет Бахарзидің тармағына қарағанда мүлдем аз. Бұл тармақтың негізін қалаушы Баба Камал Джанди.14 Ол Хорезмде Наджм ад-дин Кубраның шәкірті болған. Бірақ моңғол шапқыншылығынан бұрын ұстазынан кетіп, Сырдарияның орта ағысы бойындағы «Түркістан еліне» барған. Оның есім-нисбасы төменгі Сырдария бойындағы маңызды қала Джандқа байланысты аталған. Алайда, агиографиялық жазбалар оны әрдайым «Джанди» деп атаса да, сол заманның дереккөздері оны «Сығнақи» деп атайды. Бұл оның Джандтан жоғары орналасқан Сығнақ қаласымен байланысын көрсетеді.15 Баба Камал Сырдариядан тысқары далалық түркі көшпенділері арасында 672/1273 жылға дейін белсенді болған және біз Сайф ад-дин Бахарзидің оның қызметінен хабардар болып, онымен хат алмасқанын білеміз.16 Бұл шайх пен оның силсиласы туралы аз ғана мәліметтер бар. Біз оларды Баба Камалдың алтыншы ұрпақтағы «рухани ұрпағы» 1430 жылдан кейін жазған «Джавахир ал-асрар»17 атты еңбекке кірген қысқаша хикая арқылы білеміз. Бұл «Джавахир ал-асрар» еңбегін Маулана Камал ад-дин Хусайн Хорезми Румидің «Маснави» еңбегіне түсіндірме (шарх) ретінде жазған, бірақ оның кіріспесіне Кубрауийа силсиласы туралы мәліметтерді қосқан. «Джавахир ал-асрардағы» мәліметтерді Джами өзінің «Нафахат ал-унс» еңбегінде сілтеме бермей қолданған. Содан бері барлық кейінгі агиографиялық жазбалар Баба Камал Джанди туралы шатасқан мәліметтерді осы деректен алған. Хусайн Хорезмидің еңбегі оның силсиласын былай көрсетеді: Баба Камал Джанди > Маулана Ахмад б. Шамс ад-дин Муфти Джанди > Баха’ ад-дин Кубрауи > Мухаммад Данишманд Маулана б. Шамс ад-дин Муфти Джанди > Абу-л-Футух б. Баха’ ад-дин Кубрауи > Ходжа Абу-л-Вафайи Хорезми > Хусайн Хорезми. Ходжа Абу-л-Вафа 835/1431-1432 жылы қайтыс болған, ол белгілі хорезмдік ақын болған және оның Хусайн Хорезмидің шайхы
болғаны туралы мәлімет агиографиялық жазбалардан тыс дереккөздерден де жақсы белгілі. Хусайн Хорезми – Баба Камал Джандидің Кубрауийа силсиласының соңғы белгілі өкілі. Ол көбінесе өзінің әдеби шығармаларымен танымал, бірақ, өкінішке қарай, оның өмірбаяны туралы мәліметтер аз. Оның жазбаларынан біз оның Дашти Қыпшақ көшпенділері арасына кем дегенде екі рет сапар жасағанын18 және Хорезмнің Тимурилер билеушісі Шах Маликке (1426 ж. қ. б.) кеңесші әрі сенімді тұлға ретінде қызмет еткенін білеміз. Тарихи дереккөздерде ол шамамен 834/1430 жылы Хорезмді көшпенді өзбектер конфедерациясының жаңа билеушісі атанған Абу-л-Хайр ханның әскерлері басып алған кезде белгілі болады. Бұл шайх алБусиридің «Қасидат ал-бурда» шығармасына түркі тілінде «Кашф ал-һуда» атты түсіндірме (шарх) жазып, оны жас өзбек көсеміне арнады. Бұл еңбек Кубрауийа тариқатының шығу тегімен байланысты Орталық Азиядағы жалғыз түркі тіліндегі шығарма болып табылады және ол XV ғасырдың басына дейін ислам әлемінің шекарасындағы түркі халықтары арасында Кубрауийа тариқатының сақталғанын дәлелдейді. Хусайн Хорезми қайтыс болғаннан кейін Баба Камал Джандидің Кубрауийа силсиласы аяқталған сияқты. Оның силсиласын жалғастыратын белгілі шәкірттері болмаған. Сонау Тимурилер әулеті мен өзбек көшпенділері арасында қалыптасқан саяси ықпалды Кубрауийа ізбасарлары емес, Йасауийа мен Нақшбандийа шайхтары жалғастырды. Джандидің силсиласы Орталық Азиядан біржола жоғалып кеткен. XV ғасырдың соңында басқа силсиладан шыққан Кубрауийа шайхтары Хорезмде қайта пайда болған. Алайда олар Хусайн Хорезми заманындағы Кубрауийаның бұл жердегі тарихынан мүлде бейхабар болған.
Алғашқы жарияланған жері: DeWeese, Devin. The Eclipse of the Kubravīyah in Central Asia, in: Iranian Studies, Vol. 21, No. 1/2, Soviet and North American Studies on Central Asia (1988), pp. 45-83 (жаңадан басылған: DeWeese, Devin. Studies on Sufism in Central Asia. Variorum Collected Studies Series, Ashgate Variorum, 2012, Pt. I, 39 pp.). 1 Қар. Смирнов E.T., Дервишизм в Туркестане // Сборник материалов по мусульманству, том 1 (Санкт-Петербург, 1899), бб. 57-60, мұнда Кубрауийа Хорезмде жақында ғана құлдырағаны айтылған; Бартольд өзінің «История культурной жизни Туркестана» (Ленинград, 1927) еңбегінде Кубрауийа тариқатының Хорезмде осы күнге дейін кең тарағанын айтады (қар.: В.В. Бартольд, Сочинения, том II, часть 1, бб. 251-252). Осыған ұқсас пікірді С.М. Демидов «Суфизм в Туркмении» (Ашхабад: Ылым, 1978, б. 17) еңбегінде қолдайды. Хорезмде Кубрауийаның осы күнге дейін жалғасы бар деп ұйғарған соңғы батыстық жұмыстардың ішінде Шанталь Лемерсье-Келкежейдің (Chantal Lemercier-Quelquejay) «Sufi Brotherhoods in the USSR: A Historical Survey», Central Asian Survey, 2/4 (December 1983, б. 190) атты мақаласын және Александр Беннигсен мен Мари Броксаптың (Alexandre Bennigsen and Marie Broxup) «The Islamic Threat to the Soviet State» (New York: St. Martin’s Press, 1983, б. 76) кітабын атап өтуге болады. 2 Кубра мазарының айналасында таралған ауызша аңыздар үшін қар.: Снесарев Г.П. Хорезмские легенды как источник по истории религиозных культов Средней Азии. Москва: Наука, 1983, бб. 142-158 және Снесаревтің бұрынғы еңбегі «Реликты домусульманских верований и обрядов у узбеков Хорезма». Москва: Наука, 1969, бб. 269, 322. Кешеннің суреттері үшін, қар.: Пугаченкова Г.А. Средняя Азия: справочник-путеводитель
(Памятники искусства Советского Союза). Москва: Искусство, 1983, бб. 114-117 – иллюстрациялар және б. 379-ды қар. 3 Бұл мақаланың кейбір бөліктері автордың докторлық диссертациясының кіріспе бөлімдерінен өзгертіп алынған: “The Kashf al-Hudā of Kamal ad-Din Husayn Khorezmi: A Fifteenth-Century Sufi Commentary on the Qasīdat al-Burdah in Khorezmian Turkic (Text Edition, Translation, and Historical Introduction)”, Ph.D. dissertation, Indiana University, 1985.
4 Қар. Karl Jahn, ed., Geschichte Gāzān-Hāns aus dem Ta’rīkh-i Mubārak-i Gāzānī des Rašīd al-Dīn Faḍlallāh b. ‘Imād al-Daula Abū’l-Khair (London: Luzac & Co.), 1940; Gibb Memorial Series, vol. 14, бб. 79-80; қар. сондай-ақ, A. Bausani, “Religion under the Mongols,” Cambridge History of Iran, Vol. V (ed. J.A. Boyle) (Cambridge: Cambridge University Press, 1968), бб. 541-543; Манучихр Муртазави, Тахқиқ дар бара-йи Илханан-и Иран (Тегеран, 1341), бб. 23-24. 5 Бахарзи туралы, қар. Ирадж Афшар, “Сайф ад-дин Бахарзи,” Маджалла-йи Данишкада-йи адабийат-и Данишгах-и Техран, 9/4 (1341/1962), бб. 28-74; бұл мақала француз тіліне қысқартылған түрде аударылып басылған: “Saif-al-Dīn Bāḫarzī”: A Locust’s Leg: Studies in Honour of S.H. Taqizadeh (London: Percy Lund, Humphries & Co., 1962), бб. 21-27. 6 Үндістандағы Фирдаусийа тариқаты туралы қар.: Bruce B. Lawrence, Notes from a Distant Flute: The Extant Literature of pre-Moghal Indian Sufism (Tehran: Imperial Iranian Academy of Philosophy, 1978), бб. 72-78; S.A.A. Rizvi, A History of Sufism in India, I (Delhi: Munshiram Naoharlal Publishers, 1978), бб. 226-240. Қар. сондай-ақ: Sharafuddin Maneri: The Hundred Letters, tr. Paul Jackson, S.J. (New York: Paulist Press, 1980). 7 John Andrew Boyle, tr., The History of the World-Conqueror (Cambridge, Mass.: Harvard University Press, 1958), II, бб. 552-553; осы хикая Рашид ад-диннің еңбегінде де пайда болады: The Successors of Genghis Khan, tr. J.A. Boyle (New York: Columbia University Press, 1971), б. 200.
Ибн Баттута. Рихлат Ибн Баттута. Бейрут: Дар Садир, 1379/1960, б. 368. 9 Чехович О.Д. Бухарские документы XIV века (Ташкент: Наука, 1965); қар. сондай-ақ, оның мақаласын: Новый источник по истории Бухары начала XIV века // Проблемы востоковедения, 1959, № 5, бб. 148-161. 10 Чехович, 1965, б. 184. 11 Бартольд, Туркестан в эпоху монгольского нашествия, часть 1, Тексты. Санкт-Петербург, 1898, б. 102. 12 Бахарзи мен Берке туралы қар.: Jean Richard, «La conversion de Berke at les débuts de l’Islamisation de la Horde d’Or», in : Revue des études islamiques, 35 (1967), бб. 173-184.
13 Абу-л-Мафахир Йахйаның «Аурад ал-ахбаб ва-фусус ал-адаб» атты еңбегін ‘Абд ал-Қаййум Ходжа «Манақиб-и Сайф ад-дин Бахарзи» атымен кейінгі заманда бейімдеген шығармасы ӨР ШИ-да екі нұсқада сақталған: инв. № 6965 (қолжазба сипаттамасы: СВР, том VIII, бб. 441- 442, № 6002), пп. 1b-63b және инв. № 10802 (СВР, X, б. 250, № 6981), пп. 1b-27b. 14 Джами, Нафахат ал-унс, ред. Махди Тавхидипур (Тегеран, 1336/1947), б. 433. 15 ал-Йафи‘и, Мир’ат ал-джинан (Бейрут: ал-А‘лами кітапханасы, 1390/1970; Хайдарабад қайта басылымы, 1337-1339), IV, б. 41; Джамал Қарши, Мулхақат ас-сурах, ред. Бартольд, Тексты, бб. 151-152. 16 Бартольд, Тексты, б. 152. 17 Джавахир ал-асрар, Бодлеан кітапханасы қолжазбасы, Elliot 334, пп. 28a-b.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы Девин ДиУис Ыстамбұл-Түркістан 2025





